Ғашық болғам...
Бойтұмардай тағдырыма нәсіп болған,
Сезім шіркін, шарасынан тасып толған.
Дүниенің есігін ашқан сәттен,
Анашымның әлдиіне ғашық болғам.
Бойым балқып бесігімнің жырыменен,
Тербетілдім тәтті күйдің үніменен.
Былдырлап сөйлеп жүрген сәттен бастап,
Ғашық болғам қасиетті тіліме мен.
Ұлан ғайыр атырапты кер далама,
Қоныс теуіп жайлауына ел бара ма?!
Тәй-тәйлетіп жер басып жүрген сәттен,
Ғашық болғам құдіретті Жер анама
Имамдай берік болған құтпасына,
Қолым жетіп есіктің тұтқасына.
Айналамды таныған сәттен бастап,
Ғашық болғам тату тәтті отбасыма.
Тарих тұнған әр төбе мен жартасына,
Сөз жетпейтін қазы менен қартасына.
Елді танып, табиғатын көрген сәттен,
Ғашық болғам өзен-көл мен тау-тасыма.
Берілмейтін ешуақытта қайғы мұңға,
Өзге жандар теңдесе алмас айбыныма.
Әріп танып, кітабымды ашқан сәттен,
Ғашық болғам білім атты байлығыма.
Қызға тілек беретін, батаны ұлға,
Асып өтіп белес пенен жотаны да.
Асыл туған, текті елді көрген сәттен,
Ғашық болғам оттан да ыстық Отаныма.
Шарпылса да заманының жалынына,
Айнала алған дәуірінің алыбына.
Халқым батыр екендігін білген сәттен,
Ғашық болғам тарихымның тамырына.
Ұғындырар өлең-жырдың парқына кең,
Өзгелері бола алмайды халқыма тең.
Дәстүрімен танысқан сәттен бастап,
Ғашық болғам әдет-ғұрып, салтыма мен.
Ғажайыптар таусылмайды ертегіде,
Ғашықтығым тылсым ойды шертеді ме?!
Өткенімді қариядай сыйлап өтіп,
Ендігіде ғашық болам ертеңіме!
Дариға Н
Ғашық болғанмын шығар?