Биылғы жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептеріндегі 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып оқушылары жаңартылған мазмұндағы білімге көшетін болады. Жаңартылған мазмұн үшін су жаңа оқулықтар да басылды. Бірақ, жылдағы мәселе биыл тағы қайталанып, кейбір аудандарға кітаптар уақытылы жеткізілмей қалуы да мүмкін. Ол қандай аудандар? Оқулықтарды уақытында жеткізбеудің басты себебі неде? Жаңа оқулықтардың электронды нұсқасын қолдануға бола ма? Кітаппен бірге жұмыс дәптерін де сатып алу міндет пе? Ал, ең бастысы, жаңартылған мазмұндағы білім беретін мұғалімдерге үстемақы мәселесі қалай шешіліп жатыр? Осы мәселелерді сараптап көрейік.
Былтырдан бері 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып оқушылары жаңа бағдарлама бойынша білім ала бастаған. Биыл оларға тағы 3-ші, 6-шы және 8-ші сыныптар қосылғалы отыр. Жаңа мазмұнға арналған миллиондаған оқулықтар жаңадан басылды. Бірақ кітаптардың біраз бөлігі балаларға уақытында жеткізілмей қалады деген қауіп бар. Оны ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те айтып қалды. «Негізі, оқулықтарды жеткізу - әкімдіктердің жауапкершілігіне жататын мәселе. Жалпы, облыстар кітаптарды жеткізу бойынша көлік компанияларымен келісімшарттарды рәсімдеді. Бірнеше өңірлер, оның ішінде Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы, Түркістан облысының төрт ауданы осы күнге дейін бұл жұмысты бастаған жоқ. Жаңа оқу жылына дейін аз уақыт қалды. Сондықтан оқулықтардың уақытында жетпей қалу қаупі бар», - деді Е.Сағадиев өткен аптадағы Үкіметтің отырысында.
Енді осы бір аптаның ішінде әкімдіктер келісімшарттарды рәсімдеп, жеткізуші компанияларды Алматыға да жіберген шығар. Алайда онымен мәселе шешілмейтін тәрізді. Себебі жеткізуші компаниялар келісімшартқа отырса да, өз міндеттерін дұрыс атқармайды екен. Мұнда да сол көптен бері айтылып жүрген мәселе бар. Тендер кезінде ең төмен бағаны ұсынған компания жеңіп алады да, артынан сол қаражатқа оқулықтарды қалай жеткіземін деп дал болады. Ал кейбір жауапсыз компаниялар тендердің ақшасын алғаннан кейін мүлдем байланысқа шықпайды. Мәселен, өткен жылы Астананың тапсырысын орындаймын деген екі бірдей компания «сөзінде тұрмады». Соттасуға тура келген. Өстіп жүргенде сабақ та басталды. Тек соңынан қосылған үшінші компания ғана жағдайды түзеткендей болды. Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин биыл ондай проблемалар болмайтынына сендіреді. «Біз оқулықтарды жеткізу бойынша барлық келісімшарттарды рәсімдедік. Кітаптардың басым бөлігі Алматыдан келеді. Қазір жеткізуші компанияның өкілдері сол жақта жүр. Олар баспаxаналарды аралап, оқулықтарды жинап жатыр. Жоспар бойынша келесі аптада барлық оқулықтарды жеткізіп береді. Сөйтіп, қала мектептеріне таратамыз. Сондықтан жаңа оқу жылына дейін үлгереміз. Ешқандай қиындықтар болмайды», - деді Әнуар Жанғозин.
Айта кетерлігі, оқулықтың дұрыс жеткізілмеуі әуелден бар мәселе. Мамандар осы мәселені шешу мақсатында интерактивті карталарды енгізуді ұсынып отыр. Аталған карталар арқылы кітап жеткізуші компаниялардың жұмысын онлайн режимде бақылауға болады. Бірақ осы бастаманы жергілікті атқарушы органдар іске асыруы тиіс. Сосын интерактивті картаның нақты алгоритмі де, жұмыс тәртібі де әзірше белгісіз. Дегенмен, онсыз оқулықтарды уақытында жеткізу мәселесін шешу мүмкін емес. Осы салада нақты шаралар қолға алынбаса, аталған проблема жыл сайын қайталана беретінт тәрізді.
Айта кетерлігі, мектеп оқулықтары уақытында жеткізілмесе, жаңа оқулықтарды QR-код арқылы жүктеп алуға мүмкіндік бар. Ол кітаптардың электронды нұсқасын қазан айында ғаламторға жүктеу жоспарланған. Міне, сол кезде оқулықты алмай-ақ, мектепке планшетті ұстап келуге болады. Дегенмен, мектеп оқушыларының барлығы бірдей планшет ұстай алмайтыны белгілі. «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімованың сөзіне қарағанда, бүгінде мектепке планшетпен келуге тыйым салынбаған. Дегенмен, оның бәрі мектептің ішкі ережесімен реттеледі. «Барлығын мектеп әкімшілігі шешеді. Біз планшетті ұстасын, я ұстамасын деп, ешкімді міндеттей не шектей алмаймыз. Сосын оқулықтың электронды нұсқасы баланың денсаулығына да кері әсерін тигізуі мүмкін екенін есте ұстаған абзал. Сондықтан ата-аналардың бәрі бірдей планшетпен жұмыс істеуге келіседі деп айта алмаймын. Бұдан бөлек, әрбір отбасының планшет алуға мүмкіндігі де бола бермейді. Қала, ауыл, шағын мектептер бар ғой. Сол себепті планшетті ұстау, я ұстамау - әрбір баланың өз еркі», - дейді Бейбіткүл Кәрімова.
Ендігі бір мәселе - жұмыс дәптерін ұстау я ұстамау. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетовтың айтуынша, жұмыс дәптерін пайдалану міндетті шара емес. Сондықтан ата-аналарды оны сатып алуға міндеттеуге болмайды. «Бұл - қосымша материал. Сондықтан оны сатып алу, я сатып алмау - әрбір адамның өз еркі. Сатып аламын десе, қолдануға болады. Жұмыс дәптері міндетті материал емес. Қайсыбір мектепте мұғалімдер ол дәптерді сатып алуға міндеттесе, біз тиісті шараларды қолданамыз. Себебі жұмыс дәптерін талап ету заңсыз», - дейді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, министрлік арнайы xатында жұмыс дәптерін қолдануға қатысты толық инструкцияны жолдаған болатын. Алайда барлық мектептер оны қолдана бермейді. Осыған байланысты алдағы Тамыз конференциясы кезінде осы мәселе тағы көтерілетін тәрізді. Ал министрліктің ұстанымы - жұмыс дәптерін міндеттемеуді барлық мұғалімдерге жеткізу. «Жұмыс дәптерінен бөлек xрестоматия да болады. Кейбір сыныптарда басқа да материалдар бар. Бұның барлығын ата-аналар өз еркімен алады. Мәселен, мектеп оқушыларының сөмкелері ауыр дейміз. Себебі оқулықпен бірге жұмыс дәптері де сатылады. Ондай дәптерлер кей кезде оқулықпен бірдей болады. Осыған байланысты дәл қазір біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыс дәптерлері бойынша бірыңғай талаптарды әзірлеп жатырмыз. Әйтпесе, кейбір дәптерлердің салмағы кітаптан да ауыр», - деп атап көрсетті Асхат Аймағамбетов.
Айта кеткен жөн, бүгінде жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін мұғалімдерге 30 проценттік ақы төленеді. Бұдан бөлек, аттестацияның нәтижесі бойынша 50 процентке дейінгі үстемақы қарастырылған. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, қыркүйек айынан бастап аттестациядан өткен мұғалімдер үстемақы алады. «Биыл педагогтарды аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Аттестациялауға 60 мыңға жуық мұғалім қатысты. Олардың ішінде 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Ол 63 процентті құрайды. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап аттестациядан өткен мұғалімдерге алған категорияларына қарай үстемақы төленеді», - дейді Е.Сағадиев.
Айтпақшы, алдағы уақытта мұғалімдерінің бос уақыты көбейю әбден мүмкін. Мамандар мектепте ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық шараларын алып тастауды ұсынып отыр. Осылайша, «пробный» тесттер болмайды. Мұғалімдер тек өзіне жүктелген міндеттерге - мектеп бағдарламасына ғана жауапты болады. Осы мәселені де Тамыз конференциясында кеңінен талқылау жоспарланған екен.
ҚазАқпарат
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі