Өлең, жыр, ақындар

Партия туралы жыр

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 534
Қазақстан большевиктерінің IV съезіне арналған.

БІРІНШІ ЖЫР
Жайнаған жалын күші жігерімде,
Құйылған күндей нұры жүрегімде —
Сүйемін ұлы Ленин партиясын,—
Жоқ менің онан артық сүйерім де.
Білмеймін партияны мұнан басқа,
Ант еткем сонан мәңгі айнымасқа,
Сол ғана ел мен маған өмір беріп,
Құрыштай шынықтырған, қайрылмас.
Партия — құрыш қамал даңқы асқан,
Құшағын атына сай жандарға ашқан.
Партия — тапжылмайтын тап жүрегі;
Партия — халық күні шұғыла шашқан.
Партия — құйылған күш миллиондардан,
Шыт жаңа ғасырға жол ашты тыңнан;
Тарихтың дөңгелегін коммунистер
Ақылмен алға бұрап айналдырған.
Жеткенше біздің күнге тас ғасырдан
Мың жасап шаш ағарған қарт ғасырдан,
Жер жүзі, біздің елдей — көрдің бе елді,
Партия бастауымен асқан шыңнан!
Өткен зіл тастай ауыр ғасырлардың
Халқымнан жасырған сан асылдарын,
Коммунист партиясы ғана ашып,
Көрді әлем еліме нұр шашылғанын.
Лениндік асқан дана партияның
Нұрымен, туған елім, жарқырадың,
Секілді қызыл туда жазған ұран,
Жырыммен мен де жарқын шарқ ұрамын.

ЕКІНШІ ЖЫР
Лениннің жанға жайлы үнін жарқын
Октябрь таңынан-ақ менің халқым
Қарсы алып, қазақтың кең даласынан
Ұстаған бостандықтың туын алтын!
Күшті үнін большевиктің жер жаңғыртқан,
Бастан-ақ қазақ халқы жанмен ұққан;
Қырдағы жыртық тонды қойшының да
Жүрегін сол таңғы ұран жарқыратқан.
Бостандық таңы сәуле шашқан заман:
Үстінен ауыр жүгін тастап адам,
Ленин! — деп, Октябрь! — деп атқан таңға
Жалт етіп шал серпіліп, жас қараған.
Колчакты, Дутовтарды аласұрған
Аластап Қазақстан даласынан,
Бірге өсіп, бірте қайнап достық көрдік
Орыстың сан большевик баласынан.
Күрескен ел бағы үшін астында оқтық,
Қайратын ер комиссар Фурмановтың
Ел сүйген, Фрунзені, Куйбышевті
Мәңгілік ұмытпасын білем жұрттың.
Лениндік армияның солдаттары,
Күресте шыныққан ер саңдақ,
Елімнің туын биік көтеріскен,—
Ержетіп қазақ халқы алға аттады.

ҮШІНШІ ЖЫР
Мыңдаған Қазақстан большевигі,—
Лениндік партияның бөлшегі еді.
Жеткізді жеңіске елін, өрледі ел де
Дәні алтын жер шебері, кен шебері.
Лениндік дәстүрден көп тәлім алған,
Ісіңді көрем күшті жалындаған,
Халқыңды баста ілгері тағы асуға
Қамал жоқ большевикке алынбаған!
Партия қуат берген өміріме,
Соның күші елімнің өрбуі де!
Соның күші — Алтайдың алтын атып,
Алынған Қарағанды көмірі де!
Еліме шұғыласымен атқан таңның
Қайнатқан көк құрышты Теміртаудың
Тууы да, партия, сенің күшің,
Болатпен белін буды менің ауылым.
Дем беріп ел күшінің өрлеуіне,
Еңбектің шықты елімнен ерлері де,
Даланың алтын жұлдызды ұлдарының
Ісі айғақ құлашты алға сермеуіне.
Ел күші тас балқытып, тау аударған,
Ақтарын жердің алтын кенін алған.
Жайықтың өзенінің жарын өрлей,
Тұр жайнап жайқалуда қалың орман...
Мен Жайық өзенінде туып, өскем,
Сол өзен жиегінде жайнай түскен
Гүлдене ұрпағымыз еккен біздің,
Жас орман шуын есітем желмен ескен...
Таңына коммунизм қанат қаққан
Жерді, елді большевиктер гүл жайнатқан,
Коммунист қатарында болғаныма
Мақтанам, қымбат зат жоқ онан артқан!
Жайнаған жалын күші жігерімде,
Құйылған күндей нұры жүрегімде,
Сүйемін ұлы Ленин партиясын!—
Жоқ менің онан артық сүйерім де!

1949



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Таудағы ақ шатырлар

  • 0
  • 0

Тау бауыры гүлденген,
Кезі июнь айының,
Жапырақтарға бөленген
Қарағай, арша, қайыңын.

Толық

Иран бағы

  • 0
  • 0

Уа, Иран бақ, Иран бақ,
Гүлге оранып тұрған бақ,—
Ақынның талай жырына
Ілініп, жүрек сырына

Толық

Қаңтар

  • 0
  • 0

Қаңтардың айы сұлу, аспан ашық,
Айнадай айналамды ақ қар басып,
Жондарды жарқыратып алыпты орап,
Қойғандай құмшекерді жерге шашып.

Толық

Қарап көріңіз