Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялануына байланысты еліміздің барлық білім беру мекемелері мен оқу орындары қашықтан оқуға көшті. Тек оқушылар мен ұстаздарға ғана емес, сонымен қатар ата-аналар қауымына да таңсық форматтағы онлайн оқу әдісі алғашында көңілге үрей ұялатқаны рас.
Білім және ғылым министрлігінің үйлестіруімен 6 сәуірден бастап төртінші тоқсанның бейнесабақтары республикалық «Ел арна» және «Балапан» арналарынан көрсетілуде. Алғашқы сабақтар жұртшылық арасында үлкен талқы туғызды. Айтылған пікірлер әралуан. Осы орайда, біз бейнесабақтардың түсірілім алаңындағы жазылу процесі туралы толығырақ таныстырғымыз келді.
Оқушылар төртінші тоқсанда қамтуы тиіс 3 мыңнан аса сабақтың видео нұсқасын түсіріп, дайындауды «Bilim Media Group» компаниясы өз мойнына алды.
Еліміздің білім беру саласына тың өзгерістер әкеліп, қашықтан оқуға арналған контент әзірлеуде мол тәжірибе жинаған «Bilim Media Group»-тың қызмет кеңсесі әп-сәтте телестудияға айналған. Аз ғана уақыттың ішінде декорациялар құрылып, кабинеттер видео студия техникасымен жабдықталыпты. Компания директоры Рауан Кенжеханұлының Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасына сүйенсек, онлайн сабақтарды әзірлеу үшін наурыздың 23-інен бастап 150 мұғалім мен 60-тан аса қызметкер 8 студияда демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Карантин жағдайына қарамастан, жедел шығармашылық топ құрған компания мұғалімдер мен оқушыларды қолдау үшін өз тарапынан бар мүмкіндікті жасауда.
Қашықтан оқытуды қамтамасыз етуге атсалысатын мамандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін, қатынау көлігінен бастап ыстық тамаққа дейін - барлық жағдай жасалған. Ең маңыздысы - медициналық тексеру мен көмек ұсынатын дәрігер де бар. Маска, қолғап, қол тазалағыш секілді медициналық бұйымдар мол дайындалған. Елдегі төтенше жағдайға байланысты жұмыс орнындағы қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады.
Төтенше білім алаңына айналған ұжым көп телеарнаның үлкен дайындықпен жасайтын бір жылдық жоспарын небәрі бірер аптада орындап жатыр десек артық айтқандық емес. Бекітілген сабақ кестесіне сәйкес күн сайын 60 бейнесабақ және 10 анимациялық танымдық бейнематериал эфирге шығады. Демек, оқушыларға аптасына ұзақтығы 60 сағатқа созылатын екі тілдегі 300 сабақ ұсынылады. Бұл күн сайын телеэфир талаптарына сай жасалған 12 сағат мазмұн. Карантин жағдайында білікті маман мен техника санының жетіспеуіне қарамастан, 2 апта ішінде 800 бейнесабақ түсіріліп, оның тең жартысы монтаждан өткен.
Бейнесабақтардың мазмұнына қатысты көрермендер тарапынан кейбір сын пікір де айтылды. Бұл туралы №66 мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Әлімжанова Гүлдана Рамазанқызы өз ойымен бөліскен болатын:
Мұғалім – әртіс немесе тележүргізуші емес, сол себепті алғашқы уақытта камера алдында арнайы дайындықсыз сабақ жүргізу қиындық тудырғаны рас. Дегенмен, мұнда бізге эфир редакторлары мен студиядағы мамандар өте көп көмек көрсетеді. Оқушылар мен ата-ана үшін бұл тек он минуттық сабақ болуы мүмкін, өйткені олар түсірілім алаңындағы қиындықтардан бейхабар. Балалардың жаңа тақырыпты толық меңгеріп шығуы үшін, біз сабақ материалын даярлаудан бөлек, камера алдындағы дайындықты да қатар алып жүруге тырысамыз. Мұның өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан оқушылар мен ата-аналар қауымынан түсіністік танытуын сұраймыз.
Эфирді көруге үлгермей қалған оқушылар бейнесабақтар мен қосымша тапсырмаларды, сондай-ақ сабақты бекітуге арналған жаттығуларды bilimland.kz сайтында тәулігіне 24 сағат тегін «Online Mektep» бөлімінен қарай алады. Компания мамандары сайттың оқушыларға қолайлы әрі түсінікті болуы үшін, қолдануға жеңіл, қарапайым функцияларды енгізген. Сонымен бірге, мұғалім мен оқушы арасында кері байланыс орнату, үй тапсырмаларын тексеру мен бағалау секілді мүмкіндіктерді жүзеге асыру тетіктерін де ойластырған. Осының арқасында, төртінші тоқсанның ең алғашқы оқу күні сайтқа 800 000-ға жуық қолданушы кіргеніне және ешқандай техникалық ақау орын алмағанына бәріміз бірге куә болдық.
Ұйымдастырушылар бейнесабақтар әзірлеуде әлі де болса олқылықтардың барын жасырмайды. Бұл шығармашылық, ал кез-келген шығармашылықта кемелдіктің шегі жоқ.
Біз бұл жауапты жұмысқа атсалысып жатқан ұстаздар мен осындай күрделі істі өз қолына алған әріптестерімізге тек сәттілік тілейміз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Мариям
Сәлеметсіздерме!!!
Кырыкбаева дарига
Сиздерге коп ракмет