Өлең, жыр, ақындар

"Жас азамат" газеті

«ЖАС АЗАМАТ» ГАЗЕТІ

1918 жылдың жазында қазақ даласының саяси һәм рухани кеңістігінде жаңғыру лебі сезілді. Сол жаңғырудың алдыңғы шебінде тұрған ұлтшыл жастардың ерік-жігерінен туған «Жас Азамат» газеті – ұлттық баспасөз тарихындағы өшпес белес. Газет алғаш рет 1918 жылдың тамыз айында Петропавл (Қызылжар) қаласында жарық көріп, 1919 жылдың маусым айына дейін үздіксіз шығып тұрды. Басылымның жалпы 22 нөмірі жарық көргені белгілі. Бұл – бар-жоғы бір жылға жетер-жетпес уақытта ұлт санасын оятқан, тәуелсіздік идеясын таратуда ерекше рөл атқарған кезеңдік рухани құбылыс еді. Газет Алаш жастарының қоғамдық аренаға дербес күш ретінде шыққанын паш етіп, ұлт тағдырына деген азаматтық жауапкершіліктің символына айналды.

«Жас Азаматтың» алғашқы редакторы – көрнекті қоғам және әдебиет қайраткері Қошмұхамбет (Қошке) Кемеңгерұлы болды. Ол 1–11 нөмірлерге жетекшілік етті. Кейін 12–16 нөмірлерін Біләл Малдыбайұлы редакциялап, 17–22-нөмірлерінде қайтадан Қ.Кемеңгерұлы басшылық етті. Газеттің басқарма құрамына Смағұл Садуақасұлы, Мұратбек Сейітұлы, Гүлнәр Досымбекқызы және Әбдірахман Байділдәұлы кірді. Бұл тұлғалар — қазақ қоғамының жаңа буыны, Алаш қозғалысының ізін жалғаған білімді, күрескер жастар еді. Олардың қаламынан туған әрбір мақала — ұлттың азаттығын, оқу-ағарту мен мәдениет мәселесін көтерген ұран іспетті болды.

Сәкен Сейфуллин өз естелігінде бұл басылымның дүниеге келу тарихын дәл сипаттап өтеді: Омбы қаласында өткен 1918 жылғы «Жалпы жастар съезі» барысында әр аймақтағы жастар ұйымдары бірігіп, ортақ атау — «Жас Азамат» деп аталуға шешім қабылдаған. Осы съезде газетті шығару туралы қаулы қабылданып, Қошке Кемеңгерұлы бас редактор болып тағайындалған. Газет алғашқыда Көлбай Тоғысовтың бұрынғы «Үш жүз» газеті шыққан баспаханада басылып тұрған. Бұл – символдық тұрғыдан да мәнді шешім еді: Алашшыл идеяның жаңа ұрпақ қолында қайта жалғасуының белгісі болатын.

Газеттің алғашқы саны «Жас тілек» атты бас мақаламен ашылды. Онда сол кездегі саяси ахуал, ел тағдырының бұлыңғыр болашағы сараланып, жастардың тарихи миссиясы айқындалды. Мақалада: «Жас азамат тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты» — деп жазылды. Бұл сөздер сол дәуірдің күрескер рухын дәл бейнеледі. Газет жастарды ел тағдырына араласуға, білім мен бірлікке, ұлттың азаттығы жолында күресуге шақырды. Оның әр беті — саяси үндеу, рухани сабақ, ағартушылық миссияның көрінісі болды.

«Жас Азамат» беттерінде Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Садуақасұлы, Мұхтар Әуезов, Бекмұхамбет Серкебайұлы, Хайретдин Ибраһимұлы, Ахметжан Жантәліұлы сынды қаламгерлердің мақалалары жарық көрді. Көпшілігі бүркеншік атпен жазылғанымен, олардың мазмұны Алаш идеясының интеллектуалдық қуатын танытты. Басылым бетінде ұлттық теңдік, әйелдердің қоғамдағы орны, қазақ тілінің мәртебесі, оқу-білімнің рөлі, отарлық езгінің зардабы жайлы өткір материалдар жарияланып тұрды. Газет тек ақпарат көзі емес, ұлттық идеологияны қалыптастырған рухани мектеп болды.

1919 жылы азамат соғысының өршуі мен саяси тұрақсыздыққа байланысты газет өз жұмысын тоқтатты. Бірақ оның идеялық ықпалы жойылған жоқ. Керісінше, кейінгі қазақ баспасөзінің бағытын, жастар қозғалысының өрісін айқындап берді. «Жас Азамат» — қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлттық серпілуінің айнасы, азаттық пен өрлеу идеясын ұран еткен публицистика мектебі болды.

 

Шайхманова Ақсұңқар
ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз