Менеджмент секілді саланың ел өміріндегі маңызына дәлел келтірудің өзі артық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде аударылған алғашқы 18 кітаптың қатарына әйгілі Рикки Гриффиннің «Менеджмент» оқулығы енгізілгені де сондықтан. Бұл кітап жастарға несімен құнды? Бұл туралы Халық шаруашылығы университетінің Экономика және менеджмент факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Самажан Өмірзақовтен айтып берді.
«Біздің аударған кітабымыз есімі әлемге әйгілі Рикки Гриффиннің «Менеджмент» атты кітабы. «Менеджмент» кітабының 12-ші басылымын аудардық. Мен аударма барысында ғылыми редактор болдым», - дейді Самажан Өмірзақов.
Профессордың айтуынша, жалпы, бұл кітаптың бірінші басылымы 1984 жылы жарық көрген. Күні бүгінге дейін 12 рет басылып шыққан. Кітаптың орыс тіліне немесе басқа тілдерге аударылған баламалары аудармашылардың қолында болмаған. Яғни, туынды түпнұсқасынан, яғни ағылшын тілінен бірден қазақ тіліне тәржімаланған. Бес адамнан тұратын аудармашылар - Халық шаруашылығы университетінің меденжмент кафедрасының профессорлар құрамы. Оның үшеуі - менеджмент кафедрасында осы пәннен дәріс беріп жүрген мұғалімдер болса, біреуі экономика ғылымдарының профессоры әрі ағылшын тілінің маманы. Үшіншісі - «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген жас ғалым.
«Менеджменттің» бұған дейін шығарылып жүрген оқулықтардан айырмашылығы көп. Мәселен, жалпы басқару ғылымын тәжірибеде пайдалану, оның ішінде ірі кәсіпорындарда басқаруды, яғни менеджментті дұрыс пайдалана отырып, айтулы жетістіктерге қалай жетуге болатыны туралы кейстер молынан берілген. Сонымен қатар, әлемдік ірі кәсіпорындардың сәтсіздікке ұшыраған жағдайлары да жазылған. Жалпы, кәсіпорын неліктен сәтсіздікке ұшырады? Қандай қиындықтарға кездесті? Соның ішіндегі басқару жүйесінде болған кемшіліктерді, толық мәліметті туынды жіліктеп тұрып алдыңызға жайып береді», - дейді профессор.
Самажан Өмірзақовтың айтуына қарағанда, «Менеджмент» студенттер қауымына ғана емес, Елбасының өзі айтқандай мемлекеттік органдарда қызмет атқаратын, бизнесте жүргендерге, магистранттар мен докторанттардың бәріне таптырмас білім көзі. Профессор басқарудың қыр-сырын, өнерін қоғамымыздың кез келген мүшесі меңгеруі керек деп есептейді.
«Биыл қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың ішінде экономистердің қанжығасына 3 кітап түсіп отыр. Оның бірі - «Менеджмент». Екіншісі - «Кәсіпкерлік». Үшіншісі - «Экономикс» кітабы. Осы кітаптарды аудармас бұрын ең алдымен, өз арамызда шағын конференция ұйымдастырып, барлық экономикалық терминдердің бірізділігін талқылаған едік. Жалпы барлық терминдерді қазақ тіліне аудару мүмкін емес. Сондықтан, тақырыптардың мазмұндарына қарай, берілген түсініктерді, ұғымдардың оқырманға дұрыс жеткізілуін көздедік. Дәстүрлі түсініктермен қатар, жаңа ұғымдар мен тұжырымдарды да көрсете білген секілдіміз. Оны оқырман өзі бағалай жатар», - дейді профессор.
Бір ғана сөздің бірнеше баламасы болуы мүмкін. Сол сөздің баламасын аудармашылар тақырыптың мазмұнына байланысты қолдануға тырысқан.
«Елбасы шет тілдерден енген сөздерді қабылдауға бейімделу керектігін айтты. Осы ұстанымды ұстандық. Интеграция, диверсификация, принцип, функция деген сөздерді өзінің мағынасына қарай әрбір тақырыпта түрлі деңгейде пайдалануға тырыстық. Кітаптың аударма жұмысы шілде айында басталып, қыркүйекте (2017 жыл) аяқталды. Аударма барысында ғылыми редакторлармен қатар, әдеби редакторлар да жұмылдырылды. Олар да аударма барысында ойларымен бөлісті. Қандай дәстүрлі тұжырымдарды қалдырамыз, қандай түсініктерді аударамыз деген секілді мәселе бірлесе шешілді», - дейді ол.
Профессордың айтуына қарағанда, бұрынғы оқулықтарда менеджменттің теориялары ғана берілетін болса, бұл кітапта теория мен тәжірибе ұштастырылған.
«Аударылған 18 кітаптан бөлек, келесі кезекте тәржімаланатын 30 кітап бекітілді. Оның ішінде «Стратегиялық менеджмент» деген кітапты аударуда ғылыми редактор болып бекітілдім. Осы отыз кітаптың ішінде 6 кітап экономикалық салаға қатысты. Бұл бізді қуантады», - деп түйді Самажан Өмірзақов.
Айта кету керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылған болатын.
ҚазАқпарат
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Сахия
бұл кітаптарды қайдан аламыз