Өлең, жыр, ақындар

Өнер шері. Мәткәрім. «Әсем толғау»

  • admin
  • 01.09.2024
  • 0
  • 0
  • 45
Мың тоғыз жүз алпысыншы жыл еді,
«Арпа ұны ас болған!..». Жұрт біледі!..
Алты жаста ат қып мініп шыбықты,
Ауыл маңын алты айналып жүремін...
Ескі сурет еміс-еміс есімде,
Киіз үйде, ірге түріп, бесінде...
Бебеулетіп домбырасын шертеді,
Беу, мәткәрім, өмір-керуен көшінде.
Домбыраның қоңыр үні баурайды,
Жерошақта қызыл жалын лаулайды.
Сол мәткәрім тәру-тәру күй тартып,
Көк жүзінде кешкі бұлттар аунайды...
Күн бесінге тайқып келе жатады,
Қой өрістен қайтып келе жатады.
Сауыншылар шелектері білекте
«Шилі өзенді» айтып келе жатады...
Әжем маған: «Жүрші, балам, күй тыңдап
Қайтайықшы!» – десе, ойын, ұйқым қап,
Мәткәрімнің үйін бетке аламыз,
Мама қаздай әжеме еріп, бипыңдап...
Әжем өктем: «тәттімбеттен тарт!» дейді,
Беу, мәткәрім домбырасын «ерттейді».
– «Тәттімбеттің күйлері де «тілсіз жау»,
«Сарыжайлау» – өзек жұлын дерт!» дейді.
Қазақ шертпе күйлерінің шебері,
Бөлек әсте қолтаңбасы, бедері,
Дәулеткерей, тәттімбет пен Қазанғап
Шерлерінің қозғар аңыз-дерегін...
Жүрек сазып, әжем үнсіз жылайды,
Күйбең тірлік ысырылып былайғы,
Жайнап тұрған жасыл дүние сарғайып,
Жайлаудан көш ұбақ-шұбақ құлайды.
Деп тартады: «Байжігіттен, тоқадан...»,
Дең күйлерден сезім алам, от алам.
Бірде – сәуір, бірде – тамыз сол күйлер,
Бірде – қазан, бірде – қаңтар қақаған.
Салтанат па, сағынышты сарын ба,
Жорға жарыс, аламанда арындап...
Шым-шым толқын жүрек қылын шертеді,
Мәткәрімнің саусақ ұшын дамылдап...
Беу, мәткәрім – Қаракерей Қыржыдан,
Шер шерткенде бір жыла да, бір жұбан.
Бүкіл ауыл кешкіғұрым күй тыңдап,
Байқалмайтын ұшқыр уақыт жылжыған.
Жалпақ белбеу тағушы еді қайыстан,
Жанарынан күй толғаса жай ұшқан.
Бағаналы Саятөлек күйшімен
Түскен екен үш күн, үш түн сайысқа.
Бірін-бірі жеңе алмапты ырғасып,
Баһадүрлер көк тіреген тұлғасы.
Тағы үш күн, үш түн бойы сырласып,
Өткен екен өмір бойы сыйласып...
«Мәтекеңнің күйлері-ай!» – деп күрсініп,
Әжем бүгіп қалушы еді бір сырын...
Бес жасымда құлағыма құймаса,
Қайдан білем шертпе күйдің тылсымын!?.
Қауқылдасып Жәнтікейдің шалдары:
«Мәткәрімнің көп болды ғой арманы, –
Десетін-ді: «Соңында не шәкірті,
Ізін жалғар не бір ұлы қалмады!..»
Шығыс күйін көп зерттеген бекемдеп,
Уәли, мұрат, таласбектер бөтен бе?!.
Айтып жүрді: «түспей қапты нотаға...
Мәткәрімге обал болған екен!», –деп...
... Ғасыр көшкен биігінен қараңыз,
Ғұмыр кешкен қарапайым әрі аңыз,
Тоқсан жаста Алматыға алдыртып,
Күй жаздырған Бағаналы бабамыз.
Мәткәрім ше, ұмыт қалды ол неге?!.
Кедергілер болғаны ғой әлдене...
Сүт тасушы болып жүріп кеңшарда
Кезігіпті кесапатқа көлденең...
Өнер, шіркін, өмірмен де өлшенер,
Тосын бейнет, мехнатты ер шегер...
Төрт саусағын темір бөшке жаныштап,
Молақ болып қалған екен сол шебер!..
Өнер шері домбырасын өтті аңсап,
Мәткәрім деп жыр толғасам көп тамсап:
Көз алдыма келер қанға боялып,
Топырақта тулап жатқан төрт саусақ!
Пырақ өнер жалынан бір ұстатып,
Түн ұйқысын қашырды ол түс қатып...
«Бізге жеткен жалғыз күйін жаңғыртып,
Тартып жүрмін!» – дейді Біләл ысқақов.
Өнерпаздың өзегінде күйді арман,
Өмірінде тек иманға иланған,
Мәткәрімнің аңсарындай мәңгілік
«Әсем толғау» деген жалғыз күй қалған!..

2017 ж.

Мәткәрім Есенғұлов (1880–1967), күйші, домбырашы. Шығыс Қазақстандағы атақты Балқожа бибің немересі. Ол туралы деректер
«Найман Мәмбетқұл және Ырғызбай әулие әулеттері» (Семей, 2004; Алматы, 2007) шежіре кітабына енген.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз