Өлең, жыр, ақындар

Мемлекеттік ЖОО-лар коммерциялық емес акционерлік ұйымға өзгертіледі

Мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындарын мемлекет 100 пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік ұйымға өзгерту мәселесі қаралып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

Оқу орындарындағы басқарушылық дербестікке тоқталған министр, «ЖОО-ның академиялық еркіндігін арттыру - университетті басқару жүйесінің өзгеруіне тығыз байланысты. Оның өзгеруі - жұмысқа қабылдау, мамандықтар және даярлау бағыттары бойынша студенттер контингентін қалыптастыру, ЖОО-лардың академиялық құрылымын анықтау мәселесін дербес шешуге жағдай жасайды. Бұл үшін бірқатар шараларды атқару қажет. Біріншіден, ЖОО-ның ұйымдық-құқықтық формасын өзгерту. Өйткені, мемлекеттік ЖОО-лар мемлекеттік мүлік туралы заңмен реттеледі. Бұл оларға қиындық тудырады. Кей жағдайда олардың негізгі миссиясы мен мақсаттарына қайшы келеді. Коммерциялық емес формадағы ЖОО-лардың артықшылығы - корпоративті басқару нормасын сақтайды және алған табысты оқу орнын дамытуға жұмсауға мүмкіндік береді. Ол үшін, заң жобасында мемлекеттік және ұлттық ЖОО-ларды мемлекет 100% қатысатын коммерциялық емес акционерлік ұйымға өзгерту бойынша нормалар енгізілген. Сонымен қатар, коммерциялық ұйымдар ретінде құрылған жекеменшік оқу орындарына арналған трансформациялау тетігі жеңілдеді. Бірақ, ол міндетті емес», - деді.

Осылайша, РМК-дан коммерциялық емес ұйымға өту кезінде университеттер Кәсіпкерлік кодекс аясында кейбір коммерциялық қызмет түрлерін жүргізе алмайды. Осы мәселені шешу үшін «Білім туралы» Заңға университет қызметі мен құзыретін регламенттейтін жеке бап қосу ұсынылды. Аталған бап заң жобасының қағидасы және депутаттар ұсынған өзгерістер бойынша дайындалды.

«Баптың нормалары университеттерге коммерциялық қызметтің 13 түрін атқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, университеттердің басты құзыреттерін анықтап, оларға қосымша құқықтар беріледі. Бұл тұрғыда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында эндаумент-фонд құру; бюджеттен тыс қаржы есебінен ғылыми - білім беру қызметімен айналысатын заңды тұлғаларды құру; стартап компаниялар ашу; жарғылық қызметті іске асыру үшін қосымша материалдық және қаржы көздерін тарту; шетелдік мемлекеттерде филиалдарын құру және басқа да қадамдар қатылған», - деді министр.

Бұдан бөлек, ұсынып отырған ұйымдық-құқықтық форма -корпоративті басқару принциптерін енгізу дегенді білдіреді. Көптеген ұлттық ЖОО-ларда байқау кеңестері бар. Яғни басқарудың алқалы формасына кезең-кезеңмен көшірілуде. Корпоративті басқару органдарын дамыту ЖОО-ның басшыларын тағайындау мен босатудың жаңа тетігін енгізуге, олардың құзыретінің мерзімін анықтауға, қоғам алдында есеп беру тәжірибесін енгізуге мүмкіндік береді. Бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етеді.

«Мысалы, қазір жаңа механизмдер аясында ашық конкурс арқылы 16 ректор сайланды. Осылайша, заң жобасы университеттің ішкі құрылымын жасау, қызметкерлерді іріктеу және орналастыру критерийлері мен процедураларын дербес әзірлеуге байланысты қызметтерді орындауға құқық берді», - деді Ерлан Сағадиев.

Талқылаудан кейін палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және бақылау дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Асия

Бұл үшін бірқатар шараларды атқару қажет.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар