Өлең, жыр, ақындар

Салт-дәстүрді сақтаңдар

  • admin
  • 27.03.2024
  • 0
  • 0
  • 334
Ертеде бір бай болды,
Шаруасы жай болды.
Малы егізден төлдепті,
Қыстаса да ой, қай дөңді.

Қыры дәнге толыпты,
Ойы шүйгін болыпты.
Не бір сал мен серілер,
Үйіне оның қоныпты.

Жұрттан ылғи сый көрген,
Жүріпті бай күйбеңмен.
Бопты оның қос ұлы,
Өткен жылы үйленген.

Байдың бағы жаныпты,
Зәулім сарай салыпты.
Жұрттың бәрі бұл үйден
Үлгі – өнеге алыпты.

Жұрттан соң ол жатыпты,
Таңы ерте атыпты.
Бір күндері әлгі бай
Келіндерін шақыртты.

Хабар ма екен бұл жайлы?
Келіндері тыңдайды.
Ыдыс-аяқ үйдегі
Сылдырламай тұрмайды.

Бітпес өмір күйбеңі,
Бай содан соң бүй деді, –
«Даладағы ерліктен
Бірлік артық үйдегі!

Талай ысып, тоңыппын,
Бәрін – бәрін қорыттым.
Татулығы әр үйдің,
Татулығы сол ұлттың.

Ана сүтін ақтаңдар,
Әдептілік сақтаңдар.
Болған жайтты үйдегі,
Өзгелерге айтпаңдар.

Ақыл айтар және де,
Бар бауырлар, бар ене.
Сөз тасыған келіндер
Ұрынады бәлеге».

Бұл – өнеге, мұралық,
Деп атасын құп алып.
Келіндері кетіпті,
Қол ұстасып, қуанып.

Қай күн есте сақталар,
Жоқ әзірге жат хабар.
Ауысыпты жыл жылжып,
Өтіпті айлар, апталар.
Көшелі де, тұрқы ірі,
Сойып семіз жылқыны.
Туыстарын шақырды,
Бай үйіне бір күні.

Сірі емес қой жанымыз,
Шағылды сан тауымыз.
Егінді өртеп, малды ұрлап,
Басынды қас жауымыз.

Ел айызы қанатын,
Шығар алдан жаңа күн.
Мезгіл жетті бауырлар
Кегімізді алатын.

Алмай сырқат, кәріңді,
Ат мініңдер арынды.
Сайлап ертең қойыңдар,
Қылыш, найзаларыңды.

Қонысы – кең, елі – бай,
Жата алмайтын тегі, жай.
Үш күннен соң қас жауға,
Аттаналық, – деді бай.

Бұлт бүйірлеп, жылжыды ай,
Иә, жарылқа, бір құдай.
Межелі күн жетті де,
Ертеменен тұрды бай.

Мініс көрген тұрақты,
Ерттеді ол құла атты.
Жиналғандар қарасы,
Тым көбірек сияқты.

Құлан қашпас қағынан,
Көрер енді бағынан.
Қосылыпты топ жігіт,
Құдалары жағынан.

Бай ойланып, күрмеліп,
Кірді топқа бұл да еніп.
Хабар бермеп еді ғой,
Құдалары жүр не ғып?

Жасыл жайлау тапталды,
Шаңға көміп ақ таңды.
Кілең қайсар жігіттер,
Қас жауына аттанды.

Ал, үйіңнен шығып көр,
Не істемеді бұл иттер.
Жауының кеп ауылын,
Шапты түсте жігіттер.

Айқай...
У – шу, ұр да, өлтір!
Жан дауысын бір келтір!
Шап!
Аяма!
Жұл басын!
Қойсын таппай бір дегбір!

Қылмақшы бір мәңгүрт нақ,
Жеңіп жауын, қаңғыртпақ.
Ұрыс салды жігіттер,
Ауыл үстін шаң қымтап.

Атар таңы арайлы ақ,
Қонар басқа талай бақ.
Қайтты түнде жігіттер,
Жеңіп жауын, мал айдап.

Мұндайды кім көріпті,
Өзінше әркім жорыпты.
Құда жақтың бәрі де
Қанды ұрыста өліпті.

«Елу елдің құлағы»,
Шындық – шыңның шынары.
Ал, бұл жайтқа депті бай,
Келіндер де кінәлі.

Бұл қырғынды кеште өткен,
Теңей алман еш дертпен.
Төркінге сыр шашпауға,
Келіндеріме ескерткем.

Енді атпасын таң боздап,
Ұйымшыл ел алға озбақ.
Ашықауыздық түбі –
Кетті құрып сан боздақ.

Ашсын құшақ ақ таңдар,
Ашсын құшақ шат таңдар.
Өнегенің кілті – осы,
Салт–дәстүрді сақтаңдар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қара шал

  • 0
  • 0

Қыр мұрынды, қой көзді де көрікті,
Қазақ деген бір қара шал болыпты.
Ен жайлауы төрт түлікке толыпты,
Ал, үйіне Қыдыр ата қоныпты.

Толық

Ізгілік нұры

  • 0
  • 1

Деп «бұл дұшпан басынды»,
Екі жақ та тасынды.
Түрікмендер, қазақтар
Қырқысқан бір ғасыр-ды.

Толық

Әділдік

  • 0
  • 0

Жау жағадан алғанда,
Ел бүлінбей қалған ба?
Ен далада жүретін,
Қашты маңнан аңдар да.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар