Өлең, жыр, ақындар

Бәбісек — патша

  • 14.12.2019
  • 0
  • 0
  • 1633
Кезінде ну орманды мекен еткен,
Болыпты әнші-жыршы қалың құстар.
Жерлерін думандатып даусы жеткен,
Құстарға жан иесі болған құштар.

Орманның аңдары да көңілі тасып,
Самал ескен самырсын саясында.
Алаңсыз ән тыңдайтын аузын ашып,
Ақүрпек балапандар ұясында.

Бұл құстар ұзатып сап сан ғасырды,
Қуаныш, қайғы-зарын бөлісіпті.
Сауықшыл ата салтын жалғастырды,
Құптады көкте қыран оны тіпті.

Сансыз дастан, шежіре жазылғандай,
Күңіренткен мұңлі-шерлі, тәтті сазын.
Бірде жүрек шаттықтан жарылардай,
Көгенін көңіл күйдің ашты назын.

Жырлайтын тыныштық пен еркіндікті,
Айтатын әділетті қалт жібермей.
Сөгетін іштен шыққан озбырлықты,
Күңкілдейд сасық көкек салтты білмей.

Сайламақ боп ендігі бастықтарын,
Бір жерге басын қосты береке қып.
Әнші құстар өткеннің кешті бәрін,
Өткізбек боп бұл күнді мереке қып.

Жемеңгер-жегіш болған – бұрынғысы,
Тепкісі, тегеуріні елге батқан.
Басқаруға қауымды жетпей күші,
Озбыр еді, қомағай құдай атқан.

«Залалы жоқ, момын құс»деген оймен,
Бастыққа жөн көріпті бәбісекті.
Шығар деп межелепті көңіл күйден,
Ойласты демесе де оны текті.

Бәбісек таққа отырған күннен бастап,
Мақтаныштан көкірегі қақ жарылды.
«Әлемде қайсы патша менен аспақ,
Данышпанмын, ақылды» деп қағынды.

Жамылып ала шапан аласұрды,
Тәжісін қодырайтып шекесіне.
Өзге құс әсем әнге сала тұрды,
Бағымдап жаңа патша жетесіне.

Бәбісек қу томарға шығып алып,
Ойланды басқарам деп елін қалай.
Орманда әнші-жыршы қауым халық,
Жырлады момын құсты жағы талмай.

Ал енді жаңа бастық ынжық бопты,
Арыз-арман, дау-шарға шешімі жоқ.
Жалықтырды алдына келген көпті,
Терезенің іс бітер тесігі көп.

Сонымен айлар, жылдар өтті сырғып,
Араны бәбісектің ашылды анық.
«Данышпанын өз халқы жатыр жыр ғып,
Тәлейім буырқанды тасып ағып.

Мен енді патша болсам бар әлемге,
Жетер еді ақыл мен құдіретім.
Адамзат бас имесін маған неге,
Сонда жарық болады менің бетім».

Алақанат астына сыйғызбақ боп,
Күбінді қаратам деп бар әлемді.
Бос сөзбен бар адамды тойғызбақ боп,
Жарлығын өз халқына таңа берді.

Бұл әлемнің құшағы кең емес пе,
Сыйғызған өмір, тарих, қайшылықты.
Соғыс, талас-тартысты ел егессе –
Жайып салып жатпай ма бар шындықты.

Бәбісек ұлы арманға жете алмады,
Қиялдап, тап болды ми сырқатына.
Туған жерін иә тастап кете алмады,
Сыймады думанды ел ортасына.

Бір күні әншілерді шақырып ап,
Жарлықпен жиналысты оздырды ол.
– Ән салдыңдар талай жыл бақырып-ақ,
Миымды әбден тоздырды саздарың сол.

Мұнан кейін әнімді салғандарды,
Марапаттап, сый беріп, қасыма алам.
Сақтап даусын әдейі қалғандарды –
Дарға асып, қылышпен басын алам, –

Деп жарлықты патшасы шашқаннан соң,
Бұйрық қатты, жан тәтті болды-дағы.
Бастықтың мейманасы асқаннан соң,
Даусын сап әншілердің талды жағы.

Бәбісек: «өпеп-өпеп, өп...»депті де,
Қуысында томардың жатып апты.
Әншілер маңайынан кетпепті де,
Мұңлы сазға тоғытты атырапты.

Өтіпті аққан судай күндер зулап,
Бәбісек жамылды да ала шапан,
Әншілер бастықтарын келді қузап,
Жалығып «өпеп» сынды «тамашадан».

Патша тағы бір күн жиын ашып,
Құстардың да өкілін шақырыпты.
Ол шығыпты паң-кердең қадам басып,
– Қалай даусым? – деп елге ақырыпты.

Патшаның қаһарынан шошынып жұрт,
«Өпеп...» десіп жарыса шуласыпты.
Бастарына үйіріп қара бұлт,
Сыбырласып ауаша мұңдасыпты.

«Бұл не деген сұмдық!» деп таңғалыпты,
Даусы ерсі, саққұлақ сауысқан да.
Бастық ойын енді елі аңғарыпты,
«Жетістік пе патшамыз ауысқанда?» –

Десіп тағы опық жеп тарасыпты,
Және бір күн әншілер басын қосқан,
Дауыстары жақпаса қадап сұқты,
Патшалары қауымға болды дұшпан.

Қаңқылдады, қарға-ұзақ шаңқылдады,
Дым сызып, тіл қатпады өзге құстар.
Тарады шет түкпірде бар құмары,
Думанды ел әсем сазға болған құштар.

Бәбісек «өпеп...» деумен можа бопты,
Бірақ жарлық шашудан жалықпаған.
Өнерлілер орманға қожа бопты,
Әсем саз, ән-жыр мәңгі талықпаған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әділқазының үкімі

  • 0
  • 0

Балаға зарлы, әрине,
Басқа тапшы адам да.
Тарапты аңыз-әңгіме,
Сонау ерте заманда.

Толық

Мұра қалдыру

  • 0
  • 0

Заман-заман, заманнан,
Ажар бар ма солмайтын?
Ботасы үшін елжіреп,
Бозінген де боздайтын.

Толық

Қарап көріңіз