Жаңа әліпби мәселесінде әлі де ақылдасатын тұстар бар. Осы орайда батысқазақстандық ғалымдар ортақ ұйғарымға келді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы, тілші-маман Болат Жексенғалиевтің айтуынша, ұлт тағдырына, тіл болашағына қатысты мәселеде қателесуге болмайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан әліпби реформасына қатысты: «Бұл мәселеде асығыстыққа жол берілмейді. Жаңа әліпбиді енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеру, жан-жақты талдау және пысықтау қажет» деп атап өткен болатын.
Осы ретте М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде БҚО тілдерді дамыту басқармасы мен аталған оқу орны басшылығы ұйымдастырған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасына байланысты ашық талқылау өтті.
Жиында аталған ғалымдардан басқа филология ғылымдарының докторы, БҚМУ профессоры Ғабит Хасанов, филология ғылымдарының кандидаты Құспан Аронов, педагогика ғылымдарының кандидаты Әскен Мұқамбетқалиев, басқа да тіл мамандары (жоғары, орта мектеп ұстаздары) ашық талқылауға ұсынылған мәселелер бойынша, сонымен бірге әліпби құрамы мен жекелеген әріптерге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
«Талқылау барысында қатысушылар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы ұсынған жеке мәселелерден бұрын жалпы қазақ әліпбиін қалыптастыруға қатысты ұстаным, қағидаттарды анықтап алу қажет деген ортақ пікірге келді», - дейді ғалымдар.
Олардың пікірінше, ең алдымен, ұлттық әліпби құрамына қатысты нақты бір шешімге келу қажет.
«Қандай жазу түрін алсақ та, тілді өміршең ететін, тілді сақтайтын сол тілдің төл дыбыстарын таңбалайтын әріптерден құралған ұлттық әліпби екені анық. Бұрынғы бекітілген, бірақ олқылықтары бар әліпбиде болған ч әрпі «қазақ тілінің төл сөздерінде кездеспейді» деген фонетикалық негіздемемен жетілдірілген әліпби құрамынан алынған екен. Дұрыс шешім. Олай болса, Vv (в), Ff(ф), Hh (х,һ) әріптерін жетілдірілген әліпби жобасында қалдырудың қандай негізі бар? Бұл жағдайда біз «эфир, валюта, философия, эволюция, хлор, химия т.б» сөздерін қай тілдің заңымен жазамыз? Бұл дыбыс таңбалары да қазақ тілі үшін жат қой. В, ф, х әріптері қолданылатын шеттілдік сөздер көп екені рас және нақты шешім қабылданбаса, жат сөздер легі толастамайтыны да анық. Ал ол дыбыс, әріп, сөздермен бірге өзге тілдің айтылым, жазылым ережелері де келмек. Тіл тағы да қосамжар емлемен өмір сүре ме? Бұл жазуымызға ұлттық сипат беру мақсатына және «тіліміздің дыбыстық жүйесін айқын көрсететін нұсқа» деген әліпби анықтамасына қаншалықты сәйкес?», - дейді ғалымдар.
«Бұл таңбаларды ауыстырсақ, «мәтін ішінде көзшалымға танылуын қиындатады» немесе футбол сөзін «putbol деп өзгерту жасанды болады» деген тұжырымдарда ғылыми негіз жоқ деп есептейміз. Шеттілдік сөздерді қолданудың барлық әлем тілдерінде мойындалған игеріп жазу тәсілі қалай жасанды болмақ? Сол «футбол» сөзінің орыс, ағылшын (football), неміс (füßall) тілдеріндегі нұсқаларын қараңыз, әр тіл өз жазу заңы бойынша қолданады. Қазақ тілінде potbol деп жазсақ, несі жасанды, керісінше жат сөзді қазақ тілінің үндесім заңына сай игеріп қолдануға мысал болмай ма?», - делінген батысқазақстандық ғалымдардың ұйғарымында.
Олардың айтуынша, В дыбысын төл б, п, у, ал ф дыбысын б, п дыбыстарымен айтуға, төл әріптермен жазуға болады және осы жат дыбыстарды төл дыбыстармен ауыстырып айту, жазу бізге таңсық емес. Тіл заңы арқылы игеріліп, тілімізге сіңген сөздер легінен мысал: болыс(волость), тауар(товар), Еуропа(Еуропа), зауыт(завод), Мәскеу (Москва), пайда (файда), дәптер (дафтар), пікір (фикр), сынып (синф), сапар (сафар) т.б. Орыс тілі арқылы келген, араб-парсы тілдерінен келген жат сөздерді қазақ тілі заңымен игеріп қолдану арқылы тіл заңы тілді жат тілдік ықпалдан қорғайды.
«Ал х, һ әріптерінің кейбір төл сөздерде қ әрпінің орнына жазылуын (хат, хабар, дастархан, гауһар, шаһар) заңдылықтан гөрі тіл болмысына жасалған қиянат, тіл басқыншылығына мысал ретінде келтіруге болады. Сондықтан жаңа емле арқылы төл сөздерде қ әрпінің жазылуын қалпына келтірген дұрыс және бұл тілдің айтылым нормасына сәйкес болмақ, ал шеттілдік сөздерде қ, к әріптерімен ауыстырып жазуға болады. Мыс: qilor, tekniyke)»,- дейді ғалымдар.
«Бұл арада біз бұрын бірде дауысты, бірде дауыссыз деп келінген у мен қазақ сөздерінде (жиі, қиын, иық) дауысты дыбыс деп түсіндіріліп келген и дыбыстары мен әріптеріне қатысты «тіл бұзар ережеге» нүкте қойылғанын құптаймыз. Бұл мәселеге, и, у әріптеріне қатысты шешуші сөзді академик Рабиға Сыздықова айтты деп ойлаймыз», - дейді батысқазақстандық ғалымдар ұйғарымында.
«Бұл дыбыстардың дауыссыз дыбыс екені бүгінде проф. Ә.Жүнісбек еңбектерінде де жан-жақты дәлелденді. Ендеше тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілінің емлесін жасауда қазақ тілінің табиғатын, шынайы болмысын танытуымыз керек. Сондықтан жуан болып келген жерде ый (мый, мыйық, оқыйды, тасыйды, сый, сыйлау, сыйады, тый, тыйады, тыйылды), жіңішке болып келген жерде ій (жібійді, ерійді, кемійді,тійеді, бійлейді) жазуымыз керек. Сол сияқты жуан айтылатын сөздерде ұу (сұу,сұуық, тұуыс, барұу,жұу, жұуын), жіңішке айтылатын сөздерде үу (гүу, гүуледі,кемүу, жүрүу) таңбалануы керек» («Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескерілетін жайттар», «Қазақ әдебиеті», 14.09.2018 ж).
Олардың пікірінше, бұл жағдайда көпшілік қауымды, әсіресе оқушыларымызды әбден шатастырған ережелер түзетіліп, тілдің табиғи болмысын тану, таныту жүйелене түспек, сөздердің дыбыстық құрамын тану, буынға бөлу жеңілдейді.
«Ал өзге тілдік сөздердегі и әрпін төл і, е, ый, ій дыбыстарымен айтуға, сәйкесінше жазуға да болады. Ертеректе тілімізге енген кірме сөздерді қарайық. «Бәтеңке (ботинка), кәрзеңке (корзина), кірпіш (кирпич) т.б.
Сол сияқты орыс тілінен енген сөздерде дауысты дыбыс таңбасы ретінде жазылып келген у әрпі орнына төл ұ,ү,о, ө әріптерін жазу – тіл болмысы мен табиғатына сай келеді. Тағы да тіл тәжірибесінен мысал: тұрба (труба), сот (суд), пөшке (пушка), көпес (купец), бөтелке (бутылка) т.б.
Қазақ тілінің дыбыстық құрамы тілдің төл болмысы мен табиғатын танытатын 9 дауыстыдан (а,ә,е,о,ө,ы,і,ұ,ү) және 19 дауыссыздан (й,у,р,л,м,н,ң,б,г-ғ,д,ж,з,п,к-қ,т,с,ш) тұрады, тиісінше ұлттық әліпби құрамын да осы төл дыбыстарды таңбалайтын әріптерден құрау туралы тіл жанашырлары мен тілші-ғалымдар (Ә.Жүнісбек, Б.Нұржекеұлы, Б.Қапалбек, Б.Ихсан т.б) пікірін қолдаймыз. Тілдің табиғи болмысын сақтау үшін қазақтың төл сөздерінде кездеспейтін дыбыс таңбаларын ұлттық әліпби құрамына алмау қағидаты барлық жат дыбыс әріптеріне қатысты болуы тиіс, сондықтан да ұсынылған әліпби жобасынан Vv (в), Ff(ф), Hh (х,һ) таңбаларын алып тастау және Уу таңбасымен тек сонар й дауыссызын таңбалау қажет деп есептейміз. Қазақ әліпбиі атымен ғана емес, затымен де ұлттық әліпби болуы керек. Қазақ жазуы тарихындағы А.Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиі ұлттық жазу болғаны белгілі. Әлі де кеш емес, «ұлт үшін деген ұлы істі» (А.Байтұрсынұлы) түзу де даңғыл жолға түсірейік, ағайын!», - дейді тіл мамандары.
Екінші. Жетілдірілген әліпби құрамында жекелеген дыбыстарды таңбалау бойынша жиынға қатысушылар төмендегідей ортақ пікірге келді.
«Әліпби жобасындағы қазақ тілі жұп дауыстыларының жіңішке сыңарларын умлаут белгісімен беру дұрыс, сонымен бірге ұ-ү жұптарын да осы үлгімен Uu (ұ), Ü ü (ү) таңбаларымен беру, ы-і жұп дауыстыларын ұқсас I ı (ы), I i (і) таңбаларымен беру, ал сонар дауыссыз й, у дыбыстарын Уу (й), Ww (y) таңбаларымен алу туралы ұсынысты қолдаймыз», - дейді батысқазақстандық ғалымдар.
Үшінші. Талқылауға ұсынылған тағы бір мәселе – Ww, Xx, Cc таңбаларын тек пернетақталарда қалдыру туралы ұсынысқа қатысты.
«Аталған ағылшын әріптері ұлттық әліпбиімізде болмағанмен, қазақ мәтінінде таңбаланады» тұжырымын негізсіз деп санаймыз. Қазақ ұлттық әліпбиі құрамында болмаса, бұл әріптерді қазақ әліпбиі пернетақтасында қалдырудың да қажеттілігі жоқ, ал халықаралық бренд, марка атауларын (Windows, Maxima, Coco-colo) барлық тілдердегі тәжірибемен ағылшын алфавитімен де бере беруге болады, ағылшын әліпбиі барлық бағдарламаларда бар.
Ww әрпімен сонар у дауыссыз дыбысын таңбалау туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының ұсынысын қолдаймыз.
«Талқылауға ұсынылған жетілдірілген әліпби жобасына ұлттық тіл мүддесі тұрғысынан сараптама жасап, өзгерістер енгізу қажет деген пікірді қостаймыз және талқылау мен сараптау барысында айтылған әр пікір мен ұсыныс мұқият ескеріледі деп сенеміз. Жазу жүйесі тілдің заңына бағынып, тілге қызмет етсін десек, ең алдымен, тілдің дыбыстық құрылымын зерттеуші фонетист ғалымдардың (Ә.Жүнісбек) пікір-ұсыныстары мұқият қаралса деген тілек бар. Басты міндет - ғылыми негізделген, тіл заңдылығына сүйенген, ең бастысы, тілге қызмет ететін, тіл болашағын сенімді ететін жаңа әліпби нұсқасын қабылдау», деп түйіндеді ойын ғалымдар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі