Атқарушы билік органдары қызметіндегі заңдылық ұғымы. ҚР Конституцияның 34-бабына сәйкес «Әркім ҚР Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуге міндетті» делінген, яғни мемлекеттік билік органдары, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар және олардың бірлестіктері Конституция мен заңдарды сақтауға міндетті.
ҚР Конституциясын және заңдарын сақтау қажеттілігі туралы талаптар, ең алдымен мемлекеттік тұрақтылықты қолдауға, республиканың конституциялық құрылысының негіздерін нығайтуға, құқық тәртібі мен әр адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге, ҚР қабылданатын (атқарушы билік органдары) нормативтік актілер еліміздің Конституциясына қайшы келмеуі тиіс. Конституцияның жоғары заңдылық күші Конституцияға қайшы келетін нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген құқықтық нормаларының, ережелерінің заңдық күші жоқ деп есептелетін және олардың күшін жоюға жататындығын білдіреді.
Сондықтан мемлекет пен қоғамда қабылданған нормативтік актілер баршаға бірдей міндетті. Конституция мен заңдардың ұйғарымдарын бұзушылық үшін жауаптылықтың қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік жауаптылық түрі белгіленуі мүмкін. Міне, осы негізгі талаптар атқарушы билікті жүзеге асыру аясында заңдылық мәнін анықтайды.
Мемлекетімізде құқық субъектілерінің ең көп тобын атқарушы билік органдары құрайды. Олар тек қана заңдарды және одан туындайтын актілерді қолданып қана қоймай, сонымен қатар көптеген құқықтық актілердің жобаларын дайындап, оларды қабылдауды жүзеге асырады. Қабылданған нормативтік актілер мемлекет пен қоғам қажеттілігін нақты анықтауы қажет. Ол барлық атқарушы билік органдарының дұрыс және келісімді жұмысын, сонымен бірге экономиканы, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-саяси аяларды табысты басқаруды жүзеге асырудың қажетті жағдайы болып саналады.
ҚР атқарушы билігін жүзеге асыратын органдардың (үкімет, министрліктер, ведомстволар) негізгі міндеті -Республика заңдарының, Президент актілерінің, өзге де нормативтік актілердің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету. Құқықтық мемлекет құруда, атқарушы билік органдарының еліміздің нормативтік құқықтық актілерінің орындалуын қамтамасыз ету барысында, оларды бұзулары, лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі кері нұқсан келтіреді.
Сондықтан мемлекет атқарушы билік органдары қызметінде заңдылық пен тәртіпті тиімді қамтамасыз етуі қажет. Бұнымен бірге, тек ҚР бүкіл аумағында заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәл орындалуы ғана емес, сонымен қатар олардың біркелкі қолдануын қамтамасыз ету қажет. Бұл талап басқарушылық қызметінің барлық қатысушыларына, яғни басқа-ратындар мен басқарылатындарға қатысты.
Атқарушы билік органдарының қызметінің тиімділігі тек қана заңдылықтың жоғары болуына ғана емес, сонымен қатар, басқарушылық процеске қатысушылардың тәртіптілігіне тәуелді болады. Мемлекеттік тәртіп — бұл мемлекеттік билік органдарының, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметшілері мен жұмыскерлері және азаматтардың мемлекеттің міндеттері мен функцияларын, мемлекет белгілеген ережелерді және нақты ұйғарымдарды тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыруда сақтауы, дұрыс және бұлжытпай орындауы. Заңдылық пен тәртіпті атқарушы билік органдары қызметін нығайту мақсатында мынадай жұмыстар жүргізіледі:
— атқарушы билік органдары жүйесін одан әрі жетілдіру, оңтайландыру және олардың құқықтық мәртебесін нақты анықтау;
— мемлекеттік қызметшілердің жалпы және лауазымдық міндеттері мен құқықтарын белгілеу, олардың жеке жауаптылығының шегін анықтау;
— азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге байланысты құқықтық актілерді қабылдау;
— азаматтарды заңға деген құрмет көрсетуге тәрбиелеу, олардың құқықтық мәдениетін көтеру, құқықтық насихат пен жалпы құқықтық оқуды насихаттау және т.б.
Атқарушы билік органдары қызметінде заңдылық пен тәртіпті қалыпта ұстау мен нығайту міндеттері жүктелген мемлекеттік органдардың ерекше жүйесі қызмет атқарады. Олар қызметінде қолданатын құқықтық және ұйымдастырушылық нысандар мен тәсілдер, тәжірибелік әдістер, операциялардың жиынтығы заңдылықты қамтамасыз етудің әдістері деп аталады. Оларға бақылау және қадағалау, қоғамдық бақылау, сонымен бірге шағымдану құқығын жүзеге асыру жатады. Бақылау — бұл нысан қызметінің процесінде алдына қойылған міндеттерден ауытқуын орнықтыру мақсатында жүргізілетін байқау және тексеру жүйесі.
Атқарушы билік органдары қызметіне бақылау жасаудың мағынасы мынада: уәкілеттенген мемлекеттік орган (заң шығарушы, атқарушы және сот билігі) және қоғамдық бірлестіктер ұйымдастырушылық-құқықтық әдістер мен құралдарды қолдана отырып, бақылаудағы атқарушы билік органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының қызметінде қандай болмасын заңдылықты бұзушылыққа жол берілгендігін анықтау, егер олар табылған жағдайда, уақытында жоюға, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, кінәлілерді жауаптылыққа тартуға және заңдылық пен тәртіп бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою үшін шаралар жүргізеді.
Заңдылықты қамтамасыз ету әдісі ретінде, бақылауды сипаттайтын бірнеше белгілер бар. Біріншіден, бақылаушы орган (лауазымды тұлға) және бақыланушы нысанның арасында бағыныштылық немесе ведомстволық қатынас болады. Екіншіден, бақылау нысаны болып заңдылық және бақыланушының қызмет мақсаттылығы саналады. Үшіншіден, бақылаушы бақыланушының шешімдерінің күшін жояды, яғни тексеріс жүргізу кезінде бақыланатын орган азаматтардың немесе заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзуға әкеліп соғатын шешімдерін тоқтатады. Төртіншіден, бақылаушы орган заңда белгіленетін тәртіп бойынша бақыланушыға жіберген құқық бұзушылықтары үшін әсер ету шараларын қолдануға құқылы.
Республикамызда басқару қызметін ұйымдастыруды жетілдіруге, мемлекеттік органдардың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, мемлекеттік мүдделерді қорғауға, мемлекеттік қызметшілердің лауазымдың өкілеттікті қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануына жол бермеуге жәрдемдесетін әкімшілік рәсімдерді белгілеуге бағытталған, ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27-қарашада қабылданған Заңы қамтамасыз етеді. Осы заңның 6-бабының 4-тармағына сәйкес «Қабылданған шешімдерді уақытша және толық орындау мақсатында мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға тиіс».
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Қызылов М. — Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі