Бүгінгі таңдағы қоғамдағы өзекті, әрі негізгі мәселенің бірі ол – бала тәрбиесі. Бала біздің ұрпағымыз, болашағымыз, жалпы мемелекеттің болашағы, іргетасы. Болашағымызға аса жауапкершілікпен қарау біздің кешегі, бүгінгі, болашақтағы ең негізгі жауапты міндетіміз. Осы міндетті орындау барысында өз ойым, яғни бала тәрбиесінде Ислам дініндегі негізгі қағидалар мен ұстанымдарға сүйенсек, адал, әрі еңбекшіл жастарды тәрбиелейтінімізге күмәніміз жоқ. Себебі нақтылы Ислам дінінің қағидаларын ұстанған адам адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіре өсетіні анық.
Ислам тарихына көз жүгіртер болсақ: Адамзатты қараңғы қапастан құтқарып, мәңгілік бақытқа жеткізу мақсатымен рақым етіп жіберілген адамзаттың ақырғы елшісі Мұхаммед с.ғ.с- ға сәлем жолдап, мың салауат айтамыз. Күллі мадақпен мақтау барша ғаламды жаратқан Аллаһ тағалаға тән, сол бір азғындық заманнан біздің бақытымыз үшін Алланың хақ дінін исламды таратып, бізге жеткізген пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. Адам баласы өз құрсағынан шыққан сәбилерін, періште қыздарын терең шұңқырларға тірідей көміп, үлкен надандық дәуірін бастан өткізген кез еді. Пайғамбарымыз с.ғ.с қаншама қиындық көрседе, өзінің жиырма үш жыл пайғамбарлық кезінде осындай надандықтан құтқарып, адамзатты Алланың хақ жолымен жүруіне, исламмен тәлім-тәрбие алуына шақырып, үмбеттерін, яғни бізді Алланың сиратал түзу жолында болуымызды насихат етті.
Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с- ның артынан ерген қаншама сахабалар пайғамбарымыздан тәлім-тәрбие алып, өзінің жомарттылығымен, мейірімділігімен, бойындағы ізгі қасиеттерімен күллі адамзатқа үлгі болды. [1] Ислам дінінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бала тәрбиесі, отбасы құру, шаңырақ көтеру сияқты үлкен мәселелер анық-айқын көрсетіліп, пайғамбарымыздан хадис болып жеткізіліп келеді. Соның бірі - бала тәрбиесі жайлы хадис. Пайғамбарымыздан жеткен бұл хадисте әке-шешесінің баласының алдындағы үш міндеті туралы айтылады және сол үш міндетке тоқтала кеткеніміз жөн болар.
Ең бірінші, ата-ана баласына азан шақырып, бала өз есімінен ұялмайтындай ислами ат қою, екіншіден балиғат жасына дейін дұрыс тәлім-тәрбие беріп, балиғат жасына толған кезде сәждеге әкеліп намаз оқуды үйрету, үшіншіден ер жетіп, бойжеткен соң балаға шариғат бойынша халал тойын өткізіп беруі. Пайғамбарымыз с.ғ.с-нан келген тағыда бір хадисте «балаларыңмен ойнаңдар, балаларыңды еркелетіңдер» делінгенін білеміз. Бала тәрбиесі жайлы айтылатын хадистер өте көп. «Баланың тәрбиесі өмірлік жарыңды таңдаудан басталады» - деп пайғамбарымыз айқын көрсеткен. Имамды жар- тәрбиелі ұрпағыңның мәйегі. Отбасының басты мақсаттарының бірі, ол салихалы ұрпақ сүю болуы тиіс. «Ана өзінің жүктілік кезеңінде асының адал болуын қадағалауы тиіс, себебі құрсаққа түскен жаман ас балаға зиян қылмай қоймайды» - деп пайғамбарымыздан келген тағыда бір хадисте көрсетілген. Есімін дұрыс таңда, себебі жақсы есімнің балаға әсері бар. Баланың тағдырына әке-шешесінің амалдарының ықпал ететінін ұмытпаған жөн. Әр нәресте мұсылман болып дүниеге келеді, әрі қарай оның иманды немесе дінсіз болуына ата-анасының тәрбиесі тікелей байланысты. Пайғамбарымыз с.ғ.с-нан келген бір хадисте, екі жасар баласы бар әйел балаға тәрбиені қай жастан берсем болады деген сауалмен келеді. Сонда пайғамбарымыздың берген жауабы «сіз екі жылға кешіктіңіз» - деген екен. Себебі бала тәрбиесі ана жатырынан басталуы тиіс.
«Ел болам десең - бесігіңді түзе» - деп, қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Осыған бірден-бір мысал: Зере әжеміздің Құнанбайды дәретсіз емізбегені. Ал, Құнанбай атамыз қажылыққа барып, Мекке қаласынан қазақтарға деп жатақхана тұрғызды. Құнанбай атамыздың бойындағы мұндай қасиеттер анасы Зеренің берген тәрбиесінің негізі деп білем. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» -деп, ата-бабамыз айтқандай, осындай ер тұлғалы Құнанбай атамыздан білімді де алғырт Ұлы Абай дүниеге келді. Абай Құнанбайұлы осы күні дүниеден озып кетсе де, қазақ халқының жадында, дана және дара Абай болып мәңгіге сақталды.
Бала тәрбиесі - үлкен бір ғылым. Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Сондай-ақ, бала біреуге қарап еліктейтіні айдан анық. Сондықтан да, ата-аналар бала үшін ең бірінші «модель» болады. Мысалға айтатын болсақ, ата-анасының киім үлгісі, өзін-өзі күтуі, сөйлеу мәнері дұрыс болуы қажет. Ата-анада ең бірінші адамгершілік құндылықтар басым болу қажет. Егер ата-анасы осы айтылғандарды өздері дұрыс орындамаған жағдайда, бала әке-шешесінің жасағанын дұрыс деп есептеп, оларға еліктеп өзінің бойына да сондай тәрбие қалыптастырары анық. Дана халқымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген, қазіргі уақытта ол күндердің әдебін көру көп жағдайда мүмкін болмай отыр. Ең әуелі олар баланың алдындағы өз міндетін біліп, сол міндетті жеткілікті дәрежеде орындауы тиіс. Ол дегеніміз, материалдық құндылықтар ғана емес рухани құндылық та керек. Жақсы мен жаманды ажырата білгені жөн. Өмірдің мәні тек ақша мен байлық деген ойдан баланы аулақ салу қажет. Адами қасиетті бала бойына дарыта білу кез – келгеніміздің қолымыздан келе бермейді. Тіршілік қамымен жүріп балаға мүлдем көңіл бөлмейтін де, өз машақатымен айналысып балаға тәрбиенің керек екенін ұғынбайтын да, тәрбиеде ең бастысы тәртіп деп балаға тым қатал қарайтын да, қазіргі балаға қатты айтуға болмайды деп баланың ыңғайымен жүретін де, менің жиған – тергенім балама жетеді деп қалтаға сенетін де, «басқа жұрт не десе о десін менің балам ең тәуір бала»- деп баланы жақтап отыратын ата-ана да жоқ емес. Мен, өз өмірімдегі осындай жағдайларды ескере жүріп, балаға қойылатын талаптың да, оған берілетін еріктің де өз шегі болуы керек екеніне көз жеткіздім. Демек, бала мен ата – ана арасында өте тығыз байланыс жүру керек.
«Баланы жастан» деген, бала тәрбиесі бесікте жатқаннан басталу керек. Бала жылады деп көп көтерсе ол соған дағдыланады. Мезгілсіз- мекенсіз тамақ берсе соған да үйренеді. Бесікке байласа жылай береді деп бесіктен жиі босата берсе, нәресте бесіктен мүлдем шығып алады. Осылайша бала бесіктен белі шықпай жатып өз дегенін жасатуға дағдыланады. Бала үшке толғанда «болады» мен «болмайдыны» білуі тиіс. Бала тәрбиесін бес жастан бастаймын дейтіндер де бар. Бес жастан қазір мектепке барады. Сонда мектепке келгенде бала өзіне рұқсат етілетін мен етілмейтінді ажырата алмаса одан не үміт не қайыр. Мұғалім оған қалам ұстап жазуды үйрете ме, әлде болатын мен болмайтынды ажыратуды үйрете ме. Сонымен қатар қазіргі кезде көптеген ата-аналар тіршілік қамын ойлап, жасқа енді толған нәрестелерін балабақшаға немесе арнайы күтуші жалдап қалдырып жатады. Сонда бір жасар нәресте кімнің тәрбиесін алып, кімнің ақылымен сусындайды? Жалдаған тәрбиешісінің оған дұрыс тәрбие беріп жатқанына кім кепілдік бере алады? Ақшаның артынан жүгірем деп жүріп, баласын бұзып алғандар қаншама. Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Үйде балаларды жазу-сызуға, ауызша есепке машықтандыру, оларға қызықты әңгімелер айтып беру сияқты істермен қоса оларды бір мезгіл үй шаруасымен айналыстырып отырса, бала үшін оның маңызы зор. Бұл ретте бала біріншіден, білімге құштар болса, екіншіден ол еңбекке дағдыланады. Ал, еңбек пен білім егіз екенін естен шығармауымыз керек.
Жас жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады. Дұрыс тәрбие алған бала ата - анасын қуантып отырады. Балаға дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы- балада еңбекке деген әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Бұны тек мұғалімдер ғана емес әрбір ата - ана қолға алып, өз балаларының гүл, ағаш егіп, ауланы көгалдандыру сияқты игілікті іске қатысуын қадағалап отыруы керек. Сонда ғана еңбексүйгіштік қасиет берік дағдыға айналады. Еліміздің болашағы - ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені даусыз. Сол тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру - баршаға ортақ, әрі міндет. Балаларыңыздың бойынан жат қылық көрсеңіздер, мұғалімдерді, жолдастарын, қоғамды кіналаудан гөрі, «мен баламды тәрбиелеуде қай жерінен ағаттық кетті, баламның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақсы тәрбие беруде қай жерден жаңылдым» -деген ой түйсеңіздер екен.
Тәрбиенің от басынан басталатыны сөзсіз. Күнделікті «беті-қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма т. б» деген сияқты сөздерді айтуға жеңіл болғанмен, осы сөздердің тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармау керек. Осыдан бала тазалыққа, шыншылдыққа, ұқыптылыққа үйренеді. Адам баласының шыр етіп өмірге келгенде көретіні ата-ана, ал, ата-ана өмірінің жалғасы - бала. Өмірінің жалғасы баласының керемет ғалым болмаса да, тәрбиелі, үлгілі, ақылды, кішіпейіл, бауырмал, мейірімді болып өсуін ата – ана қадағалайды. «Тәрбие басы - тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтылған дана сөздер текке айтылмаса керек. Баланы тәрбиелеуде ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы, қалай сөйлесетіндігі, туған-туыспен, көрші-қолаңмен қалай араласатындығы, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті ұсақ-түйек болса да қалай тамақтанатыны, дастархан басындағы әдептілігі, қалай киінетіні бұның барлығы балаға әсер етеді. Бала үлкенге қарап өседі. Баланы үнемі ұрып - соғып, қателескен жерінде қатаң жазалап тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ақылмен, мысал келтіре отырып түсіндіру керек. «Қарағайға қарап тал өсер, құрбысына қарап бала өсер», «Ұлың өссе, ұяттымен ауылдас бол, қызың өссе, қылықтымен ауылдас бол» - демекші, ата-ананың тағыда бір міндеті, баласының дұрыс адамдармен дос болуын қадағалау. Себебі баланың адам болып қалыптасуына, қоршаған ортасы да үлкен ықпалын тигізеді.
Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Бірақ қазіргі кезде жан қынжылтарлық мәселелер көбейіп кетті. Мысалға айтатын болсақ, қазіргі жастар бойынан қатігездікті жиі кездестіреміз. Соңғы кезде ақпараттық құралдардан адам өлтіру, ұрлық жасау жайлы көптеп естіп кеттік. Сонымен қатар елімізде азаматтық неке саны артып, жас ұрпақ арасында кәмілеттік жасқа толмай жыныстық қатынасқа түсу кең етек алып барады. Осындай жастардың қателігінің салдарынан елімізде жетім бала саны да артып келеді. Жаңалықтарда баласын тастаған безбүйрек аналар жайлы айтылып, адам наңғысыз жағдайларға куә болып жатырмыз. «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаңда, қарызыңнан құтыла алмайсың» - деп айтылғандай, қазақ халқы ежелден анасын көкке көтеріп, ерекше бағалаған. Ел қорғаған батыр да, халық мұңын айтқан ақын да, елдің жырын жырлаған жырау да, ел билеген әкім де ананың сүтімен сусындап, тәрбиесімен ер жетіп, бүгінгі күні ел мақтанышы, ел қалаулысы болып отыр.
Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан, ананы ардақтамайтын халық та жоқ [2]. Бірақ, қазіргі қоғамда анасын ана демейтін ұлмен-қыз көбейіп барады. Бұған бірден-бір мысал, қарттар үйінде көне-көз, ата-әжелеріміздің көбейіп бара жатқаны. «Қарты бар үйдің - қазынасы бар» - деп қазақ халқы ата-әжелерімізді қазынаға теңеп, олардың батасын алмай жол жүрмеген. Ал, қазіргі біздің қоғамымызда, қарттарды құрметтемейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындамайтын, әдептілік, кішіпейілділік дегенді мүлде ұмытқан жастар, әке-шешелерінің қызығы бітіп, көмек берер халдерінен кеткенде көздерін жәудіретіп қарттар үйіне тастап кете береді. Неге соңғы кездерде елімізде мұндай жағдайлар кең етек алуда. Осындай қоғамымызда болып жатқан келеңсіз жағдайлардың барлығы, адам бойындағы иманның әлсіреуі деп түсіндірер болсақ, қателеспес едік. Осындай жағдайларды азайту үшін балаларымызды дінмен тәрбиелегеніміз жөн деп ойлаймын. Оларға жұмақ пен тозақ ұғымын түсіндіріп, бұл өмірдің мәңгі еместігін айтып, о дүниеге барғанда әрбір іс-әрекетіміз үшін Алла алдында жауап беретініміз жайлы айтып, жастайынан Алланың жолында болуына шақыруымыз керек деп ойлаймын.Ата-ана баласын рухани тәрбиеде ұстаса,сәби күнінен ана тілімен сусындатып, өз халқының әдет-ғұрпын, өз әулетінің шежіресін үйретіп жан-жақты тәрбиелесе, өз ұлтының тарихи мұраларын қастерлесе, ата-ана қадірін білетін, Отанын сүйетін азамат өсіп шығады. Перзентіңіз үнемі Аллаһтың аятының астында ер жетсе, көкірегі нұрға толы мейірімді Аллаһтың сүйікті пенделерінен болады. Бүгінгі таңда ата-аналар ислами құндылықтарды негізге алатын болса, жастардың бойына адамгершілік құндылықтарды қиналмай жеткізері анық. Сонда ғана қоғамымызда қылмыс, зорлық-зомбылық сияқты заң бұзушылықтар саны кемитіні сөзсіз.
Әдебиеттер тізімі
1. Кубашова Ш. К. Бала тәрбиесі — үлкен бір ғылым http://erketai.kz/
2. Түйетаев Б. Бұл - ұлттық проблема: ( Бүгінгі қазақ отбасындағы бала тәрбиесі) // Түркістан.- 2005.- 1 қырқ.( №35).- б.6
3. Бала тәрбиесіндегі алғашқы шарт http://www.islamdini.kz/articles/1082
4. Исламдағы бала тәрбиесі http://centre-ato.kz/index.php/kz/2013-12-09-17-14-54/ba-ta-zhariyalan-an-ma-alalary/603-islamday-bala-trbiesi
5. «Иман» діни-танымдық журнал, 2006 жыл, №4.5
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі