Эссе және өлең-жыр байқауы

Балаларға баталар

Немерелер — мақтаным, ашық болсын аспаның
Осылайша, балалар, жырдан шашу шашқаным.
Бірталай жұмыс тапсырдым, біліміңді арттырғын.
Әкең менен шешеңе жемісіңді таттырғын!

*** *** *** ***

Ұрпағымның жалғасы,
Шөпшегімнің төл басы,
......... туып қуандым,
Болар ма екен ел басы.
Әке-шеше жасыңнан,
Табылып әркез қасыңнан,
Даналықты үйретсін,
Құс ұшырмай басыңнан.
 
Сендерсіңдер тірегім,
Адал соққан жүрегім.
Тату-тәтті өсіңдер,
Осы менің тілегім!

*** *** *** ***

Барыс-келіс көп болсын, дұшпандарың жоқ болсын,
Қыдыр дарып, бақ қонып, дастарқаның мол болсын!

*** *** *** ***

Сөзімнің жоқ дүр қатасы,
Ғұмырлы бол, ботасы.
Қабыл болар әлеумет,
Ердің біздей батасы.
Әумин

*** *** *** ***

Ата сөзі дарып мол,
Ақ уызға жарып бол!
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол,
Атың шықсын алашқа – ай!
Абайға ұқсап милы бол,
Құрманғазыдай күйлі бол.
Қамын ойлап халқының,
Сұлтанмахмұттай сыйлы бол!
Шөжедейін жыршы бол,
Біржан салдай әнші бол.
Қажымұқандай елдің ері бол,
Ақандайын  сері бол.
Әлекеңдей заңғар бол,
Ақаңдайын абзал бол.
Міржақыптай сырбаз бол,
Мағжандайын маңғаз бол.
Сәкең сынды сұңқар бол,
Тұтат тектес тұлпар бол.
Жамбылдайын дүлдүл бол,
Күләштайын бұлбұл бол,
Қанышқа ұқсап кемел бол.
Бауыржандай батыр бол,
Рақымжандай батыл бол.
Марғұландай шежіре,
Қасымдайын ақын бол.
Бағың жанып, әрдәйым
Жақсыларға жақын бол!
Әумин

*** *** *** ***

Фарабидің басын берсін,
Жамбылдың жасын берсін.
Абылайдың жүрегін берсін,
Әзірет Әлінің білегін берсін.
Иассауидың тілегін берсін,
Жүзің нұрлы болсын,
Жүрегің сырлы болсын.
Тілің жырлы болсын,
Жігіттің сырттаны атанып,
Өнерің сегіз қырлы болсын.
Әумин

*** *** *** ***

Жағың түспей жамандық көрме, балам,
Қисық төре кісіге берме, балам.
Екі дүниенің қызығын бірдей берсін,
Қолыңды адалдыққа серме, балам.
Бағың жоғары өрлесін, балам,
Дұшпаның шеніңе келмесін балам.
Абыройың таймасын, балам,
Басыңа дәулет құсы орнасын балам!
Әумин

*** *** *** ***

Дәрежесі бейне хан,
Ер болып өссін бала.
Ат қой десең балаға,
Есімі болсын — Иманжан.
 
Жігіт болсын өнерлі,
Ел-жұртына беделді.
Қамқоры болсын халқының,
Ақылға дархан кемелді.
Әумин

*** *** *** ***

Асан Қайғы бабадай саналы бол,
Ғаріпте әз Жәнібектей паналы бол.
Керейде Дәстем салдай бағалы бол,
Атақты Келден бидей саналы бол.

Ер Дәулендей халқыңның батыры бол,
Махамбеттей жұртыңның ақыны бол.
Дау-жанжал болдырмасқа ат салысқан
Қараменде шешендей мақұлды бол.

Маралдай көпке тисін шарапатың,
Шөңкедей арта берсін салтанатың.
Жетім-жесір жарлыға пана болған,
Жоландай елге тисін шапағатың.

Тобықты Әнет бидей баталы бол,
Кіші жүз Әйтекедей аталы бол.
Бекердей қамқа киген оқалатып,
Еменәлі Жабадай опалы бол.

Балтада Итікедей қарулы бол,
Қанжығалы Жантайдай азулы бол,
Кіші арғын Жәнібектей ер атанып,
Өлеңде, дастанда да жазулы бол.

Қазыбектей халқыңның данасы бол,
Қарабастай жұртыңның баласы бол.
Елің қорғап, дұшпанға соққы берген,
Үш жүздің Бөгенбайдай панасы бол.

Қазақта әз Тәукедей тақытты бол,
Керейде Есенейдей бақытты бол.
Топ болсақ қобыз тартып, өлең айтып,
Ән шырқап Салқарадай шабытты бол.

Үш жүздің Абылайдай тілегі бол,
Марабайдай ақыны – жүрегі бол,
Төре, биге тізгінін бермей өткен,
Найманда Барлыбайдай салмақты бол.

Сүйіндік Олжабайдай келбетті бол,
Тәттіқара жыраудай зейнетті бол,
Сыбан Шондай елінің сен ұйшысы,
Тәттімбеттей халқыңның күйшісі бол.

Белгібай, Күлекейдей білекті бол,
Беріште Исатайдай жүректі бол.
Халқының қамын жеген ертелі-кеш,
Қарауыл Қанай бидей тілекті бол.

Тоқсан бидей көп жаса жүзге келші,
Зілқарадай мал-басың өсіп-өніп,
Кетпес байлық, таусылмас қаржылы етер,
Түсіңде көнек берсін қыдыр келіп.

Жыраудың Бұқар сынды өрені бол.
Алды-артын ойлап келіп, пішетұғын
Адамның Қарабидей зерегі бол.

Көшебеде Тәбейдей беделді бол,
Сүйіндікте Көшетай өнерлі бол.
Кіші Арғында Жанақтай жауырынды,
Үмбетедей жырға бай, кемелді бол.

Нашандай қан-майданда айбатты бол,
Ер Асхаттай шайқаста қайратты бол.
Қабанбайдай жігіттің берені бол,
Сардардың Ер Тарғындай Ерені бол.

Ер Сары мен Баяндай әулетті бол,
Едіге би бабандай сәулетті бол.
Ғаскері ат, түйемен жабдықталған,
Керейде Тұрыпбердідей дәулетті бол.

Орынбайдай еліңнің шешені бол,
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол.
Көшебе Майлы бидей тым көреген,
Даулы істе сөзге ұста, көшелі бол.
Кіші Арғын Шоқай бидей алымды бол,
Атығай Шал ақындай шалымды бол.
Шектіде Арыстандай биязы бол,
Таузарда Жанкісідей дарынды бол.

Құрсары Әлдибектей шешімді бол,
Ашамайлы Тілешідей кесімді бол.
Құйса толмай, толғанда аспайтұғын,
Жаңбыршы Малдыбайдай есімді бол.

Көрсеткен бұқараға  үлгілі жол,
Толыбай сыншыдайын жолбасшы бол.
Жауларға қарсы шығып, бастайтын қол,
Керейде Ақпанбеттей қолбасшы бол.

Ұлы жүз Төлебидей айлалы бол,
Кіші Арғын Бөгенбайдай пайдалы бол.
Қиын, қыстау кезеңде қоршау бұзған,
Тарақты Байқозыдай айбарлы бол.

Керейде Тұрлыбектей табанды бол,
Шәукерде Байдалыдай амалды бол.
Қиналғанда ерлерге қайрат берген,
Малайсары батырдай жайдарлы бол.

Төле би бабаңдай зейнетті бол,
Тамада ер Есеттей келбетті бол.
Бикеде Манақадай аяулы бол,
Мәуелі бәйтеректей саялы бол.

Тіліне ғазәзілдің ермейтін бол,
Дұшпанға тізгініңді бермейтін бол.
Өнерге өсе келе құштарланып,
Қияға құлашыңды сермейтін бол.
Әумин

 

 

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×