Өлең, жыр, ақындар

Бақ мөлшері – бармақтай

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 724
Бұл фәниден қайтпаған қай пенденің меселі,
Шашымнан көп санасам шырмап алған кеселі.
Бақ мөлшері – бармақтай, Тәңірі кімге жеткізер,
Соры бар жұрт қаншама маңдайында бес елі.
Тон бұйырмас кедейге көктен тері жауса да,
Байға құдай болысқыш артқан теңі ауса да.
Бұзауы өлген сиырдай тақыс тірлік тас желін,
Жібімейді жарлыға жездей қақтап сауса да.
Сардарынан күй кетсе, сарбаз күні не болар,
Қарақорым шатқалдан жол таба алмай омалар.
Кешегімді ойласам, бүгінгіме бойласам,
Көз алдыма келеді қарауытқан обалар.
Арғымақтар мертікті аузымен құс тістеген,
Алпауыттар түгеді тау қопарған күшпенен.
Тозған елге қырсықса, азған заман тап келер,
Кәрі төбет секілді өлі жүні түспеген.
Қайран қазақ ежелден қара суға семірген,
Аш­жалаңаш қалса да түңілмеген өмірден.
Аяз қысса, қазықта шыр айналып сақылдап,
Буырқанған бурадай өз тізесін кемірген.
Құлы болдық ғасырдың басы айналған қиялдан,
Жан көрмедім өрескел қылығына ұялған.
Елді ақыры батпаққа батырған соң белшеден,
Ақылшылар алдырдық ит арқасы қияннан.
Сарқылдаған қазандай қайнаса да зығырдан,
Өз дегенін істейді қаны қатқан сығырдан.
Шыңыраудың түбінде мөлдіреген су барда,
Көнек байғұс құтылмас шынжырлаған шығырдан.
Бұғауды кеп бұзбаса құдіреттің пәрмені,
Бұлқынғанмен жетер ме бейшараның дәрмені?
Парықтамас бейнетті көк есекке бәрібір,
Өлімтіктің өмірі көпке тимес жәрдемі.
Ел мұратын мансапқа сатқан надан не білер,
Жем іздеген тауықтай қоқыс көрсе емінер.
Жапалаққа жар басы заңғар шыңдай елестеп,
Көртышқанға жер асты самаладай көрінер.
Күпінгенмен құр босқа көрпең қайсы көсілер,
Жатқанменен тас батқан жауыр жамбас тесілер.
Қалың тобыр ішінен тани алмай қалдым ба,
Кешірім ет бар болсаң, еңіреген есіл ер!
Ат басындай алтыннан қымбат қара тырнағың,
Саяқ жүрген кім жинар жақсылардың жұрнағын?
Ақсұңқардың сағындым қанатының суылын,
Шулағанмен не пайда көптігінен тырнаның?
Жар бола гөр, Жаратқан, тірлік темір құрсауда,
Қайда барсаң бүтінді бөліп­жарған бір сауда.
Сумаңдаған суық қол суырып ап қолқаны,
Адам қанын уыстап ақша орнына жұмсауда.
Базарға сап Құранды, саудалаған Алланы,
Пасық пиғыл пысықтың орындалды арманы.
Сұрауы бар емес пе сарқыраған судың да,
Асықпаңдар, ағайын, Ар майданы алда әлі!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен кеткенде

  • 0
  • 0

Есіңде ме жазғы таң ауылдағы,
Ерке бұлақ жүгірген бауырдағы.
Ауылыңнан алысқа сен кеткенде,
Аласұрдым толқындай дауылдағы.

Толық

Қызығасың құстарға

  • 0
  • 0

Табанымның астында дірілдейді жар басы,
Опырылып түсердей шетін бассаң болмашы.
Тірлік торын тоқыған, қолы шебер Тәңірім,
Жібін созып жылдардың, сәл-пәл ғана жалғашы.

Толық

Қазақтың туын көтердің

  • 0
  • 0

Балуанның күші, ақынның мысы басқанда,
Тіл шығады екен тұншығып жатқан тастан да.
Қаршадай күннен күреске түскен бауырым,
Қазақтың туын көтердің биік аспанға.

Толық

Қарап көріңіз