Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының салтанатты сессиясына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы сессияға қатысушыларды Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдығымен құттықтап, оның заманауи Қазақстанды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
- Бүгінде Ғылым академиясы салалық және өңірлік бөлімшелері бар ірі зияткерлік орталыққа айналды. Бұл ретте ол Франция, АҚШ және басқа да елдердегі ғылым академиялары сияқты ғылым үшін жат нәрсемен - әкімшілендірумен айналыспайды. Ғылым саласын орталықтандырудың, онда қалыптасатын монополияның тиімсіз екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ғылымының қалыптасуындағы Академияның еңбегін ерекше атап өтіп, еліміздің ғылыми әлеуетін «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауды іске асыруға пайдаланудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен бірге, Елбасы отандық басқару жүйесі мен ғылыми қызметті үйлестіруге қатысты бірнеше өзекті мәселеге тоқталды.
- Біз ғылымды орталықсыздандырдық. Көптеген бөлігін жоғары оқу орындарына бердік, алайда олардың бәрі әлі инновациялық орталықтарға айнала қойған жоқ. Қазақстанның ғалымдары өз жұмыстарын белсенді түрде патенттеуде. Бірақ олардың басым көпшілігіне сұраныс жоқ. Ғылым негізінен мемлекет есебінен қаржыландырылуда. Іс жүзінде нақты сектордан тапсырыс түспей жатыр. Сонымен қатар, ғылыми жұмыстарда плагиат жиі кездеседі, - деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Қазақстан Президенті отандық ғылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды түбегейлі өзгертуді тапсырып, осы бағытта бірқатар нақты міндеттер белгіледі.
- Біз ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы заң қабылдадық. Енді осы заң толыққанды қолданылуы қажет. Ғылыми-зерттеушілік қызмет нәтижелерін қазақстандық кәсіпорындардың қажеттіліктеріне бағыттайтын тетіктер енгізу керек. Біздің алдымызда импортты алмастыру және экспорттық өндірісті дамыту міндеті тұр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті академияның әлеуетін пайдалана отырып фундаменталды және гуманитарлық ғылыми жобалар сараптамасының сапасын жақсарту қажеттігін айтты.
- Ғылымды басқарудың, оны қаржыландырудың жаңа формат бойынша және уақтылы жүзеге асырылатын жаңа жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, Ғылым академиясы жанынан әдеп жөніндегі алқалы орган құруды ұсынамын. Ол Ғалым кодексін және Жарияланымдар әдебі жөніндегі кодексті әзірлеп шыға алар еді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне Академиямен және жоғары оқу орындарымен бірге отандық ғылыми басылымдарды халықаралық рейтингтік базаларда ілгерілету жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін үздік зерттеушілерге қосымша гранттар тағайындау, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарына Қазақстанда ғылыми зерттеу жүргізу үшін грант бөлу мәселесін зерделеу жөнінде тапсырма берді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі