Тұтқын қыз
Бәденнен жан бұлбұлы ұшса қай күн,
Бөз болар үш-ақ қары алар бәйгің.
Апарып айдалаға аға, інің,
Көрсетпей көміп тастар бардай айыбың.
Басында бір күн бағып отырмайды,
Туысқан, бала-шаға, адал зайыбың.
Ойлайды өз пайдасын ертеңіне,
Орныңа отырғызып кеткен найбың.
Осындай боларыңды біле тұрып,
Тарқайды қалайынша қам мен қайғың.
Бес күнгі бақ, дәулетті көтере алмай,
Келеді кеуіп, ісін адырайғың.
Тұтқасын дүнияның қолмен ұстап,
Тақтынан тіріліктің келмес тайғың.
Ол ойың өте ұят, ойла онан да,
Ішінде аз өмірдің не лайығың?!
Қамың же, қарның сипап жата бермей,
Келмесе қияметте құр мұңайғың.
Кеңесіп кеуліңменен көре қойсаң,
Аз емес азаматтар көп уайымың.
Алдайды дүния-бетпақ бәрінді де,
Ішінен алтайыдай қашқан сайдың.
Жүргенмен желкесінен жетіп ұстап,
Айналар арты ойбайға алақайдың.
Жүз жылғы жорға мініп сүрген дәуір,
Түстеніп тәрізінде ішкен шайдың.
Саулық — сыр сияғында, кеуде — сарай,
Жан — нілте ұқсасында, өмір – майдың.
Өлімді уақытың барда ойыңа алып,
Бұйрығын бажай айла бір Құдайдың.
Сүннәтін Сәруардың сай бағыштап,
Соңыра бол сықылында туған айдың.
Жазмыштан озмыш сірә болған емес,
Келгенмен керіп қадам құлаш жайғың.
Бастасын Тұрмағамбет бір хикая,
Келсеңдер бірі едің деп сөзге байдың.
Самұрық сұлтаны еді барлық құстың,
Жоқ еді есебі оған біткен күштің.
Қорғанды қабат-қабат тастан салған,
Етуші ед ашуланса астын-үстін.
Бір кеуде, екі басы бар еді оның,
Сөйлеуші ед біреуімен адам форым.
Құстарға біреуімен үгіт айтып,
Беруші еді бәріне де тауып орын.
Қасында Сүлейменнің болушы еді,
Қызметін недей қосқан қылушы еді.
Жеті мың қатар болып қанат жайып,
Құс біткен төбесінде тұрушы еді.
Сүлеймен бір күндері жиды жұртты,
Ұшар құс, жүгірер аң, әр түрлі ұлтты.
"Қалқан боп халық біткенге тұрындар" деп,
Кідіртті кетіп бара жатқан бұлтты.
Кең ойлы кемеңгерлер келді неше,
Беретін барлық істің шарқын шеше.
– Тағдырды Тәңірі жазған тәсіл тауып,
Бұза алмас, – деді, – ешкім тұрып кесе.
Осыған мақдұқтың бәрі нанды,
– Қойдық, – деп қол қусырып, – бұған тәнді.
– Ақылың бәріңнің де жоқ екен, – деп,
Самұрық сенбей оған ашуланды.
– Тағдырды тіпті оңай, — деді, – бұзу,
Көңілге бұл туралы келді қызу.
Күні ертең көздеріңе көрсетейін,
Бәрің де көрмесең де мені түзу.
Отырып жанға болмай жанжалдасып,
– Болад,– деп, – кім білімді менен асып?!
– Егессек өлтірер, – деп, – бізді бұрап,
Қорыққаннан халықтың бәрі кетті қашып.
Сол сағат Жебірейлі жетіп келді,
Шақырып, Самұрықты қасына енді.
– Тағдырды Тәңірі жазған бұзамын, – деп,
Сөйлетпей тұрған болсаң осынша елді.
Патшадан Батыстағы бір қыз туды,
Бибісі бұл уақытта оны жуды.
Жөргекке орайын деп ыңғайланып,
Сипалап сарқып жатыр жуған суды.
Патшадан және ұл туды Шығыстағы,
Болды азат барлық адам жұмыстағы.
Қуанып әйел, еркек, шашып жатыр
— Шашу ғып ақшаларын ыдыстағы.
Болады осы екеуі ерлі-байлы,
Бір тұрып түзеп алар үй мен жайды.
Тұрғанда некеленбей, екеуінен
— Ұл туар тиетұғын халыққа қайыры.
– Қолыңнан, – деді, – екеуін келсе қоспа,
Жұмыста, қосып алып, жүрме босқа.
Асылында ел біткенмен ерегіспе,
Боларсың дұшпанға мат, күлкі досқа.
– Қайтпаймын қапайда да, – деп, – райдан,
Отырып одан жаман одырайған.
– Осыны олай десең орындауға,
Кет, – деді, – күн ілгері бұл маңайдан.
Тауып бер бұған, бірақ, кепіліңді,
Жалпылдат онан кейін кекіліңді.
Шарасын бұл жұмыстың шапшаң қолдан,
Орныңа отырғыз да өкіліңді!
– Кепілім – үкі менен, – деді, – қарға,
Шабатын шабандозым намыс, арға.
Шарт қылып, Сүлейменмен қол алысты,
– Бұлардың салмаспын, – деп, – басын шарға.
– Мен кепіл болмаймын, – деп, қарға қашты,
Қай кезде халыққа тентек алға басты.
– Болам, – деп, – сен қашсаң да, өзім кепіл,
Байлады үкі отырып арға басты.
Мархамат ол үкіге айтты өте,
– Жүретін досымсың, – деп, – жүдә, төте.
Қарғаға қатаң түрде қалды өкпелеп,
Жек көріп, "жоқ екен, – деп, – сенде жете".
Самұрық сонан кейін жатты да ұшты,
Орнына отырғызып өзге құсты.
Тағдырды Тәңірі жазған талқан қылып,
Көнді боп көрсетуге көпке күшті.
Батысқа түзеп алып бетті тура,
Жеделдеп жер тамырын ұшты суыра.
Сияғы сол уақытта Самұрықтың,
Жараған қаңтардағы бейне бура.
Батысқа тынбай ұшып жетті зорға,
Ойланды түсіруді қызды қолға.
Ханшаны ортаға алып, өлең айтып,
Адамға отыр екен толып орда.
Аспанда қанат жайып, тұрды қарап,
Кеткен соң үйлеріне олар тарап.
Келді де, бесігімен ала қашты,
Деді де қалды ханым: – Бұл не, я, раб?
Неше күн, неше түндей тағы ұшты,
Жай емес, жанталасып жұмсап күшті.
Бір жерге жеткенінде, жан бал асы
– Көнді боп, келмес деген қиял түсті.
Ол орны — арал еді, қонды келіп,
Қартайдық, қиялымен қызды қорып.
Бар еді көлеңкелі гүжім дарақ,
Басына ұя салып жүрген қонып.
Әкеліп ұя үстіне қойды қызды,
"Тағдырды тап осы, – деп, – деген бұзды".
Асырап анасынан артық қылып,
Өткізді неше уақыт жаз бен күзді.
Ержетіп, едірейіп емшегі өсті,
Өткізді ұя үстінде ерте-кешті.
Керіліп кер маралдай анда-санда,
Ыңырсып, отырады сипап төсті.
Көктегі көркейді қыз толған айдай,
Бедеудей, көзі ойнап, қойған байлай.
Ықыласы Самұрықтың сонша кетіп,
Еруші ед еміреніп іші майдай.
"Тудым, – деп, – тап осыдан" ойлаушы еді,
Еркелеп, ойнағанын қоймаушы еді.
Қылғансын төсін төсек, иегін жастық,
Гүлдей-ақ күнде өсіп бойлаушы еді.
Кетуші ед Сүлейменге шыққасын күн,
Келуші ед қыз қасына болғасын түн.
" Қайткенде көңілін мұның көркейтем" деп,
Әр түрлі үйренуші ед ән менен үн.
Самұрық қызды бағып тұрсын мұнда,
Патшадан Шығыстағы сөзді тыңда.
Орнына атасының патша болып,
Ізіне ел біткенді ертті жұмла.
Көңіліне қоймады етпей келген ісін,
Көрсетті көп таңырқар қайрат-күшін.
Табылып барлық өнер бір өзінен,
Табылмас танысы жоқ, болды мүсін.
Шаһзада бір күндері жұртты жиды,
Бек, уәзір, патша мен бай, датқа, биді.
– Халқыңды қандай іске қосасың? – деп,
Бәрі де қол қусырып, басты иді.
– Сендерге бұйыратын, – деді, – жұмыс:
Алайық қазынадан алтын, күміс.
Жасатып жақсы қайық ұсталарға,
Гөлайттап судың үстін келген дұрыс.
"Мақұл" деп, ұста біткен соғып қайық,
Көрсетті су үстінде, бәрін жайып.
Жолдас қып көп адамды, жүріп кетті,
Орнықты өз орнына қойып найып.
Көп жүріл бір аралдан келіп шықты,
Андарды неше түрлі атып жықты.
Гөлайттап көңілдері біткеннен соң,
"Кел, енді, көшелік" деп, қойды жүкті.
Жел соқты жүрісімен сегіз күндей,
Бәрі де күн мен түнді қалды білмей.
"Ғарық болып осы суға өлеміз" деп,
Соншаның сұры кетті, бәрі күлмей.
Тынды жел сегізінші күн дегенде,
Тәңіріде іс тиегі, мың дегенде.
Аралдан асқар таулы келіп шықты,
Кететін күңіреніп, үндегенде.
Жіберіп жолдастарын аң мен ауға,
Жаяулап жалғыз өзі шықты тауға.
Ұялы ортасында дарағы бар,
Ғажайып көзі түсті бақ пен бауға.
Шаһзада таудан түсіп, бауға келді,
"Гөлайттап көрейін" деп ішіне енді.
Ұяда туған айдай бір қыз отыр,
Ашық боп жолдас, жаран, ұмытты елді.
Қыз-дағы қарады да, қайран қалды,
Ойланып өзіне де көзін салды.
Тұрпаты тап өзіңдей болғаннан соң,
Дағдарып, диуана боп, естен танды.
Шақырып Шаһзаданы қолын бұлғап,
Сөйледі бұлайынша, басын ырғап:
– Қорықпа, қасыма кел, тілдесейік,
Тұрғанша түу недейде, аузың құрғап.
Қуанып, қыз қасына келді жетіп,
Жағдайын түсіндірді баян етіп.
Ылаж жоқ бірі жерде, бірі қырда,
Тұрысты бір-біріне ышқы кетіп.
Қызға айтты: – Асырайтын анаң қайда?
Қалайша келіп тұрсың осы жайға?
Шыныңды айт, адамбысың, перімісің?
Суретің сонша сұлу, сөзің майда?
– Ұшатын анамда бар, – деді, – қанат,
Күніне неше айшылық жерге барад.
Бұл күнде Сүлейменнің қызметінде,
Сағатта, қайта қойса, келіп қалад.
Болғанмен анам ондай, өзім мұндай,
Отырмын осы ұяда неше жылдай.
– Не екенін негізімнің білмеймін, – деп,
Жағдайын жасырмастан айтты шындай.
Андады Шаһзада бұл сөзінен,
Ұяға келмегенін қыз өзінен.
Көркейді көңілдері гүлдей жайнап,
Пәр алып бір-бірінің мінезінен.
Қыз алып қолға алтыннан бір пиала,
– Шарап іш, – деді, – шығып осы ұяға.
– Қасыңа қанатым жоқ ұшып барар,
Салма, – дейді Шаһзада, – құр қияға.
Құс емес, қысқасында, сенің анаң,
Тұрпаты тап өзіндей болады адам.
Қанатың, одан тусаң, қалай болмас,
Неліктен ескермейсің, жоқ па санаң?
Анықтап сұра анаңнан асылынды,
Туған жер, тұқым, тек, зат, нәсіліңді.
Егер де айтқаным шын бола қойса,
Құтылар қамдана бер тәсіліңді.
Соны айтып, Шаһзада жатты бұғып,
"Көрініп қалам ба, – деп, – шиім шығып".
Самұрық күн батқан соң ұшып келіп,
Отырды ұясына түгін жығып.
– Шырағым, саумысың? – деп, сүйіп бетін,
Әкелген беріп жатыр нан мен етін.
Ісіне етіп жатқан қарағанда,
Түрі жоқ қылатұғын қызды жетім.
Еркелеп мойынына асылды қыз,
Айласын алайда да асырды қыз.
– Бірнеше сұрайтұғын сауалым бар,
Анығын айт, – деп, – ана, бас ұрды қыз.
Қырындап қызға қарай басын бұра,
– Шырағым, сауалыңды, – деді, – сұра.
Берейін біженімше жауабыңды,
Емеспін өтірікті айтқан, сірә.
– Тудың ба, – деді, – ана, мені өзің?
Айтатын анығында осы сөзім.
Өзіңнен о басында туған болсам,
Қанатсыз қалайынша болдым өзім?
Самұрық сөйлеп сөзін, шарқын шешті,
Қуанып қыз да жинай береді есті.
"Қалайша қосылам, – деп, – ғашығыма",
Өткізді ойланумен осы кешті.
Таң атып, тарқап жұлдыз, болып жарық,
Күн көзін ашқаннан соң шығып шарық.
Самұрық қанаттарын қомдады енді,
Келуге Сүлейменге енді барып.
– Түсір, – деп өтінді, – онда, мені жерге,
Келген соң, шығарарсың алып өрге.
Отырсам өне бойы үй үстінде,
Түрі бар толатұғын ішім шерге.
– Мақұл, – деп, – мұның, – жерге алып қойды,
Ойы жоқ келед деген бөтен ойлы.
Қосылып екі ғашық бір-біріне,
Ойдағы уайымның бәрін жойды.
Болды қыз түнде ұяда, күндіз бақта,
Сандалып Самұрық жүр екі жақта.
– Соқтырып бір сандықты бер, – деді, – енді,
Қолайлы құлаш жарым тауып тақта.
Етейін бақ ішінде оны ермек,
– Мақұл, – деп, болып кетті әкеп бермек.
Жетісті мұндайынша себеппенен,
Жазуды о бастағы әркім көрмек.
Бір сандық айтқанындай келді алып,
– Нәрсеңді қоя қой, – деп, – бұған салып.
– Құлдық, – деп, – құрметіңе қылған, ана,
Қыз-дағы қол қусырып қойды ырғалып.
Балаға баяғы айтқан болып жүкті,
Көркейіп күннен-күнге, іші шықты.
Қаупі жоқ, қуанатын болды Самұрық:
"Болды, – деп, – қалайда да қызым мықты".
Ханшаның туатұғын толды күні,
Құс та жүр "қорыдым, – деп, – күндіз-түні".
Елшісі екі жаһанның Жебірейіл,
Келді де Сүлейменге айтты мұны.
Сол сағат Самұрыққа қылды пәрмән:
– Қызынды алып кел, – деп, – ұрлап алған!
– Ойланып өзім-дағы жүр едім, – деп,
Қанатын қағып-сілкіл, қайымдаған.
Бірнеше қосшылыққа ертіп құсты,
Сол сағат кідірместен жатты да ұшты.
Мақтанып бәріне де келе жатыр:
– Қанекей, көріңдер, – деп, – біздің күшті!
Есітіп қанатының бұлар даусын,
Қорыққаннан "болады, – деп, – қандай мәусім?!"
Сандыққа Шаһзада жасырынды,
Көндімен "көрмес, – деген, – келген аушым".
Құс еріп қасына көп, келді күліп,
Көргенсін қыздың да іші кетті жылып,
Мезгілсіз келгеннен соң "бұл қалай?" деп,
Қалып ед қалайда да олар қауіп қылып.
Келді де: – Мін арқама, – деді, – балам,
Қорықпа, Сүлейменге алып барам!
Жазғанын Жаппар Хақтың бұзғаныма,
Бір талай көп алдында сыйлау алам.
Қыз айтты: – Жоғарыға шықсаң ұшып,
Қорқамын, тамағымды жеген құсып.
Арқаңда асылында отыра алмай,
Өлермін есім ауып, жерге түсіп.
Жатайын бұл сандыққа енді кіріп,
Алып ұш аяғыңмен мені бүріп.
– Балаңның бұл айтқаны дұрыс қой, – деп,
Қоштады қыздың сөзін құстар тұрып.
Сандықтың кірісімен жауып аузын,
– Ұша бер, – деді, – енді тап та төзім.
Қуанып қарбаң-құрбаң алды да ұшты,
Ақымақтай артық көрген дәннен қауызын.
Уақытта келе жатқан көкте ұшып,
Ұл туып, бауырында жатты қысып.
"Келетін қыздың көркін көреміз" деп,
Жұрт біткен жатыр еді жиылысып.
Алдына Сүлейменнің алып келіп,
Мәз болып, мақтаншылық кеуліне еніп.
– Тағдырды тәңірі жазған бұздым, міне,
Бер, – деді, – сыйлауыңды, ашып, көріп.
– Өзің аш, – деді күліп, – көрсін халық,
Тағдырды, аларсың, – деп, – бұзсаң анық.
Ұятың өміріңше ұмытылмас,
Деп қалсаң өкініш жеп: "Оһ, дарих!"
Сандықтың Самұрық кеп аузын ашты,
Ішінен екеуі де тұра қашты.
Орнында туған бала тулап жатыр,
Жарқырап туған айдай, алтын шашты.
Сол сағат сұп-сұр болып танды естен,
Тырп етпей жануардай жаны кешкен.
"Өлімнен ұят күшті!" деген рас,
Байланып тіл мен жағы, үні өшкен.
Қорыққаннан қу далаға қашты үкі,
Тартпайды ондай күйде кімдер мүкі?
Қарқылдап, қарға артынан тұра қуды,
– Кірсін, – деп, – көтеніңе сенің шүкі.
Бұзылған барып кірді молаларға,
Ем таппай ауруынан оңаларға.
Қолына елдің үкі түсе қойса,
Айналды ақырында тоналарға.
Самұрық сұлтандықтан қалды түсіп,
Жабысып жатып алды, жерді құшып.
Болған соң халық біткенге қара бетті,
Кешікпей Қап тауына кетті ұшып.
Көрінген сонан кейін емес көпке,
Көтеріп, көптен шықты, кеулін көкке.
Берген соң Алла өмір, осы кезде,
Әлі отыр ұялумен, өлмей текке.
Жетісті екі ғашық мұрадына,
Жазған соң жетіспей-ақ тұрады ма?
Себеппен Самұрықтың өзі қайта,
Қолымен қосып кетті, құрады да.
Үкіміне қоймағанның Хақтың мойын,
Төбесі тесіледі тиіп шойын.
Айрылып абыройдан ақырында,
Мал-мүлкі болып кетер қара қойып.
Сыналар қақпайтын қас қайбір іске,
Табады екі дүние абыройын.
Гүжім боп көлеңкелі көп таңырқар,
Үй тігер ел түбіне өне бойын
Отырып саясында, салып төсек,
Тарқатар тамашалы жиын-тойын.
Кеңесіп, көптің салған көміп жолын,
Кең ойлы кемеңгерлер етпе ойын.
"Жол табам жалғыз өзім" дегендердің,
Өсірмес, өшірмесе, Алла бойын.
Жаздырып жақсы жаман жұмысыңның,
Қалдырмайды қалайда да сіркедейін.
Біледі ниетінде ненің барын,
Дегенмен бұзықтық қып бүркенейін.
Ерік жоқ ер басында, ет қамыңды,
Десе өлім күнің бітті күркелейін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі