Өлең, жыр, ақындар

Сапар бата, жолаушыға бата, тілек

Жолыңды алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Сенімді болсын жолдасың,
Жолыңды кескен оңбасын.
Сәтті болсын істерің,
Жақсы болсын түстерің,
Жұмсақ болсын ішкенің.
Көрмеген жерді көріп қайт,
Ырзығыңды теріп қайт.
Айдарыңнан жел есіп,
Желіп барып, желіп қайт.
Әумин!

*** *** *** ***

Я, Алла жарылқа!
Жарылқағанның ішінде ет.
Түгел пәледен аман ет,
Сақтағайсың сәлемет!
Кешкі тілеуін кешіктірме,
Ертеңгі тілеуін зарықтырма!
Аузы қанды бөріден сақта,
Қолы қанды ұрыдан сақта!
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта,
Біреудің хағын жеп, тыққаннан сақта!
Төрде отырып мекіренгеннен сақта,
Шәйкінің астынан шекірейгеннен сақта!
Басыңа бақыт беріп,
Бұл дүниеде жиғаның болсын,
Ол дүниеде иманың болсын!

*** *** *** ***

Уа, Жаратқан, жарылқа,
Бақ-дәулетін аумас қыл,
Жарылқағанмен жалғас қыл!
Алауызды алыс қыл,
Қорғанғаннан қалыс қыл!
Ниеттері ақ болсын,
Бейнеттері пәк болсын!
Мұраттарын асыл қыл!
Қолқасын шаң қаппасын,
Жүрген жерін жасыл қыл!

*** *** *** ***

Далақтаған даудан сақта,
Жалақтаған жаудан сақта!
Ашыққан бөріден сақта,
Қара жердің тар көрінен сақта!
Ашынған ұрыдан сақта,
Құлқыны құрдан сақта!
Жыланның зәрінен сақта!
Аяқ астынан кезігер
Бәле-жаланың бәрінен сақта!

*** *** *** ***

Иә, құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың періштелер болсын.
Жер жүзіндегі қатерден
Жаппар Иеме тапсырдым!
Судан келер қатерден,
Сапардағы қатерден        
Жаратушы жан Ием,
Сақтай гөр  - деп тапсырдым!
Бір Аллаһ Өзіңе тапсырдым!        
Қайырлы дәулет берсін
Халыққа татулы өмір берсін!
Өткенге иман берсін
Тіріге – береке берсін
Жастарға ғұмыр берсін
Халқымызға бірлік берсін!
Әумин, Аллаһ әкбар!  

*** *** *** ***

Күнің шуақты болсын,
Көлің суатты болсын!
Қонысың өрісті болсын,
Еккенің жемісті,
Еңбегің келісті болсын!
Жұлдызың ағаңда болсын,
Құндызың жағаңда болсын!
Жарың жібектей болсын!
Арың түлектей болсын!
Өнерің өрлей берсін,
Өмірің төрлей берсін!
Әумин!

*** *** *** ***

Жарылқа, Аллаһ, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Ізет-абырой, бақ-дәулет,
Береке орнап бақ қонсын,
Не тілесең,
Соның бәрін қабыл ет!
Әумин.

*** *** *** ***

Жаз келіп көңілің жай болсын,
Көргенің шаттық той болсын!
Абзал досың көп болсын,
Берген батам сол болсын!
Әумин!

*** *** *** ***

Әумин десең маған,
Құдай берсін саған!
Оң жағына қарасаң,
Алтыннан терек орнасын!
Сол жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын!
Еш жамандақ болмасын,
Аман болсын мал-басың!

*** *** *** ***

Бес қаруың сайлы болсын,
Жортқан жолың жайлы болсын.
Күнің шығып жарқырап,
Түнің тыныш, айлы болсын.
Ішкенің зәмзәм су боп,
Ұртың толы майлы болсын.
Бір Алла өзі жебесін,
Аруақтар демесін.
Ғайып Ерен, қырық Шелтен,
Тигізсін дәйім себесін.
Нұх пайғамбар алдыңнан,
Теңізде тоссын кемесін.
Алтын күнде алты айлық,
Арымай-талмай жол алғын.
Аман-есен оралғын,
Дәл бүгіндей қол алғын.

*** *** *** ***

Бақытты бол, қарағым,
Қара көзім маралым.
Алтыннан болсын тарағың,
Күмістен болсын жарағың.
Қуаныш, күлкің тыйылмай,
Жарқырай берсін қабағың.
Мақтанышы бола біл,
Атаң менен анаңның.
Тілегіңе жете бер,
Оңыңнаң есіп самалың.

*** *** *** ***

Оралуың тез болсын,
Қасқа жолдың бойында
Қызыр бабам кез болсын.
Өзің жайлы жат елде
Жылы-жылы сөз болсын.
Көре алмаған дұшпанның,
Екі көзі бөз болсын.
Кетілмесін тұлпарыңның тұяғы,
Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы.
Барған жерде құшақ жая қарсы алсын,
Жақсы адамдар, жайсаң жандар зиялы.
Жалпақ елмен, жақсы жермен танысқын,
Алла жебеп, ұшқан құспен жарысқын,
Көңілің шат, ат-көлігің арымай,
Отбасыңмен аман-есен табысқын.
Әумин

*** *** *** ***

Оқи отырыңыз:

Ұл балаға бата

Дастарханға, шаңыраққа, үй иесіне бата, тілектер

Батаменен ел көгерер...

Балаларға баталар


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

Іңкəр

Өте күшті баталар екен

Myrza

Өте керемет!

Жұмагүл

Өте керемет баталар

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз