Өлең, жыр, ақындар

Екінші суайт

  • admin
  • 10.04.2024
  • 0
  • 0
  • 120
Қыста жерден гүл тердім,
Айдан түсіп шанамен.
Отын үшін мың бөлдім,
Бір өзенді арамен.
Жүрмей сырттай торып мен,
Қасқырларға қас қылып.
Отар қойды бөрікпен,
Кеттім үйге бастырып.

Отырмадым жан бағып,
Күнге бардым тас өріп.
Дайындадым малға азық,
Шалғыменен шаш орып.

Таңдай қақты жұрт көріп,
Пысықсың деп пайдаңа.
Даладан көп шық теріп
Шегеледім айнама.

Су ішінде тарықтым,
Ел көрмеген жұт болып.
Баласына балықтың
Асырадым сүт беріп.

Түн жарымда, ой тоба – ай!
Асқазаным бүлінді.
Бал жегенде байқамай
Жұтыппын ғой тілімді.

Көріп ғажап күйге ендім,
Сеніңіздер сөзіме.
Нән сусиыр инемнің
Тұрып қапты көзіне.

Кинода орман өртенді,
Бет қаратпай ыстығы.
Жамылсам да көрпемді,
Тиді маған ұшқыны.

Отырмадым дамылдап,
Оймақпен мал суардым.
Қара бұлтты сабындап,
Әппақ қылып шығардым.

Оянсам да мың жылда,
Ұйықтап жатып шыныққам.
Сағызды арқан қылдым да,
Қауға тарттым құдықтан.

Дәрігерлік тәсілмен,
Бөлшектедім жанымды.
Бір тамшы көз жасыммен
Қандырдым көп табынды.

Бес аяқты ат көрдім,
Аңы екен ол түздің.
Өзен, көлді дәптердің
Сорғышымен сорғыздым.

Парашютпен секірдім,
Шаншып қойған тебеннен.
Көмірменен кетірдім,
Лас, кірді денемнен.

Өндіргенім шамалы,
Торайдан жүн қырықтым.
Аяз буған даланы,
Демімменен жылыттым.

Шығу үшін бір шыңға,
Қысқа болып арқаным.
Аз ойланып тұрдым да
Тамырымды жалғадым.

Қыс ішінде сегіз күн,
Жатып алдым қозғамай.
Толқынына теңіздің
Ұя салды бозторғай.

Ел сүйсінер әніммен
Өлген қойды өргіздім.
Жұлдыздардың бәрін де
Шаңсорғышпен сорғыздым.

Көрсең сен таң қаласың.
Мініп алып желге мен.
Күндіз бен түн арасын
Бөліп қайттым пердемен.

Концерт қойдым тегін мен,
Көпке өнерім ұнады.
Ән салғанда демімнен
Кей көрермен құлады.

Жердей үлкен доп теуіп,
Тар қақпаға кіргіздім.
Тыңайтқышты көп сеуіп,
Мың тұрғын үй тұрғыздым.

Деп бір қызық қылайын,
Болмасты мен болғыздым.
Жер астының мұнайын
Масаларға сорғыздым.

Ептімін, һәм ұқыпты,
Мұным аян халыққа.
Жаяу кешіп мұхитты,
Ен салдым көп балыққа.

Жүнін түтіп жылқының,
Отырмадым құр қарап.
Терісінен кірпінің
Жасап алдым ұлтарақ.

Жәндік біткен жарысты,
Жұрт күлкіге кенелді.
Тезек қоңыз марсты
Домалата жөнелді.

Тыр жалаңаш жарқанат
Жаурамайтын қандай құс?
Жұмыртқасын арқалап,
Қонбас жерге алты ай қыс.

Розетка қылдым да,
Торайымның тұмсығын.
Қырқып біттім мың жылда
Көртышқанды, бұл шыным.

Күннің бетін мүк басып,
Жайылды оған күшіген.
Төгілгенде сүт тасып,
Сиыр шықты ішінен.

Өңімде емес, түсімде
Бағдарымнан шатасып.
Өз шашымның ішінде
Алты ай жүрдім адасып.

Шоқ темірді сыртынан,
Мақтаменен қашадым.
Шегірткенің мұртынан
Антенна мен жасадым.

Түсімде аш боп түнімен
Ойладым да ас қамын.
Шалбарымның қырымен
Ағаш жарып тастадым.

Дәрі қылып жасымнан
Суын іштім Жайықтың.
Жылан шағып басымнан
Ауруымнан айықтым.

Сүтімен кіл құстардың
Үлкен ойпат лық толды.
Бір терісі тышқанның
Мың есекке жүк болды.

Мың жыл өліп, тіріліп
Кеткеніме қайранмын.
Сым бойымен жүгіріп,
Токтан озып, бәйге алдым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бірқазан

  • 0
  • 0

Тұмсығын көр түйреген,
Қарадым мен нақ барлай.
Бейне ұзын инемен,
Балықты егіп жатқандай!

Толық

Зымыран

  • 0
  • 0

Тұрып алып қырынан,
(Көп – ау мұның азабы?!)
Ұясы үшін зымыран
Бір құлаш ін қазады.

Толық

Сірне

  • 0
  • 0

Ойыныңды таста енді,
Түр, - деді атам іргені.
Сойдым, міне, жас төлді
Дайындаймын сірнені.

Толық

Қарап көріңіз