Өлең, жыр, ақындар

Қара бүркіт

  • 05.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1402
(Арыстан Дәуітұлы Троцкийге арнаймын)

Пенде еді қара бүркіт тұтқындағы,
Шынжырлы байлаулы еді қол-аяғы,
Қапаста томағалы күндіз-түні
Қайғыдан ашылмаған оның бағы.
Күштінің айласына лажсыз көніп,
Сарғайып ол отырды пенде болып,
Отырды бар арманы еркіндік боп,
Көңіліне шерлі қасірет жалын толып.
Отырды мойнын салып күндіз-түні,
Түнімен тек қараңғылық көрген күні.
Тұншығып, жарық көрмей сорлы тұтқын
Отырды, қапаланып шықпай үні.
Солайшаталай жылдар, күндер өткен,
Кетпекке бүркіт талай талап еткен.
Талпынып дамыл алмай бостандыққа,
Еш болып сан еңбегі босқа кеткен.
Қоймады бостандықтан үміт үзіп,
Мұраты қу қапастан кету бұзып.
Бір күні я өлмек боп, я кетпек боп
Жұлқынып аяқ бауын кетті үзіп.
Үзген соң көкке шығып аяқ бауын
Сағынған ол кеп тапты асқар тауын.
Ысқырып, шырқ айналып тауға келіп,
Іздеді көз жіберіп қалың жауын.
Тауға кеп шырқады ол аспанға өрлеп,
Жарқылдап көкке шықты қанат сермеп.
Жиналған көкіректегі шерлі шағын
Шығарды ол саңқылдап даусын кернеп.
Құрышын тарқатуға бүркіт енді
Қанатын жазып, еркін есті жиды.
Жауларын қарауылдап көкті кезіп,
Міне, енді қара бүркіт тауға келді.
Қалың ну, шың-құз, асқар, зеңгір биік,
Шыңдарды айбат шеккен көкке тиіп.
Жиналып ертелі-кеш бұлттар келіп,
Еріксіз мойынсұнған басын иіп.
Тілдесіп, тау аспанмен құшақтасқан,
Бұл таудан жалғыз биік жоғарғы аспан.
Ысқырып көкке шығып жерді байқап,
Жалғыз-ақ сол таулардан бүркіт асқан.
Сол кезде таң атқан ед таудан асып,
Шұғыламен тұншықтырып нұрын шашып.
Бүркіт пен күннен қорқып барлық жыртқыш,
Тығылды іннен-інге бетін басып.
Біресе жарқылдады бұлттан асып,
Біресе желмен ойнап арындасып.
Біресе оқтай заулап жерге келді,
Жыртқыштар шыдасын ба кетпей қашып?
Бар хайуан тау ішінде қорғалаған,
Ақырын бұғып бәрі жорғалаған.
Екпіні қандай жауын шыдатқандай
Ысқырып көктен төмен сорғалаған.
Тау кезіп қалықтайды қара бүркіт,
Таудағы қасқыр, борсық кеткен үркіп.
Ұқсайды жау күзеткен аэроплан
Салмақпен шайқалады күшін іркіп.
Аспанда қара бүркіт қалықтады,
Тау кезіп бақылауға жалықпады.
Құйқылжып желмен ойнап төңкеріліп,
Қанаты болат құрыш талықпады.
Ысқырып қанат, құйрық желді жайпап,
Қорғалап жасырынған жауын байқап.
Інінен қасқыр, борсық шықса тысқа,
Аспаннан атқан оқтай соғар жайқап.
Желменен бүркіт біраз ойнап болды,
Сорғалап биік құзға келіп қонды.
Күншығыс, күнбатысқа көз жіберіп,
Қаранды бойлап, толғап оңды-солды.
Биікте бойын безеп таранады,
Күнбатыс, күншығысқа қаранады.
Айнадай жердің жүзін анық көріп,
Әлемді көзбен санап аралады.
Айбатты түсі суық, төсін керген,
Төңкеріп төңірекке көз жіберген.
Қырымда қимылдаған құмырсқаны
Дүрбідей алдына әкеп көзі көрген.
Толғанып жер дүниеге көз жіберді,
Өлшеусіз жауыздықты көзі көрді.
Күштінің құлдығында күні кешкен
Ол көрді қапастағы сансыз ерді.
Ол көрді Азияны мұнар басқан,
Ол көрді Европаны сұмдығы асқан.
Борсықтай дүниені сора бермек
Бұл күнде қу Европа жанталасқан.
Ол көрді тың ордадан атқан таңды,
Ол көрді Жапон, Қытай, Үндістанды,
Ол көрді Европа мен Американы
Қасқырдай қамалаған әлсіз жанды.
Ол көрді Генуя мен Гааганы1,
Ол көрді Стамбул мен Лозаннаны.
Көрінді оған тағы Азия да
Нақақсыз сансыз жанның аққан қаны.
Күштілер әділдікке қарамаған,
Әлсізді тірі жеуге қамалаған.
Үйірлі бір топ қорқау Лозаннада
Арбасып бірін-бірі шамалаған.
Дүниеде сан зорлықтың көрді бәрін,
Есітті нақақ жанның ащы зарын.
Ол кірді бір зор ойға жаны күйіп,
Түйілтіп қара бұлттай қабақтарын.
Есітті нақақ жанның жылағанын,
Күңіреніп жер мен көктің ұлығанын.
Әлсіздің зорлық көрген күштілерден
«Бауырым!» деп жәрдем күтіп сұрағанын.
Алысқан адамзаттың әлсіз ұлы,
Ұраны жауыздардың болмау құлы.
Нақақтан қанын төкті сан азамат,
Алынар қорқаулардан әлі-ақ құны!
Естілді «бауырым» деген ащы үндер,
Есіне түсті мұның қара түндер.
Шынжырлы, күндіз-түні томағалы
Арманы бостандық боп өткен күндер.
Саңқылдап салды ұран көкірек кернеп,
Ұшуға оңтайланды қанат сермеп.
Толғанып қызыл күнге ол серт қылды —
Не өлмек, не жалпы азаттықты көрмек!
Көкірегі өртенді оның қаны қайнап,
Түйіліп қаһар тікті көзі жайнап.
Толғанды оңды-солды күшін жиып,
Уағдасын қызыл күнге сертпен байлап.
Мұзбалақ қара бүркіт — қайтпас қыран!
Жартастың нақ астында қара жылан.
Тілегі аңдаусызда шақпақ сені
Аңдаусыз бос отырма, байқап қыран.
Саған жау — жалпы жыртқыш әлемге аян,
Саған қас — қала берсе, ақ, көк қоян.
Саған жау — қасқыр, қорқау, семіз борсық,
Саған жау — арам бақа, жылан, шаян.
Көп қорқау сыртыңнан жүр тісін қайрап,
Борсықтар жорғалап жүр іші қайнап.
Інінде қара жылан жатыр бұғып,
«Шақсам» деп аңдып сені көзі жайнап.
Қыраным! Топшыңды жи, қанат қомда!
Ұранды қаттырақ сал, оңды-солға,
Жауың көп алыста да, жақында да,
Ұшсаң да, отырсаң да, қамсыз болма!

1922 жыл, шілде



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Далада

  • 0
  • 0

Далада жазғытұры тостым желді,
Кезгек жел саулап есіп жетіп келді.
Гүл шешек, көгал шөптің басын сипап,
Көркейткен киіндіріп қара жерді.

Толық

Бір ақынның сандырағы

  • 0
  • 0

Ауру ақын
Ыңқылдайды төсекте
Қыстығып.
Доктор жақын,

Толық

Жазғытұры

  • 0
  • 0

Кеш. Ымырт. Таудың іші... жазғытұры,
Құлпырды шыққа оранып ойы, қыры.
Тәніне құлпырған ақ перде жапқан
Сұлудай тау менен тас жердің түрі.

Толық

Қарап көріңіз