Қарағандыда өткен педагогтардың тамыз кеңесінде жас мамандарға қызметтік баспана беру мәселесі талқыланды, деп облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Басқарма басшысы Есенғазы Иманғалиевтің сөзіне қарағанда, ауылға барған жас мамандарға баспана сатып алуы үшін несие беріліп жатыр, бірақ қалаларда бұл мәселе шешімін табар емес. Облыс әкімі осы түйіткілді денсаулық сақтау басқармасының тәжірибесі бойынша шешуді, яғни босап жатқан ғимараттарды мемлекеттік органдарға тапсырып, қалпына келтіріп, баспанаға қажеттілік сезініп отырған мамандарға беруді ұсынды.
«Бүгінгі таңда оқытушыға өте жоғары талаптар қойылып жатыр. Бірақ оның тиімді жұмыс істеуі үшін, алдымен соған сай жағдай жасалуы тиіс. Түйіткілді мәселелердің бірі баспанамен қамту болып отыр. Соңғы үш жылда облыс мектептеріне 1 814 жас маман жұмысқа тұрды, соның 884-і ауыл мектептеріне барған. Осы кезеңде «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша 203 жас маман баспана несиесін алды. Ал қалалардағы жағдай қиындау. Баспана беріліп жатқан жоқ», - дейді Есенғазы Иманғалиев.
Ол осы мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды. Біріншісі - жергілікті атқарушы органдары арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөліп, оны білім басқармасына бекіту. Ол келесіде қала педагогтары арасында жекешелендіру құқығынсыз бөліске салынады. Екіншісі - босап жатқан ғимараттарды күрделі жөндеп, қызметтік баспанаға айналдыру.
«Әрине, баспананың жоғы қиын мәселе. Бірақ біз оны бірте-бірте шешіп келеміз. Жыл басында 568 оқытушы жетіспеген еді. Қазіргі кезде 90 адам жетіспей отыр. Айталық, денсаулық сақтау жүйесінде қызметтік пәтерлер беру арқылы алдағы екі жылда дәрігерлер жетіспеушілігі барынша төмендетіледі. Тастанды ғимараттарды жөндеп, мамандарға беру арқылы бұл мәселе шешімін тауып отыр. Осы тәжірибені қолданыңыздар, әкімдермен бірге жұмыс істеңіздер», - дейді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне қызметтік баспана беру арқылы жас мамандарды тарту жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Кадрлар тапшылығы мәселесі шешілуі тиіс. Баспана болса, оқытушы да болады, мен бұған сенімдімін», - дейді Ерлан Қошанов.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі