Өлең, жыр, ақындар

Жанақ пен Түбектің айтысы

  • admin
  • 10.08.2024
  • 0
  • 0
  • 160
Жанақ:
Мен үйімнен шығып ем Ертіс өрлеп,
Үш жүздің ортасында өлең кернеп.
Хан ием шақырғанға келіп едім,
Екі неме қоймайды көлденеңдеп.

Түбек:
Шығып ең сен үйіңнен Ертіс өрлеп,
Үш жүздің үш аулына «кедеймін» деп.
Жанағым, жамбы түгіл боқты алмассың,
Өлең айтып не етесің бекер терлеп?

Жанақ:
Біздерді «əу» дегеннен өлең басты,
Өлең айтсам, аруақ сенен қашты.
Сенімен он сегіз күн тартысармын,
Он тоғыз күн дегенде, шыдамассың.

Түбек:
Кəрі құл, мен шыдармын, сен шыдамассың,
Шыдамаған жігітті қара бассын.
Ұстай алмай қаларсың етегімнен,
Жамбыңды алдыңдағы ала қашсам.

Жанақ:
Құдай-ау, қайдан қалдым сөз ұғарға?!
Ноғай кедей болмайды бөзі барда.
Мен неге олжа алудан құр қалайын,
Атамның мұнда отырған көзі барда?

Түбек:
Мынау орыс салыпты қырға бекет,
Еліңіз бермейді екен қайыр-зекет.
Жас төлін сүтін емген біз алғанбыз,
Тұғырдан түсіп қалған атаңды əкет.

Жанақ:
Ауылы Оспан ханның Борлыағашта,
Атым Жанақ болған-ды Алты Алашқа.
Оспан хан шақырған соң келіп едім,
Қой, бала, меніменен тайталаспа.

Түбек:
Ауылы Оспан ханның Борлыағашта,
Кедейлігің белгілі Алты Алашқа.
Оспан ханның ақыны қалай екен,
Тай күнінде атпенен тайталасты.

Жанақ:
Ауылың Сасықсудан көшкен екен,
Ырысың, балам Найман, өскен екен.
Төре-қараң жиылып, кеңес қылып,
«Жанақты бір жеңейік», – дескен екен.

Түбек:
Ауылым Сасықсудан көшіп жүрген,
Ырысым жылдан-жылға өсіп жүрген.
«Қамбардың кедей шалы келе қалса,
Бозбала – түк бермейік», – десіп жүрген.

Жанақ:
Əу, балам, сенің өзің қай Наймансың?
Қонағасы беруге бай Наймансың.
Арғынның айналасы – алты айлық жол,
Кемдігіңді, балам Найман, ойлағайсың.

Түбек:
А, Жəке, біздің Найман бай Найман ба?
Қонағасы беруге сай Найман ба?
«Жаман-жаман», – дейсің де, еш қоймайсың,
Жаман болып, жасқанып, тайғандай ма?

Жанақ:
А, балам, Арғын қайда, Найман қайда?
Арғындығым көрсетейін осындайда.
Талқан боп Тарбағатай кетер еді,
Арғын дендеп жайласа жазғы жайда.

Түбек:
А, Жəке, Арғын қайда, Найман қайда?
Арғын болсаң, Қарқаралы, дуан қайда?
Бас қылып Жамантай мен Құсбегіңді,
Жақсыңды құлдай қамап жалғыз сайға.

Жанақ:
Деген соң атым – Жанақ, ақын Жанақ,
Шалбарым бес теріден сеңсең балақ.
Ашуыма көп тиме, балам Найман,
Ашулансам, кетермін иттей талап.

Түбек:
Қу кедей – тентіреген Қамбар Жанақ,
Қылғындырып, қыдыртқан мешкей тамақ.
Ініңді сартқа саттың кедейліктен,
Құлағымды кессең де, айтқаным-ақ.

Жанақ:
Қақ жарып көп жақсыны өлең айттым.
Қобызым қолымдағы қоймай тарттым.
Мақтанба, көрмегендей, балам Найман,
Жүз жылқы ұрладың да, жүз қой тарттың.

Түбек:
Қақ жарып, көп жақсыма өлең айттың,
Қу жарғақ қобызыңды қоймай тарттың.
Өзге байлық айтса да, сен айтпашы,
Бай болсаң, неге ініңді сартқа саттың?

Жанақ:
Мен ағаң Арғын болғанда, балам – Найман,
«Кедей Жанақ», – десең де, ар қылмаймын.
Ашуыма көп тиме, Найман бала,
Аузыңды қобызыммен қан қыламын.

Түбек:
Арғын болсаң, қайтейін, Наймандаймын,
Куəм бар, қай сертіңнен тайғандаймын.
Ұрының өзіне лайық сойылы бар,
Домбыраммен қақ басқа қойғандаймын.

Жанақ:
Дін, иман – жетесі жоқ алтын қын,
А, балам, жеңе алмасаң, саған бір сын.
Өзім кедей болсам да, аймағым бай,
Алдажұман жылқысы жиырма үш мың....

Түбек:
Найманда бура мінді қалған қатын,
Тоқсан санды айдаған Қамбар батыр.
Жүз сандық Бексұлтанда жамбы жатыр,
Алпыс атан түйеге əрең артар.

Жанақ:
Біздерді Қыдыр дарып, өлең басты,
Өлең айтсақ, аруақ сенен қашты.
Кесер бас, жүрер аяқ, малды айтсайшы,
Ұрыдай не қылайын жатқан тасты?

Түбек:
Күмістен жамбы деген тасым еді,
Əр тасым бес жүз сомнан асыл еді.
Елімнен келмей жатып жамбы сұрап,
Ол тас емей, атаңның басы ма еді?

Жанақ:
Жанаққа ас бермейді, бас тартпаса,
Көзімнен түк шықпайды, жас шықпаса.
Берген малын мен қашан тастап кеттім?
Еліңнің берері жоқ тастан басқа.

Түбек:
Елхан, Əпен жатыр Ертісті өрлеп,
Сейілхан, Сəбен жатыр «келсең, кел» деп.
Тоқтан, Көшек, Қамбарда тоқсан мың бар,
Тоқсан атпен жияды көзі терлеп.

Жанақ:
Құрысбай, Сапақ, Бапақ, Азынабай-ды,
Оны азсынсаң, қосақта Өтебайды.
Қойкелді Ордабаймен бəсеке боп,
Бас-басына тоқсан сан қой айдайды.

Түбек:
Біз келдік өңкей төре асқа саулап,
Ішінде Иса, Əлі бар, омыраулап.
Қу далада қутыңдап қақсағанша,
Сəдат ханымға айтсаңшы көңлін аулап.

Жанақ:
Адырайып не дейсің, ойпырмай, сарт?!
Найманның баласы, тізгінің тарт.
Қалай айтсам, еркім бар, мен – Арғынмын,
Қалмағыңның қатынына өзің-ақ айт.

Түбек:
Елінде төрең бар ма іске жарар?
Сұрасаң, біздің төре ханға жарар.
Бұл сөзді неге айттың, кедей Жанақ?
Төрелер ашуланса, басыңды алар.

Жанақ:
Қайтейін, ашуланса, ашулансын,
Ашуланса, қаямды кесіп алсын.
Зəуі сайтан, басымды кесе алмас,
Өзі кедей Жанақтың несін алсын?

Түбек қойқаңдайын деді. Сабырбай қоя берді:

А, Түбек, деп отыр ем: «Сөйлемейін»,
Жанақтың толтыра алар кім көмейін?
Ұшқындай ұшып шыққан бір-ақ қақпай,
Кедейдің неге қойдың əлгідейін?

Түбек:
Сабеке, даусың қалай безектеген?
Күң де күнін көреді тезек терген.
Кедейді іштен шалып, қайқайтайық,
Екеуміз екі жақтап кезекпенен.

Жанақ:
Ауылым – Он Қазылық, Үйтүндік-ті,
Тоқсан бие сойдырып, жүз үй тікті.
Қос ақын, бұлғақтай бер, ел сенікі,
Жұрттан жалғыз жүргеннен соң,
Қайғылы көкірегім, көңлім күпті.
Екеуің екі жақтан буындырып,
Сөйткенмен, алсаң жақсы сүріндіріп.
Келген жерден сусыным бір қанбады,
Қара кесек ет бердің тығылдырып.

Түбек:
Кедейге өлең бітіп, шыр бітпеген,
Атасынан бері қарай жол күтпеген.
Тоғыз саба құйса да, тоймас кедей,
Өмірінде борбайына шыр бітпеген.

Жанақ:
Түбек маған қылады омырауын,
Найман итке тағады қоңырауын.
Көрмегендей мақтанба, балам Түбек,
Үзігіңді ұрайын, төрт-ақ бауың.

Түбек:
Айтамын өлеңімді жағым тынбай.
Жеңбейсің, сірə, мені, Жанақ сұмырай.
Сені де қалашылар мақтамайды,
Үйіңнің тесігі бар сексен мыңдай.

Жанақ:
Байлыққа кім тұрған-ды одан озған?
Қасында Байжан, Имақ қоса тұрған.
Қорадан он төрт мың қой бірдей өрген,
Аламан шеннен асқан Асан тұрған,
Шапса, қылыш өтпейтін Мұсам тұрған,
Маған неге сөйлейді осы антұрған?

Найманның отырған ақсақалдары: «Арғын ағамыз ғой. Бөтеніміз емес. Біздің Найманды ат төбеліндей төре билейді. Бұра қара одақ билейді. Арғын арғындығын қылып, төре қараның жалғызына билетпей, Мұсаның дөкей ері болып тұрғаны рас. «Аталы сөзге арсыз таласады», – деген ғой. Біздің балалар, жүзі басқаны жеңсеңдер де болады», – депті.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жанақ пен Сәдір қақтығысы

  • 0
  • 0

Жанақ пен Сәдір қақтығысы
Соятын қонағыңа қойың жоқ па?
Əлі тоймай отырсың дүние боққа.
Жанақ Қамбартегі

Толық

Жанақтың төрелерге айтқандарынан

  • 0
  • 0

Жанақтың төрелерге айтқандарынан
Абайділдə, келемін бес жыл жайлап,
Бес жорғасын арыттым босқа байлап.
Жанақ Қамбартегі

Толық

Тыналы Тышқанбайдан алдым жетім

  • 0
  • 0

Тыналы Тышқанбайдан алдым жетім,
Өкпеледім, Қопаның көрмен бетін.
Малдыбайдан алғаным – маңқа жирен,
Жанақ Қамбартегі

Толық

Қарап көріңіз