Қазақ тілінің қазіргі қолданыстағы грамматикалық ережелерінің кей тұсы орыс тілінен көшірілген. Енді латын әліпбиіне көшкенде тіліміздің табиғатына тән ержелер шығарылады. Бұл туралы А. Байтұрысынов атындағы Тіл білім институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек айтты.
Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Казахстанская правда» газетінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге қатысты тілші ғалымдардың басын қосқан дөңгелек үстел жиыны өтті. Жиында бас баяндамашы профессор Ерден Қажыбек қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру тілді дамыту үшін аса қажет екенін айтты.
«Латын әліпбиіне көшкенде тіл ережелері қайтадан жасалынады. Кірме сөздерді шет тілінде қалай айтылса, солай дыбыстап жүрдік. Әлемнің ешбір тілінде ондай жоқ. Біздің грамматикамыздың ережелері орыс тілінен көшірілгені белгілі. Енді сөз жоқ орфоэпикалық, сөзжасам, фонетикалық, морфологиялық ережелердің бәрі жаңадан қарастырылады да, өте қарапайым тіл табиғатына тән нұсқалар шығарылады», - деді Ерден Қажыбек.
Ерден Қажыбектің айтуынша, тілші ғалымдар әліпбиімізді ана тіліміздің табиғатына сәйкестендіріп алу қажеттігін тәуелсіздік алған күннен бастап көтеріп келеді.
«1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін, Тіл білімі институты бірден осы мәселені көтерді. Сол кезде академик Әбдіуали Қайдар бірден Мемлекет басшысына хат жазды. Хатында «Тәуелсіз ел болдық, енді тілімізге сәйкес әліпби жасайық, тілімізді жаңғыртуды қолға алайық» деп көрсетті. 1990-шы жылдардың басында Елбасы бірінші тапсырма берді, 2006 жылы мәселе етіп көтерді, 2012 жылы стратегиямызға енгізді. Енді міне, нақты қолға алынды. Қазіргі әліпбимен біз алысқа бара алмаймыз. Тіл ережесін бұзу бүгінгі күні «дәстүрге» айналды. Өйткені, бүгінгі дыбыстарды таңбалайтын қазіргі қолданыстағы әліпби көп шатастырып жіберді. Мысалы, орыс тіліндегі «Ы» әрпі мен қазақ тіліндегі «Ы» әрпі арасында айырмашылық бар. Екіншіден, біздің тіліміздің дамуының кейбір заңдылықтары қазақ тілінің ережелеріне сәйкес жасалынбаған. Қазақ тілі экономиканың, саясаттың тілі болуы керек. Оны өрге сүйреу үшін осы мәселеге назар аударуымыз қажет», - деді профессор Ерден Қажыбек.
Еліміздің бас газеттерінің бірі «Казахстанская правда» ұйымдастырған жиынға тілші ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Әділ
Ой еріккендер - ай, Қазақстанда толық адамдар қазақ тілін үйрегбеген, бұларың болса тілді одан да қиындатып жатыр ғой, бастары жоқ бұлардың. Логикаға түк сай емес.
Gamer
Қазақ тілі экономиканың, саясаттың тілі болуы керек. дейді - ол дұрыс, бірақ оны өрге сүйреу үшін мәңгүрт болмаған таза қазақтар ғылыми жаңалықтар мен жаңа технологиялар ашу керек, әр салада мыңдаған мықты ғалымдар, профессорлар, көптеген ультра бай кәсіпкерлер шығу керек. Жапондар, америкалықтар, жөйттер сияқты ғылымда трендті қазақтар қалыптастыру керек. Қалалардың сапасын жақсарту керек. Халықтың білім деңгейі сапалы және жан-жақты, ой-өрісі кең, талғамы мен талабы биік, жағдайы мықты болу керек. Сонда автоматты түрде өздігінен қазақ тілінің деңгейі көтеріледі.
Дастан
Бұлар ұсқынсыз латын әліпбиін қабылдап қойған ба? Халық, филологтар қарсы болып жатыр емес пе? Оларға ол әсер етпейді ма? Міндетті түрде халықты ашындыру керек пе?