Өлең, жыр, ақындар

Абай мүсіні жанындағы ой

Ғасыр көшіп,жылдар жылжып арада,
Бәріне куә, көсілген көсем кең дала.
Көшпенді елдің көпшігіне оранып,
Бағына туды болмысы бөлек сар бала.
Ана әлдиінен,әже ән-күйінен сусындап,
Жатты сәби бесігінде жыр тыңдап.
Жер ана жатты бір дана туғанын сезініп,
Желаяқ жел жүр жақтауынан үйдің сығалап.
Күн менен айдың, жылдардың ілесіп көшіне,
Жетілді бала данаға айналып төсіле.
Қарады көз сап халқының оң мен солына,
Сарп етті барын елінің бұлдыр жолына.
Жақсы мен жаман ,ақ пенен қараны айырып,
Жарлыны жақтап, кеуделіні жүрді қайырып.
Досынан қасы көбейіп итше талады,
Еркесін елдің сабап та кетті жабылып.
«Не істерсің енді, өз қолыңды өзің кеспек жоқ...»,
Уайым мен ойлар ақынның жанын тескен көп.
Малдан басқа білері жоқ надан жұртына,
Саналы жырмен құйылды төпеп нөсер боп.
Қалмады оның қаламынан қалыс дүние,
Уытты сия мен долы қол жазды күйіне.
Өтірік,өсек,мақтаншақ, бекер мал шашпақ,
Өнер-білім, ғылымға отырды сүйіне.
Налыды ақын халқына «қайран жұртым»- деп,
Ұстара тимей аузыңа түсті-ау мұртың»- деп.
Ескісі қалсын, жас өркен жай- деп -жапырақ,
Ғылымға ден қой, өнер-білімді нәсіп ет.
Өзі де қолын кеш сермегеніне өкінді,
Білім алсын деп итерді жебеп жетімді.
Ақынның салған сара жолынан нәр алып,
Оянып халқы бүгінгі күн міне, жетілді.
Еңсесі бүтін егеменді боп ел толды,
Азаттық аңсаған халқына батпан бақ қонды.
Ақынның аңсаған арман-шуағы орындалып,
Көзі ашық ,көкірегі ояу жұрт болды.
Кеменгер дана, ақыл-ойдың дариясы,
Бас иді саған күллі елдің жас пен қариясы.
Жырыңның маржан моншағын әсем ән қылып,
Қазақтың төрінен төгілді Абай ариясы.
Семейден жылжып жеткенде Өскемен төріне,
Жеткендей болды төбеміз тиіп көгіме.
Дананың ойлы мүсініне қарап толқыдым,
Тұрғандай болып бабамның жылынып деміне.
Жүз жетпіс бес жыл толды Абай ақынға,
Асыл мұрасы мәңгілік қалған артында.
Ұлы даланың кемеңгер, ойшыл,данасы,
Жарық жұлдызы болып қала бер мәңгі халқыңа



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар