Бұрынғы заманда, ылғи аң аулауды әдет қылған бір патша болыпты. Күндерде бір күн аң аулап жүрсе, ағаштың басында бір бүркіт отыр екен дейді. Патша көріп, атайын деп ыңғайланған екен, бүркіт:
— Ей, патша! Мені атпаңыз, мен сізге бір уақытта керек болармын, - депті. Патша оның сөзін елемей, атуға тағы ыңғайланады. Бүркіт әлгі сөзін қайта айтып, жалына беріпті. Бүркіт үш рет жалынғаннан кейін патша ойға қалады да бүркітті үйіне алып келіп, екі жылдай асырайды. Екі жылдан кейін патша кедейленіп, асырауға шамасы келмейді де бүркітті қоя береді. Бірақ бүркіт қанатын көтеріп ұша алмайды.
Сонан соң ол патшаға:
— Ей, патша, мені не қылсаң да тағы бір жыл күт, мұратыңа жеткізейін, - деп жалынады. Патша жұрттан қарыз алып, мал алып, тағы бір жыл күтіпті. Бір жыл толған соң, патшаны бүркіт үстіне мінгізіп әкетіпті. Екеуі келе жатып, бір дарияға жеткен соң, бүркіт патшаны дарияға тастап жіберіпті. Патша тізесінен суға батып бара жатқан кезде, бүркіт қайтадан көтеріп әкетіпті де:
— Патша, қалай, қорықтың ба? – депті. Патша:
— Енді өлдім ғой деп едім, – дейді. Тағы да бір дарияның үстіне келгенде, патшаны және тастап жібереді. Ортан белінен батып бара жатқан кезде, қайтадан көтеріп әкетеді. Үшінші дарияға келгенде, тағы тастап жібереді де қайтадан көтеріп әкетіп:
— Қорықтың ба? – дейді бүркіт.
— Енді тастасаң өлемін, – дейді патша.
— Жоқ, енді тастамаймын. Есіңде бар ма? Мен ағаштың үстінде отырғанда, «атамын» деп, мені де үш рет қорқытып едің ғой. Мен үш рет өз істегеніңді алдыңа келтірдім, – дейді де шарықтап кетеді. Бір кезде бүркіт патшаға:
— Жоғары, төмен қарашы, не көрінер екен? – дейді.
— Жоғарыда көк, төменде жер көрінеді, – дейді патша.
— Және жан-жағыңа қарашы, – дейді.
— Оң жағымда сахара, сол жағымда бір үй тұр.
— Ол үй - менің кіші қарындасымның үйі, соған барамыз, – дейді бүркіт. Бүркіт келген соң, қарындасы алдынан шығып ағасын күтіп алып, патшаны ілтипат қылмай, қораға тастап кетеді, ағасын тамаққа тойғызып, байлаулы тұрған итін қоя береді, ит патшаны талай бастайды. Бүркіт шыға келіп, патшаны иттен айырып алып, қарындасына ашуланып, патшаны арқасына мінгізеді де ұшып жүре береді. Ұшып келе жатып бүркіт:
— Артымызда не бар? – дейді. Патша артына қарап:
— Бір қызыл үй көрінеді, – дейді. Бүркіт:
— Ол - бізді күтіп алмай, сені итке талатқаны үшін жанып жатқан менің манағы қарындасымның үйі. Енді жоғары, төмен қара, – дейді.
— Жоғарыда көк, төменде жер көрінеді, – дейді патша.
— Оң мен солыңа бірдей қара, – дейді бүркіт.
— Оңымызда сахара, солымызда бір үй көрінеді.
— Ол - менің ортаншы қарындасымның үйі. Соған біз қонаққа барамыз, – дейді. Екеуі қарындасының үйіне келеді. Қарындасы алдынан шығып, ағасын күтіп алады да патшаны қора ішіне тастап кетеді. Бұл да итті босатып қоя береді, патшаны талатады. Бүркіт оған да кейіп, патшаны иттен айырып алып, қарындасына ашуланып, патшаны үстіне мінгізіп алып, жөнеледі. Келе жатып бүркіт:
— Артымызда не көрінеді? – дейді. Патша:
— Қызыл үй көрінеді, – дейді.
—Ол - бізді күтіп алмағаны үшін күйіп жатқан менің жаңағы қарындасымның үйі. Енді шешем мен ағамның үйі бар, біз сонда барамыз, – дейді. Ұшып келеді. Ағасы мен шешесі алдынан шығып, баласы мен патшаны күтіп алады. Бүркіт патшаға:
— Тақсыр, жатып демал! Біраздан кейін сізді кемеге отырғызып, еліңізге қайтарам, баяғыдан бергі сіздің істеген жақсылығыңызды ақтайын, – дейді.
Мұнан соң патшаға бір кеме, бірі қызыл, бірі көк екі сандық беріп:
— Осы екі сандықты үйіңе барғанша ашпа. Барғаннан кейін қызыл сандықты сарайдың артқы жағына апарып, көк сандықты сарайдың алдыңғы жағына апарып аш! – дейді.
Патша мұның бәрін алып, дарияға түсіп, бүркітпен қоштасып жөнеледі. Күндерде бір күн кеме аралға келіп тоқтап қалады. Сол уақытында патша: «Бұл екі сандықты не үшін ашпасқа?» - деп, шыдамай, көргісі келіп, қызыл сандықтың аузын ашқан екен, аралдың іші малға сыймай кетіпті. Патша не істерін білмей өкініп: «Осынша малды бұл кішкентай сандықтың ішіне қалай сыйғызамын», – деп жылап отырғанда, дариядан бір кісі суды қақ жарып шыға келіпті де:
— Не үшін жылайсың? – депті. Патша уақиғасын бастан-аяқ баян етеді. Әлгі адам:
— Егер де сол малды сандыққа сыйғызып берсем, үйіңдегі өзің білмейтін бір нәрсені маған беремісің? – дейді.
Патша: «Мен білмейтін үйімде не нәрсе бар?» деп, ойлап-ойлап, беруге уәде береді. Сонан соң әлгі адам барша малын жиып, сандыққа салып береді де суға түсіп кетеді. Патша кемесіне мініп, үйіне келсе, ханнан бір ұл туған екен. Патша оны көріп, бетінен сүйіп, қапаланып жылай бастайды. Ханым: «Неге жылайсың?» – деп сұрайды. «Сағынғаннан жылаймын», – деп патша шынын айтпайды. Мұнан соң сарайдың артына апарып сандықты ашқан екен, төрт түлік мал далаға сыймай кетіпті де көк сандықтан бұлбұлдары сайраған бақша шығыпты. Сол кезде патшаның көңілінен қайғылар кетіп, кедейлікті де, ғайыптан кездескен кісіге берген уәдесін де ұмытыпты.
Күндерде бір күн патша өзен бойынан аң аулап жүрсе, су ішінен баяғы кісі шыға келіп, патшаға: «Бермегіңді ұмытып кеттің бе?» – депті. Патша жылап үйіне келеді де ханымы мен баласына бұрынғы уақиғасын бастан-аяқ баян етеді. Ертеңіне ханыммен екеуі баласын өзен бойына апарып тастайды да жылай-жылай қоштасады.
Патшазада үйіне қайтып бармай, беті ауған жаққа жүре береді. Келе жатып бір қалың тоғайдың ішіндегі лашық үйге келіп кірсе, ішінде бір мыстан кемпір отыр екен. Ол патшазаданың жайын сұрап, басындағы қайғысымен танысқаннан кейін:
— Олай болса, сен дарияның жағасына барып, қамыстың ішіне жасырынып жат. Сонда аспаннан ұшып, он екі аққу келеді. Олар шешініп, қыз суретіне түсіп шомылады. Сонда сен жасырынып барып, үлкен қыздың киетін кебенегін ала ғой. Ол қыздың аты - Ғайнижамал. Ол жалынып сұраса да сен кебенегін берме. Өз атын айтып, «мен сендік» дегенше көнбе. Жолшыбай саған үш кісі жолығар, оларды тастамай бірге жолдас қылып ал, олар да саған дос болар.
Патша ұлы кемпірдің айтқанын істеп, қамыстың ішіне жасырынып жатқанда, айтқандай, он екі аққу келіп, дарияның шетіне қонып, он екі қыз суретіне түсіпті де суға шомыла бастапты. Сол кезде патшазада жасырынып барып, үлкен қыздың киетін кебенегін ала қойыпты. Сонда өзге қалғандары судан шығып киініп, құс болып ұшып кетеді де Ғайнижамал отырып қалады. Патшазадаға жалынады:
— Сен менің атам су патшасына келгенде, мен саған керек болармын, мені қоя бер, - дейді. Патшазада оған болмайды. Ақырында қыз өзінің атын айтып:
— Мен сендікпін! Қай уақытта болса да керек қылғаныңда әзір болармын, – деп жалынып уәде берген соң, патшазада аққу кебенегін өзіне қайтып береді.
Ғайнижамал киініп алып, құс болып, жолдастарының соңынан ұшып кетеді. Келе жатып патшазада қыстыгүнгі аяздай қаһарланған үш батырға жолығып, бұларды өзімен бірге су патшасына алып келеді. Ол патша:
— Досым, не үшін мұнша кешігіп келмедің? Мен сені тоса-тоса шаршадым. Енді сен бүгінгі түннен қалдырмай дарияның үстіне көпір сал. Егер де салып бітіре алмасаң, басыңды аламын! – дейді. Бұл жылап келе жатыр екен, бір уақытта әйнектен Ғайнижамал қарап:
— Патшазада, не үшін жылап келесің? – депті. Патшазада бастан-аяқ қыздың әкесінің бұған берген қызметін баян еткен екен, қыз:
— Жылама! Біздің сарайға барып, ертеңге шейін жат. Баршасы да түнде даяр болар, – депті.
Ғайнижамал далаға шығып дауыстаған екен, көпірге керек барлық ағаштар даяр болыпты. Оларға: «Таң атқанша көпір даяр болсын», – депті.
Таң атқан соң қыз келіп, патшазаданы оятып: «Тұрыңыз, көпір даяр!» – депті. Ол қолына сыпырғыш алып, көпірдің аузында тұр екен, су патшасы келіп, көпірді ұнатып, патшазаданы мақтапты да:
— Енді сарайымның ішіне неше түрлі бау-бақша, шарбақ, сандал орнат, онда бұлбұл құстар сайрап тұрсын, – депті. Ғайнижамал мұны да әзірлеп береді. Таңертең су патшасы келіп:
— Жарайсың, жігіт! Енді менің он екі қызым бар, соның біреуін үш қайтара тапсаң, саған беремін. Егер де таба алмасаң, басыңды аламын! – дейді.
Патшазада келіп оны Ғайнижамалға айтқан екен, ол:
— Әуелгіде, мен орамалымды алармын, екіншіде, киімімді түзермін, үшіншіде, менің басымнан бір шыбын ұшар, мен екенімді сонан білерсің, – депті.
Патша қыздарын көрсете бастаған екен, патшазада Ғайнижамалды үшке дейін ұстаған соң, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қызын қосуға ниеттенген болды. Неше түрлі шараптар дайындатады. Сонсын патша: «Шойын қып-қызыл болғанша, монша жақсын, содан кейін жастар барып түссін», – деп бұйырады. Ғайнижамал әкесінің не ойлағанын сезеді де патшазадаға:
— Біз қашайық, осы атамыз бізге қастық істер, – дейді. Екеуі қашып жөнеледі. Бір жерлерге жеткенде, Ғайнижамал:
— Аттан түсіп, жерге құлағыңды салып тыңдашы, артымыздан келе жатқан қуғыншы жоқ па екен? – дейді патшазадаға. Ол аттан түсіп қалып тыңдап, еш нәрсе ести алмапты. Ғайнижамал өзі түсіп тыңдап, арттарынан қуғыншы келе жатқанын біледі де үшкіріп, аттарын үлкен тоғай қылып жібереді, өзі құдық болып қалады, ал патшазаданы бір қарт шалдың суретіне түсіреді де:
— Қуғыншылар, олар өтіп кетті, көп заман болды, менің жас уақытым еді, сонда осы ағашты егіп жатыр едім де, – дейді.
Қуғыншылар жетіп келіп, шалдан:
— Ей, шал, кетіп бара жатқан бір қыз бен жігіт көрдің бе? – дейді.
— Көрдім, шырақтарым! Бірақ оған көп заман болды, менің жас күнім еді, осы ағашты жаңа егіп жатқанда көріп едім, – дейді.
Қуғыншылар патшаға қайтып келіп, көргендерін баяндайды. Патша оларға ашуланып, қуғыншыларды дарға асуға бұйырады да тағы да қуғыншылар жібереді. Бұл кезде қашқындар көп жерге ұзап кеткен екен, бірақ Ғайнижамал жететінін сезеді де патшазаданы бір қарт қожа етіп, өзі бір ескі мешіт болады. Қуғыншылар келіп:
— Ей, қожа, кетіп бара жатқан қыз бен жігіт көрдің бе? – дейді.
— Көрдім, бірақ оған көп заман өтті, менің жас кезім еді, сонда осы мешіт те жаңа салынып жатыр еді, – дейді.
Қуғыншылар қайтадан қайтып патшаға:
— Тақсыр! Ешбір хабар таба алмадық, не ізін, не өзін. Бір көргеніміз бір қарт қожа мен бір ескі мешіт қана, – дейді.
Патша сол қожаны алып келмегені үшін бұларды және дарға асуға бұйырады да енді өзі аттанады. Мұны біліп Ғайнижамал аттарын балдан тәтті бұлақ қылып, күйеуін еркек үйрек, өзін ұрғашы үйрек етіп жібереді. Сол кезде патша келіп судан іше бастайды. Судың тәттілігіне қызығып, іше-іше патша іші жарылып өледі де қашқындар қайтадан қалпына түсіп, үйлеріне жақын келеді. Сонда Ғайнижамал:
— Сіз бұрын барып ата-анаңызбен амандасыңыз, мен сізді тосып отырайын. Бірақ менің сұрайтыным, амандасқанда, барша жұртыңызбен сүйіскенде, қарындасыңызбен сүйіспеңіз, – дейді.
Патшазада үйіне келген кезде, Ғайнижамалдың сөзін ұмытып кетіп, ата-аналарымен де, қарындасымен де сүйіседі. Бұдан кейін Ғайнижамал үш күндей тосып, патшазада келмеген соң, шаһардың ішіне кіріп, бір нашар кемпірдің суретіне келіп, бір кемпірдің үйінде тұрады. Сол заманда патшазада бір сұлтанның қызын алмақшы болып: «Кімде-кім тойға келетін болса, менің патшалығыма қараған әр кісілер бір-бір тұшпарадан ала келсін», – деп жар салады.
Бұл хабарды естіп, манағы Ғайнижамал үйінде тұрған кемпір тұшпараға ұнын илеп, даярлана бастайды. Ғайнижамал:
— Маған беріңіз, мен пісіріп ала барайын. Маған бір рақым қылар ма екен, – депті.
Ол нанның ішіне ірімшікпен бірге бір еркек, бір ұрғашы кептер салып пісіреді. Ғайнижамал үй иесі кемпірді қасына ертіп, патшаның сарайына барса, той болып жатыр екен. Даяшылар бұлардың тамағын алып патшаның алдына қояды. Патша сол жерде тұшпараны кесе бастаған екен, ішінен екі кептер шыға келіп, ұрғашысы аузына ірімшік тістеп, ұша жөнеліпті. Сонда еркегі:
— Маған жартысын бер, – деп таласқанда, ұрғашысы:
— Жоқ, бермеймін! Берсем Ғайнижамалды ұмытқан мына патшазадаға ұқсап, сен де ұмытасың! – депті. Сол арада патшазада Ғайнижамалды тани кетіпті де құшақтасып, жасаған тойын енді соған арнап жасапты.
Екеуі қосылып, бала сүйіп, ұзақ өмір сүріпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі