Өлең, жыр, ақындар

Туды қастерлеу

Сап түзеп тұрған қалың әскердің алдына ту сән-салтанатпен әкелінген. Керней-сырнайлар тартылып, барабан, дабыл соғылып, бас қолбасшы туға қымыз бүріккен. Қымыз — ежелден келе жатқан көшпелілердің сусыны. «Туға қарап қымыз бүрку» көшпелілердің ат жалын тартқаннан бастап жаугершілікте жүрген жауынгер халық екенін білдіреді. Демек, олардың күштері де, батырлығы да қымызда, яғни жылқыда дегені. Байрақ ұрыс басталғаннан аяқталғанша желбіреп тұру керек болған. Егер де ту ұстаушы өлсе не жараланып, туды құлатып алса, онда бұл жеңілудің белгісі болып саналған. Сарбаздардың бойын үрей билеп, еңселері түскен. Ал қарсыластарынын туының жығылғанын көрген жау жақ өршелене шабуылдаған. Міне, сондыктан ту ұстаушы жауынгер әскерде қолбасшыдан кейін екінші орында тұрған. Оны «ту басшысы» немесе «тубегі» деп атаған.

Тулар бейбіт уақытта жеке үйде арнаулы сандықтың ішінде сақталған. Ол сандықтың алдында ешкім отырмаған. Ту тұрған үйдің маңайында ешкім улап-шуламаған. Қазақ рәсімінде ұрысқа кірерде бас қолбасшы тізерлеп отырып туды маңдайына тигізген. Бұл — туға деген құрмет.

Шешуші соғыстардың алдында «туды қандау» деген салт орындалған. Яғни, ақбоз атты құрбандыққа шалып, қанын туға жаққан. Бұл жан алып, жан беріскен қырғын шайқастың белгісі еді.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз