Өлең, жыр, ақындар

Жанақ пен Сәдір қақтығысы

  • admin
  • 10.08.2024
  • 0
  • 0
  • 84
Бəкі төре Жанақты ат мінгізіп, шапан кигізіп, жанына ертіп жүреді де, ыңғайына көнбеген соң: – Қыңыр, қыжыр екенсің, жөніңді тап! – десе, – «Төрелігіңе ақындығымды айырбастай алмаймын, «Төреге ерген ер-тоқымын арқалайды» деп, аты мен киімін өзіне беріп, айдалада жаяулап қала береді де, жөніне кетеді. Төре артынан аты мен киімін апартып берсе, алмайды.

Бəкі төре енді жанына Найман Сəдір ақынды ертеді. Бір заманда Бəкі мен Сəдір Жанақтың үйіне түседі. Жанақ ту ақ ешкіні бақыртпай сойып, түгел салып, төренің алдына тартады. Табақты көтеріп тұрып, бата тілейді. Төре басын көтеріп, қолын жая беріп, ешкінің басын көріп, қисайып жата кетеді де: – Ал, Сəдір, Жанақтың екіншісінің басына бата қыл, – дейді (Бəкі төре ешкі етін жемейді екен). Сəдір қолын жайып былай дейді:

Соятын қонағыңа қойың жоқ па?
Əлі тоймай отырсың дүние боққа.
Мал деген адамзатқа қатты дұшпан,
Ақыр иесін салады жанған отқа.
Естіген жоқ па еді Қарынбайды,
Мал берген ұмытып еді бір Құдайды.
Қораңда қойың тұрып, ешкі сойдың,
Пиғылың Қарынбайға дəл ұқсайды.

Сонда Жанақ табақты көтеріп тұрып, былай дейді:

Уа, тоқты менен ешкінің қаны бірдей,
Жаман менен жақсының жаны бірдей.
Ел ақтаған есерсоқ, делбе ақын,
Бет алдына сөйлейсің мұны білмей.
145
Қонаққа мал соям ба, сараң болсам,
Құдай Жанақ қыла ма жаман болсам.
Сатпай деген бір бай əні, сараң,
Енегімді жер едің соған қонсаң.
Кеңірдектеп отырмас па ең,
«Ешкі еті» деп қомсынбай, майға тойсаң.
Өз етім өзіме олжа, жемей-ақ қой,
Өңешінен еті өтпес ешкі сойсам, –

деп, табақты ала жөнелгенде, төрені қошаметтеген ауыл адамдары: – Мына жанды бақсының отына жылынармыз, – деп тұра жөнелгенде, төре: – Тоқта, Жанақ, сен жеңдің, Сəдір сен жеңілдің, істің ағы жеңді, сөздің шыны жеңді, «ешкі мен тоқтының қаны бірдей» деді, «жақсы мен жаманның жаны бірдей» деді, ешкі етін жемеген кінə менде, басқа бата қыламын, менен өзгелері жесін, «тойған да бірдей, татқан да бірдей», – деп құйқадан бір татып, жата кетті. Жұрт етті не жерін, не жемесін білмей отырғанда, Жанақ мынаны айтады:

Баласы Санияздың атың Қамбар,
Сəуірдің бұлтындай мінезің бар.
Кедей ақын сыйларын менсінбейтін,
Тəкаппар қып жаратты сені жаппар.
Атың төре дегенмен асылың кем,
Жарлы байға əрқашан болмай ма жем?!
Төре деген атақты демесеңіз,
Сипатыма қарасаң, қай жерім кем?
«Сый сыйға, сыраға бал» деген сөз бар,
Қисайып, болмаған сен, тəкаппар!
Қолым қысқа болғанмен, көңілім ақ,
Отырған мына бізді халық сынар.
Жұрт қадірлейді аруақтың аты үшін,
Əйтпесе, Құдай сүйер қай мінезің бар?!
Бүгін төре болғанмен ертең мəсен,
Халайық, не де болса бір сыналар.
Хан-төре, бек пен билер ақын ертер,
«Кет!» деген кекті сөзің жанымды өртер.
Сол сөзіңнің есесін бүгін алдым,
Бір түнге аш жатқанға неңіз кетер.
Таң атса түстікке тай соямын,
Қисаймай, əділ төрем, басың көтер! –

депті. Сонда Бəкі: – Уа, солай екен ғой, томырақ, топас сөзіме, Жанақ, ат-шапан! – депті де, – ал, əлеумет, асты суытпаңдар, – депті. Отырған жұрт: – Бұлай айтпаса, мұндай іс қылмаса, Жанақ болып туа ма? – деп, етті бас салыпты. Таң атқан соң, бір семіз тай сойып, төрені риза қып аттандырыпты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жанақ пен Түбектің айтысы

  • 0
  • 0

Жанақ пен Түбектің айтысы
Мен үйімнен шығып ем Ертіс өрлеп,
Үш жүздің ортасында өлең кернеп.
Жанақ Қамбартегі

Толық

Рүстем төреге айтқаны

  • 0
  • 0

Рүстем төреге айтқаны
Жанақ Қамбартегі
Ал, қолыма, тидің бе, қарағайым,
Қарағайсыз керекке жарамайым.

Толық

Жанақтың төрелерге айтқандарынан

  • 0
  • 0

Жанақтың төрелерге айтқандарынан
Абайділдə, келемін бес жыл жайлап,
Бес жорғасын арыттым босқа байлап.
Жанақ Қамбартегі

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер