Өлең, жыр, ақындар

Қазақ қызы Қытай елінде үздік студент атанды

Қытай елінің Шанхай қаласындағы Шығыс Қытай педагогикалық университетінде білімін жетілдіріп жүрген павлодарлық түлек Фарида Төлеубаева семестрдің қорытындысы бойынша қытай тілі факультетінің «Ең үздік студенті» атанды.

«Қазақстан мен Қытай елдерінің арасындағы дипломатиялық, экономикалық, мәдени байланыстар қарқынды дамып жатқан кезде шығыстанушы мамандығының рөлі зор екені белгілі. Сондықтан да университет табалдырығын аттаған кезде қытай тілінде білімімді толықтырсам деген шешім қабылдаған едім. Осылайша, бір жылдың ішінде ізденіс пен еңбектің арқасында қытай тілін меңгердім. 17 жастағы студентті көрші ел өзінің бес мың жылдық тарихымен, бәріне бірдей ашыла бермейтін иероглифтердің сиқырымен қызықтырды», - дейді Фарида Төлеубаева.  Павлодарлық дарынды жастың айтуынша, қазіргі таңда қытай тілі факультеті Америка, Жапония, Корей, Ресей, Украина және Индонезия сияқты әлемнің сан түрлі студенттерінің басын біріктірген.

«Мұндай жеңіске жетуіме әрдайым қолдау көрсететін анашым Қарлығаш Төлеубаева мен білім нәрімен сусындатқан Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектебі ұстаздарының қосқан еңбегі зор. Бүгінде алға қойған мақсатым - Шанхай қаласының ең үздік университетінде оқуымды жалғастырып, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі державаға айналуына үлес қосу», - дейді ол. Айта кетерлігі, 2013 жылғы «Жас дарын» мектебінің «Алтын белгі» иегері  атанған Фарида Төлеубаева Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің шығыстану факультетінің 3-курс студенті.  Қытай елінде академиялық мобильділік бойынша білім алып жатқан ол ана тілінен басқа, орыс тілі мен ағылшын, қытай тілдерін еркін меңгерген.

http://www.pavlodarnews.kz


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар