Арыстанның тәрбиесі
Тәңір бірде Арыстанға ұл берді,
Табиғаты басқаша ғой тағы аңның:
Баласындай емес сірә адамның,
Бір жасында ол нәзік, топас ұл болды.
Болмаса да ержеткен,
Ерте шықты жөргектен.
Әке Арыстан ойға батып жүрді енді,
Бала қамы таптырмады дамылды,
Нәзік күйде қалмаса деп мәпесіз.
Өскен кезде болса өткір, алымды,
Сөкпес еді ел баласы үшін әкесін.
«Кімді алған жөн ұстаздыққа қарымды?
Билеу үшін балам менің тағымды?
Берсем бе екен Түлкіге әлде – ақыл мол?
Бірақ-тағы, өтірікке жақын ол.
Жалғандықтың жүрген жері жөн емес,
Ондай ғылым Патша үшін қол емес.
Атжалманға берсем бе екен? Заты ол –
Деп жүр ғой ел – қатаң тәртіп сақтайды,
Аттаса да аңдап барып аттайды.
Әрбір дәнді татып ол,
Өзі түйіп, өзі екшеп, ақтайды.
Қысқасы, даңқы зор,
Шебер дейді ұсақ істе жалпы ол:
Бір жаманы – аяқасты қырағы,
Ал, алысты көрмейді;
Тәртібі жөн болғанымен ол мейлі,
Іншігінен кең ғой менің тұрағым.
Алсам ба екен әлде батыр Барысты?
Дейді әрі әдісті.
Бірақ, Барыс саясатпен жүрмейді,
Азаматтық заңды да ол білмейді.
Ханзадаға қандай білім береді?
Патша деген – министр, сот, батыр да.
Барыстар тек жыртысудың шебері,
Онда, ол да сыймайды екен ақылға».
Қысқасы, ол жаратпады бірін де:
Ормандағы мықты деген Пілің де,
Платондай ірің де.
Деді Арыстан. «Ақыл жоқ еш бірінде,
Білім де».
(Көрерміз-ау) Бақыты ма, соры ма?
Қайғыны естіп ол мына,
Бүркіт патша тез арада келді ұшып,
Жол түсіп.
Арыстанмен көңіл жақын дос еді,
Жолдасына қызмет ету – есебі,
Ханзаданы оқытуға алады.
Арыстанның қалды жүгі жеңілдеп.
Ханзадаға патша ұстазды тегінде,
Қайдан іздеп табады?
Баласын жасандырып,
Жіберді аттандырып,
Сол Бүркіттен білім алып қайтуға.
Міне, солай арада екі-үш жыл өтті,
Ол туралы ел кілең мақтау айтуда,
Керемет деп құстар-дағы үдетті.
Ақырында мезгіл бітіп белгілі,
Өз еліне келді ұлы.
Патша Арыстан қуанғаннан сол күні
Жиып кіші-үлкенді,
Ұлын құшып-сүйді енді.
Деді оған: «Сүйікті ұлым өзіңсің,
Мұрагерім – көзімсің.
Көрім жақын, өмірді бастамақсың сен енді:
Мен өзіңе тапсырамын тағымды,
Жұрт алдында айтшы, бірақ, барыңды,
Не үйрендің, не көрдің?»
«Әке, – деді ол, – мен білгенді мұнда ешкім
Тап өзімдей білмес шын:
Бүркіттен бастап Бөденеге дейін
Білем әлем құстарын,
Қалай қонып, ұшқанын,
Түгел айтам, не керек, неменеге бейім.
Көр, мінеки, ұстаз берген куәлік,
Дейді құстар бұл анық:
Жұлдыз ілдім көктен мен.
Ел басқарар берсең билік қаруды,
Үйретер ем аңдарға ұя салуды
Көктемде».
Сонда ғана санын соқты Патша да,
Өкінді аңдар басқа да.
Кәрі Арыстан солай кештеу опынды,
Бала Арыстан бос оқыған секілді.
Айтпады ол оңған іс,
Болғанынан не пайда құс жайымен мол таныс?
Ел басқарған табиғи бар қалпымен
Патшаларға ең әуелгі керегі –
Білген жақсы өз халқының салты мен
Жер жағдайын дер едім.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі