Сөз — Советтік армия
1
Сөз — халықтың қымбаттан қымбат кені,
Жүректің шахтасынан халық оны —
Мыңдаған жылдар қазып, кен тасына
Тереңнен әрең барып жетті қолы.
Жеткен соң қолы сөздің кен тасына,
Кен күйінде қазына бомбасына
Түсініп, қорытуға әкеп төкті
Мидың мың градустық домнасына.
Мың градус ыстықтың қызуымен
Шымырлап қайнап, майдай шыжыды кен,
Шыжықтан шым болаттай мөп-мөлдір боп,
Шүпілдеп төгілуге жүзіді кен.
Қалың қаймақ көбікті, беті күлген,
Ажары артық жанған қызыл гүлден.
Сөз тасқыны көмейдің түтігі
Фонтандай атқылады саулап тілден.
Тіл тасқыны құлашын қаусырмады,
Болмады бөгет жолда тау шыңдары,
Теңіздей шалқыған сөз кең жайылып,
Мейірі қанып, халық сусындады.
Халықтың мойнында масыл залым,
Халықтан бүркеп сөздің асылдарын.
Сыртқа шықпай, ішінде кептеліп сөз,
Өткізді құлдар нелер ғасырларын.
Тұрмады бірақ тыныш тұсауда сөз:
Ұқсап бейне албырт күш асауға сөз,
Тулап, тістеп, теуіп ол құлданғанды,
Тынымсыз арпалысты босауға сөз.
2
Бұрын да сөз орын ап ел төрінен,
Сый тартып халыққа ең көркемінен,
Саулады мөлдір меруерт бұлақтай ол,
Тәтті қиял, бал дәмді ертегіден.
Тарихтың қиырдағы шөлінде ол,
«Бала қоғам» гректің елінде ол,
«Илиада»», «Одиссея» теңіздерін
Жасап, саулап құйылды Гомерден ол.
Болмаған күні қонып, қанат жайған,
Майданда сөзден қару-жарақ жиған,
Тасқын болып саулаған сарқылмай сөз,
Римша плебейшіл Горацийдан.
Иранның бар тарихын кең қаусырған,
Бөлмеген ақын үнін ел даусынан,
Тасқын болып саулаған сарқылмай сөз,
Атақты Абулқасым Фердоусидан.
Шеттен жау талағанда халқын келіп,
Князь Игорь, соңынан ерген полк
Тұтылғанда, Святославтан сөз
Саулаған ұшан-теңіз алтын болып.
Тағдыры ортақ елі, жеріменен,
Ханға қарсы, елінен жерімеген.
«Еменге иір біткен бұтақ»— батыр
Дос болған Махамбет сөз еріменен.
«Шын адам махаббатпен еркін сүйген,
Көңілге алған ойға жетіп үйрен!»
Деп ерікті көксеген, жалын жанды,
Саулаған сөз тасқын боп Шекспирден.
Махаббат һауасымен тыныстаған,
Қолына күйрек, нәзік гүл ұстаған,
Тасқын болып саулаған сарқылмай сөз
Жасты көз, жұқа жанды Руссодан.
Сан міндетін мойнынан өтеген сөз,
Тауды бұзып, тас жарып төтеден сөз,
Жол ашып, көркем сөздің кең арнасы —
Саулаған тасқын болып Гетеден сөз.
Сан ғасыр жасаса да ескірмей сөз,
Шын дос болса бас тартпай ешкімнен сөз.
Сарқылмайтын толқынды тасқынымен
Саулады Александр Пушкиннен сөз.
Шын ақынның ұлтына қарай ма сөз?
Жан қимас жолдас болды талайға сөз,
Суарып қазақтың кең шел даласын
Саулады сел, тасқын боп Абайдан сөз.
Қымбатты қазынам деп ел сүйген сөз,
Елдің қамын жоқтаған ер сүйген сөз,
Саулады сел-тасқын боп сарқылмайтын
Революция дауылпазы Горькийден сөз.
Әлденіп әлсіз, басын күшті иген кез,
Босанып бойға еркін күш тиген сөз.
Жаңбырдай құйылдық оқ боп, революция
Ұраншылы Маяковскийден сөз.
Әлемге Ленин үнін әкелген сөз,
Сан жүлде еңбекшіге әперген сөз,
Қазақтан алғаш ұшқан — Қызыл Сұңқар,
Аспанда шарықтады Сәкеннен сөз.
Жазушы, драматург, ақынды сөз,
Ісіне Ұлы майдан шақырды сөз,
Олардың қамалынан досты алған
Дұшпанды қарғап, оқ боп атылды сөз.
Халықтың көңіліне ұнағанды,
«Көркем ғып жаз!» деп халық сұрағанды.
Жасап олар, халыққа берді талай
Поэма, пьеса мен романды.
Көркем сөздің тозған без жейдесін сөз,
Сыпырып, оның зарлы кеудесін сөз
Аршып қайғы-зарынан, көркем сөздің,
Келтірді айқын, ашық бейнесін сөз.
3
Фашизм пиғылы пасық құтырған аң,
Көзі күңгірт, көбікті аузында қан.
Тарпа бас сап талайды әлі келсе,
Табанына тапталып адамдық заң.
Билетіп сұм фашизм бойын жынға,
Құлап қирап өлетін шығып шыңға,
Ұлиды қарап тұрып қаны қашып,
Бақытты біздің Отан СССР-ға.
Құтырған аң егер де шаппақ болса,
Улы тісін батыра қаппақ болса,
Сау денеге ауру жұқтырмақ боп,
Сасық қанды көбігін жақпақ болса;
«Отаннан таспадай жер берме жатқа!»—
Деп бұйрық беріп барлық азаматқа,
СССР елінің бас командирі —
Партия туды ұстап, мінсе атқа.
Екпіні желді тұсап, бұлтты үйіріп,
«Жауларды шөптей жапыр!» деп бұйырып,
Аттанса қызыләскер маршалдары:
Буденный, Тимошенко, Ворошилов.
Жаулардың сырын ашқан талай кезеп,
Отанды сақ күзеткен оғын безеп.
Аттанса Эн-Кэ-Вэ-Дэ әскерлері,
Жаудырып жаңбырдай оқ, қылыш безеп.
Даусы гудоктердің жерді жарып,
Ұрандап шахта, фабрик, поезд, завод.
Аттанса қалың қолы жұмыскердің
Алдында командирі Стаханов.
Комбайн, тракторы кең, өлкені
Күңірентіп колхоздың әйел, ері
Аттанса әйел демей командир ғып,
Алдына Нұрипа мен Демченконы.
Ел жұмылған майданнан қалмай шетте,
Аралас қоян-қолтық еріп кепке,
Аттанса, өнер-білім командирі:
Инженер, профессор, педагок те.
Алпыс ұлт, бір жүз жетпіс миллион жан,
Бірі қалмай бір жандай қосып ұран,
Дүниенің тағдыры шешілетін,
Құрылса осындай бір ұлы майдан.
Ұранға даусын қосып осы кезде,
Ең алдыңғы қатарда түсіп көзге,
Майданға аттанбақшы ақындардың
Жүрегін жарып шыққан жалын сөз де!
Фашизмнен Отанды тынбай қорып,
Жаудың бетін қайтара жасап жорық.
Құрылмақ ақындардың сөздерінен
Армиялар, корпустар, сансыз полк.
Боп сонда сыя теңіз, қалам кеме,
Сөз теңізге балықтай қаптап ере,
Сүңгуір қайық болып сүңгімен сөз,
Дұшпанның кемесінің түбін сөгe.
Кітаптың қағаздары самолет боп,
Қаздай қалқып аспанға, жауға беттеп,
Зениттік орудия атқыласа.
Шалдырмай етпек үстін баса-көктеп.
«СССР» атты қызыл тағып цифр,
Ұшқырлығы дерліктей «мынау сыйқыр!»
Өлең жазған қағаздар қан майданда
Атқармақ қызметін истребитель.
Жаңбырдай нөсерлетіп бұлт төккен,
Күн көзін көлеңкелеп жауға кектен,
Өлеңнен ағытылып түспек жолдар
Секіріп самолеттен парашютпен.
Жау әскерін үркітіп беріктіре,
Еңбекшіні соңынан еріттіре,—
Сөз қолына мылтығын берік ұстап,
Жалынды таратпақшы үгітті де.
Әскерін тас-талқан ғып жаудың тозғын
Ұшқынын найзағайдай шашып қоздың.
Поэмалар майданда армай-талмай
Атқармақ қызметін бомбовоздың.
Бомбовоз бомбаны мол жеткізеді,
Бұршақтай бұрқырата төккізеді,
Полкін, паркін жаулардың, күл-талқан ғып,
Жеміріп жермен-жексен еткізеді.
Күркіреген күн даусы — дауыл екпін,
Құлағын керең қылып жер мен көктің,
Проза атқарады қызметін —
Ауыр артиллерияда зеңбіректің.
Күндіз демей, түн демей жанталасып,
Қанды майдан ішіне араласып,
Очерктер разведка қызметін
Атқарады тынбастан хабар тасып.
Мәдени майданды алып үлесіне,
Майданда сауық қойып, тыл ішіне,
Әскерге рухани азық беріп,
Алмайды дамыл, тыныштық пьесе де.
Майданда не қимыл теріс,
не қимыл оң,
Зор бәйгеде кім неге қалады соң?—
Солардың себептерін ашып айтып,
Өзара сын жасайды фельетон.
Тағдыры шешер күні жер шарының,
Жасымның кезі болып дер шағының,
Ең зоры тілегімнің: бірі болсам,
Майданда поэзия маршалының!
1938
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі