Кенесары
Сөз шығады ақылдан,
Ақыл айтар жақсы ғой
Айрылмаған жақыннан.
Бақытты бала туады
Мейірімді қатыннан.
Бір хикаят сөйлейін,
Арғы атасы Абылай,
Қасым ханның баласы
Кенесары батырдан.
Наурызбай туды ер болып
Бір шешеден артынан.
Екеуінің бағы асып
Қара қазақ, халқынан,
Жаңылмаған осылар
Уәденің шартынан.
Бұны естіген ерлердің
Денесі иіп, балқыған.
Ер Наурызбай ойлайды:
Теке жәуміт мінсем деп,
Найза теспес, оқ өтпес
Шеге көз сауыт кисем деп;
Кенекеңнің артынан
Жолдас болып ерсем
Жау қарасын көргенде
Жекпе-жекке келгенде.
Иіле түйреп етектен,
Абылайлап тисем, деп;
Дос, дұшпанның арасын
Айырып әбден білсем деп;
Қонысыма таласқан
Дұшпанды әрі түрсем деп!
Сарыарқаның даласы
Халқының қазақ, жері еді.
Қалмақ, қытай, шүршітпен
Ел емес бірге дер еді.
Оңтүстіктен тағы да
Бір жау қаптап келеді.
Екі жақтан қысқан соң,
Ат төбелі секілді
Сорлы қазақ баласы
Таршылықты көреді,
Қалайша күн көреді?!
Құдайы қылып, мал сойып,
Аман қыл деп халықты,
Әуелден батыр тіледі.
Ел үшін жаға жыртысқан,
Жабысып жаумен қырқысқан
Наурызбай мен Кенені
Мақтауыма келеді.
Арамдыққа ауған соң
Қазақтың кейбір баласы,
Патшаның келіп жабылды
Арқаға нақақ жаласы.
Бұған қалай шыдасын
Кенекемдей данасы!
Кенесары батырға
Қан жауғандай боп кетті
Жер мен көктің арасы.
Кенесары батырдың
Қан толғандай қызарды
Көзінің ақ пен қарасы.
Қастығын патша қоймаса,
Дұшпандығын жоймаса,
Өртенер деді қаласы.
Айдарлысы құл болып,
Тұлымдысы тұл болып,
Екіталай күн туып,
Ботасы өлген түйедей
Боздап қалар анасы.
Жүрегіне дақ салар
Найзадан болған жарасы.
Омыртқасы үзіліп,
Қабырғасы қақырап,
Жыртылар деді жағасы.
Опасыз туған болса ұл,
Өлімен тең бағасы.
Елін сатса жауына,
Ол - жүректің қарасы.
Наград берем деген соң,
Қыпшақтан кетті Ыбырай.
Советник боп Тұрлыбек,
Ол да кетті сұмырай.
Басентиін Мәсеке,
Шыдап тұрсын ол қалай?
Қаз дауысты Қазыбектің
Әруағын аттап, сыйламай,
Ауылынан кетті Шалғынбай.
Жемсауы кеуіп параға,
Тобықтының елінен
Суырыла шықты Құнанбай.
Құдайменде қалған жоқ,
Қоңыр төре қалған жоқ,
Найманнан шыққан Ерден де
Алды-артына қарамай,
Ол да кетті жарамай,
Параны жақын жағалай.
Мұның бәрі Кенеге
Қасірет болды бірталай.
«Ойран салмай жауыма,
Шындаймын, - деді, - мен қалай?!
Қазақтың жиып батырын,
Басын қосып жыяйын.
Қолды түзеп көк найза,
Желкесін жаудың қияйын.
Арғыннан шыққан Ағыбай,
Шапырашты Бұғыбай,
Толқынта найза сілтеген
Шәкір, Жәуке, Толыбай,
Азға қуат беретін
Туған інім Наурызбай,
Қайратты қалай тияйын?!
Атамның еді жолдасы,
Қарт Бөгенбай бар еді,
Соған барып дос болған Т
Тарақтыда Байғозы,
Назымды соған құяйын.
Төруылда Жанайдар
Жиһан асқан ер еді.
Тамадағы Танашты
Шақырса, ол да келеді.
Базар батыр, Бөрші де
Ерегіскен дұшпанның –
Жау жазасын береді.
Көбек батыр және бар
Жауға жеке кіретін.
Бижан батыр тағы бар,
Мінген аты көк шағыр,
Әкесінің аты - Алшағыр,
Жарғыштың жеті бір еді,
Қайраты мұның ірі
Оған еріп жолдас боп
Көкаласын мінеді, -
Немересі Жұманның
Байқан батыр келеді. –
«Ерегіскен тақсыр-ау,
Жауың қайда?» - дер еді.
Байқан батыр ерлігі
Оның-дағы мол еді...»
Кенесары батырдың
Жауға аттанар жолы еді.
Жиналған осы батырлар
Сегіз жүздей қол еді.
Кененің сонда мінгені –
Сансыз қолдан озатын,
Шамадан алған торы еді,
Батырлар шығып жайнады,
Наркескенді қайрады.
Арғымақ тұлпар мінгені,
Беттері жаудан таймады.
Тоғыз күндік Бетпақтың
Шөліне қарай айдады
Жолдан естіп қосылды
Батырлар тағы қайдағы –
Ләшкерге толды деп естіп,
Ақтаудың тегіс аймағы.
Жауға жақын ілінді
Бекінген қойнау сайдағы.
Кене айтады халқына:
«Мен айтайын жөнімді:
Қолды бастап қамалға
Кіретін осы жер,- деді, -
Күнбатыс жағын алайын!» -
Дегеннен соң Кенекең,
Тоғыз батыр қасында,
Наурызбай батыр бөлінді.
Наурызбай батыр ерліктен
Оттай қаулап жанады.
Қамал бұзған батырдан
Тоғызын сайлап алады.
Жаудың бетін білуге
Жер байқауға барады.
Түнде кез боп көп қолға,
Абылайлап ат қойып,
Түнде қырғын салады.
Таң атқанда қараса,
Батырларын санаса,
Өлген екен біреуі,
Өзгесі аман қалады.
Көбі өліпті дұшпанның,
Көбі бопты жаралы.
Қолға түскен жауының
Қаруын жиып алады.
Қайта келсе Ақтауға,
Қамап жатқан өз қолы.
Кенесары батырдың
Қаптаған екен көп қолы.
Мұны көрін қуанып,
Наурызбай айтты бір сөзді:
«Қандай қамал болса да,
Жауды аламыз бұл жолы!»
Кенесары шақыртып
Наурызбайды алады:
«Аман-есен келдің бе,
Ерлігің мен қайратың,
Ә, шырағым, жарады!
Бағымызды ашса бір құдай,
Салдырған патша далаға
Өртейік тегіс қаланы.
Тегіс құртсақ қаланы,
Зорлығынан құтқарып,
Алармыз аршып даланы.
Сөзіме менің нан, шырақ,
Қасыңа жолдас ал, шырақ,
Ағыбайды, Бижанды,
Жанайдарды ертіп ап,
Ақтауға өртті сал, шырақ!»
Наурызбайдай батырдың
Ақауыз еді мінгені.
Ағаның естіп жауабын,
Белгілі болды сенгені.
Сол күнгі айтқан түнінде,
Тамадан шыққан Танаш бар,
Наурызбайдың досы еді
Жолдаяқ дейтін бір батыр,
Екі мың қолмен екеуі
Сол күні - түні келгені,
Теке жәуміт мінгені,
Көкпеңбек сауыт кигені.
Мұны көріп қуанып,
Абылайлап Наурызбай,
Өрт салуға Ақтауға,
Шаңқай түсте кіргені.
Ағаш үй жанды өртеніп,
Есепсіз жаудың өлгені,
Сауынан көп болды өлгені.
Көшесінен Ақтаудың
Қып-қызыл боп қан ақты.
Мылтық атып бір жақтан,
Қолмен тартқан садақты.
Бір жұмада сап қылды,
Қарсылық етпей қалғаны,
«Мен сіздікпін» деді де,
Құшақтады аяқты.
Ақтауды алды, кенелді,
Батырлар салған өнерді.
Он екі мыңдай қол болып,
Ақмолаға жөнелді.
Бастығы болған бәрінің
Кенесары, Наурызбай.
Екінші батыр тағы да
Арғыннан шыққан Ағыбай.
Бұларға теңдес тағы да
Батырлар бар бірталай.
Он екі мың қолменен
Қараөткелге жетеді.
Аялдап оған тоқтамай,
Көкшетауға өтеді.
Қайтқан жолда алам деп,
Қызылжарға кетеді.
Жиылып ұлық жатыр деп,
Керей тіккен шатыр деп,
Жолдыөзекке жетеді.
Қалың қолмен келді деп,
Керей қорқыныш етеді.
Тегіс алып керейді,
Ескі кегі бітеді.
Тұрлыбек қолға түскен жоқ,
Бер жағында Омбының
Клумзинге жетеді.
Губірнатырға Омбыда
«Мен келдім, қарсы келсін», - деп,
Кенекең хабар етеді.
Көп солдатты ертіп ап,
Губірнатыр Ертістен
Жау бетіне өтеді.
Елшісін ол жіберіп,
Өздері қалып үдеріп:
- Қайтем дейді әскер аз,
Кімге әлі келеді...
Кенекең жауап береді:
- Қолымда найза жебелі,
Тартсам садақ шеркеудің
Басын жұлып кетеді.
Гүбірнатырға айта бар,
Кеп әскері қолымнан
Төтеп бермей өледі.
Гүбірнатыр айтыпты:
Атсын, - депті,- көрейін,
Мергендігін білейін.
Кіресін шеркеу құлатса,
Қалағанын берейін, - дегенде, Кене
«Педпіскі Берсе, - депті, - сенейін.
Аруағына Абылайдың
Сыйынып, атып көрейін.
Дұшпанның көңілі басылып,
Үстем болсын мерейім».
Шақырып алды алдына
Ағыбайды тобынан:
Атамын,- деді,- шеркеуін
Садақпен тартып жонынан.
Гүбірнатыр қайтпасын
Өзінің айтқан сөзінен.
Қайтса сөзден мерт болып,
Шабайық жауға тезінен.
Клумзиннің бір жағын
Түгел бізге бермесе,
Обалын көрсін өзінен.
Егер оғым алжасып,
Қате кетсе далаға,
Қалағанын ол да алсын,
Мен қайтпаймын сөзімнен.
Осылай сөз байлады,
Батырдың күші қайнады,
Көзі шоқтай жайнады,
Беті жаудан таймады,
Көк бурылды мініп ап,
Шеркеуге жақын айдады.
Садағына оқ салып,
Кідірместен тоқталып,
Атуға белді байлады.
Жүгіртіп келіп бурылды,
Шіреніп тартты садақты.
Көрсетті қалың тобына
Қайрат пенен таланты.
Шыдай алмай күшіне,
Тізесін бүгіп, ат жатты.
Ыза болып атына,
Барып-қайтып тағы атты.
Үшінші рет болғанда
Аузына алды аруақты.
Бурылына күш бітіп,
Тағы тартты садақты.
Басына шеркеу дәл тиіп,
Кіресін жұлып құлатты.
Гүбірнатыр көзімен
Мергендігін көреді.
Іштен тынып, үндемей,
Кенеден сезіктенеді.
Уәдесін бұза алмай,
Клумзинге қараған
Ертістің бойын береді.
Ойдағысын орындап,
Қайраты сыймай бойына,
Көз жіберіп қарайды
Арқаның қыр мен ойына.
Бекітпекке қонысты,
Баса-көктеп орнаған
Отаршылмен соғысты
Отаршылға басшы боп,
Көтеріп қоржын, қосшы боп,
Жағынып күткен ұлықты,
Шекпен үшін, сен үшін
Халқына салған құрықты –
Қиратпаққа қасқарды –
Би менен бек, болысты.
Семейге қарай құлады,
Семейді жаудан босатып.
Алудың қамын қылады.
Жинап алып сарбазын,
Кең мәжіліс құрады.
Шағанның бойын жайлаған
Найман менен тобықты,
Балқаштан құлап барлығы,
Хан тауында жолықты.
Үйсін, дулат елдері,
Көкірек, сәмбет, жалайыр,"
Бұның бәрін түгендей,
Әңгімеге молықты.
Ауыр қолмен келген соң,
Соңынан Кене еруге
Бәрі сөзді қорытты.
Сонда Кене сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді: -
Қара қазақ баласын
Қол астыма жияайын.
Қазақ үшін құрбан ғып,
Шыбын жанды қияйын.
Ерегіскен дұшпанды
Ауыздықтап, тыяйын.
Халқымның қамын жеп жүрмін,
Елдің кегі деп жүрмін.
Бір басымның қамы үшін,
Елдің сатып намысын,
Қоныс тауып қолайлы,
Деп жүргем жоқ «сыяйын!»
Қырғыз-қазақ баласы,
Отырған көрші ел едің.
Салтанатың жарасқан,
Еркін өскен ер едің,.
Басыңды қосып бәріңнің,
Ел қылайын деп едім.
Салдырған патша қаласын
Жер қылайын деп едім.
Оққа көзін тестіріп,
Шел қылайын деп едім.
Көзден жасын ағызып,
Сел қылайын деп едім.
Арқаның күйін келтіріп,
Гүл жайнатып қонысын,
Ел қылайын деп едім.
Терезесін патшамен
Тең қылайын деп едім.
Мақұл керсең соңыма ер,
Кенекем берер көмегін
Айқасуға жауыммен
Қырғыз боп тұр керегің! -
Деп Кенекең елшісін
Жібереді қырғызға,
Білуге бір дерегін.
Манаптары қырғыздың
Хан сөзіне көнбеді,
Айтқанына жүрмеді,
Батырға тізгін бермеді.
Пара жеген патшадан
Жанқараш, Жантай дегені
Кенені жақсы көрмеді.
Арам ниет бекманап
Өшіктірді өсек сап,
Қазақ-қырғыз арасын.
Өйткенімен не пайда,
Кенеден тартты жазасын.
Ертелі-кеш Кенекең
Манаптың алды мазасын.
Жетісу бойы үйсінді
Әкетті тартып өзіне,
Көрсеткендей табасын.
Үйсін, дулат - екі ру
Кенедей тапты ағасын.
Қорыққаннан манаптар,
Тауға кіріп паналай,
Өлмейтін жерін сағалай,
Түбекке кіріп бекінді,
Мықты жерін шамалай.
Сонда да болмай Кенекең,
Айдап шықты қамалай.
Сонда да болмай манаптар,
Қаша соғыс туғызып,
Қарсылық қылды қаралай.
Сонда тұрып сөйлейді
Батыр туған Наурызбай:
Әй, Бұғыбай, Бұғыбай,
Қорлық болды бұл қалай?
Былтыр өзің келгелі
Жұрттың алдың жарлығын,
Жолдың алдың жабдығын.
Бір аузыңа қараттың
Ерген жұрттың барлығын.
Алатаудан аса алмай,
Манаптар қолын баса алмай,
Тауысып келдім қайламды.
Өліп кетсем, Бұғыбай,
Көңілімде арман қалмасын,
Тау басында қамалға
Бір тигізші найзамды! –
«Жол тап» деген сөзіңнен
Төгіле қалмас арымыз.
Жауыңды шаншып беруге,
Науанжан, келмес халіміз.
Томағамды сыпырып,
Қия тасқа салыңыз.
Алатаудың бетінен
Қаптай шауып батырлар,
Аяқтай тасты алыңыз...
Салып-салып жіберді
Ақауыз атты жебеге,
Алатаудан баршасы
Аспақ болды төбеге,
«Зеңбірек ат», - деп тапсырды
Кейін қалған төреге.
Ойдан атқан зеңбірек
Тау басына жетпеді.
Сонда-дағы манаптар
Асуын тастап кетпеді.
Жеткізем - деп биікке,
Кенекең әкеп түйеге
Зеңбірегін тиеді.
Шыдамай дәрі күшіне,
Ортасынан үзіліп,
Темірі жанып, күйеді.
Кенекең ойда жатқанда,
Бұғыбай басшы алдында,
Бір асудан қолменен
Наурызбай жауға тиеді.
Таудың басына өрмелеп
Қиындығы не түрлі,
Басынан ауыр сенделіп,
Шыға келсе биікке,
Шалдығып-шаршап ентелеп,
Жатыр екен онда да
Бір топ қырғыз батыры.
Келген соң Науан оларға
Туды заман ақыры.
Көндірем деп оларды,
Кенекең қылды қайратты.
Меркеден әрі асырып,
Түгел қуып айдатты.
Асуды алып жайғасып,
Алатаудан асырды.
Жартысы қашып құтылып,
Кенекеңнің қалғаны
Аяғына бас ұрды.
Сонда да болмай Кенекең,
Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді.
Сонда-дағы манаптар
Асуын тастап кетпеді.
Қарабалта, Соқылық, (Жер аттары)
Батырлар соған барған соң,
Манаптың қолын тағы да
Сыпыра шауып өткені.
Патшаға сеніп ердің деп,
Сөзіңді астырт бердің деп,
Кенекең қылған өкпені.
Сондықтан әбден өштесіп,
Манапқа мейірім етпеді.
Өрлей берді Кенекең,
Бішкек пенен Арасан,
Оны басып тағы алды.
Тоқпақ пенен Кекілік,
Алынбай енді сол қалды,
Асатын жер таба алмай,
Батырлар ауыр ойланды.
Көкала қалқан өңгеріп,
Жебелі найза қолға алды.
Тас қыдырып, тау кезіп,
Тоқпаққа қарай жол салды.
Қыспақты күнде қысылшаң,
Тұрғанда төре осылай,
Астыртын хабар алысып,
Патшамен манап сөйлесіп,
Қырғыздың манап Орманы
Патшаға барып сатылды.
Көмекке алып, қасына
Жинады өңкей батырды.
Азғырып, алдап дулатты,
Қайта өзіне шақырды.
Кенекеңе білдірмей,
Дулат тегіс қашады.
«Біз кеттік, - деп, - Кенеден»,
Манапқа хабар шашады.
Ішінен шығып дұшпаны,
Кененің сырын ашады.
Мұны естіген манаптар
Көңілденіп тасады.
Манап пен дулат бірігіп,
Мықты уәде жасады.
Ішіне тыңшы кірген соң,
Бір күні түнде қапелден
Әлсіз жерін білген соң
Манаптар келіп басады.
Қапыда қалып Кенекең,
Түн ішінде сасады.
Сонда да қайтпай, жауымен
Қан майданды жасады.
Тоғыз айлық соғыстан
Шаршап әбден қажыған
Батырлардың қайраты
Қайта туып, тасады.
Сонда-дағы шыдамай,
Кененің қолы қаймығып,
Шегініп кейін қашады,
Патшаға қарсы соғысқан,
Халық үшін жан қиған,
Әскері кетіп қолынан,
Кенесары, Наурызбай –
Қырғызда қалып өледі.
Қорыту
Қырғыз елі ол бастан
Қас болған жоқ қазаққа.
Патшадан тартып тақсірет,
Жүрген ол да азапта.
Тізгін бермей қолына,
Кедергі болып жолына,
Манаптар салған дұзаққа.
Қырғызды сатып патшаға,
Алтын, күміс ақшаға,
Жаңқараш, Жантай ел сатып,
Патшадан шен тағынған,
Шен үшін соған жағынған.
Қырғыз бенен қазақтың
Сол үшін қаны ағылған.
Жанқарашпен өштесіп,
Кенекең бекер шабынған.
Кенекеңді өлтіріп,
Жантайдың кегі алынған.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі