Аға жолы
Кең пейілің, баталы сөзің көркем,
Ізіңмен келем, аға, жүрген жолмен.
Өзіңдей жан табылмас бұл ғұмырда,
Бір биік тұлға мен үшін нұрлы бейнең.
Сөзің қуат, жүрекке от боп қонған,
Талайға үлгі, талайға жарық болған.
Өмірдің мәнін ұқтырдың өз ісіңмен,
Рухыңдағы адалдық алтын қордан.
Тірлікте шексіз сынақтан өттің төзіп,
Жаныңа ілестірмей мұң мен күдік.
Біреуге ауыр, біреуге қиын тағдырды,
Жымиып қана еңсердің ізгілік қып.
Мейіріміңмен жаныма жылу төгілген,
Жарқын еттің өмірімді ақыл, кеңесіңмен.
Жабырқасам, көңілге дем беретін,
Аға, арта берсін сенің әр күн несібең.
Сабырдың өзі сенен шабыт алған,
Жуылып күмән, өзендей тұнып арман.
Сен бар, аға, жолым да жеңілдейді,
Басыңнан бақ таймасын, асыл ағам.
Биіктік деген өлшенбес атақпенен,
Биіктік деген ұлылық жүрекпенен.
Сен соның бәрін бойыңда жиып алған,
Аға, өзің тұрсың көрініп биіктерден.
Автор: Оразбай Сарыбаев
Назерке
Өлеңдерңіз керемет!!!
Turan0rda
Рахмет, Назерке… Өлең жақсы болса, демек, оны оқитын адам да ерекше деген сөз.