Өлең, жыр, ақындар

Мәңгілік рух – Махамбет

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1954
...Найзасы жалаулаған батыр еді,
Лебізі алаулаған ақын еді.
Ол жырдың екі аяқты пендесінен
Аспанның сұңқарына жақын еді,
Адамның адамының адамы еді,
Бір өзі бір халықтың заманы еді,-
Әбіш Кекілбайұлы

Заманның заңғар жазушысы «Қазақ» газетін шығарушы әрі бас редаторы, Құрметті де аса мейірімді ағамыз-Қоғайбай Сарсекеевке,
оның шапағатын көріп,қадір тұтатын ақын інісі осы бір поэмасын шын жүректен арнайды.
Лұқпан

Бастау
Айдың ізін ай басар,
Аттың ізін тай басар.
Халық айна шындықпен
Ғасырларға жалғасар.
Ол жоғалтпас асылын,
Кейінгіге мұра қып.
Сыр жоқ онда жасырын,
Өн бойында туралық.
Сол айнадан бабамның,
Өрлігіне сүйсініп,
Тебіреніп толғандым,
Жанар таудай сілкініп!
Найзағайдай отты әнін,
Жалау қылып жаныма.
Жарқылдаған оттарын
Құйып алдым қаныма!
Аян берді Әулием,
Ала таңда сызатта
Түнеу үшін бет алдым,
Мәңгілік Рух шыраққа!

Ақын
Кең өмір босағасында
Іздемей жанға тыныштық.
Сырымды қош таласың ба,
Өлеңмен дос боп ұғыстық.
Жүрекке отты жыр ыстық.
Қайыспас асау шабытпен
Дауылды дүлей аңсадық.
Кеудеме біткен дауыспен
Өзіңе келдім жар салып,
Күмбірде – күмбір күй шалып.
Ел үшін тусаң арман жоқ,
Дегенсің қапы өтерде.
Көкейге сол сөз ноқта боп,
Есімнен менің кетер ме.
Оттыңмен сөнбес бекерге!
Айтпақшы, ата күнінде,
Жағалап Жемді жүрдің бе!
Маңдайдан тамған тамшы тер,
Сондағы мен ғой білдің бе,
Жыршы құс болған бұл күнде!
Сайраумен ел – деп, батырым
Қанатқа іліп жырыңды.
Халқымнан тапқан бақытын
Ұрандап келем үніңді.
О, жан баба Махамбет,
Қабыл ал ақын ұлыңды!
Жиырма бес жаста жалынды,
Қарсы алып алтын таңымды.
Жетектеп көңіл нарымды,
Толғантым оймен жанымды.
Сындырмас деумен, сағымды.
Келгенмін саған жан бабам,
Өлеңнен іздеп бағымды.
Серік қып Иман, Арымды.
Ту қылып ұлттық танымды
Тулатып оттай қанымды.
Асыл туған алып ер,
Бұл күнде қос бес сән құрды,
Жүрекке от қып жырыңды,
Ту қылып келем нұрыңды.
Тіл қатшы, баба, Рухыңмен,
Тыңдайын елітіп үніңді.
Сағынып келдім Жылойдан,
Өзіңдей кие күнімді!
Махамбет баба үні
Хош келіпсің, кел балам,
Рухымды іздеп жатпаған,
Тарихымды білсем-деп,
Жырларымды жаттаған
Болашаққа талпынып,
Іздерімнен айтпақ ән,
Ағылтайын тасқын жыр
Әлі ешкімге айтпаған,
Кеудеме түйіп сақтаған.
Көретін бол бабамның
Ерліктерін қайтадан,
Талаптыға нұр жауар,
Түп тамырын жоқтаған.
Үзілгенін жалғауға,
Алты Алашқа ой салған.
Ал, кәнеки құлақ түр
Ұяласын бұлақ сыр
Не үшін жауға найза алдық,
Ұрпағыма жауап бұл!
Жыртқыштардай қаптаған,
Өзінің елін таптаған,
Қанын сорып сүліктей,
Тірілей жанын қақтаған.
Зорлықшыл орыс патшаның,
Саясатын жақтаған,
Ниеті қара болсада,
Бұзығын үнсіз ақтаған.
Көңілін бірде жықпаған,
Бұлжытпай оның бұйрығын,
Жалауға дайын құйрығын,
Қошемет жасап жатпаған,
Топырақ шашып халқына,
Тәубәден кетіп тақты алған,
Ұяттан безіп мақтанған.
Екі жүзді хан шықты,
Ата- салттан аттаған!
Білмеді доңыз ұятты,
Бұқараға қи атты.
Арсыздықпен жәбірлеп,
Басына қамшы ойнатты,
Зығырданды қайнатты.
Өрісіне өрт қойып,
Дозақтың оты сияқты.
Жерімді алды, малды алды,
Салығын көлдей мол салды.
Төрім көрге айналды.
Өз құлқынын ойлаумен,
Жинады құзғын қарғаны.
Қалың елді жылатты,
Босағамды қиратты.
Ұл- қызымды шулатты,
Жайық пен Еділ ортасын
Патшасына тонатты.
Ар иманын жоғалтты,
Өз ұлына оқ атты.
Жағадан суын ішкізбей,
Қамшылап тілді тамақты,
Туған жерден айырып,
Қуғындап шөлге таратты.
Қара жерге қаратты.
Жағалай салып бекініс,
Орыстан қойды солдатты.
Ел іргесі сөгіліп,
Омырауынан қан ақты!
Шыдамадық бұл іске,
Намыспен кіріп кеңеске.
Хан ұлына қас болып,
Қалың жұртқа бас болып
Исатай батыр бабаңмен
Бостандық үшін қол жинап,
Бел будық ерлік күреске.!
Салмағын салып жанға ауыр,
Қаһарын шашып көк дауыл,
Күркіреп алдан соқса да,
Болмады бізге тосқауыл.
Жорытқан еркін даламда,
Бөрілердей тастап үн.
Атылған сансыз жебедей,
Ұмтылдық алға сан бауыр!
Тіледік құлдық құруын,
Теңдіктің дәурен сүруін.
Сол үшін жасып – талмадық,
Жұтсақ та азап шер уын.
Ағатайлап, атойлап
Басқардық әскер шеруін!
Азаттық біздер аңсаған,
Күрес- деп, талмай жар салған
Көтердім үнін жырыммен,
Жігерге оймен дем салған.
Ұғынсын – деп, адамзат,
Қолдасын – деп, барша адам!
Ажал боп алдан көрінген,
Сескенбей тіке өлімнен.
Келер ұрпақ, сен үшін,
Қанымды қиып төгілген.
Жолбарыстай жорыттық,
Мұз кешіп қалың еліммен!
Боранды желмен жарысып,
Көнбеген жауды жанышып,
Қорлық көрген халқымның
Алуға кегін алыстық.
Бір тілекпен үн қосып,
Алашпен түгел табыстық!
Найзамен қағып ілгегін,
Қайтару үшін ел кегін,
Суарған қанға қылышын,
Зорлықтың қатал жендетін.
Халқын сатып күні үшін,
Жоғалтқан адам келбетін
Дірілдеттім сұм ханды,
Солқылдатып көркемін.
Ышқындырып өрт демін,
Жеңіске жақын шағында
Әттең қайран Исекем,
Сумандаған жыланның,
Қиды – ау, сеніп ертеңін.
Құйрығын басып, у басын
Кеспек боп қолда алмасын
Ұмтылғанда, сол ағам
Жыланның аяп көз жасын.
Он күн мезгіл бер деді – ау,
Жеткізіп маған қаз дауысын.
Өзекті өртеп өкініш,
Төзімнен іздеп бекініс,
Ағаның сөзін қимадым
Бойымда тулап екпін күш.
Қайтейін ұрпақ бұл да бір
Тағдырым салған өткен іс.
Шерменде болып, сәт күтіп,
Ашуға кекті тұттығып.
Теңселіп сансыз ой кештім,
Шоқ шайнап,қызыл от үріп,
Қолға түскен сұр жылан,
Кетердей қазір құтылып.
Шығардай түбі құтырып.

Халық үні
Екі жүзді әуелден,
Ханымыз шықпай уәдеден,
Сатқындық жасап еліне,
Қазына алтын сыйменен,
Орысқа жетіп күймемен,
Әуелде өзін үйреткен.
Әскерін атты алдыртты,
Зеңбіректерін сүйреткен.
Осылай бұзып ар ісін,
Халқымның алып қарғысын
Зар үніне зар қосып,
Айдап салып қаңғысын
Үзбеуге құлдық шынжырын,
Төндірді мұңды қайғысын.
От шарпыды төріме,
Кең дала куә бәріне.
Сырласа білсең ой бөліп,
Айтар – ау мұңын әлі де!

Дала үні
Іздерінен бабамның,
Іздесең ерлік ұшқынын,
Ұғынып тілек арманын
Ойларға терең түс бүгін.
Куәмін ұрпақ бәріне
Бәрін де көріп естідім!
Әр заманның беттері
Көтерген уақыт жүктері,
Төсімнен менің теріліп,
Ғасырлар бойы түптелді.
Бабаңның жолын сұрасаң,
Берейін толғап өткенді!
Кеудемде бәрі жаттаулы,
Үңілсең ешбір жоқ дауы.
Көпір қылып қазақты
Азияға алып аттауды.
Арман қылған орыстың
Мінекей жазба хаттары!
Айырылып теңдік – жазыңнан,
Көз алмай құса зар - мұңнан .
Күрескен орда қазылған,
Әлемге Армен танылған
Жүз жарым жылдық тарихың,
Бабаңның қызыл қанымен
Сен үшін, ұрпақ жазылған!
Махамбет соның бастауы
Мәңгілік рух! Қазынаң!
Ерлік пенен Елдіктің,
Ар намыс мен өрліктің,
Қанатын көке жаздырған.
Өлімді де жеңіске,
Жырларымен оздырған!
Сол қайнардан нәр алған,
Ұлылық оймен нұрланған
Сөйлесе тілдің шешені,
Қабдолұлы Зейноллаң
Бабаң жайлы жыр аңыз.
Ағылтып талай толғанған!
Даналығын зерделеп,
Кеудеңе құйып ал, балам!
Ашылды білем тынысың,
Іздеген осы ырысың.
Іздерін жалғау бабаңның
Қасиетті кие борышың.
Азаттық таңын сыйлаған,
Ұстай біл жұмыр қылышын!

Бабалар үні
Ер болып туған жасынан,
Бес қаруын асынған,
Елім деп соғып жүрегі
Ата даңқын асырған.
Азаттықты арым деп,
Ақиқатқа бас ұрған
Дауылпаз ақын Махамбет
Жаратылған асылдан.
Аумайтын жігер болмысы,
Көкте ойнаған жасыннан.
Бұлт ішіне нұр тастап,
Сәуле шашқан күнге ұқсап.
Бар үнімен дауыстап.
Зәресін алып жаулардың,
Торлағандай жан жағын,
Жебеден тартып жырларын,
Қылышын жұмыр қолға ұстап,
Теңдігі үшін елімнің
Күреске бізді шақырған!
Арыстан жүрек ондағы,
Жолбарыс білек қолдары.
Бостандық болған арманы,
Ел үшін туған сол батыр.
Сан кешіп азап жолдарды
Қайыспас қара нарлардай,
Майданда отты талмады!
«Ағатайлап», атойлап,
Жау шегін бұзып айқайлап,
Аруағы қырық әуелеп,
Ұшына өткір кек байлап,
Атылғанда жебедей
Соңына ерген қалың қол,
Қуаттанған нұр жайнап,
Қосылғандай бар аймақ!
Ерлігі елмен жарасқан,
Әруағы бұлтпен таласқан.
Шеркештегі Жаңабай,
Ысықтан батыр Қалдыбай,
Ер жүрек ұлы Иманбай,
Қорғасыннан құйғандай,
Жауға салар салмақты,
Асау Тұрлан жан қалмай,
Тыным таппас жауды алмай.
Сілкінген алып таулардай,
Тазға біткен күн мен ай.
Төремұрат, Нарынбай,
Есентемір Ер Мыңбай,
Бабалардан бата алған,
Жауды қойдай қайтарған.
Ер Өтенмен, Күнжарық,
Көкжал батыр Айжарық,
Ел үшін туған ерлерім,
Әскерінің сәні еді.
Жауға шапқан ту ұстай,
Әр сөзі өткір қылыштай.
Дұшпанға тіке қараса
Қаңбақтай ұшқан ұрыспай,
Көріпкел еді Әулием
Қазаққа біткен тыныстай.
Жаршысы болып ерліктің
Атылған жауға барыстай!
Қажыса күйі күмбірлеп,
Сезімнен нәзік күнге өрлеп
Мұз жүректі ерітіп,
Қаныңа бойлап еркіндеп
Шақырған ерлік күреске
Азаттық, Теңдік, Елдік – деп
Ұлы сардар Махаңның
Өзіндей болып күлімдеп!
Содан соң қайта тіл қатып,
Нажағай жырды боратып,
Дауылға мініп оқ атып
Ерлікке қайсар бастар ол.
Намыстың отын лаулатып.
Ғасырлардан ғасырға
Жетуге ерлік жалғатып.
Боған соң зорлық дәуірім,
Азаптың жұтып сан уын.
Адамзаттан сұрады ол
Ақылмен өмір сүруін.
Сол үшін түстік шайқасқа
Тастамай күрес қаруын!

Ақ Жайық үні
Ұрпақ сенің қорғау үшін жаныңды,
Шаң баспауға шуағы мол таңыңды.
Бейбіт күннен тыңдау үшін әніңді,
Тарихыңнан ұғынар деп,танымды.
Қанша жанның жанарынан күн өшіп,
Қанша жанның қаны менде ағылды.
Қаншасының сауыттары шешілмей,
Ақ толқынның көбігімен жабылды
Қаншама ару оларды іздеп зарығып,
Құшағымда аққу болып сабылды.
Жеткізсем деп,үміт қылған арманын,
Сан ғасырлар дауыстаудан тынбадым.
Ақын болсаң толқыныммен үндес бол,
Мен айтайын бабалардың жырларын,
Өзекті өртеп шер боп қатқан сырларын.
Жабыққанда ән қып айтқан мұңдарын.
Сыйлау үшін саған таудай бақытты,
Қоршаса да қалың жауы жан – жағын,
Азаттықтың салған сүрлеу жолдарын.
Жан да берген,баста берген сен үшін,
Ту қып ұстап намысы мен арларын!
Дала үні
Мынау бір өзен Қиылда,
Соқтырды тағдыр қиынға.
Орыстан жеткен көп әскер
Жол бермей ұқсап құйынға.
Зеңбіректерден оқ атты
Тас өткелдің қырында,
Бекетайдың құмында,
Еркіндік сүйген тұйғынға.
Толғамалы ақ балта,
Алты құлаш ақ найза,
Сынада екен бақ тайса.
Қоршауында дұшпанның,
Тілгілеп мұздай құрсауын.
Ұрандап жалын тастап үн,
Нажағайдай атылып,
Ашу кектен ақырып.
Тасқын судай ағылып,
Ерлікке өлмес шақырып,
Шаң тигізбей намысқа,
Азаттық үшін тартыста,
Жауына түсер жасындай,
Тайсалмай енді соғысқа.
Боратып қардай оқтарын,
Бөлшектеп ерлер топтарын,
Бірақта әттең залым жау,
Әр жерге тастап шоқтарын.
Қол бастаған көсемді,
Сөз бастаған шешенді.
Сығалап үзіп ақ таңын,
Ақыры атып түсірді,
Ағызып жерге от қанын.
Еңіреген елім – деп
Исатайдай киелі
Азаттықтың сұңқарын!
Бұл не деген залымдық,
Өксік жұтты қалың жұрт.
Еш болды-ау деп, еңбегім,
Ең соңғы рет алқынып,
Атаңа нәлет, хан-ай, - деп
Шерменде өтті қамығып!
Дүние тегіс дүр етті,
Жер ана жылап дір етті.
Қидыңдар –деп, - қалайша,
Халқым-деп, соққан жүректі.
Қайтерсің енді тарықпай,
Ескексіз қалған қайықтай,
Әлсіреп өшер жарықтай.
Махамбет тұрды теңселіп.
Жоғалтып таудай тіректі!
Күн тұтылды көгімде,
Сыңсыған аққу үні де.
Ақсақалды қарттарым
Көз жасын төкті егіле.
Боздады көңіл зар жылап,
Өртенген дала төрінде.
Қарғыс атқыр хан жауыз,
Тығылды орыс ініне.
Күндердің күні болғанда,
Өлерін кектен білді ме!
Ал, Махамбет жаралы,
Сөнгендей отты жанары
Өзекті өртеп өкініш,.
Бұзылғандай қамалы.
Таусылғандай амалы,
Нажағай тектес жырымен,
Іштегі дертін қозғады.
Исатай батыр қолбасшым
Бір қиып түсер алмасым
Арыстандай айбаттым
Ел үшін туған қандасым.
Қанды көйлек жолдасым.
Өлмейтін өмір жалғасым.
Дауылға енсем атойлап,
Қайтарған алдан жау басын.
Жасынан қайсар жауынгер,
Танитын дала әр тасын.
Ағатайдан қалған бастауым,
Көгілдір биік аспаным,
Сусындатқан ерлікпен,
Алатаудай асқағым.
Азаттық үшін күрескен,
Сен барда жаудан саспадым.
Алынбас берік қамалды,
Жебемен бұзып тасты алдым.
Қараны қорлап жылатқан,
Кеудеге біткен басты алдым.
Еркіндік үшін ұрандап,
Бөрідей ханға бас салдым.
Жаралған ерлік ұлы іске,
Жорықпен бастар жеңіске
Кәтәпті қара нар еді-ау
Баспайтын қадам теріске
Қынжылып қабақ шытпаған,
Қабырғасын бір-бірлеп,
Сөксе дағы кеңісте!
Еліме біткен нұр еді,
Сәулесін төккен тегіске.
Жау көрінсе аттанған,
Аруағы ұстап шаттанған.
Дулағысының төбессі,
Туған айдай бұлт жарған.
Шірене тартқан жебесі,
Жауының шебін қопарған.
Аумайтын жасын оттардан.
Құландай жүйрік астында,
Саураннан сойы сақталған,
Ойнақтаған Ақтабан.
Ағылып желмен жарысып,
Ауыздығымен алысып,
Қан қызса тыным таппаған,
Ылдидан серпіп аттаған
Киеге толы иесін,
Қысылшаң жерде сақтаған.
Қазанат еді-ау мақталған.
Айшылық жерді күнде алып,
Састырып жауын таптаған.
Үстінде қайран Исекем,
Еңкейіп жерден оқты алған.
Қан құсқан жаудың қаруын,
Қас қағым сәтте қақ жарған.
Батыр еді-ау ол көзсіз,
Мыңға жалғыз оқталған.
Ол барда қара балта едім,
Қайрауы жетіп бапталған.
Сабым сынды қайтейін
Алтыннан ыстап қапталған.
Құлады тауым асқағым,
Үзілді бойдан асқақ үн.
Иесіз қалған моладай,
Жапанда жалғыз қақсадым.
Опасыз жалған дүние-ай,
Айырылып бүгін өзінен,
Ажалды тіке қарсы алдым.
Мендей ғаріп барма екен,
Толтырған мұңға құшағын.
Зарласам үнім жетерме,
Кеудеме соқты қарсы ағын.
Бақ құсым ұшты басымнан
Зар заман сені қайтейін,
Жаным өрт мұңды құсамын.!
Қараңғы түндей түнеріп,
Басыма бұлттар үйірілді.
Ақталмай арман тілегім,
Көз жасым жерге құйылды.
Тұнжырап қалды алтын бақ,
Жылады Жайық солқылдап.
Тына қалды самал жел
Еріксіз үнсіз мұң тыңдап.
Аунап түсті дархан бел,
Шалғынды жасы алқымдап.
Қазанат біткен ышқынды,
Құлағандай күн пырақ.
Ақша бұлт төкті көз жасын,
Аққуларменен бір жылап,
Сілкінді Нарын құмдары,
Қайғыдан құлап сусылдап.
Перішттелер түсті көгімнен,
Ақынды сүйеп, қал сұрап.
Бабалар тұрды шыдамай,
Рухымен демеп тұр-тұрлап.
Сипалап жазық маңдайын,
Ақылын айтып аңқылдап.
Халықтан шыққан ақынсың,
Болаттай болсаң сол қымбат!
Кеңейсің десең өрісің,
Молайсын десең жемісің
Ұрпақтан үзбе күдерді
Соларда өмір жеңісің.
Тәңірім саған сый берген
Ерлігің күй боп төгілсін!
Ұғынсаң фәни жалғанда,
Үлгі алмай батыр болғанба.
Әлдилеп баққан жас бала,
Жамандықты күземей,
Ел болып бесік түземей,
Оңынан қадам басқанба?
Тамырынан нәр алып,
Ата жолда ізі анық,
Тылсым күшке таңданып.
Даналықты сүйіп қуанып,
Жетілер жолға жалғанып.
Ұлттық рухпен толғанып,
Қасиетті Құран қолға алып
Бата тілеп алдыңа,
Келген сәтте нұрланып
Қол созған шақта арманға,
Құймасаң жалын жанғанба?.
Жақсының бәрі ғылымда,
Бере алсаң бағыт ұлыңа.
Айналып ақыл қорғанға,
Қанатың болар талғанда.
Іздеумен өтер өзіңді,
Күреспен өткен жолдарда.
Ата-салт әдеп бұлақтан,
Сусындамай толғанба?
Сұрапыл жылдар бейнетін,
Сол ұрпақты ойлаумен,
Кешкенбіз бізде майданда!
Ер болсаң елді ойлайтын,
Кемеңді салма қайранға.
Қайғыға жасып құласаң,
Бас игенің тағдырға.
Алдыңда мәңгі жеңісің,
Дертіңе бұғау таңдырма.
Үміттің отын сөндірмей,
Жалғай біл ерлік таңды алға.
Зар кешкен мұңды өр ақын,
Серпіліп қалың тұманда.
Мән беріп терең ойларға..
Домбырасын ұсынды,
Қылышын қалап сұраған,
Құрманғазы атты ұланға.
Ол шертті күйді «Кішкентай»,
Қол созып өнер арманға.
Ой салып ізгі бар жанға!
Осы бір сазбен күмбірлеп,
Күш бергендей құдірет,
Серпілді қайта Махамбет.
Исатай өлмес жігіттер,
Ерлік жолы барында.
Мәңгі қалар алып ер,
Ұрпағыңның қанында.
Әруағы жүрер нұр төгіп,
Азаттықтың таңына.
Менде өлмеспін күй-жырым,
Жетсе елімнің бағына.
Есіне алар нар халқым,
Ұмытпастан сағына!
Уай жігіттер мұңайма,
Теріс туған бұл айда.
Өзі беріп, өзі алған,
Бізден жөнді сұрайма,
Жақсы да керек құдайға.
Атадан талай ұл туар
Жолымызды жалғауға..
Бар үміт жалғыз Тәңірден,
Ұл-қызы батыр шетінен,
Тартық кәне Жылойға.
Бар болса Сатай нағашым,
Бауырына тартып бұл айда,
Жеткізер қалың Адайға,
Пір Бекет жатқан ақ тауға.
Бөкенбай батыр Алтайға.
Алаш,Алаш болғанда,
Алаша хан таққа қонғанда,
Ақыл қосқан талайға,
Жолы үлкен Әлім ағайға,
Қалың шекті тоғайға.
Қол жинармыз қайтадан,
Шабармыз жауды қалайда!

Бабалар үні
Тағдыр уын тосқандай ,
Өлгеннен соң Исатай,
Бірлік қашып қазақтан,
Бытырап қалды бұршақтай,
Шашылып түскен моншақтай.
Қалың әскер, қалың қол,
Әлсіреп сөнген ошақтай!
Маржан сөз балдай төгілген,
Хиуаң шықты уәдеден.
Түркменде теріс айналды.
Маңғыстау асып жөнімен,
Дел басып әскер құра алмай,
Махамбет мұңмен жүдеген.
Өткен күн қайтып келер ме,
Таппады ешкім ерерге.
Тірі болса Исатай,
Тамұқты бастан кешер ме?
Мұнартып ұшқан тарланға
Қол созса енді жетер ме?
Өкініш өртеп өзекті,
Тағдыры қысып күйретті.
Күңіреніп қайғыға,
Егілтіп жанын күй төкті.
Алауыз болдың ел неге,
Түбіңе сенің сол жетті,
Қызғаныш қорқау көр соқыр,
Пейіліңді тырнап өзгертті.
Құлдықта болса санаңыз,
Көрерсің талай нәубетті.
Болмаса ұлттық намысың,
Озбырлар салар әлекті.
Ішіңнен бүлік жау шығар,
Екі жүзді тым епті.
Байлықтан іздеп тіректі,
Мансаптан киген көйлекті.
Ар-иманнан айрылған,
Көрерсің мәңгүрт түлекті.
Ылдилап өрлі төскейің,
Жараларсың жүректі.
Өзегің шоқтай өртеніп,
Іздерсің Рух қоректі!
Күреспесең күш салып,
Кім берер бақыт тілекті.
Бірліксіз Отан анаңа,
Табасың қайдан тіректі?
Ащы зар, ащы мұңменен
Даламды тегіс күңірентті.
Жаныштап жанын ой басты
Қуғынға түсті қу басы.
Орыстар ізін бақтырып,
Жоқ қылу қамын ойласты.
Қолтыққа енген сатқын көп,
Тиер деп бізге пайдасы.
Жау баққан соң жағалы,
Жолбарыстай жаралы.
Жапанда жалғыз күй кешті ,
Зар заманда қараңғы.
Жырлары мен ойы асқақ,
Ұрпаққа келер үн тастап,
Бостандық болып арманы!
Әуелден өр боп жаралған,
Жазмыштан мол қып сый алған.
Сор көшсе де арына
Дақ түсірмей қыл жарған.
Қайда да жүрсе жауынгер,
Ақынын елі қарсы алған.
Жасырды оны жансыздан,
Ізіне түсіп жалданған.
Ол айтты мұңын желге де,
Аққу қаз толы көлге де.
Ақ жаңбыр езген бауырын,
Боз жусанды белге де.
Тауларға шерлі далама,
Асқақтап шапқан құланға,
Бұлттарға төккен көз жасын,
Қанаты күйген қыранға.
Есейіп келер күндерде,
Жұлдыз болам түндерге
Деген үнмен бұлқынған,
Бесікте жатқан ерлерге,
Бәрі де жырын қайталап,
Жеткізді алыс елдерге!
«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс
Ел қорыған мен едім.
Мен де айрылдым елімнен,
Көл қорыған сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен
Аспанда ұшқан қызғыш құс,
Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні
Мені елден айырған.
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып – айтпай немене
Құсалықпен өтті ғой
Махамбеттің көп күні!»

Қараой үні
Теңдікті іздеп өмірден,
Өлімге басы кесілген
Езілген асыл халқымның
Арманы жоқтап егілген.
Нажағай тектес Пір – ақын,
Көрмекке ұлын сезіммен,
Құшағыма келгенде
Сұмдықты көрдім көзіммен!
Ақ дәмінің үстіне,
Ұқсап құмдай көшкінге,
Ықыласпенен, жиырма адам,
Үйіне келді кешті іле.
Сұраса бәрі ағайын
Ой салар ұғар естіге!
Келгендей болып сағынып,
Бас қосқанмен сән құрып.
Жүрекке перде жамылып,
Ішінен қозғап аң қылық
Төрінен алып қылышты,
Алаңсыз сенген ақынның
Иығына мінді жабылып.
Боларма мұндай тағылық,
Ұлтының таптап намысын,
Есі ауған жандай жаңылып.
О, сұмдық-ай, сұмдық-ай,
Бұл не деген залымдық!
Ақшаға сатып арларын,
Патшаға орыс табынып.
Құтырған иттей қағынып.
Талауға салды батырды,
Қанжармен тіліп қан қылып.
Қарақшылар қанды қол,
Арқалар қарғыс мәңгілік.
Түбіне жетті ақынның,
Қасіретті қара түнді іліп.
Дос дегенің ез болды,
Ағайын құзғын бөз болды.
Қараң қалғыр Қараойда,
Сатқындық оғы кез болды.
Жанталасқан Махаңда,
Халқым-ай деген қимастық,
Ең соңғы жалын сөз болды!
Көргенмен алға құлшынып,
Қан құсты ақын тұншығып,
Дөңгелеп жарық дүние
Тарылды жалған тіршілік.
Қалмады істер амалы,
Тағдырға болмай кеңшілік.
Құлаған шыңнан қырандай,
Көз жұмды ауыр күрсініп.
Құйыршығы ханның қолы лас,
Ұрпағы өшкір Ықылас.
Басын шапты аяусыз
Кеуде қалды жым-жылас.
Қараң қалғыр мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн
Жазылған хаттай ұмтылмас!
Қан шашырап жан-жаққа,
Айналып сансыз шар отқа.
Бір ғаламат дауыспен,
Жер сілкінтті сол шақта.
Сақтау үшін бақытын,
Қажет – деп бірлік қазақа
Дауыстап тұрды ұзаққа!.
Қайталап ақын өлеңін,
Ұғар –деп, ұрпақ тілегін:
« Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық.
Қиғаш үшін қырылдық,
Қара қазақ баласын,
Хан ұлына теңгердік»
Содан соң қимас үнменен,
Қоштасқандай елменен
Нажағайдай жарқылдап,
Тұтасты батар күнменен
Ғажайып күшпен із тастап,
Ғылымың әлі білмеген!
Ай тұтылды аспанда,
Жас шықты қара тастан да
Ұлардай шулап айнала,
Мұңдарын бірге қосқанда
Еңіреп қалған қос жетім,
Әкесін жылап құшқанда,
Шыдай алмай күллі әлем
Қарғысын айтты дұшпанға!
Ақынын өзі өлтірткен,
Өз тілін өзі өшірткен,
Залым хан ба?
Масқара!

Бабалар үні
Арсыз да бір, ит те бір
Көрсетер бәрін күйкі өмір.
Кешегі тілден у тамған
Жылатқан ханды өр көңіл.
Ақынның басы кесілген,
Әкелді сатқын өртеңгір!
Ұқсамай өлік кескінге,
Енгендей қаһар күшіне.
Табалап ханды тілердей,
Жез табақтың үстінде
Төгілгені кекті жыр,
Тасқындай толып екпінге!
«Хан емессің, қасқырсың,
Хан албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын.
Хан емессің – ылансың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің – аянсың,
Айыр құйрық шаянсың!»
О, сұмдық-ай, осы өлең
Қалай түсті есіне!
Өлмепті ғой ол әлі,
Ей, Ықылас құры әрі,
Басы айналып тағынан
Хан шалқалап құлады.
Ал, Махамбет алдында
Жыр қылышпен тұр әлі.
Ішемін деп қаныңды,
Аламын деп жаныңды
Айтып болып күнәңді.
Сол үшін ол келгендей,
Серпіп ажал-тұманды!

Қараой үні
Сол көрініс баяғы
Қызыл қанға бояулы.
Кеткен емес есімнен
Жанға салған қаяуды
Ұмытайын мен қалай,.
Атадан туған әруақты,
Ақын ұлды аяулы.
Қара түнді қақ жарып,
Аман ба деп нар халық,
Жебе сөзбен дауыстап,
Күнде құшақ жаяды.
Мақпал түннің демімен,
Нұрымен айдың өрілген
Ағылтып ғажап өлеңді,
Туған жердің төрінен
Өн бойын дауыл күй кернеп
Сырласады еліммен.!
Боз жусанды иіскелеп,
Жаны толқып, елжіреп,
Тебіреніп қарайды,
Болған жерін соңғы рет.
Ал содан соң іздейді
Ұрпақтарын күбірлеп.
Нұрсұлтаным тұңғышым,
Мақсат кенжем тынысым.
Үн қатсаңшы бармысың,
Көп қой айтар алғысым.
Кәбірден әне жан бітіп,
Сәбилер шықты пәк мүсін,
Айналады аруақ
Иіскелеп қос құсын!
Дауысты естіп жаңағы
Сыңсиды естіп жан-жары.
Әй,Махам-ай, Махам-ай,
Ез ұстады-ау, жағаңды.
Сыйпайды әлсіз саусақпен,
Бас-сүйекті жаралы
Болсада түнек қараңғы!
Ақын да жанын егілтіп,
Сезімге нәзік елітіп,
Қайдасың қайран халқым деп
Ағылтар жырды төгілтіп.
«Еділдің бойы ел тоғай
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Ханна қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы
Халықтың кегін құсайшы!»
Осы еді арман жақұты,
Отанын сүйген бақытты.
Біткендей таңда уақыты,
Құс жолына сіңісіп,
Көз байлап үнсіз жоқ болар,
Ғарышқа алып бағытты.
Көргенге нұрға айналып
Сый қылып Рух жарықты!

Ұрпақ үні
Асыл баба мәңгілік,
Өшпес рухың жаңғырып.
Ғасырлардан ғасырға
Жүрегіне жаздырып,
Жеткізген бізге бабалар
Жырларыңды жаз қылып!
Елімнің жүгін көтерген,
Найзағай тектес отты өлең
Асқақтатып даңқыңды.
Дем беріп ата-салтымен
Жетелеп алға ұрпақты,
Бірге жүр сүйген халқыңмен!
Өзің де, баба, біргесің
Кетпеген жарық елесің.
Ағыны күшті дариядай,
Ақпасам қаһар төгесің.
Түсіме еніп сөгесің.
Ер болып неге тудың деп,
Үлгі етіп ерлік термесін!
Сәулеңді құйып жануға
Ұрпақтың жалын жанына.
Жан айқаймен елім-деп,
Қан құясың қанына.
Қамқор болып қанатын ,
Биіктерге қағуға!
Сақталған төкпе күйің де
Баяғы тасқын күйінде.
Азаттығымның үні боп,
Күмбірлейді төрімде.
Дабыл қағып дауылдай,
Шегінбе деп, кейінге!
Ізгілік үшін жаралған,
Ұлылық толы жыр-мұраң
Сәуле шашып бүгінде
Кең әлемге таралған.
Кешсеңде өзің тамұқты,
Дана деп, ұққан бар адам!
Ғұмырың мәнді жоқ жасы
Қажетте болмас басқасы.
Елдік пенен ерліктің
Жырларының Патшасы!
Бар адамзат көксеген,
Бостандықтың бақшасы!
Қиын да сұлу тағдырың ,
Ізіңнен төгер таң нұрын.
Қастерлеп елің өзіңді ,
Сыйы деп білген Тәңірдің
О, Махамбет, мәңгілік
Рухыңа өшпес табындым!
Бойымда сенің жалының,
Жырыңмен құйған жарығын.
Жетелеп алға тартқан соң,
Ерлігіңді жырлап ағылдым.
Өзі боп аппақ жауынның.
Қабылда, ұрпақ алғысын.,
Дүниеде нұрың шалқысын,
Көбейсін сендей ерлерім,
Қорғайтын Отан намысын.
Халқымның артып бақыты,
Қуанышпенен ғана табыссын.
Азаттық таңын әкелген,
Баянды болсын бақ құсым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұмар қыз (Томирис)

  • 0
  • 3

Өн бойымда тулап Түркі от қаным,
Қолға ұстасам ұлы дала кітабын.
Сағымдардан желкен құрып өрлікпен,
Ғасырлардың тік көтеріп ақ таңын.

Толық

Шоқан

  • 0
  • 0

Тамыр тартып тектіліктің тегінен,
Бұлтты жарып жарық құйып көгінен.
Нар халқыңа күн болдың сен қуантып,
Ақыл- ойдың нәрін сыйлап біліммен.

Толық

Сұлтан Ғалиев

  • 0
  • 0

Жолдарында Гулаг, Карлаг із қалған,
Қуғын сүргін заманыңда зобалаң.
Келешекке алдын-ала ой салып,
Жетпіс жылда не боларын болжаған.

Толық

Қарап көріңіз