Жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша білім алуға көшті. Бұл бағдарлама негізінде бес күндік оқу аптасы да бар. Яғни, биылдан бастап бірінші сыныптар бес күн ғана білім алады. Жаңа бағдарламаның тағы бір жаңалығы - биыл мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер оқу жылын «Әліппемен» емес, «Сауат ашумен» бастады. Ұзақ жылдар бойы балаларды оқу мен жазуға үйреткен «Әліппе» неге қолданыстан шығып қалды, деген мәселе көтерді «Айқын» газеті.
Сөзіміздің әлқиссасын «Әліппенің» тарихынан бастасақ. Жалпы «Әліппе» сөзінің қайдан шыққанын, оның түбірі не екенін көпшілік біле бермейді. О баста араб алфавитінің бірінші әрпі «алиб» пен содан кейінгі әрпі «би»-ден құралған. Екеуінің қосындысынан әліппе сөзі пайда болады. Бұл сөз тілімізге араб жазуы арқылы ертерек енді. Кейінірек 1929 жылы латын, ал 1940 жылдан баспа, кирилл алфавитіне көшті.
Қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының атасы - Ахмет Байтұрсынұлы. Ол қазақ әліппесін жазуды 1910 жылы қолға алған екен. «Әліппемен» бірге қазақ графикасын да жасауға кіріскен. Оның негізінде қазақтың мәдени дүниетанымында бар көп ғасырлық дәстүрлі, өзге түркі халықтарына ортақ, туыстық сипаты бар араб таңбаларын алған екен. Сол таңбаларды Алаш қайраткері қазақ фонетикасына икемдеген. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын қазақ жазуын қалыптастырады. Мұны кейінірек «Байтұрсынов жазуы» деп те атаған. Қазақтың ұлттық графикасының атасы деуіміз сондықтан. Ғалым қазақ графикасын түзген соң, осы жазуды үйрететін әліппені жазып шығады. Сол кезден бастап әрбір зиялы азамат халыққа қара танытып, сауат ашу үшін әліппе жазудан бастауды мақсат етті. Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар аралығында 7 рет басылып шыққан екен. Ал 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрі жазылды.
Алғашқы «Әліппе» 1912 жылы Орынборда басылып шығады. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» өлеңін оқулықтың беташары ретінде пайдаланады. Кітаптың әріп үйрететін бірінші бетінің үстіңгі жағында Құран сөзі жазылып қойылған екен. Онда: «Биссмиллаһи-рахмани-рахим» деген жазу бар. Оқулықта қазақ әріптері төте жазу ретімен беріліп отырған. Әрбір әріптің төменгі жағына қысқа әрі нұсқа мәтіндер топтастырылған.
Бұл оқулықтан соң, 1926 жылы әліппе қайта басылып шықты. Бұл бұрынғы әліппенің жалғасы деп атауымызға да негіз бар. Кітап 14 жылдан соң қайта өңделіп, Қызылорда баспасынан жарық көреді. Ғалымдар 1926-1928 жылы шыққан оқулықтардың арасында еш айырма жоқ екенін айтады. 1926 жылғы нұсқада әр тақырыпқа керекті суреттер қоса беріліп отырған. Ұйымдастырушылар суреттердің сабақ оқытуда баланың ұғымына тез қонымды болатынын негізге алған екен.
Бұл - қазақ әліппесінің тарихы. Қазаққа бір ғасырға жуық азық болған әліппе биылдан бастап сауат ашу пәніне өзгерді. Мектеп табалдырығын аттаған 380 мыңға жуық оқушы алғашқы оқу білім парағын «Әліппемен» емес, «Сауат ашумен» бастады. Қазақ баласы талай замандар бойы жинаған білімінің асыл қазынасына алғаш жол ашатын оқу құралы деп ерекше қадірлеген «Әліппфенің» соңғы парағы жабылды. Министрліктегілер «Сауат ашу» пәнінің «Әліппеден» айырмасы жоқ екенін, екеуінің де оқу мен жазуға үйрететінін айтады. Алайда 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған тұңғыш «Әліппе» оқулығының бір ғасырдан астам уақыттан соң атауының «Сауат ашу» боп өзгергенінің себебін түсіне алмай әлекпіз. Министрлік жаңартылған бағдарламаны сылтау етіп, қазақты байырғы құндылығынан айырғысы келе ме? Бізді алаңдататыны да осы. Бір ғасырлық тарихы бар құнды оқулық атауынан неге жеріндік? «Әліппе» атауының өзі жүрекке жылы, көңілге қонымды еді ғой. Жыл сайын 1-сынып оқушылары «Әліппемен» қоштасу өткізетін. Сонда биылдан бастап оқушылар «Сауат ашумен» қоштасу жасамақ па? Көңілде сауал көп. Бұған өзгелер не дейді?
Гүлзина ӘБЕНҚЫЗЫ, жоғары санаттағы бастауыш сынып мұғалімі, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
— Бүгінге дейін білім ордаларының табалдырығын аттаған кез келген оқушының алғашқы танығаны «Әліппе» болды. Сол себепті де «Әліппенің» әр адамға ыстық көрінетіні жасырын емес. Десек те, жаңартылған оқу бағдарламасына, жаңа мазмұнға сәйкес «Сауат ашу» «Әліппені» алмастырып отыр. Бұған дейін сауат ашуды пән есебінде жүргізіп келсек, биылдан бастап оқулық атауы ретінде енгізілді. Бүгінде балалардың мектепке даярлығы түрлі деңгейде. Әртүрлі мектепке дайындау орталықтары мен жеке даярлайтын оқытушылардың (репититор) қаптап кетуі белгілі деңгейде білім жүйесіне өз кедергісін келтіруде. Білім ошағына қызу дайындықпен келген бала үшін әліппе тым жеңіл. Жалпы «Әліппені» қолына ұстаған кез келген бала ондағы мәтінді оқып, тақпағын жаттауға еш қиналмайды. Себебі, «Әліппеде» барлық сөз, сөйлем буын-буынға бөлініп беріледі. Оның үстіне, бұл оқулық жаттанды оқуға үйретеді.
Сауат ашудың жаңалығы мен өзгешелігі көп. Жаңа оқу жылынан бастап білім жүйесіне енгізілген кітапты көрген ата-аналар бұл оқулық 1-сынып оқушысы үшін аса ауыр деуі әбден мүмкін. Себебі, «Сауат ашуда» бір әріпті үйренуге төрт-бес сабақ арналады да, сол уақытта баланы өздігінен ізденуге үйрететін түрлі тапсырмалар беріледі. Яғни, баланы жаттанды білімге бағыттау емес, бір дүниені үйренуге өзінше талпыну, іздену, керекті білімді игеруге өзі күш салып барып қабылдауға баулиды. Тағы бір ерекшелігі - сауат ашу тыңдалым, жазылым, оқылым және айтылым сынды деңгейлерден тұрады. «Әліппенің» кезінде балалар:
— Сенің атың кім?
— Менің есімім Әдия.
— Сенің жасың нешеде?
— Мен жеті жастамын, - дейтін қарапайым диалогты үшінші сыныпқа жеткенде құрып үйренетін. Себебі, бұл кітап әріпке байланысты әңгіме мәтіндер беріледі де, балалар оны толық түсіне алмағандықтан, мәтінді жаттап алады. Ал сауат ашуда бір әріпті үйрену жаңағы аталған төрт деңгей бойынша жан-жақты қарастырылған. Қарапайым диалогты оқушылар тыңдалым арқылы бірінші сыныпта-ақ меңгеруіне мүмкіндік береді.
Бұл оқулықтың «Әліппені» алмастырғаны жөнінде түрлі пікірлер бар. Десек те, мәселенің мән-жайын екі жақты қарастыру керек. Ата-ана ретінде біршама қиын болуы мүмкін. Бірақ маман ретінде сауат ашудың әлдеқайда тиімді деп айтуға болады. Жалпы бұл оқулықтың беталысы, алдына қойып отырған мақсаты жаман емес.
Ғани БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ, Edtech.kz халықаралық білім орталығының директоры:
— Бұл сұрақтың жауабын идеяның негізгі авторларының бергені дұрыс болар еді. Оларға елдің ғана емес, талай білікті мамандардың да қояр сұрақтары көп. Енгізіп отырған бағдарламаларының мықтылығына сенімділіктері күшті болса, қорықпай елдің алдына шыққандары дұрыс. Ең өкініштісі, олардың айтар дәйектері, керісінше сұрақты одан әрі көбейтуге алып келе ме деп қауіптенемін. Мәселен, «Әліппемен» емес, «Сауат ашумен» қоштасатынымыз, ол бер жағы ғана. Әрине, сөздің парқын түсінетін адам үшін мұның өзі жеткілікті екенін білемін. Кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеуді «БҰТ» деп қысқартып министрліктің елді бір шулатқаны естен кетпесе керек. Атауда тұрған не бар дейсіз, ол ештеңе емес. Мені шошытатыны, су жаңа бағдарламаның қарапайым елге беймәлім тұстары. Өрімталдай қазақ баласының білімін ағылшын мен орыс тілдері арқылы өсіреміз деу педагогика ғылымында болмаған құбылыс. Баланың жан-жақты дамуына тікелей ықпал беретін оқушының ең сүйікті еңбек пен сурет пәндерін біріктіріп, «Көркем еңбек» ету себебі тағы да ойландырады. «Әліппе» атауын ауыстырып, оны біріктірумен шектелген болса, бірсәрі, елді көкейін мазалаған осындай сауалдар өте көп.
Ұлжалғас АҒЫБАЕВА, ұстаз:
— «Сауат ашу» деген ұғым сонау ХІХ ғасырда халықтың басым бөлігі әріп танымайтын, балалар балабақша түгілі мектепке бармаған заматта қолданылды және сол кезеңнің сипатына мән-мағынасы жағынан толық сай. Ыбырай Алтынсариннің халық сауатын ашып, балалардың білім алу жолында күрескен тұсы да сол заман. Ал бүгінде әр қазақтың баласы балабақшадан сауатын ашып келіп жатқан тұста мұндай ұғымды оқулық ретінде мектеп бағдарламасына енгізу қаншалықты дұрыс? «Әліппенің» тарихы тым тереңде. «Әліппе» қолданысқа енгізілген кезеңнен бастап, осы кітаппен әріп таныған оқушылардан қаншама қазақ зиялысы шықты. Ахмет Байтұрсыновтың мұрасы деп бағалап келген қадірлі кітаптың атауын ауыстыру арқылы не ұтамыз? Бәлкім, осы жобаға жауапты тұлғалар мәселенің мән-жайын оқулық мазмұнының өзгешелігімен түсіндірер. Десек те, егемендігін алған уақыттан бері сауатты әрі сапалы білім алуына мейлінше жағдай жасалып келе жатқан мемлекет жастарының «сауатын ашу» қажет емес. Әр қазақ баласы «Әліппемен-ақ» әріп танып, білімін жетілдіруге қауқарлы.
Бағдат БАТЫҚҰЛЫ, «Балабек» журналының бас редакторы:
— Бір есептен, ең алғашқы оқулықтың жүйеге келтіріліп жатқанына қуануға да болар еді. Себебі, соңғы жылдары әр баспа өзінше «Әліппе» шығарып жүрді. Ұстаздар қауымы «Атамұраның» оқулығын дұрыс қабылдайды. Ал «Сауат ашу» оқулығы сол баспадан шығып отыр. Сапасы да жақсы, жеңіл, ұғынықты деген пікірлерді естідім. Бұған қуануға болады. Дегенмен министрліктің оқулықтың атауын былайша өзгерткені көңілге кірбің ұялатады. Өйткені «Әліппе» қазақы түсінікте қастерлі атауға айналып кетті. «Әліппеге» арналып талай ән-жыр, тақпақ жазылды. Осының бәрі бір сәтте керексіз болып қалғаны ма? Қынжыласың, әрине! «Әліппемен қоштасу» деген әдемі дәстүріміз бар еді. Біз қазір жаңару дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әр салаға, соның ішініде ағарту саласына да реформа қажет. Дегенмен «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді ұмытуға болмас. Реформаның жөні осы екен деп, ұлттық құндылықтардан бас тартуға болмайды. Ал «Әліппе» деген атаудың өзі менің түсінігімде - ұлттық құндылық. Қалай дегенде, бұл асығыстау, шалағайлау шешім деп ойлаймын.
Сөз соңы
Министр о баста «1988 жылдан бастап, ЭЫДҰ елдері бірінен соң бірі мектептерде жаңартылған білім беруге көше бастады. Бұл үдеріс 90-жылдардың ортасына қарай аяқталды. 1997 жылы жоғарыда айтылған елдер жаңартылған мазмұнды өлшеудің бірыңғай стандарты туралы шешім қабылдады, ол - PISA деп аталады. Осылайша, Қазақстан аталмыш стандартпен 2009, 2012 және 2015 жылдары еліміздегі кейбір мектептерде білім сапасын анықтауға кіріскен болатын. Ал биылғы жылы Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап, барлық мектептерде 1-сыныптан осы стандарт жүйесі енгізіле бастайды. Оған толық көшуге төрт жыл жобаланып отыр» деген болатын. Жаңартылған жүйеге «Әліппе» оқулығы енбей қалған сыңайлы. Мың ғасыр бойы балаларға білім беруге азық болған «Әліппеден» неге жерінгенімізді ұқпадық. «Әліппемен» де жаңа стандартты енгізуге болар еді. Ғасырда, яғни білім ғасырында адамзат баласы тек біліммен ғана биіктерді бағындыра алады. Сол биікте Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» де қатар тұруы заңдылық еді ғой...
Гүл БЕКЗАТ, Асыл ТҰМАР
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі