Өлең, жыр, ақындар

Əкеге сыр

Сыр шертейін өзіңе, əке, бүгін,
Жетпей жүр-ау қызыңа əкелігің,
Қанша жерден тырысып көрсем-дағы
Кешіруге келмей тұр қателігің.

Өзіңсіз болмаса да əлем сəні,
Мойымаймын, жасыман, күлем əлі,
Сонда да мына келген қоңыр күздің
Жанымды жабырқатты күрең əні.

Алыстасың көзіммен көрмейтұғын,
Кездесуге жүрегім көнбейтұғын,
Саған деген махаббат бар кеудемде
Тырыссам да жоюға өлмейтұғын.

Жүректі мазалайды сан ой əлі,
Қорғаусыз қалдырыпсың бұл ұяны,
Сағынып өзіңді, əке, кетем кейде
Көшеден көрген кезде жанұяны.

Сенсіз өтер күніміз, таң да атар,
Қуаныш пен жан қайғы жүріп қатар,
Тас боп қатқан жүректі, алайда, əке,
Жалғыздығы анамның алаңдатар.

Жетпеді ме анамның махаббаты,
Жетпеді ме қызыңның шапағаты,
Тілейтінім, жан əке, бұл өмірде
Бұйырсыншы Алланың қанағаты.

Көтерем өмірімнің сынақтарын,
Білем Алла құлдарын құлатпарын,
Өтінерім, əкешім, тым болмаса,
Екінші отбасыңды жылатпағың.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз