Өлең, жыр, ақындар

Ақын мен ажал

  • admin
  • 11.07.2024
  • 1
  • 0
  • 105
Хамит Ерғалиевке арнаймын

Бұл аңызды естігем мен
Желден емес, елде қарттан:
«Шығарма деп, есіңнен сен»
Жас ұрпаққа үміт артқан.

Бұл аңызды баяндаған
Бір майталман кәрі шешен.
Сан сыры оның аян маған,
Мақтан болар бәрі десем.

Бұл аңызды елде тыңдап,
Құмартқанбыз бала шақта.
Сол себепті мен де құндап,
Аттандырдым болашаққа.

БІРІНШІ ТҮЙІН

Өрен ақын үн қатыпты:
«Ұлыңмын!» деп өз еліне.
Суыт талай түн қатыпты,
Сүңгіп өмір өзегіне.

Талай түндер, талай күндер,
Ақын дала кезеді екен.
Естіп мүңын құл мен күңдер,
Іштен тынып төзеді екен.

Арып, талып алыс жолдан
Ашынып ол қайтады екен.
Көкірекке жыр боп толған
Ащы ойларын айтады екен.

Мұң мұхитын жарып өтіп,
Жалынды өлең самғайды екен
Жұрт өзегін қарып өтіп,
Өршілдіктен танбайды екен.

Жыр тасқыны селдей серпіп,
Аспан астын билейді екен.
Тыңдаушыны әкетсе ертіп,
Құдайға бас имейді екен.

Тыңдапты өлең балқып дала –
Көлде құсы, қырдағы аңы.
Ай аспанда қалқып қана,
Толқын сүйіп жар жағаны.

Тыңдапты өлең қара жартас,
Мүлги төніп тұнғиыққа:
Қонып құзға жап-жалаңаш,
Көк еркесі ақиық та.

Тыңдапты жыр жатып шыңда,
Саяхатшы, аңшылар да.
Тыңдапты ару батып мұңға,
Тар қапаста жан шығарда.

Тыңдап батыр қалған қатып,
Кезеп көкке көк найзасын.
Ана жаны толқын атып,
Мөлт еткізген көзден жасын.

Ер арманын жырға қосып,
Суарды ақын кекке жанын.
Алды жырын жылдар тосып,
Жалғады ел өктем әнін.

Ардың ұлы атанды ақын,
Өлеңімен өлмес мәңгі.
Ардақтады ол адам даңқын,
Ардақтады ол өлмес әнді.

Ар ұлының асқақ жырын
Ажал ғана жаратпапты.
Көз қиығын тастап қырын,
Сырттан оны қарақтапты.

Торын жайып, ізін бағып,
Тозаққа алып келмек оны.
Оңашада басын қағып,
Жер қойнына бермек оны.

Ажал сұмның қанды балақ,
Сезбеді ақын тұзақ торын.
Жүре берді алға қарап,
Аяқтауға ұзақ жолын.

ЕКІНШІ ТҮЙІН

Жұрт ұйқыда, ақын ояу,
Жыр жазбасқа ерік те жоқ.
Көкті кезген жүзіп баяу,
Айдан басқа серік те жоқ.

Қолда қалам, болмай алаң,
Түбінде отыр шырағданның.
Күзеткендей бүкіл ғалам,
Тыныштығын бір-ақ жанның.

Шалқытты жыр шандоз ақын,
Ұзақ түнге кірпік қақпай.
Ажал келді танға жақын,
Шақырусыз жат қонақтай.

Сәлемдеспей, шешпей белін,
Ақынға үнсіз қарап бақты.
Ләм-мим деспей өлім,
Баскесерін жалақтатты.

Ақын оған тіл қатпады,
Жаза берді өлеңдерін.
Сұлу сөзбен мадақтады,
Өз елінің өрендерін.

Сойдақ тісті, таңқы мұрын,
Ажал мінді қаһарына:
— Керек емес қаңқу жырың,
Кеттің дозақ сапарына!

Маған жат деп, қалжың, ойын,
Ажал төнді желкесінен.
Ақын сол сәт бұрды мойын,
Асқақ қиял өлкесінен.

Аңдап көздің қиығынан,
Қарады оның келбетіне.
Күліп қойып миығынан,
Тіл қатты ақын жендетіне:

— Неге аптықтың, кәрі залым,
Сал қынапқа қылышыңды!
Оспағыңның бәрі мәлім,
Кетірме бос тынышымды…

Ажал сұм ба бас иетін!
Деді:
— Төзбен мазағыңа!
Бар болса айт өсиетің,
Кеттің дозақ азабына!

— Өсиетім өлеңімде,
Сырлас та жоқ менде басқа.
Таусылса өлең, өлемін де,
Төзім сақта, сен де саспа!

«Өмір – күрес» деп бастаған,
Аяқтайын дастанымды.
Сонан кейін мен бос саған,
Құлатсаң да аспаныңды.

«Тентек ақын сасқан екен,
Күндік өмір берейінші.
Өсиеті – дастан екен,
Не жазғанын көрейінші.

Деп түйді ажал шегінді де,
Баскесерін қынға салды,
— Келем ертең, кебінді де
Дайында! – деп кетіп қалды.

ҮШІНШІ ТҮЙІН

Таң да атты, күн де батты,
Отырды ақын келер кеште.
Сұлу жырды туындатты,
Ондайда өлім келе ме еске!

Шалқыды ақын. Ой көгінен
Құйылады дастан сөзі.
Сығалайды әйнегінен,
Егіз жұлдыз – аспан көзі.

Дулы, шулы, қанды жасты,
Өмір кейде шерлі етеді.
Айқастағы аспан асты,
Асқақ жанын тербетеді.

Қанатында қиял құсы,
Кейде ақын көкке ұшады.
Нажағай боп қиял күші –
Бұлтпен ойнап, от құшады.

Тұрды әлемнен асып биік,
Жыр тәңірісі сол бір шақта.
Қалды дүние басын иіп,
Арсыз ажал ақымақ та.

Түн ортасы ауған кезде,
Арсыз тағы есік ашты.
Шақырмақ боп әзіл сөзге,
Ақын күліп амандасты.

Ысқырынып, ызғар төгіп,
Ажал тағы өктем келді.
Топас, түрпі сөзбен сөгіп,
Деді:
— Бұйрық көктен келді!

Көкіректе жан барында
Кебініңе оран, ақын!
Жаратқанға жалбарынба,
Кеңірдектен орам, ақын!..

Ашуға әбден буылды да,
Бар дегендей енді қақым.
Қара қанжар суырды да,
Ақынға Ажал төнді жақын.

Қаймықпады, ықпады ақын,
Көтерді қол: «сәл сабыр» – деп.
Айқасқа да шықпақшы ақын,
Сөз бастады: «ей, тамыр!» – деп.

— Ажал деген атың суық,
Өмірді аяп көргенің жок.
Тұрса жаспен бетін жуып
Жанға пұрсат бергенің жоқ.

Қартты еңіретіп қаба сақал,
Жалғызына салдың құрық.
Қызыл гүлді үздің қатал,
Ардақтыны алдың жұлып.

Қанға бөктің, қайғы төктің,
Айтшы сонда тапқапыңды?
Бірі ғой деп көнбіс көптің,
Құрма маған қақпаныңды.

Қалжыңдасу неге керек,
Бере алмаймын жас жанымды.
Өлу маған тым ертерек,
Аяқтамай дастанымды…

Қалды сол сәт қанжар кезеп,
Кәрі жендет ашу қысқан.
Ақын тұрды бойын тежеп,
Естілді бір дүбір тыстан.

Бөлме ішін кетті кернеп,
Өңшең өрен қатал сұсты.
Ажал қолын қалды сермеп,
Қанжар ұшып жерге түсті.

Ақын көзден ғайып болып,
Үрейі ұшты, ажал састы.
Тәлтіректеп табан тайып,
Қалбалақтап тұра қашты.

Ел кегінің әмірімен,
Ажал сұмга қанжар жеткен.
Санаспастан тәңірімен,
Тілерсегін тіліп өткен.

Сонан бері ажал ақсақ,
Сүйеніп жүр балдағына.
Әрекеті бойына шақ,
Қапқыш емес кармағы да.

ТӨРТІНШІ ТҮЙІН

Ақын бүгін серуенде,
Жер көркіне құмартады.
Ұқсап көшкен керуенге,
Ақ бас шыңдар мұнартады,

Құлап сонау биік құздан.
Тілдесетін тек қана аспан,
Тентек өзен көбік шашқан,
Тудым дейді көкше мұздан.

Қарағайлы жасыл орман,
Таудың бейне бұйра шашы.
Дегендейін: мен де қорған,
Ел баласы – жер баласы.

Сұлу өлке сол бір күні,
Ақын жанын аялады.
Өлең болып әрбір үні,
Көкірегін саялады.

Жанға рахат жайлау тапқан,
Өлкені ақын аралады.
Сырттан баққан, құрған қақпан,
Ажал тағы табалады.

«Сен тентекпен тілдеспей-ақ,
Келді қапың жығам», – деді.
Сұр жебелі алды садақ,
Құмарымнан шығам деді.

Сүйенді де балдағына,
Көздеп ажал қатып қалды.
Нысана етіп зәрлі оғына,
Қақ жүректен атып салды.

Ажал оғы зулап ақты,
Улап бақты, сумаң қақты.
Аспан асты тебіреніп,
Кетті дүние тулап қатты.

Тентек құйын төсін тосты,
Шың басынан құлады бұлт.
Шатқалдарда көшкін босты
Мүлт кеткей деп тіледі жұрт

Ажал оғы зулай берді,
зулай берді…
Нысанаға жетемін деп,
Аспан асты дулай берді,
тулай берді…
Ақынды азат етемін деп.

Жапырағын жайды орман,
Өзен көкке толқын атты.
Боламын деп мен де қорған,
Көк көгершін қанат қақты.

Кәрі жартас қабақ түйді,
Майырмақ боп оқ жебесін.
Аспан төніп, нөсер құйды,
Сөндірмек боп от денесін.

Қарлы шыңын боран буып,
Асқар құздар төкті ызғар.
Лап берді оққа өрен жандар –
Отты жігіт, өтті қыздар.

Ажал оғы зулай берді,
зулай берді…
Нысанаға жетемін деп,
Аспан асты дулай берді,
тулай берді…
Ақынды азат етемін деп.

Келеді ақын қалың ойда,
Көкірегін өлең кернеп.
Тұрған шақта қуат бойда,
Дүниеге өлең бермек.

Келеді ақын аманатын
Туған елдің ақтаймын деп.
Жетілдірмей жыр қанатын,
Жер қойнына жатпаймын деп

Көл жағалап кете берді,
Тәтті қиял жетеледі.
Ақынға оқ төтеледі,
Қас қаққанша жетеді енді.

Ажал оғы зулай берді,
зулай берді…
Нысанаға жетемін деп
Аспан асты дулай берді,
тулай берді…
Ақынды азат етемін деп.

Естіп сол сәт аспан үнін,
Бір геройы дастанының.
Ажал оғын қағып алды.
Жыр арудың бағы бар-ды!

Оқты ақынға дарытпады,
Жырды отқа қарытпады.
Жебелі оғын өзіне атты,
Дәлдеп сұмның көзіне атты.

Қадалып оқ қарашықтан,
Көргіш көзін ала шыққан.
Ажал кетті шойнаң қағып,
Жыр күшіне қайран қалып.

Сонан бері ажал інде,
Көрінбейтін болды адамға.
Қарақшыдай кезіп түнде,
Қайыршыдай жүр далаңда.

Сонан бері ақын көрсе,
Қапылыста жақын келсе,
Зәресі ұшып қашады ажал,
Белестерден асады ажал.

Жүрегінде ел сақтаған,
Сол себепті сөйлейді өлең.
Жорықтарда ер жаттаған,
Қиянатқа көнбейді өлең.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз