Ақын Тайжан
Ұлытауға бардың ба,
Ұлар етін таттың ба?
Хaлық мәтелінен
Ақынның жазылмайтын жарасы көп,
Кейде тау, кейде байтақ даласы боп
Кемеңгер көкейкесті сырын айтса,
Жаутаңдар кейде сәби баласы боп.
Қашанда шын ақынның жаны таза,
Ақ сүтпен келген қасиет – ары таза.
Шіркінай, сол мінезден пәле тауып
Кеткені – әрі бақыт, әрі жаза.
Шешімін дәл айтам деп аққараның,
Кесірін әшкерелеп масқараның,
Ақындар... қазған орға түседі екен,
Ескермей тақтағылар қас боларын.
Шын ақын қолпаштасын тақты қайтіп,
Шығынбас һәм пәлсапаақыл айтып.
Айқаста тапсырады ол шыбын жанын,
Шындықтың көзін ашып бақырайтып.
Тағдырдың кейістігі кез келеді,
Кез келсе алайдүлей тезденеді.
Ашық күн жайнап тұрған қара түн боп,
Сандуғаш әні жылдам өзгереді.
Ой тоқсан.
Үндемеуге қысыламын,
Көп көрдіау қазақ перзент ысырабын.
Қалайын айтыпайтып күшім барда,
Төгілсін шықпай жүрген тылсым ағын.
Мазалы ашқым келсе жыр шуағын,
Жаңа таң, жас сәулеге құлшынамын.
Қазақтың даналарын қайта әкелсе,
Ақ құсын қуаныштың ұшырамын.
Тайжан да бірі «кетіп», «келгендердің»,
Сырым көп бала күннен терген менің.
Үкілі Ыбырайдың ауылында
Жоғалмас сәби көзбен көргендерім.
Қос дүлдүл тағдыры бір, арман қалың,
Кешті ғой сұм кесапат жалған заңын.
Кірейін Құлагерше қалың топқа,
Ең биік төрге шықшы, тарландарым.
* * *
Халқым сүйіп қойыпты, атым Тайжан...
Тайжан
Перзенті Ұлытаудың ақын Тайжан,
Асқақ ән, аталы сөз атын жайған.
Ой мен қыр, Көкше мен Сыр қарсы алатын,
Думан той, жүрген жері сауықсайран.
Айқындар ақындықтың мағынасын,
Тайжекең – алмас тұяқ нағыз асыл.
Әрі әнші, әрі ақын, әрі өнерпаз,
Даланың ашқан дербес сахнасын.
Тік шырқап көтергенде ән қанатын,
Көрген жан үнсіз тыңдап таңданатын.
Жел тұрса желікпелі отжалындай,
Дүбірге дүрлікпелі саңлақ ақын.
Кезінде Жамбылмен де аты ұласқан,
Шашубай, Кенендермен тату жастан.
Жыр арнап жаңа өмірге, жаттық етпей,
Мәскеуге сырнайлатып шашу шашқан.
Сұлу мұрт, қызыл шырай, кең қабақты,
Жез көмей, қара сырнай кез қанатты.
Айтқаны досқа қару, жауға үрей,
Атағын қазағыма тез таратты.
Сезімтал тіл табысар лала гүлмен,
Ақ жарқын, болды аулақ налазілден.
Жүйріктің жүйрігі еді
Сайыстарда
Тізгінін теңестірмей дара жүрген.
Жан сырын ашсам ептеп қысқа білмек,
Гүлдеді мезгіл тоспай қысжазым деп.
Кешегі Сыр дүлдүлі ақын Нартай
Пір тұтты өнегелі ұстазым деп.
Тайжекең туса Ұлытау етегінде,
Жезқазған, Қарсақбайсыз өтемін бе?
Далаға жез қоңырау дабыл келген,
Жүргенде өлеңжырдың жетегінде.
Жақсыға Тайжан тату ақылмен де,
Майдандас қатар тіккен шатырмен де.
Жанталас екі дайда білек қосты
Ардагер Аманкелді батырмен де.
Сөзіне халқы сүйіп, ел сенетін,
Ұлытау қою бұлты екшелетін.
Жерден бе, көктен бе деп жеткен әуен
Маңайын ойдағы ауыл тексеретін.
Әр сөзі жүрек шетін алтындайтын,
Ай балқып, үнсіз атқан таң тыңдайтын.
Наркескен, болат семсер қынап сүймес,
Жан еді отжасыннан тартынбайтын.
Ұлытау баурайында
Ұлытау – көк күмбезі Сарыарқаның,
Ойнайды етегінде самал сағым.
Көлдегі аққуқаздың әнін тыңдап,
Жондағы сансыз киік табар бабын.
Сыры мол таусылмастай аңыздастан,
Жатырау әлі толық айтылмастан.
Ұлытау – қазақ үшін төрдің төрі,
Қалың ел қысылғанда басын қосқан.
Апайтөс кербездікке көзің тұнар,
Жаныңды ойлы тауға телітіп ал.
Ұлытау – қазақ үшін жер кіндігі,
Басында Едігенің бейіті бар.
Бөктері – жер бұйраты, сеңсең бөстек,
Көк терек, ақ қайыңнан еңсең өспек.
Тереңнен тау етегін тесіп шығып,
Жанжаққа жеті өзені желген төстеп.
Ұлар құс Ұлытауды ұялаған,
Жалтарыс шат қойнауды қиялаған.
Құмартып кең даланың шағаласын,
Көруді қиял еткен зиялы адам.
Ақ қиял табиғаттың сыйы ма екен,
Ақ өлең «ұлар» десең құйып өтем.
Сиреген құсты аңсап сезгенім сол:
Қайтару құртудан қиын екен.
Қиналсақ талай кезде тұяқ талып,
Бұл күнде сан ойландық мұң ақтарып.
Тайжекең елестейді Ұлытаудың
Жоғалған ұлар құсы сияқтанып.
Айыртау – Ұлытаудың құрамасы,
Секілді саяжайлы үй арасы.
Жалғасқан Кішітауы – жер жұмағы,
Осында мөлдір бұлақ, гүл анасы.
Қызылтау жусаны мен күрмегіне,
Қымыздық, қымыз иісі күрмеді ме?!
Бұдан зор масаңсуды білмей келем
Өмірдің өзге қызық дүрмегіне.
Өсімдік, жәндік менің ойымдағы,
Есімнен қайда жүрсем жойылмады.
Сағынттыау Майтөбенің қызғалдағы,
Лала гүл Бала Жезді бойындағы.
Тоқталсам ғаламаттың қаншасына,
Ақынның жетер қызық баршасына.
Долана, қара мойыл сөз болып па,
Зәрумін таудың дәру аршасына.
Осында бай табиғат жиынтығы,
Ләйлік тал, шетен, шомырт дүйім түрі.
Баяғы Бабыр мақтап жыр ететін
Сақталған кер тобылғы қиын сыры.
Саңқ етсе тау қыраны терең сайдан,
Болғаны аш бөрімен ерен майдан.
Су бүркіт көл шетінде жарқ еткені –
Аққуды қорығаны тұрымтайдан.
Таныс жер өршыңына жете білген,
Жарысып арқарбұлан көтерілген.
Жалғанда жаным құштар жезкиікті
Көріп ем Ұлытаудың етегінен.
Ақбөкен Сарыарқаның киесіндей,
Не ғажап селк еткізер бұл есімдей?
Жануар кейде маған көрінеді
Көшпенді жердің көне иесіндей.
Қазаққа ақбөкеннің сыры қанық,
Дейді екен «ботакөзім» мұны халық.
Қапқара қос жанары мөлдірейді,
Қалғандай ата мирас мұңын алып.
Бөкенді біздің елде киік дейді,
Бұл есім кімді ерекше сүйінтпейді?!
Белбеулеп кең даланы жүйткіп өтсе,
Ұшардай адам жаны биіктейді.
Көз салсақ бүгінгі күн биігінен,
Ұрпаққа үлгіөнеге, түйін ілем:
Сақтапты кең даланы бабаларым
Көлде аққу, өрде жүйрік киігімен.
Тайжан да соның бәрін көріп өсті,
Тау десе, дала десе өліпөшті.
Қыран көз, қаршыға мұрт, арқар мінез,
Өңіне туған жердің өңі көшті.
Атаана құшағында жайраңдаған,
Ағаіні ортасында сайрандаған.
Аралап туған жердің шартарабын,
Тірліктің мәнісіне қайран қалған.
Көрмепті өнер қуып ататегі,
Өрнекті ән тербейді ана лебі.
Шешесі – Мейіз атты сыршыл адам,
Көлкіген көкірегінде қапашері.
Өлеңді сұрай қалған топта айтатын,
Күйдірген көкірегін шоқ қайтатын.
Елестеп төркін елі сұлу Көкше,
Оңаша үйде адам жоқта айтатын.
Екеуденекеу кейде ана, бала,
Тарқайды сүйкімді ән самалаға.
Елігіп, Тайжан елтіп машықтанды,
Жан сыры сәуле төгіп жас санаға.
Келіншек кейде мұңға көмілетін,
Салған ән азайтатын көңіл дертін.
Сол сәтте көк шымылдық ашылғандай,
Туған жер Жалғызтауы көрінетін.
Қиын ғой қыз тағдыры ол заманда,
Қосатын қалың беріп болжағанға.
Батады әсіресе зерлі шері
Дүниенің сырын білгіш ойлы адамға.
Аңсайтын Көкшедегі «Гәккулі» елді,
Қоңыр қаз, көкала үйрек, аққулы елді.
«Айгөлек», «алтыбақан» жәрмеңкесі
Елестер көрген түстей жас күндергі.
Япырмай, соның бәрі бекер ме еді?
Құс болып ұшып қана жетер ме еді?!
Суына Саумалкөлдің бір шомылып,
Қасынан Сырымбеттің өтер ме еді?!
Өнердің ұясы еді шаңырағы,
Жан түгіл, малы өлеңсіз қамығады.
Інісі топты жарған Үкілі Ыбырай –
Көкшенің бұлбұл көмей саңлағы.
Жаттады бала Тайжан ана әнін,
Біржан сал, Ақан сері ұқты мәнін.
Атанды «әнші бала», «ақын бала»
Тірліктің түсінгендей жаңа сәнін.
Бір қиял көңілге сыр сақтар заман,
Кезі көп сыбыркүбір тақпақтаған.
Ақындық көмекейге сөз жүгіртіп,
Түнде ұшқан құстай қалқып ақпақтаған.
Ауылы Кішітаудың саласында,
Өсті ақын сауықсайран арасында.
Өрелі, өжет, алғыр мінез бітті,
Толғанса ел мұңы бар санасында.
Өз елін Мейіз мақтап наз құрады,
Наз құрса естір жанды мәз қылады.
– Батасы нағашыңның бақ көтерер,
Барып қайт, – деп Тайжанды азғырады.
– Жігіттің өнер құрған арманы көп,
Аңдасаң, ауыл тінтіп қалғаны жоқ, –
Деп ана ақ тілегін анық айтса,
Көреді бар ағайын барғанын дөп.
Ол кезде түйе – көлік, ат жүреді,
Ер жігіт барар жерге салт жүреді.
Көкшеге кіре тартқан саудагерлер,
Шетінен Ұлытаудың сарт жүреді.
Апталып алтындайын терген жезі,
Ақындық кімге жеңіл берген мезі?
Тайжан да өнер көшін іздеп барып,
Соңына Ыбырайдың ерген кезі.
Көкшетау сапары
Ауылы Ыбырайдың Қамсақтыда,
Жалғызтау көрген жанды тамсантты ма?
Менің де балалығым осында өткен,
Айдарлы көзге елестеп аңсатты ма?
Сыр шертсе көкірекке күй ағындай,
Дара шың тұр өзгені куә қылмай.
Жанжаққа кезек қарап телміреді,
Өмірдің таусылмас көп сұрағындай.
Жарқын көл тау балағын жуып жатқан,
Аққуқаз айдынды өрлей шуыл қаққан.
Саялы қалың қамыс сыбдырымен
Махаббат ең алғашқы уын татқам.
Дүниенің бар балынан артық дейтін,
Жидегі Қарағаштың аршып жейтін;
Өзіңнің топатайың аз болғандай,
Тергенін көрші қыздың тартып жейтін.
Күн қайда көл аралап құс ататын,
Біреуін бірінен соң сұлататын.
Алдыңнан қаракөздер қаулап шығып,
Жаутаңдап бізден сауға сұрататын.
Өткен күн көкірекке сызған хаттай,
Еркіңе қойдырар ма қыздар айтпай?
Ал енді оралайық Тайжан жаққа,
Аз ғана орағытсам қызған аттай.
Жас ақын жолда талай барлап елді,
Қол бостау нағашыға жазда келді.
Қарт ұста қара мұрын нағашысы
Көңілін Сандыбайдың назға бөлді.
Көргені осы еді ғой қыздан бала,
Өрімтал өнерге мас қызған бала.
Мейізін көз алдына әкелгендей
Сағыншақ әке көңілін бұзған бала.
Тайжаннан ел саулығын көп сұрасты,
Құшақтап нағашылар шұрқырасты.
Ардақтап жас жиенін Ыбырай да,
«Сыйға – сый, сыраға – бал» тіл құрасты.
Сандыбай қысыр емген құлын сойды,
Жасады өз әлінше жиынтойды.
Пісіріп ақ бауырсақ, адал асын,
Қант, кәмпит, құрт, ірімшік сыйын қойды.
Бесінде өзге қызық аяқталды,
Дүйім жұрт ақындарға таяп барды.
Ыбырай ән бастады бүлкілдетіп,
Сөз маржан шумақталды, саяқтанды.
«Сұм дүние, сумаңдаған сен бір түлкі,
Алдамшы, аңдап тұрсаң, әзілкүлкі.
Ән мен күй, туған елім, берген еншің,
Жанымның құмарланған қадір мүлкі.
Демеймін үстімдегі бөз менікі,
Жайнаған маңдайдағы көз менікі.
Тұяғы тұлпарлардың салған іздей,
Қалатын бірақ ауыз сөз менікі.
Сұм дүние, сумаңдаған сен бір қақпас,
Жаныма кей қылығың қалай батпас?
Біреуді жоқ, біреуді жарытпастай,
Пендені бөлшектеуің маған жақпас.
Көкіректі күйдірген шер оңдыра ма?
Көңілді бір орынға қондыра ма?
Жан таппай сырласарлық тірі жаннан,
Күңіреніп мұң шағамын домбыраға.
Армансыз дей көрмеңдер топ жарғанға,
Таусылмас мұң мен зарым бұл жалғанда.
Елі үшін еңіреп туған ерді қорлап,
Қайтейін дәулет берсе кей наданға?
Бітсе де жан тебіренер сана жастан,
Кезім жоқ саясатқа араласқан.
Қас болсаң, қасарысып өтуім бар,
Дос болсаң, көз жұмғанша табаласпан.
Көкіректен қайнаған шер қалмас па екен?
Қапаға көз жұмарда салмас па екен?
Жолаушы жанай өткен зиратыма
Соңыра көз қиығын салмас па екен?
Төре жүр указнойын ертіп алып,
Төлеңгіт... ол да ел жегіш бейпіл халық.
Беретін соның бәрін әшкерелеп,
Қайда екен біз пақырға еркің анық?
Кездескен осындай бір шақ күніме,
Салайын терең тартып ащы үніме.
Шырқамай, қоңыр қаздай мамырлатып,
Басайын әрліберлі «Гәккуіме!»
...Бірде адам, бірде аққу сұңқыл қақты,
Көңілде мәңгі сөнбес үн тыңдатты.
Таңырқап көп ішінде Тайжан отыр,
Көмекей жұтындырып бүлкіл қақты.
Ыбырай дара туған дүлдүлдей боп,
Көрінді ән зергері, білгірдей боп.
Тап осы күнге дейін көрген өмір
Зу етіп көзден өтті бір күндей боп.
Әндетіп нағашы аға қас қарайтты,
Молдахмет, Темірғали жастар айтты.
Жапжаңа көз алдында салған әнін
Шәкірттер қайтақайта бастап айтты.
Бір жігіт палуан дене дүбірге енді,
Бұйрықты әзіл сөзбен қыңыр келді.
– Ауылдың алты ауызын тәмамдадық,
Жиенжан, лебіз берер ғұмыр келді. –
Қостайды жиылған жұрт көтермелеп,
Бірі шу, бірі созар жөтелмелеп.
Ойларсың бұрқыраған жұрттың буы
Көтеріп шаңырақты кетер ме деп.
Тағы да әлгі жігіт:
– Айтыс керек,
Нағашыжиен болып айтыс деп ек.
Бұл жерде бөтен жан жоқ, өз үйірің,
Бестінің жұмыр жалын тай тістемек.
«О, пәлі! Ой, бастаға» салды ол да,
Ыбырай домбырасын алды қолға.
Жылы сөз, жеңіл жортақ әндетеді,
Жымиып күле қарап оңдысолға.
– Жиенжан, есен келдің бе?
Көкшеге сәлем бердің бе?
Нағашылай қыдырған
Жолы болғай ердің де.
Сүйген сәулең бар ма еді?
Иілген нәзік тал ма еді?
Қалың малға хал жетпей,
Көкірек толы зар ма еді?
Көрсетермін, бауырым,
Ақан, Шоқан ауылын.
Балуан Шолақ құрдасым,
Көрерсің өнер тәуірін.
Сиқыр барау мұртыңда,
Қылтыңда, жиен, қылтыңда.
Баулиын серісалдыққа,
Қыз қалмастай сыртыңда.
Ал, халайық, тыңдайық,
Жиенді солай шыңдайық.
Бұйырғаны оныкі,
Бермесімді бұлдайық.
– Халқым сүйіп қойыпты, атым Тайжан,
Арғы атамыз – кең қоныш қалың Найман.
Сауалым жоқ басқаша, нағашылар,
Бата тілей келіп ем Ыбырайдан.
Кемеңгерге біз қайтіп пар келеміз,
Келмей жатып айтысқа зар демеңіз.
Жаналқымға алдыңдар мейман демей,
Қайтіп қана қағыспай жан береміз?
Жер жетер ме мақтасам Ұлытауға,
Етуші еді үш жүздің ұлы тәуба.
Қазақты жау қысқанда «Абылайлап»
Бабаларың келмеп пе Ұлытауға?!
Шоқаныңды мақтайсың мәніс қылып,
Білмейтіндей мен оны таныстырып.
Баяғы аға сұлтан сайлауында
Көрмеп пе ең Ерденіммен жарыстырып. –
Ыбырай сонда сөз бұзды,
Тыңдаушыға сөз қызды.
– Қарағым, баспа насырға,
Тіл тигізбе асылға.
Шоқан – қазақ данасы,
Шоқан – елдің санасы.
Ерден де елдің батыры,
Суыспасын арасы.
Ерден – қазақ арысы,
Ерден – қазақ намысы.
Қарадан туып хан болса,
Ол – байтақ ел табысы.
Жүрместей пенде таласы,
Шоқан – елдің дарасы.
Шен үшін дауда жеңілсе,
Азаймас ғалым бағасы. –
Өлеңді Тайжан әрі жалғастырды,
Қалайша аға айтқан алмас тілді?
«Ұлы сөзде ұят жоқ» дегендейін,
Кіші сөзге жұқалап алмастырды.
Ән қандай,
Әнші жігіт көркі қандай,
Сиқырлар сылқым дыбыс көл тұнғандай.
Балқытар, елжіретер сұлу ырғақ,
Масаңсып естіген жан көз жұмғандай.
– Айт десең, өзімізді айтайын мен,
Қайт десең, райымнан қайтайын мен.
Саясатқа бар шығар шорқақтығым,
Ақылға тоқтам етіп байқайын мен.
Жасымнан әуре қылды өлең деген,
Ұйқыда жатсамдағы елеңдегем.
Атаанаға сертім бар аттанарда
Нағашымнан бата алып келем деген.
Сыйлаймын Шоқанды да, Ақанды да,
Сыйлаймын өзіңді де, атаңды да.
Қайырып, қақпақылдап қоймадыңыз,
Нағашы, қимайсың ба батаңды да? –
Құйылтса алғыр қыран қаз ілгендей,
Шыдарсың жан тылсымы үзілгендей.
Қарайсың кең аспанға ән біткенде,
Аққуқаз құс жолына тізілгендей.
Тоқтамай Тайжан дереу басқа ән салды,
Толқын өңеш сырнайға жұрт тамсанды.
Туа біткен тентектік бастап кетті,
Қалжыңмен бір ауыз сөз тастап кетті.
– Ей, нағашы, шындадың,
Ақылыңды тыңдадым.
Айтар сөзді мендағы
Әдептен шек қылмадым.
Іздемедім бөзіңді,
Іздемедім сұлу сөзіңді.
Естір жұртқа дат болсын,
Айт десең айтам өзімді.
Ауызға келген түкірік,
Қайтып жұтса мәкүрік.
Береріңді өзің біл,
Келгем жоқ арнай шақырып.
Шұрайлы деп алдымда,
Қызықпаймын шалғынға.
Сыйға тартар жиен деп
Керегі жоқ малдың да.
Тәмамдасам халімді,
Ұстаймын биік арымды.
Қалыңдыққа қаупім жоқ,
Дей көрме мені жалынды.
Керегі жоқ малдың да,
Бермесіңе зар қылма.
Апаңды әкем алды ғой
Сауын айтпай Арғынға. –
Баланың өлеңіне ел қарықты,
Жақ талып, көз жасаурап, ішек қаныпты.
Сандыбай топта отырған бір жымиып,
Ақырын: «Әй, балақай...» – деп қалыпты.
– Ей, Тайжан, ана көрдің, ата көрдің,
Бірер күн біздің елге жата келдің.
Сұрағаның өлең ғой – жолың болсын,
Ақ көңілден арнайы бата бердім! –
Осылай Сандыбай той атқарыпты,
Ел көрген қызық думан жатталыпты.
У да шу таң атқанша ойын болып,
Қонақтар мәзмейрам боп аттаныпты.
Ат үстінде
Келеді заманының қос бұлбұлы,
Келеді сахараның қос дүлдүлі.
Тербелтті, тебірентті сайсаланы,
Естіліп екеу емес, көштің үні.
Қос жорға астарында ентелейді,
Жібек жел беттен сипап еркелейді.
Бір әннің басын бастап, аяқ жағын
Ыбекең үнсіз ғана келтелейді.
Құйындап, кейде шалқып ән кетеді,
Ормантау жаңғырығып мәңгі өтеді.
Кең жерде емінеркін «Гәккулетсе»,
Жұмаққа көз жұмылып, тән кетеді.
Торы бесті билей басып жорғалайды,
Сауырдан ақ көбік тер сорғалайды.
Төрт тұяқ перне басқан бес саусақтай
Ырғағын туар әннің қорғалайды.
– Қарақат көзді, сым саусақ,
Жүрмін ғой, сәулем, сізді аңсап.
Болар ма едің орныңда,
Әдейлеп іздеп біз барсақ?
Көңілдегі елеңді
Баса алмадым, кел енді.
Қайғыдан, қалқам, сақтап қал
Делсал болған денемді.
Етің аппақ қардай бар,
Тіліңде шырынбалдай бар.
Ел шетінде жол тоссаң,
Еркіңді маған арнай бар.
Көлдегі сенсің аққуым,
Көңілдің көрші шалқуын.
Өзіңе, сәулем, табынам
Оралғандай «Гәккуім».
Гүлгүл бетің үлбіреп,
Құбылсаң тулар бұл жүрек.
Ән тілімен әсемдеп,
Бейнеңді салам үлгілеп...
Тарындық етпей «қойқойлап»,
Аз емес дұшпан тор қоймақ.
Ертіп кетші, тулақтар
Мәстегін қалсын борбайлап. –
Ыбырай шалқыптолқып тоқтағанда,
Тайжан да ойда барын топтаған ба?..
Өзге жыр туар ма еді осындайда,
Нағашы ғашық жаққа соқпағанда.
Әлгі ырғақәні – жаңа бастағаны,
Келісті кең құлаштап саспағаны.
Тың тума түсіп жатты алтындатып,
Көкіректен күмісім деп тастағаны.
– Қаракөк жорға,
Тайпалшы жолда.
Сағынтты сәулем,
Мен жүрмін зорға.
Аң жортса самсап,
Қызыққа қансақ.
Құралай көзді
Келемін аңсап.
Ақ тілек айым,
Ақ жүрек дайын.
Ән заулап келді
Еске алған сайын.
Көкіректе күйік
Жатпақшы сыйып.
Бір сені, сәулем,
Өтемін сүйіп. –
Тағы да күлді Тайжан неге сақсақ,
Созылды қара сырнай бірге қақсап.
Сорғалап сылаң қағып ән келеді,
Оралып өлең жылжып, тілге тақпақ.
– Аққу, шағала,
Келші жағаға.
Сағыныш салыпсың,
Сәулем, санаға.
Алыстан аңсап,
Күлемін жаңсақ.
Қасымда жүрсең
Күлер ем сақсақ... –
Тайжан да, сырнайы да күле қақсап,
Киіктей ән жүйткіді сылтып ақсап.
Күледі Тайжансырнай,
Осылай ән туыпты аты «Сақсақ».
– Ақындық ғашықтықтың азабы ма?
Ақындар махаббаттан жазалы ма?
Тайжанау, – дейді Ыбырай, – әнің ұнар
Сөз білген бұл заманғы қазағыңа.
Әсерлі, әні, сөзі тартымды ғой,
Ақ сәуле көкірегіңде таң туды ғой.
Нәшіне келген екен жас шабытың,
Енді сен көне күйді тартуды қой.
Жолыңның кезі келді оңалатын,
Белгілі биіктерге қонар атың.
Бұл елде көңілге алған ару жоқ па,
Еліңе екеу болып оралатын?
Демеймін менен сырың жасырынды,
Махаббат шығарады асыл үнді.
Қанекей, әнге қосып мақтап қойшы
Еліңде көңіл кеткен ғашығыңды. –
Ыбырай күле түзеп көзқарасын,
Нәштеді баптағандай өз баласын.
Оңаша есту жайлы шешім етті,
Тайжанның таба білер сөз бағасын.
– Ұғындым сөзіңізді, нағашы аға,
Қанықтым талай қызықтамашаға.
Махаббат – жүрегімнің әмірі ғой,
Салмаймын сізді ешбір арашаға.
Адамның қанша дейсіз ғұмыры бар,
Ғұмырға жетер жүрек дүбірі бар.
Қалқаның құлағымнан кетпес мәңгі,
Бұлбұлдың бұлағындай сыбыры бар.
Сұлу бар біздің елде Өркен деген,
Құдайым оны ғажап көркемдеген.
Бата тілеп келгенім рас еді,
Содан кейін айтысып көрсем деп ем.
Өркеннің көзі нұрлы, жүзі аппақ,
Таңсығым балшырынын үзіп татпақ.
Аққұба, бидай өңді, лала гүлдей,
Өсірген атаанасы үздік баптап.
Кездестік Кішітауда жиынтойда,
Қыз деген онда біздің жоқ қой ойда.
Өткір тіл, бұлбұл көмей әнші екен,
Айтыстық көп ішінде көрген бойда.
Намысшыл өткір екен жиынтопта,
Түсірді мені лаулап жанған отқа.
Келістім, тең түстік деп табаламай,
Шар басым айналғандай жұмыр допқа.
Төгілме ақындығы анық екен,
Маған да сырттай көптен қанық екен.
«Жеңген адам алады» деген серті,
Жүрегі өзге адамға жабық екен.
Әкенің сөзі басқа айла асырған,
Сыртымнан байдың қызын жайғастырған.
«Үйі бай, өзі жуас, елі момын,
Бір құдай өзі, – дейді, – байластырған».
Бақытын таба берсін бөтенменен,
Дүниеден қосақсыз да өтем дегем.
Дені сау, саңылауы бар адам болса,
Үміт көп байға тиіп кетер деген.
Өркенім армандайды көргенінше,
Тосады өлгеніме сенгенінше.
Әлгі қыз ұзатылды деген хабар
Асықпан ауыл жақтан келгенінше.
Айтпадым бұл сырымды адамға да,
Біледі үйдегі тек анам ғана.
Бата алып келемін деп жүре бердім,
Салт қамшы, сабау басты, жалаң ғана. –
Ел көріп кешке қарай ат желікті,
Екі ақын бере салды басқа ерікті.
Гуілдеп, қауқылдасып үйге кірсе,
Сүйінші! Ұлытаудан хат келіпті.
Сәлем хат кірешілер тапсырыпты,
Жазыпты азынаулақ жақсылықты.
Тайжанға арнай жазған бөлек қағаз
Ішінен кішірек бір хат шығыпты.
«Сұраймын бір Алладан жұбанышты,
Жан анаң осы күнде қуанышты.
Бекбике әкең айтқан белден асты,
Есен жүр өзің құштар сұранышты.
Жұбанам, қуанамын денем балқып,
Құлыным, өзің үшін ерен шалқып.
Осынау үшбу хатты оқыған соң,
Ауылға жетсең етті жедел қайтып».
Әнекей, Тайжан сонда жымырайды,
Томпақ көз қусырылды, сығырайды.
Ортеке орақ мұрын ойнақтады,
Қара мұрт елін көксеп қыңырайды.
Қоштасу
Жол алыс, нағашыдан ат баптанды,
Сағыныш асықтырды атпақ таңды.
Атығай, Қарауылдың ортасында
Қоштасқан Тайжан сөзі тақпақтанды:
– Халайық қаптағайлап төніп отыр,
Боларын бір қызықтың көріп отыр.
Қанекей, нағашылар, сөзім тыңда,
Түсетін келді, міне, кезім сынға.
Аңсаған бір көруді Көкшетауға,
Келіп ем кірешімен еткен сауда.
Өмірлік өнер таптым ауылында
Салсері Үкілі Ыбырай қауымында.
Өнеге сабақ алдым ақындыққа,
Ақындық келеді екен батылдыққа.
Өлең алдым татырлық жақындыққа,
Жиен жолы жиенге татырлыққа.
Келіп ем алыс жатқан сіздерді аңсап,
Медет қой қуанышпен елді тапсақ.
Қоштасып ән шырқайын баспай жаңсақ,
Сырнайым өзімменен күлсін сақсақ.
Сағындым туған жерімді,
Сайранды, думан елімді.
Атабабам мекені,
Таужота, құба белімді.
Сағындым туыс қауымды,
Думанды, дархан ауылды.
Сағындым Жезді, Кеңгірді,
Сағындым Ұлытауымды.
Сағындым бала күнімді,
Аңсадым ағаінімді.
Өлгендерге бір дұға,
Көрсемші есен тіріңді.
Сағындым, еркем, үніңді,
Толассыз тойлы түнімді.
Тал бойында жол күткен
Көрсемші қос бұрымды.
Жат жерді шарлап өскенім,
Қызықты сайран кешкенім.
Нағашылар, мың рахмет,
Бөтен бала деспедің.
Қолынан келмес әкемнің,
Басыма бақыт әпердің.
Сабақ алып саңлақтан,
Жобасын білдім қатердің.
Өнер дәмін тата алдым,
Зейінге зерде хат алдым.
Нағашылар, мың алғыс,
Ақын Тайжан атандым! –
Жиені, інісі ме, досы ма екен,
Көңілдің қоштасарда босы ма екен?
Ыбырай айтты деген сөз қалыпты,
Батасы арнайы айтқан осы ма екен:
«Суаты құмдақ көл қайда?
Ел саңлағы ер қайда?
Ақын Тайжан қоштасса,
Үкілі Ыбырай, сен қайда?
Шабытты кезім шалқыма,
Құлақ сал сөздің нарқына.
Жиенжан, еліңе аттансаң,
Қалармын қарап артыңа.
Сайсаладан өтерсің,
Самалды белге жетерсің.
Көргеніңді Көкшеде
Өнерге қуат етерсің.
Таңдайыңда татым бар,
Ақын Тайжан атың бар.
Еліңде де тел өскен,
Туыстан артық жатың бар.
Еліңде тайғақ жар да бар,
Талықсаң татар тал да бар.
Елдің жолы, ер жолы,
Ел сүйер досты таңдап ал.
Қаумалап бәрі қамалар,
Біреулер бұрыс бағалар.
Кейбіреу бетке жылтырап,
Сыртыңнан жау боп табалар.
Еліңде де туыс бар,
Келген күні уыстар.
Байдың сөзін сөйле деп,
Ұрпағыңа ту ұстар.
Асылды асқан күндеме,
Ақылдыны тілдеме.
Ежелгі достан айырылма,
Бай қонды деп іргеме.
Жабыққанға дәру бол,
Дәрменсізге қару бол.
Ел қиналса бірге бол,
Сыйластыққа зәру бол.
Сағымы сары бел қайда?
Сағынған елін ер қайда?
Байқап бас, асау жиенжан,
Ер сыйлайтын ел қайда?
Кім қарағай, кім терек –
Айтар оны шын зерек.
Айтысқа түссең көз көрген
Жадыңда болсын мың дерек.
Тебінгісі тең ақын
Тегіндікпен берілмес.
Текті сөз білмей кей ақын
Көк мылжыңға ерінбес.
Сондайда сөзді салмақта,
Тұлпар да шөгер шаңдаққа.
Қызылшыл пенде келмей де
Ілінер жайын қармаққа.
Сөзіңді зая кетірме,
Шытынап бекер шетілме.
Күлтесін айтып мін тақпа
Күзелген байтал кекілге.
Тырна аққу болмайды,
Болса да көңіл толмайды.
Ынсапсызбен айтыспа,
Бет тырналап қорлайды.
Жастық – мастық дегізбе,
Жастан жүйрік көп ізде.
Ағылып кеп өзендер
Құйылар ұшан теңізге.
Жаттасын шәкірт әніңді,
Жалғасын құрап сәніңді.
Шәкіртсіз ақын – тұл жетім,
Жастарға көрсет тәлімді.
Қарақат көзді қалқаға,
Қалауын тап та ән қала.
Еліжұртың шырқасын,
Жүрекке жүрек жалғана.
Екі ауыз сөз қолқамды,
Тыңда тұздық, тортамды.
Көз жұмғанша жырлап өт
Туған жер, қауым, ортаңды.
Жалына көрме болысқа,
Ел тілеген жол ұста.
Бақытты заман тілей бер
Қазаққа да, орысқа».
Елге оралғанда
Ел ушу:
«Тайжан келді! Тайжан келді!
Ол келсе,
Меккеден бе, қайдан келді?»
Біреу айтқан жынданып өтіпті деп,
Біреу шатқан ұрланып кетіпті деп.
Әйтеуір сыбыс, өсек елдің ісі,
Тарқайды сымсыз хабар елдің іші.
Асықпай тосты,
Өркен де армандады,
Адамның сондай болсын алған жары.
Мінекей, елге оралды, аман келді,
Таңдантты, таңырқатты тамам елді.
Жиналды тойға ағайын өлкемде бар,
Ішінде құрбықұрдас Өркен де бар.
Мекке ме,
Көкше Мекке көкесі ме?!
Өзі айтар сөздің сайып төтесіне.
Еліне, Өркеніне арнағаны,
Сондағы ақын Тайжан салған әні.
Бұл күнде елден естіп біздер айтып,
Жақсының сөзі өлмей жалғанады:
– Халқым сүйіп қойыпты, атым Тайжан,
Ғибрат алдым Үкілі Ыбырайдан.
Ақынмын нағашыдан бағы ашылған,
Әкелген қолымда жоқ басқа пайдам.
Мен келдім Көкшетаудан елімді аңсап,
Жақсы ғой әнмен кеуіл емін тапсақ.
Салайын сөйтіп айтар әніме мен,
Сырнайым өзімменен күлсін сақсақ.
Көз тойды көріпбілген танысыма,
Қанықтым Ақан, Біржан дабысына.
Қоскөл мен Саумалкөлдің арасында
Құмарттым Құлагердің шабысына.
Мен көрдім жел желкені Жалғызтауды,
Қарағай, қайың, терек бауыры баулы.
Жирен тал, қара мойыл қаулай өскен,
Қамсақты жағасында Ыбырай ауылы.
Саумалкөл аққуқазға мекен екен,
Қиқуы көкірекке жетеді екен.
Тіл ұғып, дыбыс сезген пенде болсаң,
Әнші, ақын болмай өту бекер екен.
Мен көрдім сылқым сұлу Сырымбетті,
Сан сайран алқабында дүбір өтті.
Жерұйық, маңайым ән, жан масайрап,
Ақындық көкірекке ұрық екті.
Сол шығар ақындықты бастағаным,
Жаттадым Ақан, Біржан асқақ әнін.
«Гәккуін» Ыбырайдың мың бұралтсам,
Өзіндей қимыл жасар қасқабағым.
Бір ноян Балуан Шолақ жариялы,
Тараған шартарапқа «Ғалия» әні.
Ер екен жан аямас жолдасынан,
Досы үшін кешіп өтер дарияны.
Болдым мен Ыбырайға аз күн шәкірт,
Өлеңмен жүрегіме тақтым жақұт.
Өзіндей болмасаң да ұқсап өту,
Басына бір адамның таптым бақыт.
Онда да жаз жәрмеңке, думандар бар,
Дүбірлі көп думанға құмарлар бар.
Кедей бар мал соңында бүкшеңдеген,
Төре бар, елді сорған жуандар бар.
Жүріппін соның бәрін үйде білмей,
Жаттықтым тек қана бір тілге мірдей.
Ай мен күн баршаға ортақ болсадағы,
Болмай тұр бәрімізге дүние бірдей. –
Сол кезде оқыс дауыс шықты көптен,
Сөзі мірдің оғындай түсті көктен:
– Баяғы біз білетін Тайжанбысың,
Жат жерде құдайыңнан тайғанбысың?!
Менің кім екенімді айтсаңдаршы,
Ел кезіп жүрген жынды қайдан білсін. –
Сонда Тайжан сөйледі іле шалып,
От ойнап, қаршыға көз күле танып.
Сырнайды ырғай тартып шырқап берді,
Әлгінің кім екенін біле қалып.
– Найманда мен көрмеген пенде бар ма?
Шалдуар шырық бұзар елде бар ма?
Болмаса індет сіңген сорлы байғұс
Үшкіріп жіберетін емге зар ма?
Аралап келіп едім Көкше жағын,
Сайранда сен де мендей өссе бағың.
Көкей байдың баласы Көпейсің ғой,
Ауылда шәуілдеген Көкшолағым.
Қалай шықпай жүр екен жаның бүгін,
Желге кеттіау қаншама малың шығын.
«Көрпесінен Көпейдің сақтай көр» деп,
Есімде қашып кеткен қалыңдығың.
Үйіңнің іргесінде қатер жүр ғой,
Ұлыққа пара беріп әкең жүр ғой.
«Көкей болыс болғанша,
Көпей қатын алғанша»
Деген бір ел аузында мәтел жүр ғой.
Айтпасам бар мініңді тел түгендеп,
Шошыман қаһарыңнан мертігем деп.
Еліңде сондай бар деп басқа ақындар
Қорқамын өз алдыма келтірер деп. –
Ашумен әлгі шонжар шығып кетті,
Кім білсін, неге жылдам бұғып кетті?
Ол пәле оңайлықпен ойсырамас,
Томсырайса зорайтар бұзық кекті.
– Сөзді бұзып жіберді содыр соққан,
Күрең озды дегенде құба жортқан.
Ал, халайық, әнімді жалғайыншы,
Көкше жайлы өлеңді шүбә қорытқан... –
Деп бастап Тайжан ақын қайта келді:
– Қисапсыз нағашыдан алған белгі.
Әкелдім Үкілі Ыбырай «Гәккулерін»,
Ақан беріп жіберді «Маңмаңгерді».
Мұнартып кербез Көкше көгереді,
Ерке Есіл белбеуленіп бөгеледі.
Қоштасып қала берген нағашы жұрт,
Назына жан дүнием бөленеді.
Мен келдім БағаналыБалталыға,
Ел шетін көріп шерім тарқады ма?
Ұлыңның сәлемін ал, Ұлытауым,
Құшақ жай, Айыртаудай алқабы да.
Емшектау құрдас қыздай сылаңдайды,
Жүрегім бір тамаша жыр аулайды.
Туған жер, ыстықсың ғой қайда жүрсең,
Сағынбай адам сауық құра алмайды.
Жүгірген құмды аралап жеті өзенім,
Сағындым тіке жартас, жар кезеңін.
Жалаңбас, жалаңаяқ шапқан жерлер
Желінен жұпар иіс, бал сеземін.
Мендағы жорға болып тайпаламын,
Жадымда қалды ұстаздан байқағаным.
Ұлытау, әнге бөлеп аспаныңды,
Қазақтың ақыны боп жайқаламын.
Мен келдім Көкшетаудан елімді аңсап,
Басқам жоқ бөтен жерде ешбір жаңсақ.
Ей, қалқа, топ ішінде бір көрінші,
Сырнайым өзімменен күлсін сақсақ. –
Ән қандай үні үстем, сөзі айқын,
Күй қандай татқан сайын татымдайтын.
Елжұртқа естілмеген сыр ақтарып,
Кез келді құдайлыққа жақындайтын.
Тербелсе жорға бүлкіл желіс сақтап,
Шығарар қара сырнай үнді шақтап.
Сарыарқа ақ сағымын желбіретіп,
Сырнайы өзіменен күлді сақсақ.
Өткір көз көктен жұлдыз санап қайтып,
Жасқантып пендені тік қаратпайтын.
Теңселген су жорғадай майқаңқайқаң,
Он саусақ сырнайкерней жалақтайтын.
Ақиық қыран құстай саңқылдаған,
Дембелшең шымыр дене, алқымды адам.
Махаббат мұңын шегіп мамырлатса,
Қосылып көлде аққуқаз қаңқылдаған.
Халайық жалықпады жадырауға,
Қолпаштап жағы талмас жамырауға.
Сәт туды ай айналып, жұлдыз шошып,
Таскерең тіл бітетін саңырауға.
Айта алмай ғашығыңның анық атын,
Кез келді көре тұра сағынатын.
Исініп мама бие сауын жетпей,
Ақ тайлақ күйісінен жаңылатын.
Кермеде тұлпар жерді тарпынатын,
Жануар кісінеп іш тартынатын.
Дидарын бір көруге үздіккен ел,
Күн туды билік бермей алқынатын.
Әудемде көз салғандай сырғалыға,
Тез өтті бір бабынан бір бабына.
Тайжекең басты сонда сақсағының
Ел білмес һәм үр жаңа ырғағына:
– Аққу, шағала,
Келші жағаға.
Сағыныш салыпсың,
Сәулем, санаға.
Алыстан аңсап,
Жеттім ғой шаршап.
Масайрап, масаңсып,
Күлемін сақсақ.
Халайық самсап,
Сұраса қақсап,
Сырнайым, сен де күл
Өзіммен сақсақ.
Саябыр, сапсап,
Қаңқылда гәкгәк.
Біз күлсек қосылар
Самал жел сақсақ.
Сырнайым, сен де күл
Өзіммен сақсақ...
Қалқатай, сен де бір
Күлсейші сақсақ... –
Тайжан да, сырнайы да сақсақ етті,
Аспап та адам болып тақтақ етті.
Даланың ақ сағымын ән қуалап,
Естір жан сақсақ күліп жаттап кетті.
Эпилог үшін
Таусылмас сыры Тайжан, Ыбырайдың,
Астында жатыр тұнып жұмыр айдың.
Айтуға әрі қарай қолым тимей,
Басқаша жұмысыма зымыраймын.
Менің де осы жерде жігіт шағым,
Тапты ғой өмірдегі үміт бағын.
Жыр толқып тебіренген күндерім көп,
Жезкиік желіктіріп күміс сағым.
Ұлытау,
Жезқазғанды тамашалап,
Тайжанды жалғастырдым жаңашалап.
Кен қаздым,
Өлең жаздым,
Қала салдым,
Кең қолтық қанат жайды жаңа талап.
Тайжанның елін білем, жерін білем,
Үндестім малшы, кенші, егіндімен.
Жерден жез,
Елден жырға азық алып,
Табаным үзілген жоқ тебінгіден.
Ақынның сөз еткенім ерте кезі,
Өмірге құлақ салмас ерке кезі.
Сұрар да мүмкін менен қайда екен деп
Елінде аңсап тосқан қара көзі?
Әлі тың осы күнде Өркен шеше,
Ақ кемпір, ән базары, көркем шеше.
Бастарда дастанымды әдейі барып,
Жүздесіп, амандасып көргем кеше.
Тайжекең туған елі Ұлытауда,
Ежелгі биіктердің сыры тауда.
Сол таудың бөктерінде жыр толқытса,
Кемеңгер басқан ізін ұмытам ба?
Сұлу ән, отты жырға табынамын,
Жанымды шарпығанда табыламын.
Қос тоты, замананың қос бұлбұлы –
Кейкейде екі шалды сағынамын.
Ән бейім өздеріңдей үнді таптым,
Сәт түсіп, сәскесі мол күнді таптым.
Әрине, қоштаспаймын Тайжекеңмен,
Жүрегім жабылмайды,
Жырды таптым.
1973.
Жезқазған
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі