Өлең, жыр, ақындар

"Бағдаршам" өлеңі. Ә.Табылдиев

Атырау облысы Атырау қаласы
"Зейнеп, Амина және балапандар" бөбекжай-балабақшасының
тәрбиешісі Жумагалиева Мая Куангалиевна

Ұйымдастырылған ашық оқу қызметі

Көркем әдебиет

Тақырыбы: «Бағдаршам» өлеңі.  Ә.Табылдиев
Мақсаты:

Білімділік: Өлең мағынасын түсініп, оны еске сақтауға үйрету.

Дамытушылық: Балалардың тақпақ жаттауға дағдыларын жаттықтыру. Зейінін, есте сақтау, түсті айыра білу қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік: Көшеде жүру ережесін білу арқылы жолда жүру мәдениетін үйретіп сақтыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: рөлдер, белгілер, бағдаршам, жол белгілер суреттері, фланеграф, интерактивті тақта.

Әдіс-тәсілдері: мультимедия арқылы көрсету, түсіндіру, ойын, сұрақ-жауап.

Ұйымдастыру кезеңі: Ән әуенімен балалар екі-екіден автобус ішіндегі жолаушылар, қолына руль ұстаған жүргізушімен бірге «Жас жолаушылар жыры» әнін айтып топқа кіреді.

Ән: «Жас жолаушылар жыры»

Сапар шексек сіз бен біз
Сан көлікке мінеміз
Троллейбус пен трамваймен
Автобуспен жүреміз

Қайырмасы:
Көлік, көлік, көліктер
Көліктерге мінеміз
Көшелермен, көшемен
Күнде тынбай жүреміз

Жол жүрудің тәртібін
Ережесін білеміз
Сақтағанда қатерден
Сау саламат жүреміз

Тәрбиеші: Қайырлы таң балалар! Мен сендерді көргеніме қуаныштымын.Қандай әдемісіңдер балалар. Бүгін біздер, балалар, үлкен қалаға саяхаттауға келе жатырмыз. Балалар біз өзімізді қандай көліктің ішінде келе жатырмыз деп ойлаймыз?
- Автобустың.
- Дұрыс өте тамаша, сендер өте әдемі, тәртіпті жолаушыларсыңдар. Ал біздер үлкен қалаға келіп қалдық. Ендеше, балалар  автобустың алдыңғы есігінен бір-бірлеп түсейік.

(Балалар автобустан түседі. Түскен кезде алдарынан бағдаршам қарсы алады.)

Бағдаршам: Сәлеметсіңдер ме, балалар! (Балалармен амандасады)

- Сәлеметсіз бе, біз сізді танымай тұрмыз. Балалар, бұл кім болды екен, сендер таныдыңдар ма?

Бағдаршам: Күдіз-түні жанамын,

Дабыл беріп бәріне.

Үш түрлі түсім бар

Белгілі жас пен кәріге

Мен бағдаршам боламын.

Балалар, мен жол қозғалысын реттеушімін. Менің жұмысым өте қиын. Өздерің көріп тұрғандай, менің 3 көзім бар. Қызыл көзім жанғанда жолдан өтпейміз. Бұл «Тоқта!» дегенді білдіреді. Сары көзім жанғанда жолға жүруге «Дайындал» дегенім. Ал жасыл көзім жанғанда «Жүр»  деп белгі беремін. Мен туралы толық білгілерің келсе экранға назар аударыңдар. (Экраннан бағдаршам туралы бейнеролик жүреді)

Тәрбиеші: -Бағдаршам, біз сені көргенімізге қуаныштымыз. Өзіңнің таныстыруыңның арқасында балалар бағдаршамның не екенін білді.

- Ал енді балалар, бәріміз орнымызға жайғасып отырайық. Бүгінгі оқу қызметімізде, балалар, ақын Әділбай Табылдиев ағамыздың «Бағдаршам» өлеңін тыңдап көрейік.

Ашса кезек үш көзін,

Айтты деп ұқ үш сөзін:

«Тоқта!

Сақтан!

Жол ашық!»

Жүрме жолға таласып.

Қызыл көзін ашқанда,

Сынық сүйем баспа алға!

Сары көзін ашқанда,

Қарап қалма аспанға!

Жасыл көзін ашқанда,

Өте бергін, жасқанба!

- Осы оқылған тақпақта не туралы айтылған ?- Бағдаршамның неше көзі бар?- Олардың түсі қандай ?- Қызыл көзі бізге не дейді ?- Сары көзі не дейді?- Жасыл көзі не дейді?- Жүрме жолға таласып – деген сөзді қалай ұғамыз? Көліктермен,жарысып жүруге болмайды, көшеде жол ережесін естеріңнен шығармаңдар, ата- аналарды үнемі тыңдап жүру қажет.

Балалар, енді орнымыздан тұрып щеңбер құрайық.  Өлеңді тағы бір рет оқимыз және қайталаймыз.

«Қызыл көзін ашқанда,

Сынық сүйем баспа алға» деген кезде  орнымыздан қозғалмаймыз.

«Сары көзін ашқанда

Қарап қалма аспанға» деген кезде шеңбер бойымен айналуға дайындалып, бір-біріміздің қолымыздан ұстаймыз.

«Жасыл көзін ашқанда

Жүре бергін жасқанба» дегенде шеңбер бойымен айналамыз.

Бағдаршам: -Керемет, балалар, сендер өлеңді жақсы түсініп алдыңдар.  Мен енді сендермен ойын ойнағым кеп тұр. Менімен ойын ойнағыларың келе ме?

Дидактикалық ойын: «Тауып көр!»

Шарты: Тәрбиеші жұмбақ жасырады. Балалар жұмбақтың жауабын фланеграфта орналасқан суреттер бойынша тауып, дұрыс жауабы бейнеленген карточканы ашады. Барлық жұмбақтың жауабы шешілген кезде фланеграфта бағдаршамның суреті пайда болуы тиіс.

Бағдаршам: - Балалар, сендер өте көңілді балақайлар екенсіңдер. Бірақ маған жаңа хабар келді, келесі көшенің бағдаршамы жасамай қалыпты. Сондықтан көліктердің барлығы кептелісте тұр екен. Мен барып жол қозғалысын реттеп келейін. Сау болыңдар!

Қорытынды:  Енді сабақты қорытындыламас бұрын. Мен сендерге жұмбақ жасырамын. Ал оның шешуін тауып, үш тілде айтайық, жарай ма?
- Бұйырмапты бас та
Ауыз да, құлақ та
Бақырайған үш көзі бар, бірақ та.
Бұл не екен балалар?
- Бағдаршамның неше көзі бар?
- Бағдаршам түстерін атайықшы
- Дұрыс, балалар!
- Сендерге тапсырмалар ұнады ма?
- Жолдан өтерде қайда қарап өтуіміз керек екен?

- Міне, біздің оқу қызметіміз аяқталды. Келген қонақтарға «Жол ережесін білу – әрбір адамның міндеті!» дегім келеді. Біздің топқа оралатын кезіміз болды. Олай болса, қонақтармен қоштасып, тобымызға барайық. Сау болыңыздар!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз