Құлқында жатқан құпия
Қиыр сонау алыстан,
Ауданда бір таныстан,
Жақында маған хат келді,
Арнаулы кісі ап келді,
"А"— деген бас қарыпты,
Сөз алдына қойған хат,
Былайша басталыпты:
".. .Ауыл-аймағымыз,
Қырдағы - ойдағымыз,
Аман-сау түгел қуатты, жиен,
Саған өте ұяттымыз, жиен.
Балаңа атаған тайымыз бар еді,
Биыл баруға ойымыз бар еді.
Барып та, көріп те қайта алмадық,
Сәлем-сауқат беріп те қайта алмадық.
Жеңгең де қасымда отыр,
Әкей - шешей де осында отыр.
"Кемпірдің үлпершек - мүлпершегі,
Бүйенде май, қалтадағы сөгі.
Болмас па тегі?..."
Деп адрес сұрап та алды,
Әкей тіпті жылап та алды.
"Жасынан оны білуші едік,
Баламыз деп жүруші едік.
Хабарын да салмай кетті,
Хабарды да алмай кетті".
Сөйтіп олар өкпе айтып жатыр,
"Жиенге наз ғой " деп те айтып жатыр,
Мен болсам әділ тілек пен
Шын пейіл, адал жүрекпен,
Жанымды, арымды салып,
Бойдағы білім, барымды салып,
Тынбай істеп жатыр ем,
Кеңседе отыр ем,
Бір-екі жолдас кіріп келді,
Жүздері жылы күліп келді.
Дегенмен, жүрек бүлк ете түсті,
Қу соқыр сезім "күңк "ете түсті...
Қазбалай бұлар сұрай бастады,
Ақырып-жекіріп ұрсып та қыспады,
Әрі шайқады, бері шайқады,
Түк қалдырмады - ау, бәрін байқады.
Жиып-теріп қорытқанда,
Айтқаны мынау сонда:
"Саулығың тек сыртыңда екен,
Кеселің іштегі құлқында екен,
Операция жасамаса жай-күйің
Болар тіптен қиын..."
Деді де мені жатқызды,
Айтқан дәлелді кері жұтқызды,
Қазақша айтқанда "сойды",
Қарын-қажақтың,
О жақ, бұ жақтың
Бәрін алдыма әкеп қойды.
Япыр-ай, жиенжан - ай,
Сізге өтірік, маған шын,
Анығын айтайын, болары болған,
Ең алдымен бір жәшік шеге шықты,
Ол өңешті сөге шықты,
Сөгілген жерден: темір ме, көмір ме
Көрмеген затым өмірде...
Шыға берді бұрқырап;
Екі құлын жүр шұрқырап,
Артынша майлы білем шықты,
Бір гарнитур, алты кілем шықты.
Оллаһи, білсем бұйырмасын!
Ондай затты кім ұрласын!
Кеңіген сайын операция
"Бүгінгідей — бір кооперация"
Ар жағынан ашылды да кетті,
Бүкіл ауданға шашылды да кетті,
Бірі онда, бірі мұнда, қашты,
Бірі ойға, бірі қырға қашты.
Буда-буда ақшасымен,
Мүйізді күміс шақшасымен,
Бір қап жүн шудасымен,
Бір қап құрт, бумасымен,
Фермаға қарай бұл қашты.
Ұлардай шуласты,
Бес сиыр, жеті бие - сымақ
Төрт қоспақ түйесімен,
Топырлай олар жайлауға қашты.
Бір тобы қалың қойнауға қашты,
Қойдың семіз саулығы,
Ол бөлініп он жаққа тартты,
Әйелдің көйлек - жаулығы,
Бұл жұлқынып селмагқа тартты,
Мал шіріп, заттар тозбады,
Түйелер боталап,
Қойлар қайта қоздапты,
Тоқ ішектің тоғысқан жерінде,
Соқырішектің қабысқан жерінде,
Маңырап, мөңіреп ере беріпті,
Сырттан жұрт оны көре беріпті...
Мұнда кімнің тыққанын,
Кім әкеп мұны жыққанын,
Білсем бар ғой өле қалайын,
Оңбаған доңыз бола қалайын,
Осындай тіпті болмаған пәлемен,
Әке-шеше, қатын-баламен,
Түгелдей үрей боп қалдық,
Сондықтан саған хат салдық.
Байқарсың, білерсің, сұрарсың,
Әйтеуір, хабардар бон тұрарсың.
Кім ? — дерсің мұны біліп қойған,
Операция жасап "сойған "—
Ол кәдімгі партиялық
Мемлекеттік бақылау!
Әсіресе, бізге, бәтір - ау!..
Сонан - ақ байқарсың,
Мүмкін, келіп те қайтарсың.
Келмесең мықтап сал көзіңді,
Салып қойма жай, қырын.
Хат жазушы нағашың —
Талтаңбаев Маймұрын.
Соңғы бір ескертуде,
"Жиенжан, мұны мүлде,
Тірі жан білмесін,
Тағы да бір шөңгекке ілмесін!"
Деген екен нағашым,
Жақын адам болғасын,
Жанға айтпай, тек жазып отырмын,
Құлқында жатқан құпия сырдың
Жалғасын әрі қазып отырмын,
Мүмкін мұндай тоғышар,
Тағы - тағы бар шығар...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі