Өлең, жыр, ақындар

Көрген түстің орындалуы

Сан ғасыр тарихты шолғалы, ерте­ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде қуарған шағында, бір бай өмір сүріпті. Бұл бай дүниеге көзі тоймайтын, ешкімге ешнәрсе қимайтын қаштаң адам болыпты. Сондықтан жұрт кессе қаны шықпас, ұрса жаны шықпас, сараңдығынан «қайырымсыз» атапты. Ел қойған есіммен бұдан былай Қаштаңбай атаныпты. Бір күні Қаштаңбай жолға шығуға түйесін қомдап, ас­суын молдап болып түйемен жолға шығады. Бірнеше күн жүріп, талай асу, бел жүріп, өзі шаршап, түйесі болдырып, бір көлге тап болады. Сонан түйесін отқа жіберіп, өзі демалып, жуынып, қарны қампиғанша, іші кепкен бақадай болғанша тойып су ішеді. Содан кейін іші ауырып тыншымай жатуға кіріседі, сөйтіп ұйқыға кетеді. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде мынаны көреді:

Оң жағынан ай туады, сол жағынан күн туады, ортасынан бұлт тұрады, бұлт астынан қақ тұрады. Қақты көргенде іші ауырған Қаштаңбай «қақ» деп шошынды, бақалар «бақ» деп шашырап, орнынан атып тұрады, қорыққан бойы демеуге келмей, қайтадан сылқ құлайды. Сонан қайта есін жиып орнынан тұрып есін жиып, жүруге түйесін қарайды, қараса түйесі жоқ. Көл жағасына көзін салып қараса, түйесі құлап іші кеуіп өліп қалыпты. Барар жер басар тау жоқ, жығылғанға жұдырық деп, өзіне-өзі өкініп қоржынын арқасына асып, қолына қамшысын алып, түйесін қимай артына қарай­қарай жаяу жүріп кетеді. Сонан бірнеше белестен құлазыған елестен асып қой баққан бір жас балаға келеді. Бұл жас бала тазша еді. Қараң деген байдың қойын бағып жүрген. Қаштаңбай балаға келіп, жолығып, мынаны айтады: «Жолға шығып жолым болмады, түйем өліп оңым болмады», — дейді. Сонан тазшаға көрген­баққанын айтып, түсін жортпақ болады.

— Әй, тазша, мен бір бүгін ұйықтап жатып түс көрдім, түсімді жорышы, — дейді. Тазша тұрып: «Қандай түс, айт», — дейді. Қаштаңбай сөзін бастайды.

— Үйімнен жолға шықтым. Бірнеше күн жүріп шаршап болдырып бір көлдің басына келіп қондым, қонып ұйқыға кеттім, ұйықтап жатып түс көрдім. Түсім мынау деп, көрген түсін айтады. «Оң жағымнан ай туды, сол жағыман күн туды, ортасынан бұлт тұрады, бұлт астынан қақ тұрады, сөйтіп жатып шулаған бақаның даусынан шошып ояндым» деп, бай сөзін аяқтайды. Тереңнен ойлаған тазша түстің жақсы түс екенін біліп байға айтады:

— Байеке, түсің өте жаман екен, сен маған мына мың қойға сат түсіңді, — дейді. Сөзге келмей бай «мақұл» деп, мың қойға бақташы болып, Тазшаның орнына қалады. Қойды айдап бай өз бетімен кетеді. Түсті алып бала кетеді.

Енді, соңын тыңдаңдар. Қаштаңбайды Қарабайға жалшы етіп Тазша өз мұратына жетеді. Сонымен енді Тазша бірнеше күн жүріп, бір елге келеді, елге келіп, жұрттың кеңес сөздерін естиді. Құлақ салып сұрастырып, осы елдің ханының шығарған жарлығын естеді. Бұл ханның аты Қайраң болады. Қайраң ханның жарлығы мынау еді, «бір күнде елу бас биені сойып, жұртқа таратып кешке дейін үлгерген кісіге, кім де болса қызымды берем» деп, уәде еткен екен. Талай шоралар, палуан, сарбаздар қыз алам деп, қыршынынан қиылып, бастарын алдырыпты. Сонан бері ешкімнің тәуекелі тұрмайды екен. Бұл жарлықты, халық көрген қорлықты естіген Тазша «мен солардан артықпын ба» деп, хан жарлығын орындамақ болады. Сонымен дана Тазша ханға келеді, келіп жүгініп, иіліп сәлем береді. Хан «құп» деп хош алады. Хан балаға «арызыңды айт» дейді. Тазша тұрып «арызым мынау, сіздің жарлығыңызды орындап, қызыңызды қатын етіп алғалы келдім», — дейді. Хан баланы қомсынбай «өте жас екенсің, қыршыныңнан қиыласың», деп миығынан күледі. Тазша ханға табан тіреп тайсалмай жауап береді. «Сарайыңыз адамнан қан сасиды. Мен солардан артықпын ба, өлсем соның бірі болармын», — дейді. Хан «хош» деп, нөкерлеріне елу бас бие алдыртып, Тазшаға союға ұлықсат береді. Тазша іске кіріседі, аспастан-саспастан, жаман жерді баспастан елу бас биені ұлы бесінге дейін дайын қылады. Күн қауысқанша қазанға салып, пісіртіп үлгеріп, ханның қарауындағы тайпа ел халқына асты таратады. Барлық жұрт Тазшаға «не қылған алып» деп қайран қалады. Қайраң хан сасып, етек жеңін басып, жарлық еткен сөзін орындап, күйеуге арнап алта қанат ақ отау тіктіреді. Тазша отауға кірмей сыртында жатады. Жеңгелері қызды қолтықтап ұстап күйеуге отауға әкеліп салады. Сонан қыз жігітті күтеді, бірақ Тазша кірмейді. Дана Тазша қыздың жүріс­тұрысын білу үшін ұйықтамай аңдып жатады. Сонан түн ортасы ауа бір жігіт келеді. Бұл жігіт атын байлап отауға кіреді. Отауға кіргеннен кейін қызбен амандасып, сөзін бастайды. Бұл жігіт Сарсаңбай деген байдың Күңкіл деген баласы еді. Бұл ертеден Қайраңханның Күнсұлу қызын алмақ болған адамның біреуі еді. Күнсұлуды ұзатпақ болып ақ отауға кіргізгенін естіп, күндіз келуге Тазшадан қорқып, жасырынып түнде келгені екен. Тазша отау сыртында жатып айтқан әңгімелерін құлақ салып тыңдайды. Күнсұлу тұрып Күңкілге былай дейді:

— Сен мені бүгін түнде алып қаш, одан басқа мен саған жоқпын, — дейді. Күңкіл тұрып мынаны айтады:

— Мен сені алып қашам, сен әзір бол, — дейді. — Мен қанатты қара ат, қалжың атпен бірін мініп, бірін жетегіме алып келермін, — деп уәде береді. Сонан Күңкіл жүріп кетеді. Артынан Тазша жаяу қуып Күңкілдің барған жеріне бұ да жетеді. Күңкіл өз жылқысына келіп қанатты қара атпен қалжың торы атты құрық салып ұстап, жүген салып құрықтап, аяғына байлап бір ұйықтап оянып барармын деп, ұйқыға кетеді. Ұйықтаған Күңкілдің үстіне келіп Тазша да жетеді. Жатқан жерде Күңкілдің аяқ-қолын байлап атқа өңгеріп алдына алып, екінші атты жетегіне алып Сарсаңбайдың елі қайдасың деп жүріп кетеді. Бірер мезгіл жүрген соң Сарсаңбайдың үйіне келіп жетеді. Сарсаңбайды шақырып алып байлаулы баласын тапсырады. «Мына балаң менің алған қалыңдығыма қолын салды, сондықтан өлтірмей, өзіңе тірі алып келдім», — деді. Бай разы болып екі атты, ер тұрманымен Күңкілдің сырт киімін, бешпент-шалбарын, бөрік қамшысын Тазшаға сый етіп тартады. Тазша берген сыйды құп алып аумаған манағы жігіт болып қызға келеді. Келсе қыз әзір екен, отауды жығып, отқа өңгеріп, жүріп кетеді. Келе жатып қыз аттан түседі. Сол жерде Тазшаны таниды. Қыз жүріп мынаны айтады: «Құдайымның қосқаны болмаса адамның таңдағаны болмайды екен», — депті. Содан кейін жүріп отырып сәскеде бір көл жағасына келіп түседі. Сонан отауды тігіп, Күнсұлу шай қайнатады. Тазша аттарды суарып тұсауға кетеді. Сонан Күнсұлу шай қайнатып қойып, сыртқа шығып Тазшаны күтеді. Күнсұлудың сұлулығы мынадай болыпты. Өзі күнмен шағылысқан қиғаш қасты, сүмбіл шашты, оймақ ауыз, қысаң бел, көрген адам көзі тоймай өзі келетін болыпты. Сонан көлден аз ғана қашық ел болыпты, осы елдің ханы сыртқа шықса, күнмен шағылысқан сұлу қызды көріп «неткен жан» деп, білмек болып тігілген отау сыртындағы Күнсұлуға келеді. Келіп амандысып жөн сұрайды. «Неткен жансың осындай жерге қоныс еткендей» деп, мұнадарсып аяғандық әдет, әдеп білдіреді. Сонан Күнсұлу тұрып жауап береді: «Әкем мені ұзатты, ана жүрген менің күйеуім болады», — дейді. Хан: «Күйеуің келген соң айт, маған қос бала болсын, сан дәулет, енші, бөлек үй берем», — дейді. Күнсұлу: «Жарайды, айтайын», — деп хош алады. Сонан Тазша келеді, келіп шай ішуге кіріседі. Екеуі шай ішіп отырып Күнсұлу Тазшаға ханның сөзін айтады. Тазша «олай болса баралық, қамқорлығын қаралық» деп, атты алып келіп отауды артып сүйгені Күнсұлумен манағы ханның еліне келеді. Ханның ақ мұнарлы үйін көріп ешқайда бұрылмастан сонда келіп түседі. Хан Тазшаны қарсы алып бөлек үй, дүние­мүлік береді. Тазша ханға қол бала болып, Күнсұлумен ойнап жүріп бірнеше күн өткізеді. Ханның бұлай құрметтеуі Тазшадан қызды алудың тәсілі еді. Сонымен хан мынадай ақыл табады. Бір күні өтірік ауырады. Сонан уәзірлерінің бірін жіберіп, Тазшаны шақыртып алып мынаны айтады:

— Сен менің балам болсаң, мені тәуір болсын десең, маған «Барса келмес» деген жер бар, сонан екі қасық бал әкелсең мен ауруымнан айығамын, — дейді. Сонан Тазша Күнсұлуға келіп ақылдасады. Күнсұлу Тазшаны шын сүйгенім деп санап, білгенін аямай мынадай қысқа кеңес береді. «Ол «Барса келмес» деген жер рас бар дейді. Шылан дала құбылада бір құдық бар дейді, онда ешкім бармайды, барса қайтып келе алмайды дейді. Сол құдықтың ішінде орта белінен бал, аузында екі түрлі жібек арқан, бірі — қызыл, екіншісі — көк. Содан ұстап түссең, үзіліп балға батып жоқ боласың дейді. Сен мына шылбыр арқанды ал, беліңе байлап және атыңның мойнына байлап түс, бір қасық бал же, екі қасық балды ал, артық алма, артық жеме», — деп ақылын айтып жолға аттандырады. Тазша бірнеше күн жүріп құлазыған далада тұрған бір құдыққа келеді, келсе Күнсұлудың айтқанының бәрі рас екен. Сонан беліне арқанын байлап, бір жағын, атының мойнына байлап құдыққа түседі, түсіп бір қасық бал жеп, екі қасық бал алып кейін шығады. Сонан Тазша кеткен соң Күнсұлуды хан шақырады. Күнсұлу бармайды. Уәзірлер мынаны айтады:

— Сенің күйеуің «Барса келмеске» кетті, ол енді саған жоқ, бәрібір хан сені алады, — деп кеңес қылады. Күнсұлу «бармаймын» деп, мынаны айтады:

— Тірі кетті күтемін, құдай жолын оңғарса, келеді, — деп бармайды. Сонан екінші уәзір Күнсұлуды шақыруға келсе, Тазша қасында екеуі ойнап-күліп отыр екен, есінен танып ілгері басқан қадамы кейін кетіп, жүгірумен ханға келеді, келіп ентіккен бойымен: «Тақсыр хан», «Барса келмеске» жіберген Тазшамыз келіп қалыпты, Күнсұлудың қасында», — деп сөзін аяқтайды. «Былшылдаған неме», «Барса келмеске» кеткен Тазша келетін бе еді, жоғал көзге көрінбей», — деп хан зекіріп, осыны айтқан уәзірдің басын алады. «Міне, саған Тазша», — деп. Сонан тағы бір уәзірін жібереді. О да көп кешікпей кейін ханға келіп: «Тақсыр хан, рас», — деп жауап беріпті, «болса болсын» деп, өтірік күркілдеп хан Тазшаны күтіп жата берді. Сонан келген болып балды алып өгей әкесінің халін білуге Тазша келеді. Келсе, хан төсекте шалқасынан түсіп, сұлап жатыр екен. «Ә, балам, келдің бе, сені күте­күте жүдеп біттім», — деп хан басын көтеріп, Тазшаның қолын алады. Тазша ештеңе сезбеген болып: «Өте жүдегенсің», — дейді. Сонан балды беріп, бір қырмызы шапан киеді. Тазшаны екінші жолға аттандыру үшін хан сонан тағы амал табады. Тазшаға мынадай жұмыс тапсырады. «Күн батыс жақта қалқан тау деген тау бар, сол таудың етегінде көлшік су бар. Сол суда аждаһа жылан бар. Сол жыланнан өлтіріп бір кесе түкірік әкелсең сонымен сылап мені бақса жазады», — деп хан сөзін аяқтады. Тазша: «Жарайды, барайын», — деп үйден шығып үйіне келеді. Күнсұлу Тазшаның алдынан шығып, қарсы алып, «тағы қандай іс тапсырды» деп сұрапты. Тазша тұрып «қиын іс берді» деп, ханның айтқан тапсырмасын Күнсұлуға түгел айтып берді. Күнсұлу:

— Саспа, сені отқа салғызбаспын, — деп ақылын кеңес етіп айтты. «Мен жас күнімде кім сүйгенім болса, соған қару болсын деп арнап мына алмасты қақтырып алаған едім, ұзындығы алты қарыс. Бұл саған қару болар, жолың алыс», — деп, киімінің арасынан алты қарыс ақ алмасты суырып беріп, осылай етіп, мынаны айтты: «Сен үйден шығасың үш күндік жерден аждаһаның өзіне тартқан лебі дауыл болып бетіңе соғады, одан тайсалма, қаһарланып қарсы жүр. Бір күншілік жерден жұтады, ат-матыңмен аузына кіресің, тауда қара жылан жатқан шығар, бірақ қорықпа, сол жерде кесең өзі түкірікке толады, аждаһаның ішіне атыңмен кіріп бара жатып, қылышыңды оң қолыңа ұстап, құлашыңды кере серме. Сонда жыланды екі жарып өзің бүйіріңнен шығасың. Сосын бір ұртынан бір қыз шығады. Оны тастамай ала кел», — деп Тазшаның ас­суын беріп жолға салып, қолын алып, хош айтысып қалады. Тазша батысқа бет алып бірнеше күннен кейін бір керемет дауылға ұшырасады. Күнсұлудың айтқанын есіне алып айбаттанып қарсы шабады. Енді екі күннен соң, еріксіз жетектеп алға сүйрейді, Тазша алмасты оң қолына ұстап сол бетімен құлдырап бір үңгірге кіріп бара жатып ақ алмасын кере сермеп жоқ болды. Сонан біраздан кейін атымен аман жыланның бүйірін жарып жарыққа шығады. Шығып айналаға көзін салса, қасында аймен шағылысқан бір сұлу қызды көреді. Күнсұлудың айтқаны осы ғой деп, қызды қолынан жетектеп түкірік толы кесесін жерден алып атына мініп, қызды алдына мінгестіріп «қайран ел қайдасың» деп, жолсыз даламен келген жағын шамамен жорытып шауып, жөнін тауып еліне бет алды.

Күнсұлуды Тазша жоқта хан тағы шақырып маза бермеді. Күнсұлу:

— Тірі болса Тазша өзі келеді, — деп хан сөзіне көңіл бөлмеді. Сонан күндер өтіп, түндер өтіп дана Тазша салып соғып еліне келеді. Келсе, үйінде Күнсұлу аңсап күтіп отыр екен. Тазшаны құшақтап сүйіп шай қайнатып әкелуге сыртқа шықты. Біраздан кейін шай да әзір болды. Тазшаның Күнсұлуға көңілі толды. Екі сұлу екі жағында, өзі ортасында, шайды бұрқыратып ішіп отырғанда, ханның бір уәзірі кіріп келді. Өзінен-өзі шошынып Тазшаны көргенде көзі қарайып сүрініп құлап кейін шыға жөнелді. Сол бойымен жүгіріп ханға келіп:

— Тақсыр хан, Тазшаға бір сұлуды көпсінсең енді қос сұлу қылып қойыпты, екі сұлу екі жағында, үйіне келіп шай ішіп отыр, — деді. Хан отырып: «мынаның жоғалтыңдар қарасын, жын қаққан көзіне жын Тазша болып көрініп, міне, сандырақтап тұрғанын, кес басын, көрсетпе көзіме», — деп бұйырды.

Сорлы уәзір:

— Ойбай, тақсыр, рас, — деп басын алдырды. Сонан тағы бір уәзірін жіберді, о да осы сөзбен келіп, мойнымен басын қылышқа кескізіп, кеудесі бассыз қалып, өзі дүниеден жоқ болды.

Сонан Тазша ханға келді. Келіп сәлемін алып, саламатын ханның қолына ұстатты. Хан разы болып, айтқанын келтіргені үшін Тазшаға тағы бір қырмызы шапан кигізді. Сонан Тазшаға хан айтты:

— Бұл аурудан айығудан қалдым, енді саған ақтық жұмыс тапсырам, — деп хан сөзін бастады: «Осы арадан он күндік жер, Қособа деген жерде Мардан деген пері бар сол перінің өзінің қойы бар, содан маған бір ақ қой, бір қара қой әкелсең ақ жабаға, қара жабағамен қақтырып, етін асып, садақаға етін жұртқа таратса, менің тәуір болуым мүмкін», — деді. Тазша:

— Айтқаныңды орындайын шамам келсе, — деп сол бойымен үйіне келді.

Үйге келіп Күнсұлуға:

— Хан мынадай ақтық тапсырма берді, соны орындауға ақыл қос, — деді.

Күнсұлу тұрып:

— Қане, айтып көр, қолымнан келсе аянбайын, — деді.

Тазша тұрып:

— Қособа деген жерде Мардан деген пері бар дейді, сол перінің қойынан екі қой: біреуі — ақ, біреуі — қара қой әкелуге қосты, — дейді.

Күнсұлу бұған:

— Менен ақыл сұрама, енді мына соңғы алған тоқалың Айсұлудан сұра, — деп кеңес етті. Сонан Айсұлу сөзін бастады.

— Ол пері менің әкем, оның қазір төрт жарым мың қойы бар, бес мыңға толтырып Мардұқа деген құдайы бар соған тапсырады, көптен жинап толтыра алмай жүр, қолына түссең оңды қылмайды, — деді. — Мен саған бару тәсілі мен қойды алу тәсілін түсіндіремін, тек орында, — деп мынаны тапсырды: «Қособаға жақын қалғанда бір күндік жерден әкемнің құс болып қиқулап, мысық болып мияулап, ит болып үріп, түрлі дауыспен көресің. Ыссы да, түс мезгілде Қособаның жанына қойын иіріп өзі демалуға жатады. Сол уақытта екі қойды бөліп айдап қаш. Егер артыңнан қуса «құдайың Мардұқамын!» деп айқай сал. Егер бұл сөзді ұмытсаң сен бізге жоқсың!» — деп Айсұлу сөзін аяқтады.

Тазша атына мініп хан тапсырмасын орындауға үшінші рет жолға шықты. Күн жүріп, түн жүріп қой баққан Мардан перінің шуын естіді. Жарты күндік жерден бұлдыраған Қособаны көріп көңілі толды. Сонан шаңқай түстің шамасында бір ақ қой, бір қара қой бөліп алып, айдап қашты. Біраздан кейін артынан құс болып қиқулап, мысық болып мияулап, ит болып үріп келе жатқан Мардан періні көріп айқайлайын десе құдайының аты есіне түспей, «Құдайың мына мен» деп айқай салды.

Пері сөзіне құлақ аспай тауып қуып жетуге аз­ақ қалғанда, Тазша жаман сасып, қыздың айтқанын әрең есіне алып, «құдайың Мардұқамын» — деп айқай салды. Мардан жын шулап­улап, ыңырсып кейін кетті. Періден құтылып Тазша еліне беттеді.

Тазша кеткен соң хан Айсұлу мен Күнсұлуды шақыртты.

— Күйеуіңіз бәрібір енді келмейді, сендерге жоқ, — деп. Тазшаның екі әйелі де хан сөзіне құлақ салмай, бармай, Тазшаны күтіп отыра беріпті. Бірнеше күн жүріп үйіне Тазша келеді. Айсұлу мен Күнсұлу Тазшаны қаусыра құшақтап, мейірлері қанғанша сүйіседі. Айсұлу мен Күнсұлуды ханға шақыруға тағы бір уәзірі Тазшаның үйіне кіріп келеді. Келсе, Тазша екі жары қасында, барымен асыр салып-күліп ойнап отырады. Әкелген қойы шоланда қамаулы бармын дегендей, «ма­а!» — деп маңырап дауысын шығарады. Сонан уәзір асып-сасып, етегімен жеңін басып, жүрегін қолына алар­алмас ұрып ханға келеді.

— Ойбай, тақсыр, қайда жіберсең де еш амал таба алмайсың. Тазша тағы келіп қалыпты. Екі сұлу екі жағында асыр салып ойнап отыр, — деп Тазшаның келгенін баян етті. Хан нанбай өзі ақымақтығына қарамай, уәзірді ақымақ деп, дарға асуға бұйрық береді.

Сонан бұл уәзірді дарға асады, қанын судай шашады. Бұл уәзірден кейін Тазшаны білмекке үш хабаршы барып үшеуі де басын алғызыпты. Сонан Тазша ханның үйіне өзі келіп иіліп сәлем беріп: «жұмысыңызды орындадым, тақсыр хан!» — деп әкелген қойларын баян етті. Хан алты ай кезік болғандай жәдігөйсіп, мүсәпірсіп, «жүдеп біттім деп, тапсырманы орындағаның үшін сыйлығым» деп, бір қырмызы шапан береді. Тазша ханның берген сыйлығын алып үйіне келеді. Үш қайтара берген тапсырмасын бұлжытпай орындап, демін бір алып үйінде жатады. Хан енді өтірік ауруынан тәуір болып тұрады. Сонан Тазшаны шақыртып мұндай бұйрық береді:

— Бір күнде қырық арба қара май, қырық арба көмір қазып шығар, — депті. Тазша ханның берген бұйрығын бір күнде орындап, қырық арба қара май мен қырық арба көмірді қазып шығарып, тау етіп үйіп тастапты. Сонан хан халқын жинап төрт балуан адамымен төрт түйе әкелтіп, мынадай бұйрық береді:

— Тазшаны ұстап әкеліп екі қолын екі түйенің мойнына, екі аяғын екі түйенің мойнына байлап өлтіруге, — деп. Ханның сөзін шабармандары екі етпей орындап, Тазшаны ұстап әкеліп екі қолын екі түйенің мойнына, екі аяғын екі түйенің мойнына байлап төрт жаққа жетектеп қолын қол, бұтын бұт қылып айырып өлтірмек болып ұйғарады. Тазшаны байлап болып төрт түйені төрт жаққа жетектепті. Тазша аспай-саспай күшін жиып шіреніп талпынып тебінгенде, төрт түйе төрт адаммен төрт жаққа қаңбақтай қалбалаң етіп ұшып кетеді. Бар халық таң қалып Тазшаның күшіне сүйсініп, «ұл тусаң осындай ту» деп, шулап қоя беріпті. Хан қандай амал істесе де Тазшадан құтыла алмайтын болды. Сонан Тазшаның қазып шығарған қырық арба қара майын, қырық арба көмірін бұйрық беріп өртетіпті. Тазшаның аяғы мен қолын қосып байлап қаулаған қызыл жалын өрттің ортасына тастапты. Бұл ханның зорлығын көріп тұрған Айсұлу мен Күнсұлу жанын сол Тазша жолында беруге бейім болғандықтан, қанша айтса да сұмдығы асқан пері қызы Айсұлу, күйеуі Тазшаның өрттің екінші жағынан кіріп суырып алып шығыпты. Сонан кейін Тазша ханды ұстап алып шешіндіріп, өзі хан киімін киіп, ханды қызыл өрттің ортасына лақтырып жіберіпті. Сонымен үш күннен соң өрт сөніпті. Ханның уәзірлері «Тазшадан құтылдық, Тазша өлді, енді жесір жас келіншек ханға қалды» деп қуанысып шуласыпты.

Сонан Тазша тұрып барып:

— Қараңдар, адамның қанына тоймаған, жауызды ойлаған, қара ниет ханыңыз өліп пе, әлде Тазша хан орнына хан болып тіріліп келіп пе? — депті.

Тексеріп қараса өлген ханның өзі болып шығыпты.

Сөйтіп біреуге өлім ойлаған жауыз ханның өзі өртеніп сүйегі күл болып көмірмен қара майға араласып аласұрып, дүниеден өтіпті. Дана Тазша ханның ордасын ойран қылып, байлығын әділдікпен тең етіп, сол жоқ, жұқа халқына бөліп беріпті. Тазшаның даналығына сенген жұрты осы елдің басы деп танып, барлық халқы Тазшаның соңынан еріпті. Сөйтіп бірнеше жылдар өтіп Күнсұлу жүкті болып, тоғыз ай тоғыз күн болып ай десе аузы, күн десе көзі сұлу бір ұл тауыпты. Тазша бұл ұлының атын Мұрат қойыпты. Тазша Қаштаң байдан сатып алған түсін өңде шын етіп орындапты. Түс болған уақиға өңде аумай келіпті. Енді түсінің аумай шешілуі: оң жағынан туған ай — Айсұлу атты сүйгені, сол жағынан туған күн — Күнсұлу атта сүйгені, ортасында тұрған бұлт Күнсұлу тапқан Мұрат — ұлы, бұлт астында тұрған қақ Тазша төсіне алып, Мұратты еркелетіп жатқанда дәрет етіп қойыпты. Сол ұлының кіші дәреті Тазшаның кіндігінің шұқырына күн жауғандағы қақтай дөңгеленіп тұрыпты. Көрген түс өңде орындалып осылай шешіліп жорылып болыпты. Көп айтып, аз айтып созғанда Айсұлу оңында, Күнсұлуы солында, Мұрат ұлы қолында, Тазша сөйтіп мұратына жетіпті. Елін билеп, әділдікпен бұл дүниеден өтіпті, ол дүние есігіне өмірлікке кетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз