Өлең, жыр, ақындар

Шәкірім философиясындағы ақыл-ой, ар мәселесі

Қазақ халқының дара данышпаны Абайдың есімі аталғанда, оған ілесе жүріп еске түсетін тағы бір есім бар. Ол ақынның тәлім-тәрбиеге толы даналық  мектебінен тағылым алған шәкірті әрі немере інісі – Шәкәрім.  Ол көңілі дарқан даладай кең қазақтың бағына біткен санаулы ойшылдарының бірі. Қазақ философиясында ар, ұят, ынсап, қайғы мәслелерін пәлсапалық тұрғыдан терең қарастыра білген тұлға. Өз пәлсапасының тереңге тартқан тамырынан ақыл-ой, ұждан мәселелерін анықтаған. Ұждан дегеніміз – ынсап, мейірім, әділет. Бұл екі өмірде де керек іс.  Жанның толық азығы бола алатын қымбат құндылық.  Ойшыл өзінің шығармаларында ақыл-ойдың жиырма сегіз түрін көрсеткен. Соның ішінде сау ақыл деп, соған баса назар аударып, ерекше тоқталып өткен. Күллі адамзат баласын басқа тірі жандылардан ерекшелеп, өзгешелендіріп тұратын әлбетте оның санасы яғни ақыл-ойы. Шәкәрім өзінің дүниетанымдық философиясында әлемді танушы, пендені адамдық негізге сүйрейтін, ең басты қасиеті ретінде ақыл-ойды қарастырған.

Оның дүниетанымы көбіне мораль философиясы мен ар іліміне жақын. Шәкәрімнің танымындағы қасиетті, киелі саналатын ұғымдар  - тәңір, күн, табиғат және нұр.

Еңбекке шыда ебін тап та,

«Сабырдың түбі – сар алтын».

Өзімшіл болма, көпті ардақта,

Адамның бәрі өз халқың.

Осы бір өлең жолдарында адамды тек өз тағдыр талқанының алдында ғана жауаптымын демей,  барлық адамзаттың алдында деп өмір кешуге шақырады. Адамдардың бір-бірін қор қылмауына, барлығына ортақ мүддеде ғмыр кешуге үндейді. Шәкәрім Құдайбердіұл өзінің пәлсапалық ойға тұнған шығармаларында  ар-ұят мәселелерін алғашқы орынға қойып, ерекше сөз етеді. Ал ар дегенімідің өзі не? Оны біз қалай түсінеміз? Жаратушы сана бермеген хайуандардың әлемінде ар мәселесі атымен жоқ деп кесіп айтуымызға болады, яғни, ар түсінігі тікелей адамға ғана қатысты ұғым. Халқымыздың таным-түсінігінде ар-ұяты жоқ адам – ол адам, әйтседе ол адам надан адам танылған. Сонымен қатар  ондай надан адам болып ғұмыр кешкенше, өлген артық деп санаған. Оны Шәкәрімнің мына бір өлең жолдарынан да байқай аламыз.

Сабыр, сақтық ой, талап болмаған жан

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар-ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан.

Ар деген – адамның сыры, құпиясына қазық болатын рухани субстанция, ар – адам ісінің төрешесі. Ар – адамның үкімін шығаратын өз соты. Әр пенде өзінің арының алдында жауапты. Шәкәрім халыққа ар білімі деген арнайы білім керек деп таныды. Адам арсыз болса, ол адамдық негізден айырылмақ. Адамды адам қылып тұрған  сөзссіз оның ары. Дүниеге күллі ізгілік атаулыны әкелуші, ол – адам. Сонымен адамның адамшылығы деген де қадап-қадап айтатын ұғымдар «ұят», «намыс», «ар» осы үшеуі адамшылықтың негізгі саласы, арнасы. Олардың бірінсіз адамның адамшылығы толық емес.  Шәкәрім аталмыш ұғымдарды адамзат өмірінде ерекше орын алатын әрі екі дүниесіне де керек іс деп қарастырған

Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Ақерке Адеханова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз