Өлең, жыр, ақындар

Досқа жазған хаттардан

  • 20.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2295
Сабыр Адайға

1-хат
"...Қош айтам саған. Бақұл бол! —
Мен өлем, досым! —
Көр бар дейді ғой далада өлікке тегін.
Мұқағали мен Жұмекен, Төлеген қосын
Құлатқан желге мен де ертең еріп кетемін.
Қайырсыз бұлттар көгімде барады адасып,
Ашылды тажал-мезгілдің шыбыққа Араны.
Бұтақ, діңімді сындыра далаға қашып
Жапырақтарым тамырды жұлып тарады.
Айтшы өзің, досым, күнелтем қайтіп тамырсыз?
Нәр емес Зәр боп құйылған — сезім-боза ма ед?
Таққа қонып ап боқ жеген тәйтік "тәңірсіз",
Кетсем ғой, шіркін, өзіме өзім қожа боп.
Қашанғы иемін басымды Тағы-Құлыққа,
Мен деген жұрттың жанары талмаған Жаспын.
Еліммен бірге жетем деп Әлібұлыққа,
Елменен бірге мен енді алдана алмаспын.
Есі жоқ көптің ерінін уға малдырып,
Ойпаздың емес — тойпаздың дәурені жүріп;
Онсыз да соқыр миымды су қараңғы ғып,
Бір Түнек жатыр нәп-нәзік Сәулені бүріп...
Жататын жай жоқ меңдеген у-зәріңді емдеп,
Үпілмәлік - Жырдың қалыпты жәннәті қаңсып.
Асылды кеше мойныма:
"Музамын мен!", — деп,
Кілең көпекті үргізген салдақы қаншық.
Шаршатты өңшең Сымақтар сақалын сатқан,
Құрысын бәрі, қажыдым, өлемін!.." — дейсің..
Сол өлең оған ат беріп, шапанын жапқан,
Сен өледі, деп, қырт қайдан өлеңін қойсын?!.
Сен өлме, досым! —
Қайта енді тіріліп көрші,
Онсыз да өлік қаптап жүр мына ғаламда.
Уақ пен түйек —
Көретін ірілікті ерсі —
Сен өлді екен деп басыңа шыра жағар ма?..
Өлемін десең Сұм Ажал жылытар өңін,
Ұсынып тағы у қосқан аталаны азық.
Көп уақыт өтпей біржола ұмытар елің —
Өкінішке орап бір-екі мақала жазып.
Мір оғы атсын арсызды сыңары — мансап —
Ерте өтуі шарт па өмірден мықтының бәрі?!.
Өлместен бұрын, арман не, шығарып алсақ,
Нәзік Сәулені — Түнектің тұтқынындағы!..
Сөзіңнен сенің айналып кетті ғой басым,
Сол Сәулеменен сүртсін де көзің мұң-шерді.
"Өлеңім менің — бөбегім" депті ғой Қасым,
Бөбегіңді жетім қалдырсаң, өзің білші енді...
Алайда қонбас өзіңді жерлеп бақ маған,
Не табам, түнге қайғы айтып, жылап азанда.
Қан сасып кеткен көздері жендет қаптаған —
Жетімнің күйі не болмақ — мына Заманда?..

2-хат
Ауырмашы, жан Досым, жан Бауырым! —
Құрғамағай қан жүрек, қан бауырың.
Қаламыңнан қан сиіп туған жырға
Салмағанмен құлағын — Зар қауымың.
Туған ұл ең, толғатып Өлең-Ана,
Өлең-Ана аһ ұрмақ неге ғана?..
Дерт меңдеген қауымды емдеу үшін,
Жырдың Аман болуы керек, Аға!
Хайуана - көп —
Оларда күйіс бөлек,
Күйістерін бұзуың тиіс, демек.
Азар болса кетер жұрт, жырларыңды
Жарамайды жеуге деп, иіскелеп.
Жә, жә, бұл ел бізсіз де күнін көрер,
Бірін жеңер, бірін жеп, бірін көмер;
Арқа сүйер Андызым — Аға ауырса,
Артыңа ерген Жалбызың —
Інің не дер?!
Тобыр бізбен десек те есептеспес,
Тұлпар тепкі тегіңді есек кешпес. —
"Ақындар ғой ажалын сатып алған", —
деген қалып жүрмейік өсекке өшпес.
Дертің емес мына дерт — сенің ғана,
Өзегімде өріп жүр өрім жара.
Сол жағымнан Жүрегім,
Оң жағымнан
Бауырым бүлік салуда менің де, аға.
Көміп кетпе ініңді қайғы-мұңға,
Пері қаққан мені де айлы қырда.
...Ілсін шаттық-шабағын шағала-қас —
Жүзші арудың айнамгөз айдынында.
Ару сүйер жүзіңе кесел ілме,
Ауруыңды жазым қыл, кес өлімге!..
Ақындарға басқан кім, дертті мөр ғып,
Аласұртып емхана төсегінде?..
Ақ отауы Арманның күлге оранса,
Кәлима-жыр жарар ед тілге оралса...
Барлық қызы қазақтың жоқтаса да
Ғайып ақын таптырмас бір жоғалса...
Ата-анаң, бауырың, қарындасың,
Ағызбасын, жар-балаң — лағыл жасын.
Сенің мамық жаныңа батқан Бүлік —
Менің тастай тәнімде дамылдасын.
Дастарханды қайғы емес, тойға жайып,
Есінді жи!
Сен енді ойдан айық.
Айдан айып сұрамай, күннен — сауға
Екі дертті — Бір сауға айналайық.
Жырымызда бұлт көшсін жасын атып,
Түнді ұнтасын Сұсымыз, тас уатып.
Жігімізді таба алмай кетсін Ажал:
"Қандай жаратылыс?" — деп басы қатып.

3-хат
Сәке, тағы түн жамылдым, тарықтым,
Түн салмағы жаныштаған ғаріппін.
Жүрегімнің санаймын кеп дүрсілін,
Жақтауынан ұстап төсек-табыттың.

Менің үйім тар дүниенің қуысы,
Менің жаным елестердің туысы.
Бұрайды кеп жүрегімнің құлағын,
Жезтырнақты тажал-түннің уысы.
Құл қыламын!
Сені жүндей түтем! — деп,
Үрей-Елес тағы келді дікеңдеп.
Көздегі ұшқын қанша мәрте қадалды,
Жаналғыштың жанарына тікен боп.
Жылан-жалған дойыр басын қақшитты,
Жүрегімнен осты менің...
Тап сүйтті.
Дарақ-Аспан тамырынан қан саулап,
Маңдайымның Азу тісін ақситты.
Сол Азу Тіс жүйке-ағашты кемірді,
Ой жеймін деп ми тамырым семірді.
Сыбырлайды Мәлікүл-Мәуіт — Жебеушім,
Менен алдап алмақ болып өмірді.
О, ұғамын, мен өзіңді ұғам, деп,
Әзірейіл арбап жатыр тұлан бет...
Шыдай алмай шығып кетіп Далаға,
Маңдайымды Құбылаға бұрам кеп.
Мүлгіді үйлер, түнге жағып түтінді,
Ал, молалар, кел, кәне, деп, жұтынды.
Құлпытастар құран оқып күбірлеп,
Жаназамды шығаратын сықылды.
Көмекейге Жүрек келді тақалып,
Ыңырсыған даусы естілді ап-анық... 
Запыранын тастай алмай тұр әлем,
Өңеш-жиек қара бұлтқа қақалып.
Бұлт ішіңде дірілдейді ай ап-арық.
Басып жатқан қараңғылық Ғаламды,
Ауыртады менің жанды жарамды.
Жуар ма екен жұлдыз жасы Тәңірдің,
Көлеңкеден кірлеп кеткен Даламды?..
Күдік — мұңға, мұң қайғыға айналып,
Қайғы — шерге, шер шеменге байланып,
Тілегімді Жеткізе алмай Тәңірге —
Жаттым тағы жанарымды ай қарып.
Жаттым, Сәке, тұрғызатын тап қамшы —
Түн-ғаламның білсең сырын ақтаршы.
...Қара аспаннан сорғалайды Ақ Жұлдыз,
Қара тастан сырғанайды Ақ тамшы.
Сол қос тамшы ағып келіп қиялап,
Жанға — маза, бермейді ойға — тиянақ.
Даланы емес, жанымызды жуады
Неге біздің кеудемізге ұялап?..
Көрінеді бізге қашан Құбыла?
Кім жетеді қыршын Арман құнына?
...Қос тамшыны тербете бер кеудеңде,
Даламызға шашылғанша Шұғыла...

1991-93 ж.ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сәуегей құс

  • 0
  • 0

Дәл бүгіннен жүз жыл бұрын,
(сақта, Алла!) 23 ақпанда,
Ақын Блок Гамаюнды жырға қосып жатқанда,
Менің-дағы төбемнен,

Толық

Көйіншік көрт

  • 0
  • 0

Түйелі ауыл...
Үйді-үйде қою сүт көп,
Тоққа бәрі көрінбек ойыншық боп...
Тынымды ап жүр,

Толық

Айрақты

  • 0
  • 0

Айрақты, сүйенемін тіреуіңе,
Ажар қыздың әні.
Жасынын Шерғала мен Жалғанға атып,
Көзінен Айрақтының тамған жақұт.

Толық

Қарап көріңіз