Өлең, жыр, ақындар

«Қазақ халқы надан» деген қате пікір

Қазақ халқы – көшпелі халық. Ат үстінен түспеген, еркіндік пен бостандықты жаны сүйетін жайсаң халық. Өзіндік мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен, болмысымен ерекшеленетін өзгеше халық екеніміз баршамызға мәлім. Тарих беттерін ашып көз жүгіртсек, түрлі ғұлама ғалымдар, зерттеушілер «Қазақ халқы» жайлы көптеген пікір қалдырып кеткен. Бірақ сол пікірлердің ішінен қазақ халқының надан, білімсіз халық екенін көбінесе орыс деректерінде ғана кездестіруімізге болады. Неліктен орыс халқы қазақты «надан, қараң халық» деп атаған?

Өткен ғасырда Ресей үкіметінің қол астында, бодандығында болғанымыз рас. Еркіндік пен бостандықтан айырылдық. Қастерлеген жерімізде еркін жүруге, ана тілімізде еркін сөйлеуге шектеу қойды. Тіпті қазақ халқының білім алып, дамуына шектеу мен талап қойғаны жалған емес. Осы кезеңде орыс патшалығы «қазақ халқы надан, қараңғы» деген тұжырымды қоғамда қалыптастырды. Қазақтың «қой аузына шөп алмас» момын қасиетін пайдаланып, өз айтқандарымен саясат жүргізді. Басына жүргізген саясатына амалы қалмаған, білім мен дамуына шектеу қойған қарапайым қазақ халқын «Надансыңдар» деп намысына тиіп, биік дәрежелі халықты бір сәтте сағын сындырып, төмен дәрежеге түсірді. Бұл сөзімізге анық дәлел ретінде «Қазақ» газетіндегі «Қазақстан солдат алу» мақаласын айтуымызға болады.

Мақалада «Оренбургское словода» «Нимврод» жазылымдарында қазақтарды әскерге алмау себебін түсіндіруіне байланысты талдау жасаған. Бұл жазылымда «Бұрын да һәм қазір де қазақтан солдат алуға қарсылардың көрсететін себептері: «Қазақ надан, мәдениеті жоқ, орыс тілін білмейді, орыс тамағына шыдай алмайды», - деп атап көрсеткен. Ал мақалада бұл сөздің дәлелсіз, пікірдің қате екенін жеткізеді.

«Біз қазақ халқын сонша надан деп ойламаймыз. Қазақ әдебиеті бай, көркем. Қазақ арасында школ көп, өздерінше оқыған қазақтар да аз емес. Сондықтан «Қазақ халқы надан, тағы» деген пікір қате»-, -деп бұл пікірге қарсылық танытып, келіспейтінін ашық айтады.

Ресей патшалығы тіпті қазақ халқының қандай халық екенінде нақты білмейді. Болмысы қандай, мәдениеті қандай, тіпті қол астында жүрген қазақ халқының нақты есебінде білмейтін еді. Бұл мәселе жайлы да мақалада тоқталып өткен.

«Біздің министрлердің кейбіреулері қазақстан солдат алуға қырын қараулары:қазақ жайын білмегендік. Қазақ жайын білмегендігін мынадан да байқауға болады:осы күнге шейін бізден ешкім қазақ халқының анық есебін білмейді. Қайсыбір «біледі» дегендер қазақты 6 миллион, кейбіреулері 10, бірсыпыралары хатта 16 миллион деп те атайды.

Ал «Надан» деп атаған халықтың болмысын мақалада былай көрсетеді: «Рас, қазақ момын, тыныштықты сүйетін халық. Бірақ біреу намысына тисе, кек алуды біледі, ерлігі бар. Дұшпанынан кек алуға келгенде, ешкімнің ойына кіріп-шықпайтын тәсілдерді табады. Олардың тағы бір артықшылығы, бастарына қандай ауырлық түссе де, аспай-саспай, әдіспен, ақыл-айламен іс қылады. Атқа берік, шыдамды, көнбіс, қырағы, жершіл, ауаның өзгерісін сезгіш», - деп сипаттап өтеді.

Қазақтың болмысы мен қасиетіне тіл келтіріп, дәрежесін төмен түсіруіне қазақтың нар тұлғалы азаматтары ешқашан жол бермеген. Оған дәлел ретінде осы бір мақаланы айта аламын. Ал мұндай мақалалар сол кезеңдерде шығарылған газеттерде көптеп кездеседі. Қазақтың мұң-мұқтажын жоқтап, сөз бостандығы берілмеген заманда өзекті мәселерді көтере біліп, халықтың сана-сезімін оятып, ұлттық тілін, мәдениетін ұмытпауды насихаттауда  дәл осы басылымдардың, мақалалардың әсері көп болғандығын айта кеткеніміз жөн.

Қазақ халқы көшпелі халық болғанымен оларды надан халық деп атауы қате тұжырым. Сол көшпелі қазақ елінен мықты ойшыл, ғұлама ғалымдар, ақын-жазушылар, зерттеушілер, академиктер, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар шыққанда «Надан» сөзін қолданудың өзі ұят. Әрине бұл тарихтағы пікірлер, бірақ уақыт өте келе сол көшпенді халық мұның бәрін жоққа шығарып, дәлелдеді. Барша әлемге дәлелдеп, бүгінгі күнде мемлекеттер арасында сыйлы, беделді елдің біріне айналдық.

Алтынай ТӨЛЕУБЕКОВА, ҚазҰУ-дың 1-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Фил. ғ. к. , доцент Р. С. Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз