Асқар ағаны азалау – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Асқар ағаны азалау» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 20.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1435
Мен — кентаврмын...
А. Сүлейменов.

Ол — кентавр!
Тәні — жылқы, басы — адам,
Жылқыдай — Зат және қазақ — Есі Алаң.
Европаның соқыр көзін ақитқан
Скифтердің елесінен қашаған —
Ол — кентавр!
Тәні — жылқы, басы — адам.
Құлақ қанып жарған күйге қанасын,
Тұяқ танып тау мен тасын, даласын;
Толық құқы бар еді оның кетуге
Еркін жайлап Евразия арасын.
Қорқыттардың қобызынан қыл үзіп
Жеті сазға жалғап еді — үні жік.
Әуеніне тырнақ салып шыңғыртты
Мешін түкті, доңыз текті құбыжық.
Құбыжықтан құтылмады қашқанмен,
Десе-дағы:
Мен —кентавр!
Асқар — мен!
Сондай кезде қойды жерге жоламай,
Араздасып кетті кейде Аспанмен.
Аспаннан да ая таппай, жерден де,
Адамдықтан жылқы кейіпке енгенде —
Тамырында қан кісінеп шабатын,
Көргенде ылғи шартықтарды шерменде.
Мен кімнен кем?! —
Астымда — жер, үстім— көк, —
Деп тұмсығын боққа қайрап үшкірлеп,
Жылқызада жүрегінің Жауырын
Қанатқанға —
Құзғын жүр-ау "ұштым", — деп,
Сауысқан да күлген шығар "құспын", — деп...
Жанарында аунап түсіп жатты аспан,
Арабы торы — алп, алп басқан, алп басқан —
Бола алмады қарғалармен тамырлас,
Бауыры — бұлбұл, қарындасы — қарлығаш. —
Хас өнермен Арын байлап анттасқан.
Жабыстырмай жал-құйрыққа жүн-жыбыр,
Алыс, қырбай қонған одан зыр-зыбыл.
Жерден, көктен мәшһураттас таба алмай,
Өте шықты жұлын-жұмбақ бір ғұмыр.
Бұлттың көзін қанатқанда ай ұшы,
Қан құйылған қаламсабы қайысып –
Жұлынан шығатын-ды
Дырау - сөз,
Өрімі еді Құнан Білдің қайысы.
Дырау сөзі сананы іреп, бет тіліп,
Тарпаң басып кете барды Тектілік.
"Доңыздардың тұмсығының қасында,
Есектердің құлағы адал!.." — деп күліп.
Нұр құям деп көзі ағарған қазаққа,
Үн құям деп көні кепкен Азатқа —
Көр-тозаққа шыжғырылып тірілей,
Жетпей кетті "жұмаққа" һәм Созаққа.
"Бұл қазаққа біз де, міне, жоқпыз", — деп,
Шер-наласын болып, бәлкім, жеткізбек:
Омар, Оспан, Шайхы Бұзырық, Ысқақ Бап
Бабаларын ағам елде кетті іздеп...
... Жатыр үнсіз, шың өркешті нар далам.
Бағзы сенім! —
Тағы да бір нан маған! —
Асқар ағам кеп қалардай алданам,
Ізгі хабар алып "Расул — Алладан!"...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Асқар ағаны азалау өлеңінің авторы кім?

Светқали Нұржан — осы өлеңнің авторы.

Асқар ағаны азалау өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Асқар ағаны азалау өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Светқали Нұржан өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Асқар ағаны азалау өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері