Әйекені жоқтау
Әуелі Құдай, Пайғамбар.
Екінші сөзім Мұхамбет.
Бейнетті басқа бір өлім.
Мұхамбетке болса үмбет.
Жылады деп сөкпеңіз,
Жиылып келген әлеумет!
Ақырын Құдай бермесе,
Орнады бізге бір нәубет.
Ағайын, бізден хабар ал,
Әуезім—жалын, ішім—дерт.
Қарадан шығып хан болса,
Бекер екен үкімет.
Үкіметі құрысын,
Тартқызып кетті қасірет.
Өлімі құрысын өрт екен,
Өзекке түскен дерт екен.
Өртенеді өзегім,
Өртетпейін десем де,
Мезгілсіз келді кезегім.
Әуелеп ұшқан сұңқардай,
Білінбей кетті дерегің.
Бір бізге емес, бар еді
Орта жүзге керегің.
Көлеңкелеп отырған,
Құлады, халқым, терегім.
Бұл күндегі адамнан,
Артық туған ер едің.
Ай батқандай қылдың да,
Адастырып жөнелдің.
Артыңда қалған көп жұртың,
Иесіз қалар демедің.
Ақылың көп болса да,
Аз ғана болды көмегің.
Ішіңе сыймай қабынды
Қайратың мен өнерің.
Өрге жүзген жайындай,
Өнеріңнен не көрдің?
Ақырында ажалға
Қайратың болды себебің.
Айналайын, әкежан!
Қараның болдың ханындай.
Қарайғанды ықтаттың,
Қамысқа түскен жалындай.
Орта жүздің көркі едің,
Қоңыраулы бұйра нарындай.
Ағайынды жинадың,
Алпыс үйлі ауылдай.
Орынды болдық орасан,
Мың жылқының қауындай.
Көпке пайдаң көп тиді,
Көктемдегі жауындай.
Желінбей қалды жеңсігің,
Жаңа піскен қауындай.
Көре алмай қалдым өтерде,
Елестеп кеттің сағымдай.
Өте шықты сұм заман
Бәйге атының шаңындай.
Адыра қалды ақ ордаң,
Иесіз қалған ауылдай.
Көріне келген пәледен,
Көрінбей келген қиын екен.
Қайратыңды күндеді-ау,
Артықша жауы сіз бе екен?!
Ауылда жатып естідім,
Осыншама неғылып
Құдайдан күдер үзді екен?
Сейсенбі күні атылды.
Атылғаннан екен ғой,
Жанға бір жара батулы.
Сыр бермеді, шошыр деп
Бала-шаға қатынды.
Жөлекке келген жерінде,
Аттандырдық батырды.
Арыздасып кетпедің,
Шақырып алып халқыңды.
Айта алмай кеттің арманда,
Өсиетнама нақылды.
Ағайынның азбайтын,
Айтпай кеттің ақылды.
Үкіметпенен өткіздің
Бес күн жалған ғапылды.
Артықша тудың анадан,
Ай мүйізді қошқардай.
Қаһарланып келгенде,
Қоршаған бұлт аспанды-ай.
Қайратың болды Көкежан,
Үрістем менен Дастандай.
Сақилығың бар еді,
Баязит пен Бостандай.
Үкіметке белді байладық,
Құданың шері арыстандай.
Әділдігің бар еді,
Әзіреті Омар, Оспандай.
Үлгіменен сөз айттың,
Тәпсірден шыққан дастандай.
Құрама жиып ел еттің,
Еспенің көзін шашқандай.
Артықша Құдай бақ берді,
Қарадан шығып тасқандай.
Жасаған, саған не жаздым,
Тасқынымды басқандай!
Айналайын, Көкежан,
Алтыннан соққан табақтай.
Орта жүздің ішінде
Опалы сеңгір қабақтай.
Елде тентек қоймадың,
Жайыннан қашқан шабақтай.
Көкежан, сенен айрылдым,
Көлеңкелі дарақтай.
Арбаның дауысы шыққан соң,
Көңілім тұрды ұнатпай.
Ішім жаман мұздады,
Бөрі көрген лақтай.
Тап жөлекке келгенде,
Жан тапсырды ұзатпай.
Бұйрық болды Алладан,
Сәскелік жерге шыдатпай.
Намаздыгер шағында,
Дауысы шықты арбаның.
Бір ауыз сөзін естімей,
Артықша болды арманым.
«Ой, бауырым!» деп ат қойып,
Күңіреніп кетті жан-жағым.
Мен сорлы қайдан білейін,
Жиылған екен аймағым.
Лажым бар ма, қайтейін,
Қаһары күшті Алланың.
Жан үшін деп айналсам,
Болар ма еді қайраның?!
Ауылға дейін ат болды
Абдолдың берген арбасы.
Қазақтан бетер қайрымды,
Бөлек те болса таңбасы.
Әшір менен Тәшімнің
Таусылған екен қайласы.
Хабар таппай қарсы ұрды
Інісі менен ағасы.
Үске досы кез келді,
Үзеңгі өңкей жолдасы.
Садағасы кетейін,
Жұрттың тиді пайдасы.
Сүйегін үйден шығарды,
Жиналып қауым, қарындасы.
Сәрсенбі күні сәскеде
Жерге тиді жамбасы.
Кешке таман болғанда,
Ағекем келді сүйектен.
Өкпемді баспай өксітіп,
Қабынтып кетті жүректен.
Ойымда бар ма өлер деп,
Оқ тигенге білектен.
Сыр бермей кетті жан көкем,
Жан шыққанша иектен.
Бар көргенім сол екен,
Бір күн үйге түнеткен.
Арыстандай екен ғой,
Жарасы құрғыр жүдеткен.
Жөлекке келген жерінде,
Жарадан ақты қызыл қан.
Құдіреті Құданың,
Алпыс екі алуан.
Ақыры мұндай боларын
Ақылменен таныған.
Үйдің ішін көре алмай,
Арманда болып берді жан.
Ағайынды көргелі
Шыққан екен қаладан.
Мүддесіне жете алмай,
Арманда кетті даладан.
Балдағы алтын Зұлпұқар
Шаппай сынды сағадан.
Қарадан хан, қарғадан
Сұңқар туған Көкежан.
Солқылдағым, сүйрігім,
Қанатым, жалым, құйрығым,
Кермиығым, келбеттім,
Кемеңгерім, тұйғыным.
Ұсынса қол жеткісіз,
Ұстын болған түндігім!
Қарадан туып хан болып,
Тұлпардан туған дүлдүлім!
Орта жүзден орасан,
Ойқастап озған жүйрігім!
Қылау салмай қырғында,
Жеткізді Құдай бұйрығын.
Ағайыннан айрылған,
Мүсәпір болған мұңдығым!
Кешегі менің жан көкем,
Елестейді алдымда-ай.
Емін-еркін көре алмай,
Арманда болып қалдың ба-ай?!
Барсам нетті қалаға,
Ақылымнан тандым ба-ай!
Сәлем депті кетерде,
Аты ағайын арғынға-ай.
Зарланып кеттің қайтейін,
Ертедегі Тарғындай.
Көп жасар ма екен деуші едім,
Жолдасынан айрылмай.
Ертелі-кешті зарлаймын,
Көзімнің жасы жаңбырдай.
Сарының қалды басылмай,
Таудан аққан қарқындай.
Айналайын Көкежан
Суырылып топтан сөйлеген.
Жүйесін тауып айтқан соң,
Бетіне ешкім келмеген.
Басып озған жүйріктей,
Сөйлеген сайын өрлеген.
Арғымақ мініп, ат жиып,
Ақырға байлап жемдеген.
Өз дегені болмаса,
Дұшпанға теңдік бермеген.
Аз ғана күн Орта жүз,
Адасқанын жөндеген.
Қошқар туған қозыдай,
Келбеті бар ма келмеген?!
Кешкі қойдай шуладық,
Тілеуді Құдай бермеген.
Арман болды мен сорға,
Өз көзіммен көрмеген.
Көре алмай қалып көкемді,
Шыбыным жүр өлмеген.
Көкежан, Сіздей еш пенде,
Қарадан шығып хан болмас.
Енді сіздей басқа адам
Айырдан туып нар болмас.
Бойлап біткен қарағай,
Бояғанмен тал болмас.
Ішім толды заһарға,
Ішкенменен бал болмас.
Қазаға амал жоқ екен,
Қайғырғанмен қарындас.
Енді бізден пайда жоқ,
Иманың болсын жан жолдас.
Ағайын-туған, құлақ сал,
Көкекемнің дастаны!
Мен бір дастан бастайын,
Жат етіп Жаппар патшаны.
Біз түгіл, өткен дүниеден
Құданың сүйген достары—
Әбубәкір Ғали мен
Әзірет, Ғұмар, Ғұсманы.
Хаққа бенде болған соң,
Өлімнен бар ма қашқаны?
Сіздерге шағып жылайын,
Өксігімді басқалы.
Жалған деп ешкім айта алмас,
Орта жүзден асқаны.
Артықша туған жан көкем,
Жоқтаусыз неғып тастайын!
Жоқтамайын десем де,
Жоғалды алтын ақ сақа.
Бес күн жалған сұм дүние,
Болар ма сонша бейопа!
Біз түгіл, өтті дүниеден
Құданың досы—Мұстапа,
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Ойсыл қара, Зеңгі ата.
Жан ашыған ағайын,
Дұғадан жоқтап қыл бата!
Жан көкемнен айрылып,
Көңілім болды көп қапа.
Болмас жерде дақ салып,
Тарттырды Құдай бір жапа.
Өлген үшін өлмек жоқ,
Жүреміз де айта-айта.
Жел аударған қаңбақтай,
Желкені қалып, көл кетті.
Адыра қалған адырдай,
Өзені қалып ел кетті.
Мың қойымның ішінде,
Көк қасқа қошқар келбетті.
Өлгеннен соң көкежан,
Қадірің жұртқа енді өтті.
Ағасынан айрылып,
Арғынды Құдай еңіретті.
Ажалға сабыр жоқ екен,
Ақырын берсе әлбетті.
Жыламай неғып тұрайын?!
Мезгілсіз салды нәубетті.
Ағаш атқа мінген соң,
Келмесіне көз жетті.
Ауылдан кеттің аттанып,
Барғалы, көке, қалаға-ай.
Қалада жатып жолықтың,
Ажалға біткен жараға-ай.
Қанша кінә тапты екен,
Өлімге қиып атқанда-ай?!
Арманда кеттің жан көке,
Қарауыл қойып сақтанбай.
Атасы бөлек нәкіс деп
Сартты ұстадың жалаға-ай.
Айтар сөзге кемшілік,
Дұшпанға қалдың табаға-ай.
Алдыңда жүріп армансыз,
Болмай бір қалдым садаға-ай.
Арманда кеттің қайтейін,
Ойбай, көкежаным-ай.
Алды-артыңда болмады,
Қанат-құйрық, жалың-ай.
Жалғыз жүріп жұрт алдың,
Күш атасын танымай.
Айтілеу болса қартайды,
Тұғырдан қалған жабыдай.
Аға деп арқа сүйеуге,
Арқада жатыр Ағыбай.
Қарайған қазақ ықтауы
Боранға соққан шалыдай.
Орта жүздің баласы
Тілеулес болды жабыла-ай.
Турадан құрық салған соң,
Болмады себеп тарыдай.
Жан көкемнің заманы
Келер ме екен тағы да-ай?
Енді түсті есіме
Ағайынның көптігі.
Әттең, дүние, аздықтың
Болады екен сепкілі.
Қанша жерге шыдасын
Бір басының екпіні?!
Арманда қалып көкежан,
Кеттің тастап, қайтейін,
Қаракесек шектіні.
Енді сізге не пайда,
Қаракесек Тоқадан?
Табылғанда бөз артық,
Таңдап киген торқадан.
Ағайынсып айтайын,
От шыққанға ортадан.
Ауылдас болып отырмын,
Шын аруақтан қорқамын.
Арғын, қыпшақ аты егіз,
Жақсы екен өзге елден.
Көріне көңілім қалған жоқ,
Ағайыным сендерден
Өскенбай мен Жүзекем—
Жолдасы келді көз көрген.
Жан көкемнен айрылдым,
Азды көпке теңгерген.
Көрдің бе деп сұраймын
Кеткен менен келгеннен.
Бұрынғыдан соңғыдан,
Бар ма келген өлгеннен?
Бір кеткен соң көкемнің,
Келмесін қайдан білейік?
Бізді бүйтіп шулатпай,
Келе ме деп жүр едік.
Келмейді деп халық айтса,
Енді күдер үзейік.
Тәңірі алдына барғанда,
Иманын бер деп тілейік.
Қаңлыбайдың Бектасы—
Қаладағы жолдасың.
Жолдасыңнан айрылып,
Неғып бір жаттың, жолбарысым?!
Себеп болды ажалға
Құмалақтай қорғасын.
Кәлима—көптің баласы,
Ағайын біздің болмасын!
Өткен заман басыма
Енді неғып орнасын?
Қажыбайдың баласы—
Досың еді Тоқпамбет.
Сүйіп алған бір құдаң—
Алшынбай мен Есімбет.
Ердің көзі кетті деп,
Аруаққа болма шет!
Бір сүйенішім сендерсің,
Маңдайымнан сипап кет!
Жетімдігі құрысын,
Ішім толы жанған өрт.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі