Өлең, жыр, ақындар

Толғатқан құм

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 300
(поэма)

Тау толғатса қыран ұшар басынан,
Толғатса өзен арна бұзып тасыған.
Толғатса орман көк бояумен дүр еткен,
Құм толғатса?
Жауап бар ма осыған?!

Сағыныштың шекпеніндей сағыз құм,
Бар болса егер сенде болар нағыз мұң.
Іші өртеніп жатса дағы сыр бермей,
Бүктетіліп жатып қалған абыз құм.

Құмға кел де қиялға бат не түрлі,
Селтиеді сары қурай кекілді.
Беу не қылған тым тәкаппар дүние,
Ару қыздың аршын төсі секілді.

Жүгір желдер!
Шүйінші ал жан-жақтан.
Шырқалсын ән, күй төгілсін бармақтан.
Нарын құмның құтты екен құрсағы,
Бір ғасырда екі ақынға толғатқан!

Екеуі де ардың адал құлы екен,
Өлең-теңіз, қызыл сүзген ұл екен.
Ал біреуі құмда ашылған гүл екен,
Ол кім десең Фариза мен Жұмекен.

Қарт каспиден көтерілсе дауылдар,
Қараша үйді жүнше түткен жауындар.
Әуе айланып түссе дағы бұл жерді,
Тастап кетпес шағын ғана ауыл бар.

Қамыс шулап үн қосады құм бірге,
Қыздырса құм күйдіреді күн бірге.
Ғажап үнді естіп жатып іргеден,
Бала кезден әуес болды ол күмбірге.

Ақын келді!
Қуаныштан жас парла,
Әр шумағы жүк болатын дастанға.
Ақын еді ол Табылдыша айтқанда,
«Қырда туып, қол созатын аспанға».

Құмның үстін жырымменен гүл етем,
Жұлдыздарды жіберместен түнетем.
Деп туылған,
Мақтанғанды сүймейтін,
Сабаз мінез келді өмірге Жұмекен.

Бір жолдарын оқып өрем жете алмай,
Бір жолдарды айналсоқтап кете алмай.
Бір жолдардың тереңіне баттым мен,
Өткел қоймай кеткен екен….
Өте алмай!

Бір жолдардың арбауынан шыға алмай,
Бір жолдардың ішкі сырын ұға алмай.
Бір жолдардың қонып қалдым ішіне,
Қою еді тауға түскен тұмандай…

Том-том жырлар сөрелерде тұр екен,
Күмбір күйлер шанақтарда жүр екен.
Нарын құмға көкжиек боп қосылған,
Шет-шегі жоқ беу Жұмекен, Жұмекен!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әкеге сағыныш

  • 0
  • 0

Шарпылатын пәк жаның жылы ағынмен,
Қоштасқалы қай заман бұла күнмен.
Еңкеймеймін ес білдім деп жүруші ем,
Әке бүгін сені ойлап жыладым мен.

Толық

Көп күттірген балалық

  • 0
  • 0

Бірде құмнан уыстап,
Бірде аунаған шалғынға.
Жүгіріп жүр балалық,
Есігімнің алдында!

Толық

Қыр гүлі едім

  • 0
  • 0

Қыр гүлі едім жас тұлпар,
Басып кеткен тұяқпен.
Қалжырадым серпілтер,
Кем болып тұр күй әттең!

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар