Автомобиль
(Революцияға әм кедей баласына арнадым)
Ойыншықпен жазғам жоқ ешбір өлең,
Жеңіл қарап жүрмесің, қылмай елең.
Қараңғы мен жарықты өлең қылдым —
Махаббат пен қасірет түбі терең.
I
Сарыарқа сорлы сары бел
Үйрене ме өнерге?
Сорлы, кедей, надан ел
Қатарға жылдам енер ме?
Автомобиль далаға
Қаттырақ шығар шуыңды!
Өнерге шақыр — қалаға
Кейінгі жас буынды.
Үйренсін саған жанасып
Кедей ұлы қырдағы.
Мінсін саған таласып,
Жүрмей аңша боп тағы.
Оят қырды жаңғыртып,
Надандықтан сескендір,
Өнерге қойма таң қылтып,
Зеңгіген елді сестендір!
II
Автомобиль қаладан
Шығып елге жөнелді.
Дүбір салып далаға,
Көрсетуге өнерді.
Қаладан шығып ақырын
Алыс елге бет алды.
Жазыққа шығып ақырып,
Молайтып күшін от алды.
Жолға түсіп өрледі,
Автомобиль зарлады.
Ерегісіп жол бермей,
Қарысып жел де сарнады.
Бірте-бірте екпіндеп,
Жүгіреді зырылдай,
Қара жолды тепкілеп,
Құтырады қырылдай.
Аласұрып ентігіп,
Көкірегі сырылдап,
Желге қарсы желпініп,
Қасқаяды дырылдап.
Автомобиль гуілдеп,
Тербетіп, ырғап шайқады.
Тұншықтырып уілдеп,
Жел сабалап шайқайды.
Қара дауыл - шіркін жел,
Бетке қарсы ұрасын.
Машинаны іркіп, жел,
Неге қарсы тұрасың?..
Қанша қарсы тұрсаң да,
Машина заулап еседі,
Сабалап бетке ұрсаң да,
Оқтай жарып кеседі.
Күнге қарсы жарқырап,
Автомобиль ұйтқи бер!
Бәйге атындай арқырап,
Желді жарып, жүйтки бер
Көз ұшында ноқаттай
Көрінген қара бұлдырап,
Лезде, көзді тоқтатпай
Қалады артта құлдырап.
Шақырымның тоқсанын
Сағатында алады,
Бұта-шөптің жоқ саны,
Айналып артта қалады.
Төңіректі жаңғыртып,
Жіберіп тартып екпінді.
Қара жолмен аңқытып,
Ел шетіне кеп кірді.
Автомобиль жолменен
Күңірентіп келеді,
Араласты елменен, іздегені ел еді.
Шиқылдап жолмен келеді
Жүргіншінің арбасы.
Қыбырлап кейде желеді –
Өгізінің халі осы.
Арба да сынық қаңсыған,
Жүргінші зеңгіп сұлайды.
Дөңгелек сорлы сыңсыған,
Қиралаңдап жылайды.
Зеңгіген кедей сұлауды
Қояр күнің бар ма екен?
Дөңгелек сорлы жылауды
Қояр күнің бар ма екен?
Автомобиль ақырып,
Жүргіншіге келеді.
Сорлы өгіздер ақырын,
Бұрылып бүлк-бүлк желеді.
IІІ
Жол бойы бықып жатқан мал,
Отырған қалың елдікі.
Шіркін, мал-әй, әттең мал!
Ұры мен бөрі, желдікі...
Қақ жарып қалың елменен
Малды аралап келеді.
Біресе жүйткіп желменен,
Біресе соғып желеді.
Мал ішіне кіргенде,
Екпінін сәл іркеді.
Машинаны көргенде,
Мал жануар үркеді.
Топты сиыр пысылдап,
Шөп иіскеген жалаңдап,
Үркіп шіркін борсылдап,
Қойқаңдайды алаңдап.
Қойшыға болмай қайырған,
Құйрықтары салаңдап,
Қой бейшара жайылған,
Дүркірей үрікті далаңдап.
Автомобиль елменен
Малды аралап зырқырап,
Келе жатыр жолменен,
Артта шаңы бұрқырап.
Бір топ жылқы жолдағы,
Одағайлап шұрқырап,
Солға қарай о дағы
Жөнеді үркіп тырқырап.
Бір жас құлын қалтаңдап,
Дүрмекпенен жөнеді.
Ене байғұс талтаңдап,
Балапаның демеді.
Қалтаңдаған жас құлын –
Қырдың сәби еркесі,
Жас уызға мас құлын,
Нені біліп үркесін?..
Балапаным құлыншақ,
Қаздаңдайсың жортасың,
Жібек жалды тұлымшақ,
Неге бізден қорқасың?
Құлыншағым балапан,
Сендерді талай баққанмын.
Тұлымшақты балақан,
Жүніңді сипап қаққанмын.
IV
Автомобиль жолменен
Гулеп жүріп келеді;
Араласты елменен, іздегені ел еді.
Екпін басып іріккен соң,
Ауылға кіре тыр-тырлап.
Шошып аты үріккен соң,
Шаужайлап қағып тыпырлап.
Ауылдағы қазақтың,
Кейбірі атын «құр-құр!» лап.
Кейбіреуі келеді:
«Қайдан келді, құрғыр» лап.
«Аптамайды» көрген соң,
Жүгірісіп шуласты.
Гүрілдей жетіп келген соң,
Таңырқап, қорқып дуласты.
Күнге күйген шаңырқап,
Кейбірі жолдан қашады.
Кейбіреулер таңырқап,
Аңқайып аузын ашады.
Кейбір тентек балалар
Арттан топырақ шашады.
Жүгіріп иттер абалап,
Айнала арсылдасады.
Қыз-келіншек ұйлығып,
Желектері желеңдеп,
Ауылда бар мал құйрығын
Тікейтіп шошып елеңдеп.
Қатын-қалаш шулайды
«Шайтан арба! Ойпырым-ай!»
Белдеудегі ат тулайды:
«Тақ-тақ шіркін! һай-һай-һай!»
Адам да, мал да елдегі
«Аптамайдан» шошиды.
Шабақтарша селдегі
Ұйлығып, таң боп жосиды.
Кейбір жастар таңданды,
Түсіп келіп «аптамай»
Бір мырзашқа «паңданды»:
«Ай былай тұр, қаптамай!»
Тезек терген бір бала,
Қабын қойып, етектеп,
Қорқып «шайтан арбадан»,
Ауылға қашты дедектеп.
Қапқа салған тезекті,
Тастап қашып далақтап.
Төгіп-шашып етекті,
Қарады артқа алақтап.
Қорықпа, бері кел, інішек,
Машинадан шошыма.
Үйрен, інім жеткіншек,
Таян, қорықпа, қасына.
Сен асаусың, сен надан,
Сен тағысың, еркесің.
Автомобиль – арбадан
Неге, жаным, үркесің?
* * *
Сарыарқа сорлы сары бел,
Үйренер ме өнерге?
Сорлы, кедей, надан ел
Қатарға жылдам енер ме?
Автомобиль, далаға
Қаттырақ шығар шуыңды,
Өнерге шақыр — қалаға
Кейінгі жас буынды.
Оят қырды жаңғыртып,
Надандықтан сескендір.
Өнерге қойма таң қылтып,
Зеңгіген елді сескендір!
Үйренсін саған жанасып,
Кедей ұлы қырдағы.
Мінсін саған таласып,
Жүрмей аңша боп тағы.
1923 жыл, 14 қазан. Орал, Теке. (Дамбыра)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі