Атырау облысы, Индер ауданы , Бөдене ауылында тұратын Кеңес Сәрсенғалиев балалар арасында «кітапханашы ағай» атанып кеткен. Ол кітапханашылық қызметке келмес бұрын бірнеше жұмыс орнын ауыстырып үлгерген деп жазады Ақ жайық басылымы.
“Бастапқы жылдары ауылдағы мәдениет үйінде жұмыс істедім. Кейін директоры болдым. Алайда 1997 жылы мәдениет үйі жабылып қалып, жұмыссыз қалдым. Одан соң ауылдық округте бас маман болып үш жыл жұмыс жасадым, бірақ қысқартуға ұшырап, тағы жұмыстан босап қалдым”, – дейді ол.
Ауылдық жерде жұмысты тек мектептен, әкімдіктен және амбулаториядан таба аласың. Жүздеген адамның ішінен ол жерлерден жұмыс табу бірен-саранның ғана маңдайына жазылады. Мейірбике болып жұмыс жасайтын жолдасының азғантай айлығы неге жетсін?
Кеңестің басқалардай қала кезіп, кәсіп іздеуге мүмкіндігі болмады. Сол себепті азғантай малын бағып-қағумен айналысты. Ал, 2011 жылы кітапханашы жұмыс орны пайда болып, ол кітапханаға жұмысқа орналасты.
"Кітапханашының міндеті кітап үлестіруден тұрмайды. Ол сол кітапқа адамның қызығушылығын оята білу керек. 60-80-ші жылдары кітапты таласа оқитын. Қазір бала мен үлкеннің қолында планшет, телефон, компьютер. Болмаса, үнді, түрік сериалдарын үзбей көреді. Бар керегі мен қызығын содан табады”, – дейді Кеңес.
Ол кейде көркем әдебиеттерді арқалап, ауыл кезіп кетеді. Зейнеткерлерге барады, кітабын үлестіреді. Оқып болған соң жинап алады, басқасын әкеледі. Ауыл қонақасында жаңа келген кітаптың мазмұнын қысқаша әңгімелейді. Кітапханада бас қосып, кітаптың мазмұнын талқылайды. Қалай еткенде де кітапқұмарлар санын арттыруға тырысуда.
Бүгінде кітапхана қорында 10 745 кітап бар. Ал оқырмандар саны 500-дің үстінде. Жылына 200-ге жуық жаңа кітап келеді. Оның ішінде көркем әдебиеттен бастап поэзия, балалар кітабы бар.
"Кітап мүлдем ешкімді қызықтырмайды деп айтуға болмайды. Біздің жастағылар әлі көркем әдебиеттен, классикалық шығармаларды оқудан қол үзген жоқ. Оқырманның жартысы мұғалімдер мен оқушылар. Әсіресе, бастауыш сынып балалары жиі келеді. Мені сол қуантады. Мәселен, 9-шы сынып оқушысы Алма Аймашева бір жыл ішінде 70-ке жуық кітап оқып үлгерді”, – дейді кітапханашы.
"Рас, техника тез дамып келеді, қазір кез келген кітапты интернеттен тауып, тыңдауға да болады. Бірақ мен парақтарды аударыстырып, олардың сыбдырын естігенді ұнататын және кітаптың иісін сағынып тұратын адамдардың бәрібір болатынына сенемін”, – дейді ол.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі