Рүстем төреге айтқаны
Жанақ Қарқаралыға қараған Қамбар деген рудан. Рүстем – Абылай тұқымы, Ұлы жүзде төре болған. Соңында Ұлы жүз Қоқан хандығына, Орта жүз орысқа қарағанда, екі елден де кетіп, бағынбай Балқаш жағасында өз алдына жүрген. Кісіні көп өлтірген себепті «Қанішер Рүстем» атанған. Сол Рүстемді Жанақ əдейі іздеп келеді. Есіктен сəлем беріп келсе, Рүстем қанжар қайрап отыр екен. Домбырасын босағаға сүйеп, қол берсе, қолын алмай: – Дəу де болсаң кескегін сүйретіп жүрген ақынсың ғой, ақын болсаң, айтып жіберші? – дейді. Сонда Жанақ домбырасына қарайды. Рүстем: – Қарағай сөз үйрететін болса, алып бер? – деп домбырасын алып бергізеді. Сонда Жанақ:
Ал, қолыма, тидің бе, қарағайым,
Қарағайсыз керекке жарамайым.
Жел желісті желмаям, саған мініп,
Бұл үш жүздің баласын аралайым.
Қарағайым қолыма тигеннен соң,
Ажарына ешкімнің қарамайым.
Беретін ақбас құндыз, ақ жамбым жоқ,
Өлеңменен төрені паралайын.
Ат биеден туады, алып анадан,
Ел ағадан азады, тон жағадан.
Өлексе – өлеңшінің аңдығаны,
Арлан бөрі соғады тау сағадан.
Сергелдең, сейіл-серуен кезеңінде,
Ер аттан, мұқалады ат тағадан.
«Балапан ұядағы ұшқанды алар»,
Қатын ерден, үлгі алар іні ағадан.
Бір ойын онға бөлген, онын жүзге,
Сасқанда ақыл шықпас кем бағадан.
Хан оңбас қарашысын қарақтаған,
Нар үріксе, жүгі ауар қарқарадан.
Тұлпар ақау болады аяғынан,
Ақсаса оңалмайды би парадан.
Рүстем, атағыңды естіген соң,
Əдейі іздеп келіп ем Арқа арадан.
Заман өтіп барады қилы-қилы,
Қазақ болды бұл күнде елдің сұмы.
Иен қалған, иесіз бір ел болдың,
Екеніміз белгілі кімнің құлы.
Астында тақ, аузында əмірі жоқ,
Сабан құрсақ жем қылды сарттың ұлы.
Ат пен түйе тарту ап келгендерге
Мендей емес, Рүстем, түсің жылы.
Рүстем, сен асылдан қалған қиық,
Сол себептен қазаққа жүрсің сиып.
Барар жерің бар ма еді, мен көрмеген,
Артың ашық болғанмен, алдың тұйық.
Байқамасаң, бұл дүние теңіз болды,
Өткелі жоқ, түбі жоқ бір тұңғиық.
Беру үшін келгем жоқ, алу үшін,
Ат мініп қайтайын деп, шапан киіп.
Біреу айтты: – Рүстем қастайды деп, –
Жасқанбаған бетіңді жасқайды, – деп.
Барсаң аман қайтпайсың, тоқта, – деді,
Ашуланса, басыңды ап тастайды, – деп.
Кейбіреу: – Жанақ, тілің ащы, – деді,
Бетің қайтпай, араның тасты, – деді –
Ащы тілмен төрені сұғып алып,
Алғызып-ай қайтарсың басты, – деді.
Мен тоқтамай келіп ем: – Барамын, – деп,
Озып жүрген өлеңге дарамын! – деп.
Тілім ащы болғанмен, заһары жоқ,
Жылан емес əншейін арамын деп.
Бас алуға отырсаң кісі таппай,
Бір басылсын төренің араны деп.
Атаң мінген айырылған алтын тақтан,
Толар болса, су алған қараны деп.
Осыны айтқанда, Рүстемге Балқаш жағасында тұратын бір балықшы балық алып келіпті жəне бір аңшы бір түлкі алып келіпті. Соны көріп айтқаны:
Жазықсызға тартқыздың жазаны да,
Былықтырып, былғадың қазаны да.
Алал тамақ өтпейді тамағыңнан,
Ұрлық етін салмасаң қазаныңа.
Аттандырған ұрың мал əкелмесе,
Əкесі өлген ұқсайсың азалыға.
Тышқанына аңшының жарналас боп,
Балықшының ортақ боп сазанына.
Ұрлап келген жылқыны мəзеніңдей,
Кісінеттің тұсыңнан азаныңа.
Қолы жеткен атаңның ұсынғанға,
Бір бел еді белгілі мұсылманға.
Жауға жарақ болғанда, дауға дарақ,
Ақыл тауып беретін қысылғанда.
Аруағын атаңның боққа былғап,
Төмен болдың тұрғылас тұсыңнан да.
Ошақ басын, от қасын аңдимын деп,
Бастан бақыт айырылдың құсыңнан да, –
дегенде, «Таста домбыраңды!» – деп, Рүстем қылыш көтеріп алыпты. Сонда айтқаны:
Тастар болсам, басында бастамаймын,
Жон терімді тілсең де таспадайын.
«Бас кеспек болса-дағы, тіл кеспек жоқ»,
Мен, сірə, домбырамды тастамаймын.
Берік көктен дегенде, жылдан жылыс,
Ел ұл туса, болады елге тыныс.
Сөйткен ер ұл сен болсаң, тумай-ақ шөк,
Сен туған соң, елімнен шайқалды ырыс.
Тұқымы азып төренің тұқыл болып,
Болат ағып, бұл күнде болды мырыш.
Шабар болсаң, дəтімді айтқызып шап,
Дəт айтқызбай шапқан жоқ атаң қылыш.
Арғы тегің қанішер Абылайдан,
Үш жүздің баласына қанат жайған.
Абылай сенше қан ішіп көрген емес,
Жаудың қанын ішетін ашып майдан.
Алғалы отырғаның кімнің басы,
Сен Абылай боласың, айтшы қайдан?
Қара орын айырылған алтын тақтан,
Адамша ішіп, аңша өскен сен бір хайуан.
Бұртиясың бүйідей өңің шəйіп,
Ісігіңді отырсың сыртқа жайып.
Қанжарыңды көтеріп қоразданып,
Өлтіретін кісідей мені шауып.
Мені өлтірсең, ойлашы, не боласың?
Тұман болар басыңнан күнің ашық.
Арғынның бергі шеті Жетісуда,
Есіл, Нұра, аржағы Еділ, Жайық.
Ботақанды Абылай өлтірем деп,
Заманы бола жазған алмағайып.
Сол себепті, сен түгіл атаңның да
Көкшетаудан іргесі кеткен тайып.
Ұрлап, тартып қазақтың алдың малын,
Хан емессің, қарадан алдың алым.
Ұлықпандай əкімді жерге көмген
Сен секілді бір кезде патша залым.
Мені бірақ сен жерге көме алмайсың,
Торғайға да мен түгіл келмейді əлің.
Дақ салмай кетед деме, сірə, тегін,
Дар көрігім күледі шалқып жалын.
Қабың қайдан жаралды, сабың қайдан,
Ол арасы Жанаққа еді мəлім.
Ауруды қуантпас алтын төсек,
Елді жеген бір бермей кетпейді есеп.
«Жел соқпаса, қозғалмас шөптің басы»,
Сен туарда жабысқан шешеңе өсек.
«Көп ауызы – уалы» деген рас,
Тұлпар шапқан биеден тумайды есек.
Шынар құлап түбінде қалды шірік,
Ел ұйтқысы бұзылды мəйегі іріп.
Құлғын жүнді құбылдан қашыр туды,
Есек шауып биеге, айғыр тұрып.
Ел тентегін тиятын төреміз сен,
Өз қолыңнан ұрыға бердің құрық.
Бұл мінезді қарызға алдың кімнен,
Əулетіңде жоқ еді, мұндай ғұрып.
Батыс пенен Шығысты кім қоршады,
Жан-жағыңа қарашы мойын бұрып?!
Шаншылған батыстың сары жұлдыздары,
Ініңе суды құйып, алар ұрып.
Қарқаралы, Аягөз, Бөкей, Торғай,
Дуанын кеп ортаңнан алды құрып.
Заманыңды тарылтып шəрге үңілтіп,
Еңсеңді алып, іргеңді қойды сырып.
Ордаңды өртеп, орнына дуан салды,
Мықты болсаң, қанекей, бермеші ырық.
Əлің біліп жадажай жүрмеймісің,
Үй күшіктей отыңның басында үріп.
Аш қасқырдай нашарды жейсің жығып,
Сырт жау келсе, кетесің шиге бұғып.
Өз еліңнің үрейін өзің алдың,
Ұлығына Қоқанның көтің тығып.
Бөденедей бас күйттеп, бүрсек қағып,
Бұл жүрісің қай жүріс, елден шығып?!
Төре ұйтқысын шайқаған ұры кезеп,
Қайырсыз, қары қалың құтсыз өзек.
Сырлас достың түңіліп сырт айналып,
Сырыңды алып, сыртыңнан алды күзеп.
Сенісе алмас дұшпаның сырттан болып,
Қарсы тұрып, қанды оқ көрнеу кезеп.
Сенен көшсе біреуге барып қонбақ,
Бақыт алтын көшпелі, дүние кезек.
Ұқпағанның өтемін өңсерінен,
Түзейтұғын ұққанды сөзім тез ед.
Аталының дөнені бесті шықты,
Буыршындар көбейді, саныңды езед.
Сонда: – Ақын жоқты айтады екен десем, барды айтады екен, – деп Рүстем: «Аламын деп келіп едің ғой, сұрашы?» – депті.
Ал, тақсыр, ақылға кел, ашуың бас,
«Хан – қайран, дегендейін қарашы – тас».
«Хан артынан – жұдырық» дегендейін,
Бақыты зорға болады əркім-ақ қас.
Кессе де кемімейтін кенім сенсің,
Жаяуларға ат болған, аштарға ас.
Алуыңа тұра ма менің басым,
Бақа күндес жауың емес, мен тайталас.
Мен қолыңнан келемін не қылсаң да,
Кессең бас, тақсыр, төрем, кессең қалас.
Қиянатсыз кеуде бас сақтай алар,
Қиянатшыл кеудеден кесілер бас.
Бұл кеше жыл түнеген хан ордасы,
Ер өлгенмен жоғалмас ел ордасы.
Баласына үш жүздің ұйтқы болса,
Топ бас қосқан төрінде ел ағасы.
«Аруақ!» деп аттаған бос шықпаған,
Абылайдың алтынды босағасы.
Қары қалың қайырсыз бел болдың ба,
Асқар тауым, айдынды ел панасы.
Үй жығылып, қазақтан тікті күрке,
Күркеден де айырылар бірте-бірте.
Сүлік, сона аралап сөлін сорып,
Жайды уытын тісінің қанын бүрге.
Өзінің көлеңкесін құбыжық деп,
Көк қаншық қоян болды үрке-үрке.
Сиырдайын шиырлап шыр айнала,
Бірін-бірі мүйіздеп түрте-түрте.
Қан төгілді бұл күнде халықтан да,
Ханнан мүлде халық та жалыққан ба?
Халық – дария, хан – балық емес пе еді,
Судан шықса, жан кетер балықтан да.
Ат шалдырар қалмады айтарлық жер,
Алыс жүріп келгенде талыққанда.
Ит кемірсе тоймайтын, бай – қу асық,
Қайырым, мейірім жоқ зарыққанда.
Кедей – кер, кесел мінді кераламды,
Дуа кетті қасар мен ғарыптан да.
Ордан орғып түсетін өрен тұлпар,
Аттай алмай арып жүр арықтан да.
Шерімді шертіп əдей, сөйлейін деп,
Əдейі іздеп келіп ем, барып ханға.
Кімге ауыр, кімге жеңіл, айтшы төре,
Ел ұйтқысын, ер күнін сарыққанда.
Ханзадам, қасиетті асыл тектім,
Досқа қорған болғанда, жауыңа өктем.
Қатам болса алдыңда, кешір, тақсыр,
Арылдым, арманымды айтып төктім.
Атаң Абылай қазақтың кегін алған,
Туын жығып, жауының шебін алған.
Азуын айға басқан сан менменнің,
Үрей түтін ұшырып, ебін алған.
Түрікпеннің түбінен малын алып,
Арыстанның аузынан жемін алған.
Жаудан қорғап, малы мен басын билеп,
Қазақтың сары алтынын тегін алған.
Ханзадам, енді кімді бу қыласың,
Көлсіз жерде жая алмас қу құлашын.
Дегендердің тілеуі қабыл болды,
«Хан тағы төңкеріліп, ту құласын!»
«Жау кеткен соң боққа шап қылышыңды»,
Қобы сорды құндыздай су бұласын.
Дариға-ай, үлкен арман, Кене ханның
Қырғыз шешті тəжі мен дулығасын.
Кеш, алдияр, мінеки, болса қатам,
Деп келіп ем ордаңның дəмін татам.
Ер көңілді ерке өскен Жанақ едім,
Айтып едім, айтқан соң өзің қатаң.
«Тас түскен жеріне ауыр» дегендейін,
Түскен жерім, төрем, сен, саған батам.
Əдейілеп алдына келгенінде,
Ердің құны болса да кешкен атаң.
Жолың болса атаңның бағын берсін,
Тəңір алдында мүстежап болып батам.
Қай түкпірін табамын кең ойыңның,
Бақайыңнан келем бе зор бойыңның.
Ал, алдияр, енді айтар сөзім қысқа,
Мұжысаң да, басымын өз қойыңның, –
дегенде, «Е, Жанағым, айтқаныңның бəрі рас, алам деп келдің ғой, сұра?» – депті. Сонда:
Ау, тақсыр, сияр қандай, симас қандай,
Аран ашып, лəпсісін тимас қандай?
Біріншіден, соны бер маған берсең,
Ең жақын адамыңа қимас қандай?
Екіншіден, соны бер, маған берсең,
Беретұғын кісіңе сыйласқандай.
Үшіншіден, бересің біліп өзің,
Мен Жанақ – бұраң ағаш, сенсің – тезім.
«Кім берді?» десе, «Рүстем беріп ед», – деп,
Жоғалтпай жүрерліктей сақтап көзін.
Ол-дағы олжа алынбай қайтса басым,
Көресісін көреді қалған жасым.
Тоғыз алып қайтыпты деген атақ,
Өзің қосып жатарсың қосымшасын, –
дегенде, «Жақын адамыма қимайтыным еді», – деп, үстіне жанат ішік жауыпты. Сонда айтқаны:
Жанат ішік, жабыстың иығыма,
Құн жетпейтін бармақтай сиығыңа.
Сені киіп көргенде күлкі келді,
Өзге түгіл өзімнің миығыма.
Ішік жанат болғанда, сеңсең тымақ,
Бəрекелді, көн етік, тұрсың ұнап.
– Ішік анау, етік пен тымақ мынау, –
Деп мазақ қып күледі-ау, біреу сынап.
Мата көйлек, кір кемзал, жыртық бешпет,
Жамаулы шалбар-дағы тұр кес-кестеп.
Сендерді жасырам деп қиын болды-ау,
Бір үйге барғанымда белім шешпек.
Апарып қоямын ба үйге тығып,
Бар киімім үстімдегі ішікке өш деп, –
дегенде, ішті-тысты бар киімді жаңадан беріп, екінші: «сыйласқандай кісіме беретінім», – деп бір көк ала ат əкеп бергенде, айтқаны:
Көкала ат, ат екенсің ерге лайық,
Жаяң – Жайыр жайлау, төсің – қайық.
Аяғыңда ақау жоқ, арқаңда дақ,
Аяғын тас ілмейтін, мұзға тайып.
Ескек желіс, емен бел, ебі1 екпінді,
Омырауың арасындай Еділ-Жайық.
Əлде болса, құлынды ат қылады,
Шар тартып қалғанменен жасы ұлғайып.
Бірақ сенің сəніңді келтіре алмай,
Сенде емес, болады ғой менде айып.
Ерім анау, тоқымым қырық құрақ,
Сұрыңды кетіреді-ау, сенің бірақ.
Сом ерге сұлу денең үйлесе алмай,
Жабығып тұрасың-ау, қайран пырақ.
Төреден де сұрауым асып кетті,
Лайық ерді аламын кімнен сұрап?
Көкала ат көрінгеннің көзін бұрып,
«Кімнің аты демей ме?» біреу тұрып.
Сонда сенің сұрыңды кетіреді-ау,
Сом ер-тоқым, қайтейін, қалғыр құрып.
Бір үйге барып түсе қалғанымда,
Ер-тоқымды жүрем бе ала кіріп, –
дегенде, бежін ер əкеліп ерттетіп беріпті. «Көзімдей көріп жүр», – деп бір кісе беріпті. Сонда айтқаны:
(1 Ебі – отыз шұңқырдан шығатын қатты жел)
Төренің көз жіберсе кісесіне,
Ер ұлдың лайықты мүшесіне.
Рүстемнің болмаса жомарттығы
Оңайлықпен сен қолға түсесің бе?
Сені алған Жанақ тағы иман таппас,
Күнінде алып жүрмесе үш есіне.
Кемітерлік міні жоқ кісең, кісе-ақ,
Не қылса, бір шебердің соққан ісі-ақ.
Тұрманы сонда түгел болар еді,
Өзіне сай қын менен болса пышақ.
«Қынсыз кісе асынба» дегендейін,
Жарақсыз жауға шапқан батырға ұқсап, –
дегенде, күмістенген қын мен пышақ əкеп беріп: «Енді сұрайтының бар ма?» – дегенде:
Мен үйімнен жасымда безіп едім,
Кедейлікпен үш жүзді кезіп едім.
Аз бергенді асырмай, төмендетпей,
Бермегенді сөзбенен езіп едім.
Көп бергенді қопсытып көтермелеп,
Кім де болса, сырты емес көзіне едім.
Не өліп, не көп алып қайтуымды
Үйімнен шыққанымда-ақ сезіп едім.
Жасымда кедейліктен жедім таяқ,
Жалаң бас, жамау дамбал, жалаң аяқ.
Кедейлік қыршаңқы аттай топтан қуып,
Үйірге қосыла алмай жүрдім саяқ.
Қыр соңыма түсіп ап сұм кедейлік,
Найзасы жетер-жетпес жүрді таяп.
Ол арнаулы Жанақтың сыбағасы,
Тоғызымды береді айтқызбай-ақ.
Өлеңменен құтылдым өріс алып,
Есіркеп босатқан жоқ, ол мені аяп.
Тоғыз басы атақты жамбы болар,
Жамбыға құндыз тосса, сəнді болар.
Жансыздан төрт болмаса, бесеу болар,
Қазақ жолы қалғаны жанды болар.
Жандының басы сонда түйе болар,
Жанды да тұтам емшек бие болар.
Жалаңаштық түйеге жарасымсыз,
Үстіне кілем жапса жүйе болар.
Шапан болса жəне де торқа болар,
Торқа шапан тоғызға орта болар.
Ең аяғы болса да тай-тайынша,
Қонақасы күздікке сорпа болар.
Сыналса жеңіл салса, «ауыр», демейтін нар,
Ақылға кең, алдияр, ашуың тар.
«Саны бар, сапасы жоқ» боп жүрмесе,
Тоғыздың да толымды тоғызы бар.
Көлеңкең зор болғанда, қолтығың кең,
От болады аузыңнан шығарсаң дем.
Айтып-айтпай немене бəрі бір бас,
Айтқызатын сіз емес, басқаға жөн, –
дегенде, айтқан тоғызын беріп: «Енді сұрайтының бар ма?» – дегенде айтқаны:
Енді өлеңді айтамын ханымыма,
Ханымым да жарайды алымыма.
Хан менен ханымының жөні басқа,
Ханымды да балаймын хан ұлына.
Сен миуалы ағашсың, көкке бейім,
Аузымды ашар миуаңнан тоя жеймін.
Тұлғасына ханымның көз тойғандай,
«Түсі игіден түңілме» дегендейін.
Ханұлы, ханымымыз, ханның қызы,
Ханымды қасиеттеу – халық ізі.
«Ердің көркі əйелмен» дегендейін,
Хан – дəмі болғанында, ханым – тұзы.
Ханымның мұнан артық қандайы бар,
Лебі шəрбат, бал тамған таңдайы бар.
Тілім жетпей қалмасам сұрай алмай,
Жомарттыққа жаралған маңдайы бар.
Бір нақ сүйер бар еді алған сүйіп,
Қалың малын əркімнен берген жиып.
«Сұлу, сұлу емес деп сүйген сұлу»,
Өз көзіме көрінер бір кер миық.
Ол кір көйлек киіп жүр кіргізгеннен,
Мен барам жанат пенен бұлғын киіп.
«Өзіңді ойлап, алмайсың мені есіңе»,
Деп жүрсе, ұялам ғой бетім күйіп.
Адамның жан жолдасы – жан сүйген жар,
Ханымсыз айтшы, тақсыр, не сəнің бар?
Сол секілді сəнім жоқ, онсыз менің,
Əркімнің өзіне сай тұғыры бар, –
дегенде, ханымы əйеліне түгел асылдан киім беріпті. «Енді сұрайтының бар ма?» – дегенде, айтқаны:
Қасымдағы жолдасым – қара шалым,
Қара шалдың қылығы маған мəлім.
Ол ілігін артады, тақсыр, маған,
Мен өлеңмен əркімнен алсам алым.
Қара шалда жоқ еді жал менен қоң,
Деп қуанып отыр ғой сапарым оң.
– Олжа сал, – деп қыңқылдап мазаны алар,
А, тақсыр, сіздің үйден шыққаннан соң.
Қыңқылдаса кетпей ме мұнан маза,
Жолдастығын сөйлесе, түбін қаза.
Бұған қиып беретін түк бермедің,
Бергеніңнің бəрі асыл, бəрі таза.
Жанақ бере білмеді, ала білді,
Құдай «ал» деп берген соң шебер тілді.
Сонда-дағы түскем жоқ ел алдына,
Əркімнен-ақ бұл Жанақ үзіп-жұлды.
Жақсы десін, мейлі жаман десін,
Жанақты бұл үш жүздің ұлы білді.
Хан-қара мен сыйлады би-төресі,
Болмаса сыйлар ма еді, сөзім бұлды.
Қара шалым, жан едің тілің тəйтік,
Ол да олжа, аман барсақ үйге қайтып.
Енді менен дəметпе, қара шалым,
Арызыңды жеткіздім төреге айтып.
Азға – ырза, көпке – қанағат деп,
Енді бекер не керек сөзді ұзатып.
«Енді не сұрайсың?» – дегенде, айтқаны:
Жанақ та ұялмастан сұрай берді,
Алу үшін əр сөзді құрай берді.
Белге кісе, басыма тымақ беріп,
Үстіне ішік, астына бір ат берді.
Он жыл айтып біреуін алмайтынын,
Үйіп-төгіп барлығын бір-ақ берді.
Ала берді ұялмай, бере берді,
Бере берсе, кім берді, төре берді.
Алған сайын ашылып араным да,
Үсті-үстіне өлең де өре берді.
Қолға түспес асылды берді қиып,
Астымды қабаттады, үстімді үйіп.
Алғанымды жүрермін қайта құсып,
Төренің қытығына алсам тиіп.
Бір ұрты май болғанда, бір ұрты қан,
Екі мінез адам ғой түсі суық.
Ықыласыммен илаһи бата бердім,
Дəрежең өз тұсыңнан болсын биік!
Ызғарымен бірдей ғой күн шуағы,
Беті қайтпай ерке өскен, сынбай сағы.
Аруақ жар боп, əулие жəрдем болса,
Күн санап аса берсін дəулет-бағы.
Мерейі үстем болғай да, жүзі жарқын,
Ол дүние, бұ дүние де екі жағы.
Қаралыққа тəңірім тию салып,
Илаһи, тартса, төрем, істің ағы.
Мен түгіл, Қыдыр бата берсе-дағы,
Абылайдың астыңа тимес тағы, –
дегенде, «Жоқ, қорғанба, тағы да сұра?» – дегенде, «Аққұмай» деген төренің тазысын сұрағаны:
Он бесімнен, Рүстем, айттым өлең,
Жан жабығып, бұл күнде тозды денем.
Жас күндегі балалық өз алдына,
«Қартайған да бір бала болад» деген.
Қыран ем ойдан ұшқан құздағы аңға,
Іркілмей өлең айттым қара-ханға.
Өлмей тірі кім қалды, ойла, төрем,
Бұл опасыз дүниеге келген жанда.
Мен түгіл, жыр теңізі Бұқар да өткен,
Өлмек үшін туғанбыз, оны да аңда.
Қалауым көзге түссе, көрнекті емес,
Деп жүрме «Жанақ шіркін алжыған ба?»
Сұлтабай да берген жоқ, тақсыр, сіздей,
Қозы Көрпеш – Баянды айтқызғанда.
Сұңқар едім, бір күнде болат қияқ,
Тұлпар едім, мұқалды құрыш тұяқ.
Көзге түсер қалауым көрнекті емес,
Бермей қалсаң, саған да, маған да ұят.
Мұңдасатын таусылды тұстас тұрғым,
Əзілдесер таусылды тату құрбым.
Жан жабығып, тəн тозып қартайса да,
Үйлеспей, басында жүр көңіл қырдың.
Жəне-дағы азайды кірер үйім,
Үйі өртеңгір, кəрілік тиді қиын.
Арманым жоқ, аз емес, көпті көрдім,
Қазақтың құрметі мен көрдім сыйын.
Молдасындай бақсының оқшау тұрған,
Бара алмаймын бас қосқан болса жиын.
Өз көзіме өрескел көрінеді,
Жас күнімде жарасқан сəнді киім.
Бар қызықты кəрілік алды тонап,
Бет-ауызды шиырлап салды жолақ.
Ошарылып келді де жатып алды,
Күндіз болса түстеніп, түнде қонақ.
Тіл икемі – тісті алып, көздің нұрын,
Ебі кетіп еріннің болдым олақ.
Жабығады жаман бай мал тайғанда,
Қара өкінер тағынан хан тайғанда.
Жан кеудеде тұрғанда əсіресе,
Бір ермек керек екен қартайғанда.
Аңға шықсаң алғашқы жауғанда қар,
Алқызылдың алыстан айбары бар.
Кəріліктің арнаулы сыбағасы,
Онан артық дəл бізге не қызық бар?
Шұбатылып қиынға тартса түлкі,
Астыңда болса сонда жылпың жылқы.
Бір бет мүлде кетпей ме қып-қызыл боп,
Қатын-бала, ұмыт боп жиған мүлкі.
Əне салып ауызын, міне салып,
Дөңгелентіп түлкіні жүрсе шалып.
Тоқалыңа жеңген жау қоразданып,
Кешке жақын үйіңе келсең алып.
Ит-дағы ит, итін сұрап «бер?» деген – ит,
Сұрағанда, ол итті бермеген – ит.
Аққұмайды сұрадым қалап, төрем,
Басқаға ит болғанмен, маған сол сыйт, –
дегенде, итін беріп, аттандырып жатып: «Жанағым, еліңе не деп барасың?» – депті. Сонда айтқаны:
Ау, тақсыр, елге барсам, шынымды айтам,
Көз көріп, ой жорыған сынымды айтам.
Жетіскен, жеткеніңді айта келіп,
Балтамен шабатұғын мініңді айтам.
Қыс болса, қадірі өтер өткен күздің,
Атаңа беріп еді қазақ тізгін.
«Ханнан қайыр, қарағайдан шайыр кетті»,
Қазақтан біржолата күдер үздім.
Бұл күнде хан мен қара тең болған кез,
Бағалы бағасыздан кем болған кез.
Ғаламат аспандағы жерге түсіп,
Ғажайып түсте көрген өң болған кез.
Қайғы – теңіз, көз жасы – сел болған кез,
Сөз байлаусыз, уағда – жел болған кез.
Шалқыған шалқар көлің тандыр болып,
Шалшық су текпіні жоқ көл болған кез.
Асқар тауды бұлт басып, мұнар алып,
Теріскей тебіні жоқ, бел болған кез.
Ханнан қайрат, байынан қайыр кетіп,
Телмірген, теңлігі жоқ ел болған кез.
Қайғың – азық, ермегің – шер болған кез,
Елмен араз кетуің бір болған кез.
Шеп бұзып, ту құлатқан батыр құрып,
Тебінгі сауған ұры ер болған кез.
Хан – қақпа, халық – қазына, батыр – қорған,
Молда – сүлік, əзелден елді сорған.
Шешен – шеңбер болғанда, би – таразы,
Əн – сəнің, күйші – көркің, ақын – жорғаң.
Хан кеткен соң, халықтан қақпа ашылды,
Қақпа ашылса, табанға хан басылды.
Батыр кетті – қорғаның құлағаны,
Қақпасы жоқ, қорған жоқ ел шашылды.
Жуан қамшы топ бастар көсем болды,
Елірмелі, екі есті шешен болды.
Биі кетті байлардың айтағында,
Пəленді мұқатып бер десең болды.
Ақындікі сандырақ сарын болды,
Күйшінікі көмескі зарың болды.
Əн сəнінен айырылып, күй көркінен,
Ішкенің бойға жұқпай, зəрің болды.
Сондықтан мақтауыма сыймайсың да,
Өтірік айтып «мақта», – деп қинайсың ба?
Аруақ қонып, жыл түнеген орын ед деп,
Жамандауға тағы да қимайсың да.
Алдыңда күткен күнің түсі суық,
Бізді соған барады өмір қуып.
Көріспесек, ал, төрем, қош аман бол!
Көрсем деген үміттен қауіп жуық.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі