Өлең, жыр, ақындар

Жарас және оның достары

Мерген Сақа, Ойыншыл Доп, Ұшқыш Ләңгі сегіз жасар Жарастың жан достары еді. Ойыннан тыс уақытта үшеуі бұрышта тұрған аласа ағаш текшеде жататын. Үйде ешкім жоқта олар бір-бірімен тілдесуді ұнатушы еді. Әсіресе Ойыншыл Доп әзілге бейім. Бір орында тыншып жата алмайды. Кейде екеуіне аздап үлкендік қылып қоятыны бар.

— Ей, Сақа, қалайсың?

— Жақсы.

— Е, қайбір жақсымын дейсің? Әр асықты атқанда,  шақ ете қаласың! Сонда шекең ауырмай ма?

— Е, ол әбден шыныққан шеке емес пе? — дейді Сақа сақылдай кұліп.  — Ал өзің ше? Менен гөрі көп таяқ жейтін сен шығарсың.

— Мен бе?! Мен ондай соққыларды шыбын шаққан құрлы көрмеймін.

Екеуі қарқылдай күлді. Доп қасында жатқан Ләңгіге бұрылып:

— Ал сен неғып үнсіз жатырсың? — деді.

— Мен сендерге қарағанда бақыттымын ғой, — деді ол жұмсақ жымиып.

— Пәу, дегенің! Сонда бақытың неде? — деді Доп таңдана.

— Бақытым сол, мысалы, Сақаның үнемі шекесі ісіп жүреді. Сен болсаң тепкіден көз ашпайсың. Ал мені аяқпен аялап, аспанға көтереді. Әдемілеп қақпақылдап, әуелетеді.

Доп пен Сақа сықылықтай күліп:

— Өй, мақтаншағым-ай! Айтады-ақ екенсің, — деді...

Қызықты күндер бірінен соң бірі осылай өтіп жатты. Жарас болса бір күні доппен, бір күні асықпен ойнайды. Күз, қыс айларында ләңгіні серік етеді. Бірде... Иә, бірде, бұлардың көңілді күндеріне күтпеген өзгеріс енді. Жарастың қалада оқитын ағасы бар еді. Ол Жаңа жыл алдында Жарасқа алуан түрлі ойыны көп су жаңа компьютер әкеліп берді.

— Оһо, көп рақмет! Тамаша! Енді рақаттанып, армансыз ойнайтын болдым! — деді Жарас. Оның қуанышты үні үшеуінің құлағына жетіп жатты...

Содан күн артынан күн өтті, апта өтті, ай өтті. Мерген Сақа, Ойыншыл Доп, Ұшқыш Ләңгі Жарастың есінен мүлде шықты. Ол көгілдір  монитор  алдынан шықпайтын болды. Сөйтіп небір сиқырлы ойындардың арбауына түсті. Өз-өзінен кейде сақылдап күледі. Айқайлап қол шапалақтайды! «Оһо, мен жеңдім! Ура, мен өлтірдім! Әп, бәлем, дәл тигіздім бе? Менен басып озып көрші! Оза алмайсың! Ха-ха-ха!». Осындайда әр жақтан анасының үрейлі дауысы естілді.

— Не болды, балам-ау?

— Ешнәрсе емес, анашым!

Жарастың анасының көңіліне қатты уайым кіре бастады.

— Жарас, тамағыңды іш!

— Қазір...

— Әй, балам-ау, сабағыңды оқымайсың ба?

— Оқимын ғой қазір.

— Әй, ана гүлдерге су құйсаңшы.

— Қазір, қазір!...

— Өзің таза ауаға шығуды да қойдың ғой.

— Шығамын ғой...

Бір күні анасы Жарастың бөлмесіне келді. Өзі қатты ренжулі.

— Не істеймін енді? Саған айтқан сөздің бәрі далаға кетіп жатыр. Тіл алуды қойдың. Бет-жүзіңде қан-сөл жоқ! Түріңе қарашы! Боп-бозсың. Сенің жалғыз отырып айқайлауыңнан қорқайын дедім. Әй, бір мезгіл далаға шығып ойнасаңшы, — деп қатты ашуланды. Ол анасына бұрылып қарамастан:

— Неменеге ашуланасыз? — деп дүңк ете қалды.

— Неге ашуланбаймын? Мұғалімің «Жарас сабақты мүлде қойды» дейді. Масқара болғанда, сабақ үстінде ұйықтайтында шығарыпсың.

Ызаға булыққан анасы жылап жіберді. Сөйтті де бөлмеден шығып кетті...

Уақыт өте берді. Жарас ойын компьютерінің тұтқынына айналды. Айналадағы бар дүние ұмытылды. Түнімен отырудан жалықпады.

Бір күні тосын оқиға болды. Кенет Жарастың басы айналып, санасы тұмандана бастады. Көз алдында мың сан түрлі көбелек көлбеңдеп ұшып жүрген тәрізденді. Сол сәтте монитордан көзі аларған, азу тісі ақсиған құбыжық шыға келіп, Жарасқа шаншыла қарады. Ол көзін тарс жұмып алды. Бойы қалшылдап, дірілдей жөнелді. Еркінен айырылған дене теңселе бастады. Енді сәл қозғалса, орындықтан құлап түсетіндей. Мұны көріп жатқан Сақаның зәресі кетті. Сасқанынан Допты бүйірінен түртті.

— Не істейміз?

— Бәсе, не істейміз? — Ләңгі де сергек үн қатты.

Ойыншыл Доп ойланып тұрған жоқ. Секіріп барды да, Жарасты шекесінен соғып өтті.  Сол бетте кері серпіліп, мониторға ұрылды. Азу тісі ақсиған құбыжық жоқ болды. Ал Мерген Сақа шиыршық атып, шыр айналып, әуелей ұшты. Сөйтіп монитордың алдына дік етіп, алшысынан түсті. Жарас көзін ашып алды. Қатты үрейленген. Көзі ұясынан шығуға  сәл-ақ тұр.

— С-с-е-ндер кімсіңдер?  — деді кекештеніп. — Доп қатты таңданған үнмен:

— Сен өзіңнің жан достарыңды  шынымен танымай тұрсың ба? — деді

— Міне, қызық! Сен бізді расымен ұмытып қалдың ба?! — деп қатты дауыстап жіберді Ұшқыш Ләңгі.

— Есімде жоқ! Жо- жо- жоқ, танымаймын! — деді Жарас басын құшақтап.

Сол сәтте Мерген Сақа:
Кешке дейін асықты,
Ойнап жүрмін, ләй-ләй!
Қызығына ойынның,
Тоймай жүрмін, ләй-ләй!
Ұлттық ойыны қазақтың
Асық ойнау, ләй-ләй!
Оның сырын меңгерген,
Жарас балаң, ләй-ләй! — дейтін кім еді? Өз құрбыларыңды сыпыра ұтқанда, атам үйретті деп айтатын жырың есіңнен шығып кеткен бе?! — Жарас көзін сығырайтып, Сақаға жасқаншақтай қарады. Осы мезетте Ләңгі тік көтеріле зу етіп, Жарастың алдына қалқып тұра қалды.

Ләңгім менің, ұшқышым,
Жан серігім, ләй-ләй!
Көкке ұшар құсымсың,
Самғар биік, ләй-ләй!
Бар денемді бұлқынтар,
Сиқырың бар, ләй-ләй!
Қос аяғым — қанатым,

Тыным таппас, ләй-ләй! — дейтін де сен емес пе ең!? Осы өлеңді әкем марқұм үйреткен деуші ең ғой. Мені мың құбылта ойнайтын өнеріңді неге ұмытасың!? Осы сәтте Доп монитордың алдында дік ете қалды да:

— Добым, добым, добым, деп,
Еркелетем, ләй-ләй!
Бой сергітер досым, деп,
Аялаймын, ләй-ләй!
Қақпаға дәл кіргенде,
Шын қуанам, ләй-ләй!
Сендей достар тұрғанда,
Мықты болам, ләй-ләй! — деп талай әндеткенсің. Осы өлеңді сенің өзіңнің шығарғаныңа мақтанатынбыз. Қуанышымызда шек болмайтын. Барлығын ойыңнан шығарып жібергеніңе қайранбыз! — деді қабағын шытып.

Жарас бойын тез жинап алды. Жанары жарқ етті. Орнынан атып тұрып:

— Кінә менде, кешір, достарым! — деп, үшеуін құшағына құшырлана қысты. Осы сәтте есікті ақырын ашып, анасы ішке енді. Жарас жүгіріп барып, анасының құшағына қойып кетті.

— Кешір, анашым! Кешірші мені! Кешірші барлығын! — деп жылап жіберді.


Пікірлер (1)

Али

қызыз ертегі

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз